20 сәуір, 2017 жылы Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы бойынша «Аяз би» ауыл мәдениетін қолдау қорының «Алаш» партиясының 100 жылдығына арналған шараларды ұйымдастыру» лоты бойынша «Алаш қозғалысы және Тәуелсіз Қазақстан: тарих және тағылым» атты ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

   Конференцияның модераторы Шахман Нағымұлы сөз алып, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталып өтті. «Алаш» қозғалысының мән-мағынасын, тарихи маңызын түсіндіру, тәуелсіздік жолындағы күрескерлердің өмір жолын үлгі етіп қалыптастыру, қоғамдық пікір алмасу алаңында аға ұрпақ пен жастар арасындағы ұрпақтар сабақтастығын насихаттау бүгінгі шараның мақсаты екендігін қатысушыларға жеткізді. Конференцияға қатысушыларға дайындалған бағдарламалар легімен таныстырды.

Алғашқы баяндамашы, тарих ғылымдарының докторы Лесқали Базарбайұлы «Алашорда қозғалысының зерттелуі» тақырыбында  кеңінен ой қозғап, зерттеушілердің «Алаш» тақырыбын қозғаған мол мұрасы хақында мағлұматтар берді. Бүгінгі «Алаш» тақырыбында жарық көрген еңбектердің саны 200-ден асқандығы туралы мәліметті жеткізді.

 

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Таңатарова Жәмиға Тәжікқызы «Алашорданың батыс бөлімінің қызметі» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама барысында батыс бөлімде қызмет атқарған қайраткерлер туралы жаңашыл мәліметтер айтты.

Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Нағымұлы Шахман «Алашорда қызметіне қатысқан Атыраулық мұғалімдер» тақырыбында  баяндама жасап, Алашорда кезеңіндегі өңірлік мұғалімдердің атқарған қызметтері хақында әңгіме өрбітті.

Модератор Шахман Нағымұлы жарыссөзді болашақ ғалымдар-магистранттарға жолдады. Пангерей Төре – «Ақпан, қазан революциясынан кейінгі Алашорда. Алаш партиясының құрылуы» атты баяндамасын оқи келе, Атырау қаласында Алашордашылардың саябағы ашылып, ескерткішін салу жөнінде ұсынысты жеткізді. Бұл ұсынысты конференцияға қатысушылар қолдады.

Жәнібеков Аслан -«Батыс Алашорда қайраткерлері» атты баяндамасында қайраткерлердің өмір жолына, атқарған қызметтеріне жеке-жеке тоқталып, есімдерін ұлықтау мақсатында көше аттарын беру жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Байғалиева Айзада – «Алашорда үкіметі идеяларының қазіргі кезеңде мемлекеттік құрылыста жүзеге асуы» тақырыбында жасалған баяндамасы өзектілігі жоғары болды. Қазіргі күнде атаулы мерекелерді тойлайтын белгіленген күндері бар. «Алашорда» күнін мерекелер санатына қосу жөнінде ерекше ұсыныс жеткізді.Тұрарбекова Айкүміс – «Алашорда үкіметінің негізгі ұстанымдары» тақырыбында баяндама жасап, көптеген мәселелер хақында сөз қозғады. Негізгі ұстанымдардың мән – маңызына кеңірек тоқталды.

   Конференцияға келген көрермен, студент Ғаламат Базарбаев бүгінгі іс- шараның жастар үшін маңыздылығын айта келе, ғалым-ұстаздарға, магистранттарға,  қатысушыларға алғысын білдірді.

Қорытынды сөзді алған Шахман Нағымұлы бүгінгі іс-шараның маңызына тоқталды.Тәуелсіздікке жету жолында аянбай қызмет еткен Алашордашылардың рухына тағзым ету, есімдерін ұлықтау шарасы әлі де жүзеге асатындығын жеткізді. «Аяз би» ауыл мәдениетін қолдау қорының қызметкері Әділбек Өмірзақов, Өмірбек Кенжеахметов баяндамашыларға ескерткіш сыйлықты табыстады.

 

 

 

 Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,

“Аяз би” ауыл мәдениетін қолдау қорының қызметкері