Индустрияландыру иірімдері

 Қазақстан сонау ХІХ ғасырдың өзінде шикізатты мемлекет ретінде әлемге аты әйгіленген. Арзан бағамен шикізат беріп, үш-төрт есе қымбатқа сатып алатын импортқа тәуелділіктің тауы аласа. Сол үшін де, Президенттің тікелей тапсырмасымен ел көлемінде индустриялық аймақтардың құрылысы басталып кетті.

Қостанай – ең әуелі, аграрлы облыс. Тобыл-Торғайдың астығы алашты асырап отыр. Тіпті, біздің бидай мен дәнді дақылдар өнімдерінің табиғи сапасын алыс-жақын шетел тұтас мойындайды. Ұн өнімдеріне қарағанда, алуан сұрыпты бидайға сыртқы нарықта сұраныс басым. «Неліктен біздің ұн өнімдерін, еуропалық баламаларымен салыстырғанда, сатып алар елдердің қатары көңіл тойдырмайды?» деген сауалдың туындауы – аксиома. Себеп қарапайым ғана: өндіріске қашаннан бері жаңғырған технологиялық дем қажет. Сол үшін де, мемлекет бойынша индустриялық аймақтарды құрау бағдарламасы бекітілген.

Біздің облыстың еншісінде қос индустриялық аймақ бар: Қостанай және Жітіқара қалаларында. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мамандарының көмегімен өңіріміздегі қос өндіріс орны туралы егжей-тегжейлі мәліметке қанықтық. Мәселен, Қостанай қаласындағы индустриялық аймақтың құрылысы екі кезең бойынша жүзеге асырылуда: бірінші – 60 га; екінші – 200 га жерде өндіріс нысандарының қарқынды құрылыс жұмыстарын жүргізу.

Алғашқы кезең Қостанай облысындағы қарқыны жыл өткен сайын үдей түскен автоөндірістік саламен тікелей байланысты. «СарықарқаАвтоӨндіріс» және «АгромашХолдинг» маңайында автобөлшек шығаратын зауыттар салу жоспары бар. Бұл тұста айта кеткен жөн, облыстағы көлік өндірісі көшінің түзелуіне қытайлық «JAC» компаниясы септеседі.

Көлік құрастыру ісінің мақсат-міндеті айқын: «JAC» автокөліктерін жинау жұмыстарының қарқынын жылына 10 мың даналық қуатқа жеткізу. Әрі қостанайлық көліктердің нарықтағы сұранысын арттырып, экспорттық әлеуетті Ресеймен шектеп қана қоймай, тұтас ТМД тұтынушыларының назарын аудармақ.

Сондай-ақ, жоғарыда айтылған автобөлшектер шығаратын зауыттардың салынуы түптің-түбінде қостанайлық көлік құрастыру ісінде шетелдіктердің көмегіне жүгінбеуін 50%-ға арттырмақ. Бұл өз кезегінде, отандық көліктердің қолжетімді бағамен құрастырылуына жол ашады.

2016 жылы Қостанай қаласында шоғырланатын индустриялық аймақтың инфрақұрылымының құрылысы басталған.

– Алғаш таратылған ресми мәліметтерге сүйенсек, қос индустриялы аймақтың жобалық құны 10,3 млрд теңгені құрайды, – дейді экономика ғылымдарының докторы Сансызбай Жиентаев. – Мемлекеттік экономиканың өсуіне екпінді әсер ететін индустриялық аймақтың құрылуы кластерлік әдістің негізіндегі заманауи өндірістің дамуына байланысты бірқатар мәселелерді шешуге, аймақтық жалпы өнімнің артуына, сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары арқылы жұмыссыздыққа қарсы күрес жүргізуге мүмкіндік бермек. Әрі Қазақстанның дамушы мемлекеттен дамыған елдердің қатарына қосылуы үшін де шикізаттық мемлекеттен дайын өнім өндіруші республикаға айналуының алғашқы қадамының өзі осы индустриялық аймақта жатқанын аңғарған жөн. Ол ғана емес, индустриялық аймақ жасақтаудың тағы бір ұтымды тұсы – шетелдік инвесторлардың легі артады. Отандық өнеркәсіптің өркендеуі, қаржының сыртқа емес, ішкі нарығымызда айналуы экономикалық дамудың алғышарттарының бірі.

