Кемел келешек, айқын мақсат, ортақ мүдде, тынымсыз еңбек. Бұл – бірлігі жарасқан тәуелсіз Қазақ елінің берік ұстанымдары. Жеткен жетістіктерді лайық дәрежеде бағалай отырып, кемел келешекке жету үшін айқын мақсат қойып, мүдде сабақтастығын тиек етіп, тынымсыз еңбек атқарсақ алынбайтын асу жоқ. Ұстанатын берекелі басты бағытымыздың бірі – Отанымыздағы білім және ғылым саласын одан әрі дамыту, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Сондай алдыңғы қатарлы білім беру ошағының бірі – Атырау инженерлік-гуманитарлық институты.
Атырау инженерлік-гуманитарлық институты – іргесі ел тәуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдары қаланып, бұл күндері өзіндік дәстүрі қалыптасқан батыс аймақтағы іргелі жоғары оқу орындарының бірі. Өткен тарихи кезең ішінде оқу орны еліміздің өндіріс орындары үшін мыңдаған кәсіби мамандар даярлап шығарды. Бүгінде кең-байтақ еліміздің кез-келген түкпірінде оқу орнының мұнайшы, құрылысшы, байланыс инженері мен қаржы-экономика мамандықтары бойынша тәмамдаған түлектерін жиі кездестіруге болады. Бір қуантарлығы – институт кадрлары қашанда сұранысқа ие.
Бұл күндері жоғары білім берудің Еуропалық кеңістігін құраушы алдыңғы қатарлы елдердің басты ұстанымы – Болон декларациясының қағидаларын басшылыққа алып, азаматтардың өмір бойы білім алуына оңтайлы жағдай жасау, жоғары білім берудің әлеуметтік бағыттылығын жүзеге асыру, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, оқу бағдарламаларының мазмұнын жұмыс берушілермен бірге жетілдіру арқылы оқыту үдерісін кредиттік технологияның негізінде ұйымдастыру, білім алушылардың академиялық оралымдылығын қалыптастыруға қол жеткізу сияқты іс-шаралар жатады. Оқу орны оқу үдерісін аталған қағидалар негізінде жүзеге асыруда.
Институтта екі мыңнан астам студент жоғары біліммен сусындаса, оларға біліктілігі мен тәжірибесі ұштасқан, ірі өндіріс орындарында еңбек еткен 85 педагог-оқытушы дәріс береді. Олардың 8-і ғылым докторы мен профессор лауазымына ие болса, 33-і ғылыми кандидаттар мен доценттер.
Білім ордасының материалдық базасын нығайту, компьютерлендіру, зертханалар мен пән кабинеттерін жабдықтау мәселелері оң шешімін табуда. Оқу ғимараттары, кітапханалар, спорт залы, тәжірибелік зертханалар, пәндік және лингофондық кабинеттер қазіргі таңда институт игілігіне жарап тұр. Сондай-ақ, интерактивті, мультимедиялық қондырғылармен, жаңаша есептеу техникасымен жабдықталған кабинеттер, еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы республикалық электрондық кітапхана жұмыс жасайды.
2011 жылдан бастап пайдалануға берілген төрт қабатты оқу ғимараты мен 2014 жылы іске қосылған осындай жатақхана институт студенттерінің, әсіресе аудан, ауыл-аймақтан келетін болашақ кәсіби мамандардың әлеуметтік мәселелерін шешуге елеулі әсерін тигізді. Ал, биылғы жылы жаңа бес қабатты оқу ғимараты іске қосылды. Бұлардың барлығы сапалы білім алуға бағытталған зор қамқорлық десек қателеспейміз.
Жоғары білім берудің заманауи инновациялық жүйесі қалыптасқан оқу орнында кәсіби мамандарды жаңаша дайындауға бағытталған технологияларды енгізу қолға алынған. Білім беру үрдісі толығымен кредиттік оқыту жүйесі бойынша жүргізіледі. Бұл соңғы заманауи инновациялық «Платон» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. Сабақ модулдік жүйемен оқытылады. Өткен оқу жылынан бастап студенттерге үш тілде білім беру қолға алынып, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттер Ресейдің және еліміздің іргелі жоғары оқу орындарымен білім тәжірибесін алмастырып қайтты.
Ұдайы өткізілетін пәндік олимпиадалар, студенттердің ғылыми конференциялары, семинарлар мамандықтарды жақсы меңгеруге, ізденістерге машықтандырады. Бұл өз кезегінде іскерлік, жинақылық қасиеттердің дамуына, талапшыл жастардың қанаттануына септігін тигізеді.
Студенттер оқу және өндірістік тәжірибелерін «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Каспиймұнайгаз», «Теңізшевройл» ЖШС-інде, «Ембімұнайгаз», «Қазақтелеком» АҚ сынды ірі өндірістік кәсіпорындар мен мекемелерде өткізеді. Бұл институттың ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау және студенттердің кәсіби деңгейін дамыту үшін алыс-жақын шетелдердің жоғары оқу орындарымен, белгілі ғылыми орталықтарымен ғылыми және оқу-әдістемелік қарым-қатынастар орнатуының айнымас дәлелі.
