Қазақтың күй өнері халқымыздың жан сыры, егер кеңірек айтсақ, бар болмысы, тарихы, тұрмысы, өмірі. Соны музыка тілімен жеткізуі Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов өнер туралы еске алып, «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең таңдаулы, ең терең сырлысы – күй» деген екен. Ал, біз күйді қай дәуірден басталғанын дәл басып айта алмаймыз, бірақ, домбыраның дүниеге келгеніне бес мың жылдай уақыт өтті дейміз. Солай-ақ болсын, ол біздің құлағымыз естіп жүрген күйлердің ішінде кейде Кетбұғанікі дейміз, болмаса халық күйі деп те айта салатын «Ақсақ құланды» тым әрідегі Шыңғысхан заманы, Жотшы дәуірінің туындысы деп жүрміз.

Қалай дегенде де домбыра барда күй жоғалмайды, күй барда қазақ жойылмайды. Сол күйді бізге жеткізген орындаушылар. Олар өткен дәуірде де болды. Одан бері де бар және қазақ халқы өмір сүрсе, келешекте де бола береді. Сондай орындаушылардың бірі, күні кеше ғана 83 жасында арамыздан кеткен дарабоз күйші, дарынды орындаушы, халқымыздың екі ішекті, қос құлақты аспабын Әміре Қашаубаевтан кейін әлемдік сахнаға алып шығып, алтынан алқа таққан шын жүйрік Әзидолла Есқалиев болатын.

Ол қырда туып, құмда өсті. Құрманғазы кіндік кескен Жиделі мен Әзекең дүниеге келген Дыңғызылдың арасы бар-жоғы атпен жүргенде түстік жер. Кейін ағасы Әлімғалидың қызмет бабына орай Айбас құмына қоныс аударды. Аталған қоныстардың қай-қайсысы да Нарынның күнгейдегі шағын-шағын пұшпақтары. Бір шетінде бір кезде Құрекең күй шалса, екінші шетінде Дина шешесі домбыраға тіл бітірді. Сол Нарында ол атақты күрең бархыт қызыл шашақ жабындысы бар жирен жорға атты Игібай мен қара домбыралы қағілез Тесік тамақ Сабырдың алдын көрді, алғашқы дәріс тыңдады. Құрман бабасының «Балқаймақ», «Аман бол, шешем, аман бол», «Бұқтым-бұқтым» күйлерін солардан үйренді. Тіпті Құрманғазы атындағы консерваторияға түсерде де сол күйлерді орындады. Емтихан алып отырған Ахмет Жұбанов әлгі күйлерді тыңдағанда таңқалып «Балқаймағыңды» басқа нұсқада тыңдағаным бар, ал әлгі екеуін бірінші рет естіп отырмын. Кімнен үйрендім дейсін, қайталашы?» деді.

  • Игібай ата мен Тесік тамақ Сабыр, – деген Әзекең.
  • Ай, мынауың жаңалық, шыннан да жаңалық. Күйлерің жақсы екен.
  • Сен бізге үлкен көмек жасадың- деп Ахас Әзекеңнің оқуға түскенін хабарлапты.

Көрермен пікірі:

Күйге Юнеско көлемінде көңіл бөлініп, Елбасының өзі елімізде «Домбыра күнін» белгіледі. Ендеше, қазақтың қара домбырасына арнап, жеке музей ашу әңгімесін жандандырып, оның төрінде Әзекең сынды дарабоз күйшілер тұрғаны дұрыс.

