«Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Редакция қонағы
Мемлекет басшысының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауында білім беру ісінің озық жүйесін қалыптастыру міндеті көрсетілген. Бұл салада жаңартылған білім мазмұнына көшу 2021 жылға қарай аяқталуға тиіс. Осы орайда Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Қадырбайқызы ДҮЙСЕКЕНОВАҒА жолығып, өңірдегі білім сапасы мен жас ұрпаққа тәрбие беру мазмұнын жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жәй-жапсарын білген едік.
ӨМІРДЕРЕК:
ДҮЙСЕКЕНОВА Злиха Қадырбайқызы – 1960 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданында туған. 1977 жылы Н.К.Крупская атындағы орта мектепті тәмамдап, еңбек жолын осы мекемеде аға тәлімгер болып бастады.
Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын 1984 жылы аяқтап, И.Ленин атындағы орта мектепте химия-биология пәні бойынша дәріс берді.
1988 жылы Крупская атындағы орта мектеп директоры.
Сәйкесінше, 2000-05 жылдары Атырау қалалық білім беру бөлімінің әдіскері, облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты директорының орынбасары міндеттерін атқарған.
2005 жылдан бастап облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары.
БІЛІМ БАСТАУЫ – ТӘРБИЕДЕН
– Злиха Қадырбайқызы, білім берудің озық тәжірибесі ретінде ұлттық кодымызды – тәрбие жұмыстарының маңызын арттыру қажеттілігі туындап отыр. Бұған не себеп деп ойлайсыз?
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы жаңа міндеттер жүктеген болатын. Математика және жаратылыстану бағытының жаһандану жағдайына лайықталуын қанша көтермелегінімізбен, гуманитарлық саланың, соның ішінде, мәдени-адамгершілік, рухани тәрбие жұмыстарының кенжелеуіне жол бермеу керек. Адамзат тарихында білімнің жетіспеушілігінен емес, тәрбиенің аздығынан туындайтын қиындықтар көптеп кездеседі. Бұл ретте интеллектуалды ой жүйесінің, физикалық аспектілерді дамыту үшін ұлттық құндылықтарды бойға сіңірудің қажеттілігі айшықтала түседі. Соның ішінде, ұлттық кодты сақтай отырып, адами қасиеттерді қалпына сіңіре білген, рухани жан дүниесі бай, әрі таза жас ұрпақты тәрбиелеп шығару – бүгінгідей экономикалық-саяси мәселелердің белең алған шағында аса маңызға ие.
– Облыстағы жастардың бойына бәсекелестікке қабілетті болу үшін өнегелілікті қатар сіңіру жолында басқарма тарапынан атқарылған істерге тоқтала кетсеңіз…
– Бүгінде қай ата-ананың да өз баласының заманауи сапалы білім алуына алаңдауына негіз жоқ емес. Күн санап дамыған технологияның адамның қол еңбегіне, ойлау жүйесіне әсерін тигізбей қоймайтыны белгілі. Дегенмен, ақпарат ағынының дұрыс-бұрыстығын саралап, оңтайлы шешімдер қабылдау үшін Елбасы айтқан адами капиталдың ықпалын арттыру ерекше маңызға ие. Жаңғырудың негізі саналатын білім берудің біліктілік тұстарын тереңдетуде жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындау қажеттілігі туындады. Мұндай тамырлы міндеттерді мүлтіксіз орындауға тәрбиелік шаралардың ықпалы өте зор. Осы бағыттағы жұмыстарды ілгерілету мақсатында тәрбие саласында жыл сайын әр түрлі тақырыптарға басымдық беріліп, оқу-тәрбие үрдісінің кешенді жобалар жоспары негізінде нақты әрекеттер жасалуда. Мысалға:
– 2014 жылы «Ұлт мұрасы» тәрбие жұмыстарының аймақтық кешенді бағдарламасы»;
– 2015, 2016 жылдары қыз тәрбиесі бойынша «Ұлттық құндылығымыздың ұйытқысы – тәрбиелі қыз»;
– 2016 жылы ата-аналардың белсендігін арттыру, мектептің өміріне тарту, оқушыларды патриотизмге тәрбиелеу мақсатында еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Отан – менің өзімде»;
– 2017 жылы рухани тәрбие бойынша «Руханият бастауы – көркем-эстетикалық тәрбие»;
– 2018 жылы «Ұлтыңды ойласаң – рухты ұл тәрбиеле» тақырыбындағы жобасын бастап, ұлдар тәрбиесі бағытындағы жұмыстарға басымдылық бергелі тұрмыз.
Адами құндылықтардың, мәдениеттің және ұрпақтың тарихи сабақтастығының сақтаушысы ретінде Отбасы мәртебесін арттыруда тақырыптық апталықтар, дәстүрлі шаралар ұйымдастырылуда. Білім беру басқармасының жоспарына сәйкес, оқушылар, сонымен бірге отбасылар арасында әр түрлі жобалар – фестивальдер, байқаулар, тыңдалымдар, конференциялар, семинарлар өткізіледі.
