Өз заманында өлмейтұғын артына із болып жалғанар әндер жазған Атырау өңірі композиторларының шығармашылығына арналған концерттік бағдарлама осылай аталды. Әлқиссадан көкірек көзінен туындаған дүниелерді тыңдарман түйсігіне тура жол тауып жеткізе білген дарынды композиторлар Нарын елінде көптеп саналады. Аталмыш кеш те сөзімізге дәлел ретінде қарасы қалың көрермен жиналған, әуезді әндер орындалған мәйегі мен мағынасы мол іс-шара болғаны сөзсіз.

Атырау күні бүгін шын мәнісінде қазақ елінің рухани астанасына айналды. Бұл өңір – бүкіл интеллигент атаулының ордасына баланған мерейлі мекен. Жаужүректігімен бірге жан-жүрегінің жауһарын ұсынуға дайын, қайсарлығымен қатар жайсаңдығын жоймаған киелі жер. Осынау дала дидарында ойып орын алар қара шаңырақ – Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының концерт залы лық толы болды. Халық түрегеліп те «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуіндегі, жергілікті композиторлардың ішкі сезімінен ағытылған орамды ойларының нәтижесінде дүниеге келген көңілге қонымды шынайы өнерді тамашалауға әзір. Кешегі кеңестік кезеңнің кесапатын көрген алдыңғы буын мен жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында мәдени музыка әлеміне енген жергілікті композиторлардың кейбірі бүгін ортамызда жоқ болса да олардың жалынды жырлары бізбен бірге мәңгі жасайды. Екі ұрпақ өкілінің әрқайсысы өз дәуірінің сипатын жеткізуге тырысты. Олар кешегі өткен Құрманғазы мен Дина, Мұрат, Исатай мен Махамбеттерден жеткен мол мұраны көз қарашығындай қорғап, қазіргі тыңдарманның жүрегіне ұялатуымен мәртебесі қашан да биік тұрады.

Концерттің шымылдығы кештің атауына сәйкес қазақ мұнайының 120 жылдық мерейтойына орай театрландырылған көрініске арнап жазылған композитор Болат Қохамановтың «Замана дабылы» атты шығармасымен ашылды. «Нарындай» әрбір бөлшегі бір-біріне байланысты тұтас механизмді басқаруға сахнаға оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижеры, Мәдениет саласының үздігі Ержан Қитаров шығып, алғашқы шығарманы орындады. Әрмен қарай көзден кетсе де көңілде мәңгі тұрақтаған, өмірден өткен ардақтыларымыз бен арамызда әлі де болса өз тыңдармандарын әдемі әндерімен қуантып жүрген жергілікті композиторлардың шығармашылық өмірбаяны таныстырылды. Сәйкесінше, олардың бір-бір шығармасы филармония әншілерімен шырқалды.

Б.Қохамановтың Фариза Оңғарсынова сөзін жазған «Ғашық сезімін» М.Қармырза, Нұржан Имашевтың «Аққулар кетіп барадысын» А.Айғалиева, Роальд Топчевскийдың «Чардаш» туындысын А.Темір, Жалғас Назаровтың «Жайық жағасында» әнін шығарманың алғашқы орындаушысы Н.Жұмағалиева алып шықты. Келесі сахнаға Мәдениет қайраткері, профессор Сәлімгерей Сыздықов көтеріліп, Зәмзәм Есжанованың алғашқы туындысы «Каспий толқыны» күйін, Шәмшиден Шәріповтың «Жас екпінін», Х.Сақыпованың орындауында Мақсым Менкешовтың «Анаға хат» әндерін дирижерлады. Елемес Мағазов авторлық «Жыр алқабы – Атырау» және Көпен Әмірбектің «Әттеген-ай» шығармаларын орындады. Ал, республикалық дирижерлер сайысының лауреаты Сая Жұмашева М.Менкешовтың тағы бір туындысы – «Ерлердің ісі бітер ме?» поэмасына, Талапқали Зайнулиннің «Сағыныш сазы», Самат Мадиевтің «Шашу», Нұрпейіс Молдақұловтың «Самал сазы», Өнербек Жанбаланың «Дүние-дәурен-дүлдүл» күйлеріне, Н.Шаймардованың шырқауындағы Тоқсанбай Құлтумиевтің «Өзіңсің ғой өмірімнің бұлбұлы» және Ғатау Ібішевтің «Сағыныш» әндеріне, Х.Сақыпова орындаған Мұхидден Ғаббасовтың «Өмір гүлі», Ә.Төлеуов әуелеткен Халиолла Ізекеновтың «Мөлдірім» және Қосай Мұқаштың «Жастық шақ вальсіне» дирижерлық етті. Кеш Т.Құлтумиевтің «Комсомол» күйімен мәресіне жетті. Жиналған жұртшылық дән риза көңіл-күймен тарқасты.

