Атырау облыстық ауруханасында өте ауыр жағдайда түскен 40 жасар азаматқа күрделі ота жасалды.
Облыстық аурухананың ұйымдастыру-әдістеме бөлімінің берген мәліметі бойынша Атырау қаласының тұрғыны ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.
«Науқас жол апатына ұшыраған, алайда сол бойда еш жерге қаралмаған. Жол апатынан кейін үш-төрт күннен соң ол өздігінен жарақат бекетіне (травмпункт) жүгінген кезде қатарлас жарақаттарға байланысты жағдайы күрт нашарлап, жедел түрде облыстық аурухананың хирургия бөліміне жатқызылады» – деп атап өтті Атырау облыстық ауруханасының директоры Ербол Зейноллаұлы Иманғалиев.
Науқаста ұйқы безінің ауыр жарақатынан кейін өміріне үлкен қауіп бар екені ескеріліп, оны аман алып қалу үшін шұғыл ота жасалды. Ұйқы безі адам организміндегі маңызды орган болып табылады. Себебі бұл орган организм үшін инсулин мен ферменттерді бөледі. Жасалған ота «S36.2 Ұйқы безінің жарақаты».
«Науқастың өмірін сақтап қалу үшін күрделі ота арқылы ұйқы безінің бір бөлігін алып тастау керек болды. Отадан кейінгі кезеңде науқас өте ауыр жағдайда жансақтау бөлімшесінде болды. Жағдайы тұрақталғаннан кейін хирургия бөлімшесіне ауыстырылды. Сол жерде науқасқа күн сайын таңу жұмыстары жүргізілді. Отадан кейінгі 7-ші күні жара арқылы ұйқы безінің фистуласы ашылды. Алдыңғы қабырға, сол жақ және оң жақ субдиафрагматикалық кеңістіктегі дренаждар жойылып, жақсы нәтижемен ауруханадан шығарылды» – деді емдеуші дәрігер Берік Тасмағамбетов.
Осы күрделі ота Атырау облыстық ауруханасында алғаш рет жасалып, оң нәтижемен аяқталып, науқас тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық бақылауға жіберілді. Ота МӘМС жүйесі бойынша жасалды. Отаның құны: 1 214 511. 92 теңгені құрады.
«Науқастың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған мәртебесі бар болғандықтан оған ота тегін жүргізілді. 2024 жылдың басынан бері Атырау облыстық ауруханасында МӘМС жүйесі бойынша барлығы 830 оталар жасалған. Оның ішінде шұғыл түрде жасалған оталар саны – 695, жоспарлы түрде – 135 оталар жасалды» – деп тоқталды облыстық аурухана директоры Е Иманғалиев.
Естеріңізге сала кетсек, «Атырау облыстық ауруханасы» өңіріміздегі 400 төсектік клиникалық ауруханасы, күніне 120 адамды жан жақты дәрігерлік көмекпен қамтыйтын емханасы бар, аймақтағы жоғары дәрежедегі медициналық емдеу профилактикалық қызметтерді көрсетіп келе жатқан мекеме болып саналады.