 

 

Әзидолла Есқалиев консерватория қабырғасында белгілі күй жампоздары Қали Жантілеуов, Рүстембек Омаров, Мәлғаджар Әубәкіровтерден сабақ алды. Бір қарағанда Қалекең Мәмен күйшінің философиялық сарындағы ғажайып қағыстарын еркін меңгерген ерекше өнерпаз болса, төкпе күйдің тарланы Рүстембектің «Ақсақ құланының» өзі неге тұрады. Талас бойы күйшілік мектебінің шебері Мәлғаджар да – топжарған жүйрік. Міне, осылардың шеберлігін меңгерген Әзекең оқу орнында жүріп, жақсы қырымен танылды. 1957 жылы Мәскеуде өтетін жас орындаушылардың Бүкілодақтық конкурсына қатысуға жолдама алды. Дайындық бір жыл бұрын басталды. Ол үшін аталған сынаққа қандай, кімнің шығармасымен қатысу керек, оған кім дайындайды?

Әуелі осы сауалдар төңірегінде бас қатырып, оған академик Ахмет Жұбановтан бастап, талай марғасқаның пікірі тыңдалды. Ақыры қазақтың халық және кеңес дәуірі композиторларымен бірге шетел классиктерінің шығармаларын орындау керек деп шешілді. Соған сай құрылымы жағынан түрлі сипаттағы Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай», «Төремұрат», «Терісқақпай», сосын    Л.Шабельский мен С.Шаргородскийдің «Тойбастар»,  Е.Брусиловскийдің  өңдеуіндегі  Құрманғазының «Балбырауын», Динаның «Бұлбұл» және Дәулеткерейдің «Жігер» күйлері таңдалынып алынды. Ал, әлемдік классикадан Моцарттың «Рондасына» назар аударылды.

Дайындық қызу жүрді. Шеберлік барлық қырынан жетілдірілді. Тек орындау мүмкіндігі емес, артистік дағды, сахна мәдениеті, фортепианомен қостау, тағысын тағылар.

Бұл арада бір ескере кететін жәй – әлемдік классиканы қазақ домбырасында ойнау бұған дейін болмаған үрдіс. Сондықтан, ол алдымен жалпы тыңдаушылар, соның ішінде әділ-қазылар алқасынан қандай баға алмақ, жаңалықты қабылдау қалай болмақ? Міне, осындай сұрақтар дайындық барысында бәрінің де басын ауыртты. Ақыры сынға түсер сәт те келді. Қазақстан намысын 28 жас қорғауы керек. Соның бірі – Әзидолла Есқалиев. Мәскеу мемлекеттік университетінің үлкен залында басталған конкурс шымылдығын жеке аспапта ойнаушылар ашты.

Кезек қазақ табиғатындағы монғол бет, дөңгелек жүзді, тапалтақ қара емес, қысық көз, ұзын бойлы, ақсары жігітке тиіп, қолындағы бір метр ұзын таяққа екі жіпті тағып ап, одақтық байқаудың жүлдесінен дәмеленгеніне біреулер таңдана қараса, екіншілері езулеріне күлкі үйіріп, жатырқағаны да рас. Бірақ, шеберліктің маңдайы ашық, жолы тегіс болады екен. Әзекең үш турдан да сүрінбай өтті. Бүкілодақтық конкурстың лауреаты атанып, бірінші дәрежелі диплом және алтын медаль иегері атанды.

Артынша осы Мәскеуде жастар мен студенттердің Дүниежүзілік VI фестивалі өтіп, Әзекең Кеңес Одағының жеңімпазы ретінде оған да қатысты. Онда да сол, аталған күйлер, басқа да шығармалар орындалды. Тағы да сол құрмет, тасқындаған қол шапалағы, шынайы сүйіспеншілік. Керек десеңіз, әлгіндей аспаппен ғаламшар халқы құрметтейтін Моцарттың «Рондасын» орындауы мүйізі қарағайдай қазыларды ерекше сүйсіндірді. Бұл ғажап, ерекше шеберлік. Мүмкін емес нәрсенің мүмкіндігін келтіру. Тағы да өңірге алтын медаль, әлемдік абырой. Сөйтіп, қазақтың Құрманғазы бастаған күйшілерінің таңдаулы туындылары төрден байрақ алып, домбыраның аты әлемге танылды. Бұл, әрине, сол кезде Алматы консерваториясының соңғы курсына енді баратын студент, болашақ дарынды күйші, Қазақстаның Халық әртісі, тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» орденінің иегері, профессор Әзидолла Есқалиевтің ерекше еңбегінің нәтижесі еді.