Облыс орталығындағы индустриялық аймақтың екінші кезеңі 200 га қамтымақ.

Бұл индустриялық аймақта негізінен жеңіл өнеркәсіптік өндіріс, құрылыс материалдарын шығару, электротехника мен электроника, ағаш өңдеу, жиһаз жинау, темір өңдеу және тағы сол іспеттес салаларға мамандандырылмақ. Қостанай қаласындағы индустриялық аймаққа қатысты әкімшілік-тұрмыстық кешенінің құрылысы ағымдағы жылы аяқталуы тиіс.

Жітіқара қаласында шоғырланатын екінші индустриялық аймаққа 76,2 га жер бөлінген. Мұнда салынатын өндіріс нысандарының бағыты облыс орталығындағылармен тақылеттес, яғни, азық-түлік өнімдері, құрылыс индустриясы және көлік құрастыру ісі – ерекше жобаның өзегі. Екінші индустриялық аймақтағы өндіріс саласын жаңғыртпаққа бағытталған жер теліміне (76,2 га) су құбырлары, кәріз жүйесі, жарық, газ желілері тартылған.

– Еліміздің географиялық орналасуының өзі экономиканы үзіліссіз дамытуға міндеттейді. Макроэкономикалық кеңістік кішігірім болсын қателікті кешірмейді. Сайып келгенде, біздің ел шекаралық әлеуеттерінен тыс, экономикасы да қос алып мемлекетпен қоңсылас. Өз кезегінде осы факторлар елімізге биік саяси-экономикалық межелерді белгілеуге міндеттейді, – дейді экономика ғылымдарының докторы Сансызбай Мұхаметқалиұлы. – Түптің түбінде еліміз ұстанған саясаттың арқасында, жер астындағы пайдалы қазбаларымызды өндіріп қана қоймай, өңдеп, дайын тауар шығаруға қол жеткізетін күндер алыс емес. Әлбетте, бұл да қажырлы еңбекті қажет етеді тұтас халықтан. Еліміздің дайын өнім шығаруға ұмтылу керектігі бұрындары да көтеріліп жүргені ақиқат. Мәселен, 1919 жылы Ахмет Байтұрсынов өзінің жазбасында мынандай дерек қалдырған: «Көшпелі қазақ жыл он екі ай бойы баққан төрт түліктің сүтін, етін, терісін өңдеп, дайын өнімнің түрін молайтуға тырыспаса, елдің экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуі – екіталай». Көрдіңіздер ме, Ахмет Байтұрсынұлы өзі филология, нақтысында гуманитарлық саланың маманы болғанымен, өзекті мәселені көтерген. Экономикалық тәуелсіздікке ұмтылу қай заманда да маңыздылығын жоймасы анық.

Қостанай, Жітіқара қалаларында шоғырландырылған индустриялық аймақтардың іске қосылар сәтін күткеннен бұрын, тұрғындар даярлыққа кіріскені абзал. Неге десеңіздер, өндіріске екпін қоятын қос аймақ қыруар еңбеккерлерге мұқтаж болары хақ. Сондықтан да өндірістік, техникалық мамандықтарды бүгін таңдаған жасөспірім ертеңгі күндері таптырмас, нақтысы зор сұранысқа ие қызметкерге айналуы айқын. Мемлекеттік экономиканың өсімі салық есебінен де еселенеді. Индустриялық аймақтардың ашылуы шетелдік кәсіпкерлер мен инвесторларды «идірер» мүмкіндік.

Қос индустриялық аймақтың қазіргі құрылыс жұмыстарының жүргізіліп жатқанына байланысты, жер телімдері жекелеген кәсіпкерлерге әлі бөлінген жоқ. Сондықтан, индустриялық аймақ іске қосылған күнен бастап отандық кәсіпкерлерге жер үлестері тимек.

Нұрқанат БҰҚАБАЕВ,

Қостанай облысы.