Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрының талантты актерлерінің бірі ­– «Мәдениет саласының үздігі», «Жыл актері» аталымының жеңімпазы  Жұматов Ержан Хамитұлы.

Ол 1967 жылы Индер ауданы, Елтай ауылында дүниеге келген. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің түлегі. Ерекеңнің осынау киелі өнер шаңырағына келгеніне жиырма жылдың жүзі болды. Әріптесіміздің театр сахнасында сомдаған Р.Ыбраеваның «Махаббат пен кесапатында» — Аслан, Б.Ұзақовтың «Қош бол, Ардағымында» ­­ Құдайменде, Д.Исабековтің «Әпкесінде» — Тимур, Т.Теменовтің «Көгілдір таксиінде» – Қайыржан, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» — Шәмші, Қадыр Мырзалынің «Жаралы жолбарысында» ­­­- Берікбай, Р.Отарбаевтың «Нашақорында» — әке, «Жәңгір ханында» — Нессельроде, Д.Саламаттың «Қайдасың, Фигаро?» спектаклінде Марат ролдері Ержанның жүрегінен орын алған, ұмытылмастай жанына жақын болып кеткен бейнелер.   Ержан өте елгезек, «жеті рет өлшеп, бір кесетін» өз ісіне өте мұқият, ұқыппен қарайтын адал жан. Елуді еңсеріп, өткенге шолу жасап, театр әкімшілігінің демеуімен және өзінің ет тірлігінің, күш жігерінің арқасында былтыр елге есеп беріп, дүбірлеген шығармашылық кеші өте жоғары деңгейде аталып өтілді. Өнер кешіне асқақ Алатаудың етегінен, Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Бекжан Тұрыс пен белгілі режиссер Тілеген Ахметов сыйлы қонақ ретінде арнайы келіп, «Ердің жасы – елуді» бағындырған, Жайық бойындағы өнердің бір пұшпағын ұстап жүрген әріптестерін қолдап-қолпаштап, қызу құттықтап, кештің әрі мен сәнін келтіріп кеткен еді.

ХХІ ғасырдың басында театр небір қиындықтарды бастан кешіріп, өнер адамдары, актерлік құрам мен режиссерлердің өздері әрқилы тіршілік кешіп жатқан кезде Ержан сол қиындықтардың әркез бел ортасында болып, театр өнерінің алғы шебінде жүргендердің қатарынан табылды. Әзіл-сықақ бағдарламаларына  қатысып, басты рольдерді сомдады. Сол тұста жас актердің қалыптасуына режиссерлер Сағызбай Карабалин, Тілеген Ахметовтердің қосқан үлестері аз болмады. Таудай талабымен құлшына алға ұмтылған Ержанға режиссерлер зор сенім артты. Т.Ахметовтің сахналауындағы И.Сапарбайдың «Сыған серенадасын» мен Т.Теменов, С.Сматаевтың «Көгілдір такси» қойылымдары театр репертуарында он жылдан астам уақыт сахналанып келді. Онда Ержан – қазақ «вальсінің королі» атанған ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың және Қайыржан сынды басты ролдерді шебер орындап, халықтың қошеметіне бөленді.

Актердің бақыты – өзіне қонымды роль тиіп, сол ролін сахнада шебер орындап   жүруінде. Бұл жағынан Ержанның жолы болып жүр. Жаңа қойылымдардың қай-қайысында да оның басты рөлдері бар. Қашан көрсеңде қызу қанды жастардың ортасында жүзі жарқырап, әзілін айтып, гримін салып, Ерақаң жүреді.

Ержан Жұматов былтырғы ақпанда Мәскеуде сахналанған «Тергеуде» — Эстерлингті, жазда Кырымның Керчь қаласында өткен «Боспор агондері» атты ХІХ Халықаралық антика өнерінің фестивалінде лауреат атанған «Меdea» трагедиясында – басты роль Креонды, Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесінің аясында өткен ХХV республикалық театрлар фестивалінде «Өзекті тақырыпты көтергені үшін» номинациясына ие болған Р.Отарбаевтың «Бас» тарихи драмасында – Ықылас Төлеевичтің бейнесін сомдап, театрлар арасында өткен ортақ сынақта өзіндік үлесін қоса білді.

Ержан Хамитұлы 2016 жылы Ақтөбеде өткен ХІV республикалық театрлар фестиваліне және былтырғы Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен Қ.Сүгірбеков атындағы жас режиссерлердің І республикалық форум-фестиваліне қатысып, лауреат атанған Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт» қойылымында – ревизор Таңсықбаевты сомдап, қойылымның үздік шығуына да біркісідей атсалысты. «ЭКСПО–2017» Халықаралық көрмесіне халықтар достығын насихаттайтын И.Ғайыптың «Сүйінбай» тарихи эпосында – Орманхан ролін және Түркияның Афшин, Малатья қалаларында және Астанада сахналанған М.Отарбаевтың «Баянды бақ» қойылымында Ержанның ең бір оң жамбасына келген рөлдерінің бірі – НКВД майорының бейнесі. Бұл рөлге ол ерекше жан-тәнімен беріле кірісіп, нақышына келтіре орындады, бар шеберлігін таныта білді.

Ержан жастармен бірге күнделікті болатын би қозғалысы, вокал сабақтарына үзбей қатысып, өзінің кескін-келбетін, дене бітімін бірқалыпты ұстауға қатты көңіл бөледі. Бүгінде ердің жасы елуді еңсерген Ерақаң – жалынды, эмоциональды, ширақ, сұранысқа ие актерлердің үнемі алдыңғы қатарында. Алдыңғы жылы Е.Жұматов театрдың көркемдік кеңесінің шешімімен «Жыл актері» номинациясын иеленді. Өзінің таза еңбегімен, жүріс-тұрысымен, әдепті қылықтарымен ұжымдастарға сыйлы, әріптес жастарға ақыл айтып, үлгі-өнеге көрсете білетін әріптесіміз театрдың кез-келген мәселесіне бей-жәй қарай алмайтын,  өзіндік пікірі бар, өз көзқарасын ашық білдіре алатын жанашыр азамат.

Ендеше, шығармашылық шабытың арта берсін, Ержан! Желкеніңді түсірме, алар асуларың әлі алда деп білеміз!

Темірбек Мәжитұлы