Білім алушылардың академиялық оралымдылығына ерекше мән берілуде. Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – жастардың білім алу кеңістігін таңдау еркіндігі, яғни, әр білім алушы болашақ мамандығының кәсіби шебері болып қалыптасу үшін шетел немесе отандық жоғары оқу орындарында белгілі бір академиялық кезеңде білім алуы ескеріледі. Осы мақсатта институт әкімшілігі тарапынан үлкен ұйымдастырушылық жұмыстар жүзеге асырылып, шетелдік және еліміздің жетекші оқу орындарымен бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, білім алушылармен алмасу, халықаралық стандартқа сәйкес оқу бағдарламаларын жаңарту және көптеген білім саласындағы басқа да мақсаттар бойынша екі жақты әріптестік байланыстар орнату туралы 20-ға жуық келісім-шарттар мен меморандумдар жасалып, іске асырылуда.
Академиялық ұтқырлықты болашақ маманның кәсіби шеберлігін алғашқы ұштау мектебі деп санауға болады. Себебі, жаңа жүйеге сай білім алуда ерекше талаптар қойылады. Ең бастысы, студенттің өз болашағы жолында ізденуі, ғылымға ерекше зейін қоюы, бірнеше тіл мен жаңа ақпараттық технологияны меңгеруі.
Биылғы оқу жылы институттың профессор-оқытушылары 115 ғылыми мақала жариялады. Сонымен қатар, 20 ғылыми мақала шетелдік ғылыми журналдарға, 7 мақала импак-факторға жарияланды. Жыл сайын институтта «Жастардың ынта-жігері – ғылымға және прогресске», «Ғылым әлемін ашамыз», «Инженерлік білім беру жүйесін дамыту мәселелері», «Бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастырудағы инновациялық технологиялардың рөлі мен маңызы» деген тақырыптарда дәстүрлі түрде студенттер мен оқытушылардың ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылады.
Профессор-оқытушылар құрамы Жапония, Ангнлия, Германия, Қытай, Франция, Венгрия, Малайзияда болып, курстарға қатысып, біліктіліктерін арттырып, тәжірибе алмасып, сертификаттарға ие болды.
Кез-келген білім ошағы ең алдымен өзінің түлектерімен мақтанады. Институтты бітірген инженерлер мен басқа да мамандық иелері еліміздің мемлекеттік және жеке нарық құрылымдарында, шетелдік компанияларда, фирмаларда, банктерде және басқа салаларда табысты еңбек етуде. Оқу орны түлектердің мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуына ықпал етеді. Өткен жылы институтты бітіруші түлектер «АДЖИП ККО» компаниясымен ынтымақтастық негізінде «Арнайы жоба Жаңа Бастама – Мұнай ұңғымаларын пайдалану» конкурсына қатысып, жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Олар конкурс нәтижесі бойынша «АДЖИП ККО» компаниясына жұмысқа орналасты.
Білім мен ғылымды, спорт пен өнерді ұштастырып, облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінген студенттер көптеп саналады. Институттың алғашқы түлектерінің бірі Ізбасқанов Болат спорттың каратэ-до түрінен әлемнің үш дүркін чемпионы, Сардарова Сәуле, Бозақаева Әсия көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпаздары. Әлі күнге дейін таэквондодан тек Атыраудың емес, Қазақстанның атын бүкіл әлемге танытып жүрген біздің мақтанышымыз.
Қоғамның өзекті тақырыптарын талқыға салуда белсенділік танытқан өткен жылғы түлек Құбекен Сағынгерей облыс бойынша өткен пікір сайыста жеңіске жетіп, ең үздік спикер атанды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тіл комитетінің ұйымдастыруымен Бурабайда «Тіл дарын» атты қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген 18-25 жас аралығындағы жастар арасында өткен байқауда Самиғоллаұлы Жасұлан, Зағипарова Данагүл бірінші орынды иеленді. Өнерлі жастардан құрылған «Жайдарман» ойындарының жоғары лигасында өнер көрсететін «АИГИ» құрамасы бүкіл республикамызға танымал атанды. Бұл тәрбие мен білім сабақтастығының айқын көрінісі.
Институт 2005, 2010, 2015 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік аттестациясынан сәтті өтіп, білім беру нарығындағы өз абыройын, имиджін толыққанды көрсете білді. Сондай-ақ, инновациялық бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруының нәтижесінде Европа кәсіпкерлік қауымдастығының «INSAM» алтын медалімен, халықаралық «Алтын құйма» медалімен марапатталды. Аталған оқу орны ҚР білім беру саласындағы жалпымемлекеттік қаржылық-экономикалық саралау бойынша «Көшбасшылар Топ-20» және Атырау облысының «Кәсіпорындар көшбасшылары – Топ-3» қатарына енді. Республика кәсіпорындары арасында Күміс рейтинг пен Атырау облысының кәсіпорындар қатарынан «Өрлеу қарқыны» аталымы бойынша Алтын рейтингті иеленді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Бәсекеге қабілетті дамыған ел болу үшін, біз жоғары білімді ұлт болуымыз қажет» деп атап өтті. Бүгінде оқу орны алдына қойылған міндет жүгі жауапты, әрі маңызды. Бұл жауапкершілікті ойдағыдай атқару жолында институт ұжымына сәттілік және шығармашылық табыстар тілейміз.
Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