«Қазіргі Қазақстан әлемдік саяси сахнаға көрермен көзімен қарайтын үйренуші елден өсіп, енді үйретуші ел деңгейіне жетті. Бұл – бұлжымайтын байлам. Жиырма жылда жастардың да санасы өсті, ойы серпілді, қоғамға деген көзқарасы өзгерді».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Елімізде жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына, кәсібіне қарай еңбек етуіне толық жағдайлар жасалған. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру үшін 2000 жылдан бері Атырау қаласы әкімдігі жанынан құрылған «Жастар ісі жөніндегі кеңес» жұмыс жасайды. Аталған кеңестің ай сайынғы мәжілістерінде жастарды толғандыратын бүгінгі күннің өзекті мәселелері талқыланады. Бұлардың шешімін табу жолында мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, шаралар жүзеге асырылу жолдары қарастырылады.
Қазір облыс орталығында 14 пен 29 жас аралығында 74 мыңдай адам бар. Бұл жалпы қала халқының 20,3% құрайды. Оның 13 мыңы мектеп оқушылары, 10 мыңы жоғары оқу орындарының және 15 мыңы арнаулы орта техникалық колледждердің студенттері.
Шағын және орта бизнесте, мемлекеттік және азаматтық қызметте, сондай-ақ, басқа да салада 31 мыңнан астам жас буын өкілдері еңбек етеді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстан тыс жоспарға сәйкес, Кеңес әскерлерінің Ауған елінен шығарылуына, христиан халықтары жерленген зираттардың арасында орналасқан Ұлы Отан соғысына қатысқандарға және 1921 жылы Гурьевте Кеңес үкіметінің орнатылу жолында күресіп қаза тапқандарға арналған ескерткіштерге жастармен гүл шоқтарын қою рәсімдері және оларды патриоттық рухта тәрбиелеуге баулу, қамқорлықсыз қалған ардагерлерге көмек көрсету жөніндегі акциялар тұрақты ұйымдастырылады.
Өткен оқу жылында жастардың болашақ мамандығын таңдауына ықпал ету мақсатында «Менің таңдауым» атты жоба аясында орта білім беру мекемелерінде облыстық мәслихат депутаттары, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік басқармалары, облыстық кәсіпкерлер палатасы, «Теңізшевройл», «Ембімұнайгаз», Уорли Парсонс, Атырау жылу электр орталығы, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АК мамандарының қатысуымен жоғары сынып оқушыларымен еркін форматта сұхбаттасулар өткізілді.
Жастарды баспанамен қамту – өзекті проблеманың бірі. Осыған орай «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы «Жас отбасы» бағыты бойынша 90 жас отбасына 45 пәтерлік 2 тұрғын үй тұрғызылды. Биыл тұрғын үй кезегі ретімен алты, ал, биылғы жылы да осыншама азамат пәтер иелері атанды.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жастарды ынталандыруды көздейтін мемлекет тарапынан көтерме ақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсынылады. Соңғы жылдары Атырау қаласы бойынша ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген мамандарға әлеуметтік қолдау бағытында 11 жас маманға көтерме жәрдемақы бөлінді.
Техникалық және кәсіптік қысқа мерзімді оқуға 56 жас (ағылшын тілі, жүргізушілік Д санаты, дәнекерлеуші, тоқ жөндеуші, құбыр монтаждаушы, ағаш шебері т.б. мамандықтарына) оқуға жіберілді.
Атырауда жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, саламатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортпен шұғылдануға толық мүмкіндіктер мен жағдайлар қарастырылған. Қала аумағында алты балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасайды. Бұларда спорттың 22 түрінен 5200 бала тегін жаттығулар жүргізіледі. Мұнайлы астананың балғын спортшылардың бокс, таэквондо, дзюдо, кикбоксинг, волейбол, каратэ-до, қазақ күресі, шахмат, тоғызқұмалақтан республикалық және халықаралық саййыстардағы қол жеткізген табыстарын да атап өткен орынды.
Атыраулық жастармен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында тиісті жұмыстар жүргізу шаһар басшылығының ұдайы бақылауында.
Жастар – Қазақстанның болашағы. Олар әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрғыдан белсенді болуы тиіс. Жастар арасында ұлттық, діни-танымдық жұмыстар дұрыс жүргізілсе, сырттан келген теріс радикалды идеологияға жас азаматтың беріле қоймасы анық. .
Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
Атырау қаласы