Соның ішінде, жылма-жыл дәстүрлі түрде өтетін іс-шараларға тоқталсақ, жанұя жылуының маңызын түсінуге, отбасылық құндылықтарды арттыруға, саналы ұрпақ тәрбиелеп, иманды ұл, инабатты қыз өсіріп отырған үлгілі отбасыларды таныту бойынша «Мөлдір бұлақтан…» отбасылық фестивалі өткен жылы жетінші мәрте ұйымдастырылған еді.
Отбасылық тәрбие және әріптестік өзара іс-қимыл мәселелері хақында қоғамдық тыңдаулар қолға алынған. Ата-аналар кеңестері құрылып, жыл сайын облыстық ата-аналар конференциясы өткізіледі. Сондай-ақ, соңғы үш жылда әр мектепте өзінің хоры, домбыра, би ансамбльдері, мұражайы мен жас көрермендер театрларының болуы жұмысын қолға алдық.
Сонымен қатар, ата-аналардың мектепішілік, сыныптағы жиналыстарға, шараларға қатысуға мүмкіндіктері бола бермейтіндігін ескеріп, шараларды кәсіпорындарға барып өткізу тәжірибеге енгізілді.
БАЛА ҚЫМБАТ – ТӘРБИЕСІ ОДАН ДА ҚЫМБАТ
– Қазақ халқының «Қызға қырық үйден тыйым» деп нәзік жаратылыстың ар-намысына баса көңіл бөлгендігі белгілі ғой. Осы негізде нендей тындырымды шаруаларды атай аласыз?
– Денсаулық сақтау басқармасы мен жоғары сынып оқушылары арасында кездесулер ұйымдастырылды. «Білім» қоғамдық қорымен бірлесе отыра «Жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастару және суицидтің алдын алу» бағдарламасы бойынша 14-16 жастағы 23 мыңнан астам жасөспірімнің ішінде 7 мың бала сауалнамадан өтті. Оның ішінде, көмекке зәру 109 бала анықталып, «қауіп тобына» енді. Оның 37-сі Атырау қаласынан болса, 44-і Жылыой, қалғаны Индер, Исатай, Құрманғазы және Мақат аудандарының еншісінде.
«Қауіпті топтағы» жасөспірімдерге тиісті психологиялық және медициалық көмек көрсетілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде:
Біріншіден, ақпараттық жұмыс жолға қойылды. Шаралар білім беру мекемелерінде тұрақты түрде өтетіндіктен қыз балалардың барлығы да шараға ұйымшылдықпен қатысады.
Екіншіден, жағдайдың алдын алу бойынша жүріс-тұрысы көп, өрескел қылығымен көзге түскен, ата-анасы жиі іссапарада болатын, жайсыз отбасы, т.б санаттағы қыздар туралы мәлімет картасы жасақталды.
Үшіншіден, оқушылардың құқықтық сауаттылығы артты. Қыздарымыз осындай жағдайға тап болғанда кімге айта алатынын біледі.
Төртіншіден, ата-аналар белсенділігі жоғарылады. Бұл орайда Жылыой, Құрманғазы аудандарының жұмыстарын атап айтуға болады.
ӘКЕ – ӨМІРЛІК ҰСТАЗ
– Мұғалімдер отбасында дүниеге келген екенсіз. Өзіңіз де осы ұлы мамандықтың сүрлеуін салып, әкеңіз басшылық еткен Н.К.Крупская атындағы мектепте директор міндетін атқардыңыз. Сіздің әке тәрбиесіне деген ынтызарлығыңызды кітап жазуыңыздан да байқадық. Осы жөнінде бір ауыз әңгімелесеңіз…
– Расымен де, менің ұстаздық жолға түсуіме ата-анамның септігі көп. Сол кісілердей оқыту ісімен айналысуды мақсат тұттым. Әкем химия, биология пәнінің мұғалімі, кейін біз оқыған мектептің директоры болды. Мен де дәл осы мамандықты таңдағанымда артынан әкем секілді мектеп басшысы боламын деп ойлаған емеспін. Осылай ұрпақ сабақтастығының көрінісі ме, әкем басқарған мектепте 12 жыл мектеп директоры болдым.
Әкем – өмірлік ұстазым. Қайталанбас тұлғасына лайық сабырлылығы, бірсөзділігі, қарапайымдылығы көпке үлгі еді. Аз сөйлесе де, ұғынықты айтуға тырысатын. Осы қасиеттерді бойыма сіңіруге тырыстым. «Әке деген бала үшін Ұлы адам» атты кітабымда:
Әке жәйлі сөз козғаса бір адам
Әңгімесі маған қатты ұнаған
Әке – бақыт, Әке – тірек қорғаның,
Әке деген бала үшін Ұлы адам!..
О, ардақты, қасиетті Әкелер!
Өздерің ғой бізді арманға жетелер,
Өздерің ғой, қанат байлап қияға,
Көңілімізді асқар таудай көтерер –
деп ішкі толғауымды осылайша көрсетпек болдым. Ұстаз ұлағатын сезініп өскен мен үшін осы кәсіпке бет бұруым кездейсоқтық емес деп ойлаймын.