Ә.Есқалиев 1958 жылы оқу орнын аяқтаған соң республикалық Жамбыл атындағы филармонияда, кейін «Қазақконцерт» бірлестігінде, Құрманғазы атындағы академиалық ұлт аспаптары оркестрінде жеке орындаушы болып, тек Қазақстан, Кеңестер Одағы емес, Алжир, Америка, Венгрия, Германия, Қытай, Франция, Чехословакия, басқа да елдерде концерттер қойды. 1959 жылы өзі туған Атырауына қайтып оралып, Алматы консерваториясындағы ұстаздық қызметін «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінде жалғастырды. Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда қызмет етті.

Ол 1966 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген, 1990 жылы Республиканың Халық артисі атақтарын иеленді. Атырау қаласының, Құрманғазы, Исатай аудандарының Құрметті азаматы атанды.

Міне, сол дарабоз күйшінің  арамыздан кеткеніне де жыл жарымға жуық уақыт болды.  Өнерсүйер қауым, оны құрметтейтін Атырау халқы сүйікті ұлын өлімге қимады. Бірақ, қашанан бері тууы қақ адамның өлуі де заңды. Ендеше, өлген жанды еске алуы, оның ел алдындағы еңбегі, қазақ өнеріне сіңірген үлесін ескеруі де табиғи қажеттілік. Осы үрдіспен Атырау облыстық әкімдігі және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметін ұйымдастыру орталығы «Әз аға, қазағымның күй абызы» деген тақырыпта еске алу кешін өткізді. Оған өңірдің өнерсүйер адамдары, күйшінің көзкөргендері мен ағайын-туыстары, қаладағы оқу орындарының студент-жастары келді.

Кешті облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Сабыр Саламат ашып, «Аталған шара өнер сүйер жандардың қолдауы, халықтың сүйікті ұлына деген сағынышымен ұйымдастырылды. Бір қарағанда оның да жөні бар еді. Өйткені, Әзекең қазақтың қара домбырасының мүмкіндігін әлемге алғаш танытқандардың бірі. Өнердің халық арасындағы хас шебері. Сол бір 50-60-шы жылдары оның өнерін үлгі тұтқан жастар кейін өздері де сол жолға түсіп, елге танылды, өнер тарландары атанды. Сондықтан, біз Әзидолла Есқалиевті әркез төрімізде орны бар өзгеше тұлға деп түсінеміз. Оған деген құрмет азаймайды. Біз қазір оның атын өлтірмеу, мәңгі есте сақтау жолдарын ойластырып жатырмыз» деген басқарма басшысы күйшінің жары Жаңылсын Есқалиеваның иығына камзол жауып, басына ақ шархат жаулық орады.

Көрермен пікірі:

Домбыраны дүниежүзіне танытып қоймай, оған алтынан алқа таққан даңғайыр күйші жалғыз. Ол Әзидолла Есқалиев. Біз оның туған өлкесінде ескерткіш қойып, атын ардақтауымыз керек. Күй отанында күйшілерге құрмет көптік етпейді. Керек десе, өз алдына күйшілер аллеясын жасаса да болар еді.

Келесі сөз алған Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, сол бір 1957 жылы аталған фестивальдің дайындығына қатысқан добырашы Қатимолла Ризуанов «Қазақтың қара домбырасына әлемдік алтын медальді алып беру кез-келгеннің емес, тек біздің Әзекеңнің пешенесіне жазылған. Соның өзі ерекше ерлік. Ендеше оған деген сүйіспеншілігіміз де жоғары болуы керек» деп оның «Жастар» деп аталатын төл шығармасын орындап берді.

