Сабыр Адай – 1960 жылы дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жазушылар Одағының мүшесі, Президент жəне Махамбет сыйлықтарының иегері. «Таңғы нөсер», «Кетемін көкке жұлдыз боп», «Жұмбақ түннің жылуы», «Əр Қазақ – Менің Жалғызым», «Қазақстан – Жалғыз Ұлы Қазақтың», «Серттесу» (таңдамалы), «Алтынзер»  атты жыр-жинақтарының авторы.

 

АҚЫНДАРДАН КӨРЕТІН БОЛДЫ ЕНДІ

Өлдің бе, өрттей лаулап зарлап болып,

Ескертіп, арашалап қалмақ болып.

Адамзат атомдарын жастанып жүр,

Бір-бірін сəті түссе жармақ болып.

 

Көрмедім əлеміңнің жаңарғанын,

Əрине, мұның бəрі саған мəлім.

Адамдарды адамдар қорғау емес,

Қорлаудың көп іздеп жүр амалдарын.

 

Мынау əлем азаптан арылған ба!

Жан алғыш бар, əрине, жаның барда.

Ақындардан көретін болды енді,

Ақымақтар атом боп жарылғанда.

 

ҚАЙДА ЖҮРСЕҢ…

Өмір сүрсең жау табылар жан-жақтан,

Қанатына періштенің қан жаққан.

Тəтті сөз бар ішін ашсаң уы бар,

Ащы сөз бар ішін ашсаң бал жаққан.

 

Сөз тыңдасаң асығыстық қылмағын,

Тарата біл тоқсан тігіс, сырмағын.

Аңсыз болсаң аранға кеп түсерсің,

Салып қояр сау басыңа шырғалын.

 

Өзіңнен көр, кімді түзеп алмақсың,

Жең ұшынан неге білмей жалғастың.

Жəне тағы, адал сөздің құнын біл,

Ащы екен деп қапияда қалмассың.

 

Таразысы таза болсын сананың,

Ит тісінен босамайды балағың.

Асықпағын, ақыл-ой мен сарала,

Қайда жүрсең сабырлы бол, қарағым!..

 

ТОЙЛЫ ТҮННІҢ СҮРГІНІ

І

Ағажан деп өлеңімді ескердің,

Деп қояды кеш келдіңіз… Неткен мін!?..

Талай тойдың өзім қадап үкісін,

Бұрын келіп, ең соңынан кеткенмін.

 

Жас түлегім, той үстінде құлпырдың,

Бүршігінен жұпар шашып күлкіңнің.

Бұрым көрдім бұлғақтаған сан тойда,

Шырын көрдім шыр айналып іркілдім.

 

Мұңды жырға бірте-бірте таңылдық.

Тағдырға сəл шағым қып.

Сақал-мұртқа аппақ қылау кіргелі,

Жастық шақты сағындық.

 

ІІ

Сендер бар да, жас түлектер, жас қыран,

Мендік өмір – өздеріңнен тапты мəн.

Көзде мұнар, мынау самай – ақ тұман,

Аман болсын, жас түлектер, басты ұран!

 

Сағынышпын, сары сүрлеу самалмын,

Келмес енді таланғым.

Кəрі қасқыр апанына жөнелсін,

Ұран салсын көкжалдары заманның!

 

ІІІ

Айды сүйді бұлт – төсекте түн жатып.

Бейбіт аспан, бір бақыт.

Үйге келсем жазылмаған бір өлең:

– Қайда жүрсің деп қояды үн қатып!?..

 

Жас мұңдыны, қарт күлкіні жақтырмай,

Қос жағаға лақтырды-ай.

Кезіп жүрміз қас пен қабақ арасын,

Көңілдердің қойды бабы таптырмай.

 

Жарым күлді қайтесің деп тұншығып.

Өлең жаздым, тұр күлімдеп күн шығып.

Жаңа туған шаранасы өлеңнің,

Таң үрпісін еміп жатты ұмтылып.