Ой қорытар болсақ, әр заманның өз шындығы бар. Ақын-жазушылар оны поэзия мен прозадан іздесе, композиторлар әннен іздейді, әннен табады. Белгілі драматург Рахымжан Отарбаев айтқандай, көңілінің кірі бар адамның қолына қалам ұстатып, алдына ақ қағаз жаюға болмайды. Өйткені, ақ қағаздың бетіне көңілінің кірін төгеді, ол елге жұғады. Атырау аймағының композиторлары осы сөздің аясында парасат-пайымы жоғары шығармаларды елдің еншісіне тарту етіп келеді.

Өмірбек САЛАУАТҰЛЫ,

Атырау облысы 

АТЫРАУЛЫҚ КОМПОЗИТОРЛАР:

Болат ҚОХАМАНОВ – Атыраудың сол кездегі Ембі ауданында дүниеге келді. Гурьев музыка училищесін тәмамдаған. «Жайық қызы», «Огни Урала», «Мерей» ансамбльдерінде музыкант ретінде шығармашылық еңбек жолын бастады.

1993 жылы республикалық «Үкілі үміт» композиторлар байқауына Т.Досымовтың «Аман бол, текті далам» және Оразымбетовтің «Бала кезім» әндерімен қатысып, дипломант атанды. Халықаралық «Айналайын» фестивалінде «Фестиваль» әні арнайы сыйлыққа ие болды (1996).

1993-2001 жылдар аралығында Ф.Оңғарсынова, М.Ершулардың «Айша бибі», «Жайықтың толқындары», «Жүрегің жүрегімде» және мұнайлы астананың гимніне айналған «Атырау – Арман», т.б. өлеңдерге ән жазды.

Кейін театр суретшісі Гүлмаржан Махамбет, режиссер Станислав Михлиндармен шығармашылық байланыс орнатып, күні-бүгін республикалық, облыстық телеарналарда үзбей көрсетіліп жүрген көптеген тың әндерді халыққа ұсынды.

Хамиль Сүйекбаевтың орындауындағы «Өмір Сен» туындысы 2003 жылы «Үздік ән» атанды. Осы жылы «Мөлдір сезім» аудио-дискісі жарық көрді.

Нұржан ИМАШЕВ – «Аққулар кетіп барады», «Наурыз келді, алақай», «Көктем еді – ол ерек», «Тұсаукесер», «Шалқы Атырау», «Арнау» сынды мазмұны терең әндердің авторы.

Исатай ауданы, Манаш ауылының тумасы (1945). Жасынан мәдени-үгіт бригадасында өнер көрсетіп, елге танылған. Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің түлегі.

ҚР білім беру ісінің үздігі. Мәдениет саласының Құрметті қызметкері. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері – Роальд Борисович ТОПЧЕВСКИЙ.

Атырау қаласында дүниеге келген. Алдымен облыстық музыка мектебінде білім алып, кейін П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесін және Алматы, Астрахан қалаларындағы консерваторияларды бітірген.

Оның шығармаларының негізгі арқауы біреу-ақ. Ол – туған топырақ. «Урал», «Земля родная для моряка», «Лирическая», «Полюбил рыбачку чернобровую», «Каспий звал», «Родная песня», «Марш нефтяников», «Встреча со школой», «От золотых песков до Крыма» және т.б. көптеген хор және аспапты жанрдағы әндері көптің көңілінен орын алды.

Сондай-ақ, әскери бағыттағы «Шумит береза», «Бессмертный полк», «Прекрасная губерния моя» және Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Кленовый лист» секілді әндердің де иесі.

Зәмзәм ЕСЖАНОВА – Махамбет ауданында туылған. Шебер домбырашы, ұстаз.

1938 жылы Атырау театрында жұмыс істеп жүргенінде алғашқы туындысы – «Каспий толқынын» жазып, Алматыдағы көркемөнерпаздар байқауында жұртшылыққа ұсынып, қалың бұқараның және Халық әртісі Шамғон Қажығалиевтің жоғары бағасын алады. Нотаға түсірген – дирижер Сейілхан Құсайынов.

Кейінірек «Ақ Жайық», «Шаттық», «Арман», «Шашу» күйлері дүниеге келеді.

Мақсым МЕНКЕШОВ – өткен ғасырдың 70-жылдарынан жарық көрген «Балауса», «Алғашқы сезім», «Он сегіз», «Анаға хат», «Наурыз күні» сынды әндер мен «Ерлердің ісі», «Бейбарыс», «Сарайшық саздары» күйлерінің авторы. «Исатай ауданының Құрметті азаматы», Ақтөбе мемлекеттік университетінің құрметті профессоры. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалінің иегері.

Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылының тумасы. Шымкент мәдениет институтын (1972), Алматы мемл. консерваториясын бітірген.