– Осы ретте күні бүгін отау иелері – әкелердің баланың ой жүйесіне ықпал жасау, күнделікті іс-әрекетіне қадағалау жүргізудің маңыздылығы артуда…
– Дұрыс айтасыз. Бала тәрбиесіне әкелердің белсенді араласуын қалар едік Әке атану – ер адамға жүктелген үлкен жауапкершілік, парыз. Отбасылық құндылықтардың қайнар көзі әке мейірімінен болатындығы даусыз. Осы себепті білім беру орындарындағы әкелер мектебінің балалардың ой-өресіне, қарым-қабілетінің қалыптасуына берер көмегі ұшан теңіз.
Әр аудан, қала, елді мекендерде құрылған «Әкелер мектебі» әлеуметтік, тәрбиелік және экономикалық мәселелердің шешілуіне ықпал ете алатын жергілікті биліктің тірегі және қозғаушы күші болуы шарт.
Жыл сайын әкелер слеті өтеді. Ата-аналар арасында қоғамдық жұмыстарға жұмыла кірісіп, ұйымшылдық танытып жүрген Құрманғазы ауданы бар. Әкелер мектебінде Индер кенті тұрғындарының үлесі зор. Өткен жылы мұнда семинар өтсе, Мақат ауданында слет болып өтті.
ҰЛТЫҢДЫ ОЙЛАСАҢ – РУХТЫ ҰЛ ТӘРБИЕЛЕ
– Тәлім-тәрбие деңгейін арттыруда ағымдағы жылы қандай іс-шаралар жоспарлап отырсыздар?
– Биыл «Ұлтыңды ойласаң – рухты ұл тәрбиеле» тақырыбында жобаны қолға алдық. Әсіресе ұл баланың патриот болып өсуіне бағытталған бұл жоспардың алғашқы шарасы №36 мектеп-гимназия базасында өткізілді.
Шараға Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Ж.Аронов, «Атырау облысы бойынша ауған соғыс ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Ғ.Қайыржанов, Қ.Құсайынов, Ә.Кулов, қалалық ата-аналар қоғамдық кеңесінің төрағасы Е.Әбдиев қатынасты. Бір ерекшелігі – қатысушы құрамның көпшілігі ер азаматтар.
Жиналғандарға облыс көлемінде алғаш рет Атырау қалалық №36 мектеп-гимназиясында ашылған Кадет сыныбының арнайы жаттығуларынан көрініс көрсетілді. Жұртшылық олардың саптық даярлығын, әскери қоян-қолтық және қазақ күрестері тәсілдерін, автоматты бөлшектеп, жинақтау, робототехника үйірмесінен өнерлерін тамашалады. Аталған оқу орнының Әкелер кеңесінің мүшесі Бейбітбай Жақсылық кеңестің жұмысы туралы таныстырып шықты.
Мұнда өнерімен республикаға дейін танылып жүрген «36 құрамасы» атты көңілді тапқырлар командасы (КТК) өнер көрсетеді. Команда республикалық «Жайдарман» КТК ойынына бірнеше рет қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Бұған қоса, оқушылардың пікірталас ойыны, әкелердің қатысуымен «Әкедей тірек табылмас…» коучингі ұйымдастырылды. Шараны Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжі студенттері «Өнеге» композициясымен аяқтады.
– Қорытынды тілегіңіз…
– Үлгі аларлық әкеге, таңданарлық анаға, мақтанарлық балаға тарихымыз қашан да бай болған.
Әлемдік ұстаз Платон: «Ұлды тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген екен. Ұл бала тәрбиелеу ісінде Мемлекет басшысының нақты өмірін көрсететін «Балалық шағымның аспаны» атты көркем фильміндегі үлгілік мектебі, аты аңызға айналған ұлт жанашыры батыр Батыр Бауыржанның кейпі, Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдатындағы» атыраулық Кеңес Одағының батыры Қайырғали Смағұловтың тұлғалық сипаты, сол секілді елдік мәселелерде келер ұрпақ алдына тәжірибесін тарту етер азаматтардың өмірі – парасаттылық нышаны.
Қалай десек те, ұлттық болмысымызды сақтауда қоғамдық көзқарастың ықпалы көбірек. Тіліміз бен ділімізді жоғалтпас үшін бесіктен қолдан шығармай аялап тербету ата-ананың қолында. Тәрбиенің қайнар уызы – әке- шешеден. Шоқан мен Абайдың бойына ұлылық дәнін сепкен Айғаным мен Зеренің, Елбасымыз Нұрсұлтандай азаматты дүниеге әкелген Әлжан ананың көркем бейнесін дәріптеуіміз қажет.
Үлкендердің ақылсыз шешімінен кішкентай балалар қасірет шекпеуі керек. Ендеше, туған жердің тұғырының биік болуына қызмет жасайтын сөзі сабырлы, адымы анық, ойы озық отбасылардың қатары көбейсін дейік!
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Сұхбаттасқан: Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