Қазір әлемде халықты азық-түлікпен қамту – күн тәртібінде өткір тұрған мәселенің бірі. Жер бетіндегі халықтың саны өскен сайын оларды күнделікті ішіп-жеммен қамтамасыз ету де күрделене түсті.
Аграрлы ел болып саналатын Қазақ мемлекетінде өз тұрғындарын азық-түлікпен толығымен қамтамасыз етіп қана қоймай, түрлі өнімді экспортқа шығаруға да мүмкіндік мол. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын, еліміздің азық-түлік өнімдерін негізгі экспорттық өнімдер ретінде сыртқа шығаратындай деңгейге жеткізіп, дамыту қажеттігін және оған біздің елде барлық мүмкіншілік бар екенін айтқан болатын. Бар мүмкіншілікті пайдаланудың жолын тапқандар қазіргі күні кәсібін дөңгелетіп, өзін де, жергілікті тұрғындарды да сапалы тағаммен қамтамасыз етуде. Олардың арасында атыраулық кәсіпкерлер де бар.
Еліміздің аграрлық-индустриялық даму бағытындағы мемлекет екенін ескерсек, жаңа технологияларды игеру, заманға сай, бәсекеге қабілетті отандық тауарлар қатарын көбейту басты мақсат болып табылады.
Өз жұмысын 1996 жылы қоғамдық инфрақұрылымдарға сервистік қызмет көрсетуден бастаған «Карат» ЖШС бүгінгі таңда тігін, ауыз су және құтыдағы консервілер дайындау цехтарын іске қосып, отандық өнім өндіруді арттыруға атсалысып келеді.
Аталмыш ұжым азғантай уақытта барлық теxнологияларды сақтап, экологиялық таза шикізатты пайдалана отырып, бәсекелестердің бағаларынан әлдеқайда төмен баға ұсыну арқылы, сырттан келетін өнімдермен сапасы бірдей екендігін көрсетті. 140 млн теңге болатын жоба жылына 12,6 млн құты шығаруға есептелген.
– Өндірісте екі ауысымда 30-ға жуық адам еңбек етеді. Қызметкерлер арнайы оқудан өткізілген. Цеxта орнатылған германиялық, ресейлік заманауи құрылғылар теxнологиялық ережелерді сақтай отырып, сапалы өнім алуға мүмкіндік туғызуда. Жұмыстың 90 пайызы компьютермен атқарылады. Бұл өнімнің сапасының қалыпты болуына, гигиеналық тұрғыдан үнемі таза болуына кепілдік береді, – дейді технолог Зияда Ахметова. Батыс Қазақстанның тумасы, бұрын Оралдың ет комбинатында қызмет жасап, мол тәжірибе жинақтаған маман өндіріс тынысынан жан-жақты хабардар етті. Жұмыс процесі толықтай автоматтандырылған. Сүйектен ажыратылған мал еті сұрыптау түріне байланысты құтыларға салынып, майы, тұзы, жуасы мен бұрышы қосылады. Өнімнің салмағы өлшеніп, құтысы жабылған соң арнайы қазандықта 120 градус ыстықта, екі келілік қысымда қайнатылады. Онысы компьютер арқылы қадағаланады. Екі сағатта дайын болған өнімдерге тауарлық белгісі бар этикет қағаз жапсырылады.
Мұнда шикізат ретінде жергілікті қожалық бордақыланып, семіртілген малдың еті қолданылса, келесі жартысы көршілес облыстардың қожалықтарынан әкелінеді екен.
Қазіргі уақытта цеx күніне жоғары және І сұрыпты, эконом класс және премиум класс бұқтырылған сиыр етінен 10 мың консерві шығарады. Соңғы кезде өндіріс көлемі едәуір ұлғайып, өнімдердің алуандылығы артты. Әрқайсысының салмағы 325 грамдық бұқтырылған сиыр еті, өз шырынында дайындалған тауық еті, сиыр еті қосылған арпа ботқасы, сиыр еті қосылған қарақұмық ботқасына тұтынушылар сұранысы жоғары болып келеді. Мамандары қазы консервілерінің дайындалу әдісін меңгерді, сондай-ақ, әртүрлі паштеттер де шығарылады.
Бұдан бөлек, сүйек майын өңдейтін цеx ашу, база аумағында жем-шөп өсіру, қалдықсыз өндірісті бір жолға қою – сүйек ұнын, кір сабын және өздерінен консерві құтыларын дайындап шығару жоспарланған.
Бүгінде ет құтысын шығарып, жергілікті мал шаруашылығы бағымындағы малдардың етін өңдеп, толықтай жергілікті өнім шығарып отырған «Карат» ЖШС-нің бұқтырылған еттері Атырау облысынан бөлек, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарын да қамтып отыр. Жыл сайын Астана қаласында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде де «Карат» өндірісінің өнімдері сатылымға шығарылады. Атыраулық бұқтырылған ет xалықаралық сертификатқа ие. Мұның өзі өз өнімдерін көрші Ресейге экспорттауға мүмкіндік берді.
– Өнімнің санын көбейтіп қана қоймай, сапасын көтеріп, тұтынушының көңілінен шығу – біз үшін маңызды. Бұл – Атырау өңіріндегі тұңғыш құтылау цехы. Сондықтан біз бәсекелестік нарығында өз өнімімізді сыртқа сапалы ұсынуға тиіспіз. Біз өзіміздің де, өңіріміздің де абыройын ойлауға міндеттіміз. Елбасы шағын және орта бизнесті қолдап, үнемі қамқорлық танытуда. Соның нәтижесін біз бүгінгі таңда толықтай сезініп, көріп отырмыз»,- дейді «Караттың» мамандары.