Күні бүгін – Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Шәмшиден ШӘРІПОВ – Исатай ауданы, Забурын ауылында дүниеге келген.

1954 жылы туған ауылында 25 адамдық оркестр ұйымдастырады. Белгілі өнер қайраткерлері Ә.Есқалиев, Қ.Ахмедияров, А.Үлкенбаева, Ғ.Іібішев, Ө.Марданов, Ж.Құспанов, Б.Ғилажев, Қ.Дүйсеевтердің ұстазы.

«Шалқыма», «Ұмытылмас достар», «Ауыл шаттығы», «Жас екпін», «Дружина маршы», «Мектеп бітірушілердің жыры», «Абай сыры» шығармалары елдің ықыласын иеленді.

Композитор, әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Елемес МАҒАЗОВ 40 жыл табан аудармастан Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясында еңбек етті.

60-тан астам шығармасы бар. 20 шақты әні Қазақ радиосының алтын қорына енген.

М.Мерәліұлы, Ғ.Құрманғалиев атындағы әншілер байқауының лауреаты, Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық композиторлар конкурсының «Көрермен ілтипаты» сыйлығының иегері.

«Жиделі» халықтық фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Талапқали ЗАЙНУЛЛИН – БҚО, Жаңақала ауданының тумасы. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы».

200-ге жуық ән, 20-дан астам күйдің авторы. Партитуралары бар «Ғұмыр дария», «Салтанат», «Азғырым – елім», «Құрманғазы даналардың өлкесі» атты кітаптары жарық көрді.

Тоқсанбай ҚҰЛТУМИЕВ – Жылыой ауданы, Қосшағыл ауылында дүние есігін ашқан. Қаратондағы мұнай кәсіпшілігінде оператор-мұнайшы бола жүріп домбырашылар оркестрін құрған.

«Партия туралы күй», «Комсомол» күйлерімен және «Анашым», «Өзіңсің ғой өмірімнің бұлбұлы», «Оператор қарындас», «Жазыңменен өмірімді жылытшы» әндерімен танымал.

1965 жылы Самат Мадиевтің құрастыруымен «Аманат» шығармалар жинағы жарыққа шықты.

«Салалық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісінің, «Тыл еңбеккері», «Мәдениет майталманы» медальдарының иегері Нұрпейіс МОЛДАҚҰЛОВ Бақсай ауданында туылған.

1957 жылғы атақты 500 адамдық оркестр мүшесі. Гурьев музыка училищесін бітірген. Жамбылдың 150 жылдық халықаралық қоры ұйымдастырған бәйге дипломанты.

17 күй, 20-дан астам авторлық ән жазған.

Мұхидден ҒАББАСОВ – Атырау қаласы, Жұмыскер ауылында дүниеге келген. Өмірінің алғашқы кезеңдері бірнеше жыл Ақтау қаласында еңбек етіп, сол жерде есімі елге таныла бастаған. «Қырандар», «Туған ел», «Аққуым менің», Жұмабай Төлегеновтің сөзіне жазылған «Ақжайық арман ән», «Құрдастар вальсі», «Ата қоныс», Қ.Жүсіптің сөзіне жазылған «Періште туған күн», «Ағайша», «Махаббат таңы», балаларға арналған «Менің папам», т.б. әндері елге кеңінен тараған композитор.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының, Авторлар Қоғамының мүшесі – Халиолла ІЗЕКЕНОВ. Қызылқоға ауданының тумасы. Мамандығы – филолог. 26 жыл ағарту саласында, 10 жыл «Қызылқоға» газетінде жұмыс істеді. Қазір Миялы селолық мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

«Көңілімнің айнасы», «Құштар жүрек», «Тамыздағы тамшылар» атты жыр жинақтары бар. 30-ға жуық әні «Мөлдірім» компакт-дискісінде жинақталып шықты.

Самат МАДИЕВ – Нарын құмында туылған. ҚР білім беру ісінің үздігі, «Исатай ауданының Құрметті азаматы», «ҚР білім беру ісінің үздігі» белгісінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Атырау облыстық мәдениет басқармасында аға әдіскер, мәдени-ағарту училищесінің оқытушысы, директор орынбасары қызметтерін атқарған.

Ең алғашқы әндері 1960 ж. М.Шахановтың «Туған жер», Ш.Мұхамеджановтың «Адам» атты өлеңдеріне жазылды.

Шертпе күй шеберінің «Шашу» (2000) және «Арнау» (2013) атты ән­-күй жинақтары жарық көрді. Композитор «Бейбіт өмір», «Көктем келді қырыма», «Атырау мұнайшыларының, т.б. әндерімен, «Бейбітшілік», «Жастар мерекесі», «Алматы», «Алтын астық» атты күйлерімен көпке танылды.