Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. «…Өзімнің аспанымның астындамын!» жыр жинағының авторы. Асантемір – қазақ поэзиясына өзіндік үнімен келген жас ақындар легінде.­ ­­­Өлеңдері ішкі ұйқастарымен, батыл ойларымен ерекшеленіп, болашағынан зор үміт күттіреді…           

АУЫЛДАН КЕЛГЕН ҚАЗАҚ

/Әкеме/

 Қош келдің әке қиуы қашқан шаһарға,

Ажары асқан ауылдан!

Мен мұндалап айқайлап тұрған жаһанға,

Базары бастан ауырған.

Осының бәрі алып сатардың амалы,

Қаланың бүгін басы-мұң.

Жәутеңдеп біткен жезөкшелердің жанары,

Ештеңе де жоқ жасырын.

Ұлыңмын дейтін ұяты қашқан ұлдардың,

Түңгі клуб қой мекені.

Осының бәрін көзіммен көріп жындандым,

Жындану маған жетеді.

Қош келдің, әке, несіне аң-таң боп тұрсыз,

Зәулім үйлерге құмартып?!

Қалада мынау адамдар сірә жоқ мұңсыз,

Ауылым бұдан мың артық.

Ауылым, қайран, бабамның кіндік қаны бар,

Ауасы қандай тамаша!

Қаланы білем жат санаулықтың табы бар,

Жадырай қоймас жан аса.

Осынау қала болмайды пана текті ұлға,

Ит-қаланың көп ырылы!

Ауылға кері қайыра кеткің кеп тұр ма,

Қалаға келген қыр ұлы?!

 ***

О, құдай құдыретіңді сезіндір Сен,

Кілең ақын көремін көзімді ілсем.

Жырға сусап қалыпты мына халық,

Деп Маралтай жыр оқид(ы) тұра қалып.

Күләш тұрды ұлы елге бағыштап жыр,

Түсімде Табылды мен Ақұштап жүр.

Маған да жыр оқыр кез келер деймін,

Деймін де алға ұмтылып елеңдеймін,

Кеудесі шерге толған шемен ұлмын,

Мұқағали түсіме неге кірдің?

Маңдайымнан бір сипап ұлым десіп,

Отырдың Ұлықбекпен күрбелесіп,

Мен жайлы не дедіңдер?

 

ЕЛУБАЙ ӘУЕЗГЕ

Мен пақырменен дидарласа алатын кімің бар деп жүргенде, алдымнан сіз шықтыңыз!

Адамдар көп-ау – адам бейнелі,

Түсінсең жаным, жаман күйреді.

Сенделіп санам іздеп кетемін,

Жалғыздығымды қараңғы үйдегі.

Таппай қаламын ауа қарманып,

Кетемін сосын далама лағып.

Еркелетіп, ерте кететін,

Құдайдан сірә, хабар алмадық.

Жылау орнына жаңылып күліп,

Сағым да сынды сағынып тұрып.

Жаналғыш ажал келмей тұрғанда,

Кеткім келеді, бәрін ұқтырып.

Мұңымды менің желі ұғып қырдың,

Кеткенде менен жерініп құрбым.

Тұрмастай болып жатып қалған ем,

Ұйқымнан қайта тебініп тұрдым.

***

Қарашы бәрін, аласұрамын,

Жанымның болмай қалуы.

Өзімді сосын таңасырамын,

Жығылып көңіл жалауы!

Дем алған сайын жұтып жалынды,

Отырам ылғи тас шайнап.

Қаһарға мініп құтырған ұлды,

Шақырса деймін басқа аймақ.

Кімің бар еді, қонақ қылатын,

Сорпа қып іштім сорымды.

Маңдайда жалғыз жолақ тұратын,

Құдайға жайдым қолымды.

Күрсінген сайын жер билеп кетті,

Отырған жерім ойылды.

Жынданған едім, жел күйреп кетті,

Жалғастырайын тойымды.

 

***

Білмедім өмір кеменің,

Қай бағыт алып жүзгенін.

Таба алмай әлі келемін,

Бір күнді ұзақ іздедім.

Сол күнде менің шаттығым,

Сол күннен алам мол шабыт.

Шығарда менен ақтық үн,

Сол күннен бастап жол салып,

Кетемін алыс сапарға,

Алдымда асу жолдар бар.

Ажалым оғын атарда,

Ал, сендер осал болмаңдар!

 

***

Жүрегіне ұялатып тәтті үміт,

Сүйген жары тілеп тұрар сәттілік.

Жігіттердің маңдайына бақ тұнып,

Біздің қазақ қамшы ұстаған ат мініп.

Мен-Қазақпын!

Қазақпын деп айтам ән,

Қаһарлансам хан ордасын шайқағам.

Намыссызды найза ұшына түйреп ап,

Жанын алам, тірелместей қайтадан.

Мен-қазақпын!

Қазақ болып туғанмын,

Шырайында келтіре алам думанның.

Елдің ары-менің арым!

Күйе жақсаң егер де,

Тоқымымды бауырыма алып туармын.

Сөйтіп сенің сыбағаңды берермін,

Кім болсаң да әуселеңді көрермін.

Дәл бүгінгі Махамбетің-МЕН едім,

Айтарымды айтып-айтып өлермін.

Жауым болсаң,

Жекпе-жек!