Осыдан екі жыл бұрын «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық көрме-байқауында «Ең үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша екінші орын иеленуі кәсіппен айналысып, нәсібін көріп отырған ұжым үшін мақтаныш болғаны және келешекке ынта бергені сөзсіз. «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымындағы жеңістерін олар өздерінің ортақ еңбектерінің жемісі деп санайды.
Кәсіпті игеріп, сапалы өнім шығаруда тәжірибесі бар «караттықтардың» өз өнімдерінің экспортқа шығар жолындағы мүдделі мақсатқа жетуге деген ынталары оларды болашақта ТМД елдері аумағында танымал етуге қауқарлы.
Таза ауыз су – өзімізден
Ет консервілерінен бөлек, ауыз су шығаратын цеx бар екенін атап өтуіміз керек. Ауыз су, «ҚазТрансОйл» АҚ магистралдық су тартқышындағы Еділ өзені суының негізінде дайындалады. Тазартудың және байытудың қосымша сатыларынан өтіп, тазартылған су жергілікті судан арзан, сол себепті өзіндік құны да төмен. «Карат» ЖШС-нің ауыз су өндіру жобасы индустриалды аймаққа кіріп, нәтижесінде ваxталық әдіспен жұмыс жасайтындар таза ауыз сумен қамтамасыз етілуде.
Цеx тәулігіне 2,5 мың литр, жылына шамамен 4 млн. бөтелке болатын, сыйымдылығы 0,5, 1, 1,5, 5 және 19 литрлік пластикалық бөтелкелерге құйылып, дайындалатын цехтағы бес линияда 40 маман жұмысшы еңбек етеді. Цех технологі Борис Грицишинның айтуынша, «Мөлдір су», «Дәулет су» деп аталатын сапалы, таза ауыз суға сұраныс жоғары. Олар тұтынушылардың тапсырысын уақытылы орындап, тілектерін қанағаттандыруға қашан да дайын. Асханалық таза суды біздің өңірден басқа Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының мұнайшылар мен газ өндірушілері, геолог-барлаушылары, құрылысшылар, жалпы халық тұтынады.
– Осы цех ашылған 2009 жылдан бастан технолог болып қызмет жасаймын. Бұрын Ақтөбе облысындағы Шалқар қаласында ауыз су өндіретін зауытта жасағанмын. Ұжымымыз жақсы, бірнеше ұлттың өкілдері болсақ та, бір мақсатпен, бір мүддемен еңбек етеміз. Ленталы конвейер арқылы тәулігіне 9000 бөтелке мөлдір су шығаруға қуатымыз жетеді. Цех күндіз-түні екі ауысыммен жұмыс жасайды. Сыйымдылығы әртүрлі бөтелкелерді де цехтағы арнайы пішіндегі қондырғылармен дайындайды. Халық үшін, тұрақты тұтынушыларымыз үшін сапалы өнім ұсыну – біздің басты принципіміз, – дейді технолог Борис Грицишин.
Түрлі сыйымдылықтағы бөтелкедегі ауыз су дайындайтын қондырғылардың Қытайдан жеткізіліп, жұмыс жасап келе жатқанына сегіз жыл болды. Жергілікті жастар жұмысқа тартылып, олардың еңбек етуіне толық мүмкіндік бар. Жатақханада жайлы жатар орыны, үш мезгіл беретін дәмді тамағы дайын, тұрақты еңбек ақысы бар. Бұдан да басқа тұрмыстық жағдайлары жасалған.
Сұранысқа сай – сапалы бұйым
«Карат» ЖШС-не қарасты жылына 3 млн. тігін өнімін шығаруға қуаты жетерлік, заманауи тігін машиналарымен және маман киімін шығаруға арналған аппараттарымен қамтылған тігін цеxы жұмыс істеуде. Қазірдің өзінде аймақтағы мұнай кәсіпорындарынан маман киіміне тапсырыстар қабылдап, соңғы үлгідегі дизайнмен шығара бастағанына он екі жылдың жүзі болды.
– Жапондық тігін машинасын жетік меңгерген 32 ісмер қыз-келіншек жұмыс істейді. Сөйтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуы халықтың жұмыспен қамтылып, әл-ауқатының тұрақтануына себепші болып отыр. Отандық және шетелдік мұнай-газ өндіруші, құрылыс компаниялары мен күзет фирмаларына арнаулы киімдерді тапсырыс бойынша дайындауда тәжірибеміз жетерлік. Осы салада қызмет жасайтын Гүлнар Әбдірахманова, Салтанат Амандықова, Нұржамал Құрбанова, Қоныс Қартбаева сынды өндіріс озаттары жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп келеді, – дейді бізді тігін цехының жұмысымен таныстырған цех меңгерушісі Жандос Қасанов.
Тігіншілер арнаулы тапсырыс бойынша, белгілі бір көлемге сай су өткізбейтін, отқа жанбайтын маталардан дайындалып тігіледі. Қажетті материалдарды Оңтүстік Корея елінен алдыртатын тігіншілер айына үш мың дана қысқы және жазғы мерзімге арналған жұмыс киімдерін, комбинезондар тігіп шығарады.
Бақытжан ХАМИТҰЛЫ,
Атырау қаласы.