Еске алу кешінде Әзидолла ағаның Алматы, Астана, Ақтау, Атырау, Орал қалаларындағы өнердегі жеделдес іні-қарындастары мен шәкірттері, сондай-ақ, жас орындаушылардың күйші атындағы республикалық «Алын домбыра» байқауының әр жылдарғы жүлдегерлері қатысып, құттықтады. Олар – күйшінің шәкірті бұл күнде өзі де ұстаз, белгілі күйші Айтжан Тоқтағанов, ҚР еңбегі сіңген қайраткер, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Айгүл Үлкенбаева, республикаға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері бөкейлік дарынды күйші Ермек Қазиев, халықаралық «Бозторғай» қорының басшысы Қарлығаш Әбдікәрімовалар сөз алды. Өнер шеберлері Әзекеңнің рухына арнап күй шалды.

Сондай-ақ, «Алтын домбыра» конкурсының жүлдегерлері Нұржан Тәжікенов, Жәнібек Жәмиев,  Абылай Тілепбергенов, Дастан Қазкенов, Ринат Ғимрановтар Құрманғазының «Байжұма», «Төремұрат», Қ.Ахмедияровтың «Қуаныш», «Балқаймақ» күйлерін орындаса, ҚР мәдениет қайраткері Рахила Құлсариеваның дирижерлық етуіндегі Д.Нұрпейісова атындағы академиялық  қазақ ұлт-аспаптар оркестрі Түркештің «Көңілашар», Құрмағазының «Алатау», «Машина», «Адай» күйлерін тыңдарманға ұсынды.

Кеш әсерлі өтті. Кезінде Әзекең орындаған талай күйлер сахнада қайта жаңғырды. Көрермендердің көбі хас шебердің қағыстарын сағынған екен. Кей жерлерін қимастықпен еске алды.  Біреулері оның фестивальді өз шеберлігімен әлемдік сарапшыларды таңқалдырған Моцартың «Рондасы», «Түрік биін», Құрманғазының «Сарыарқа» күйін атады. Тағы да екіншілері Әзекеңе облыс орталығындағы қолайлы жерге ескерткішін орнатып, «Нұрсая» сынды жаңа тұрғын аудандағы көшелердің біріне есімін берсе деген ұсыныстар айтып жатты.

Көрермен пікірі:

Атырау қаласының шолақ көшелері емес, өлмейтін, өшпейтін күй сазындай даланың, көсіліп жатқан даңғылдарының біріне Әзаға есімі берілуі керек. Сонда көше жоғалмай ондағы күйші есімі – Әзидолла Есқалиевте естен шықпайтын болады.

Халық айтса, қалт айтпайды. Әр пікірдің артында оймақтай ой, шынайы шындық бар. Олар келешекте қаперге алынып, орынын тапса, орындалған аманат, жүзеге асқан іс болар еді.

* * *

Кеш аяқталды. Қалың жұрт жапырлай қол соқты. Бұл шараның ойдағыдай өткеніне ризалық сезім бе, әлде Әз ағаға деген сағыныш па? Асылы қайсысы да бар шығар. Ол кісі еш уақытта қарсы келген адамынына да, тіпті зал толы тыңдармандарына да қабақ түйіп, керек десеңіз жәй кейіппен көз сүзіп көрген емес, ылғи да күлімсіреп тұратын еді ғой. Мейлі ол өмір бойы есінен шығармаған «Балқаймағын» бабына келтіріп орындап болғанда да басын сәл көтеріп, жүзінде күлкі ойнайтын. Сөйткен Әзекең қайда, «Балқаймақ» ше? Әз аға енді ол күйді ойнамайды, тек құлақта ескі сарын ойша орындалып, жадта жаңғырады.

Беу, дүние-ай! Әр адамның, соның ішінде өнер адамының, шығарманың өз дәуірі, дәурені бар екен-ау. Дәурен-ай!

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.