«Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» дегендей, қазір облыстың қай-қай өңіріне бара қалсаңыз да су тапшылығын тартып отырған тұрғындарды көресің. Әсіресе, Атырау аймағының, соның ішінде Жылыой жұртшылығының күнделікті тұтынатын ауыз суы мен ауыл шаруашылығына пайдаланатын өзен-көлдегі су көздері жылдан жылға тартылып барады. Екеуі де өндірісі өркендеген мұнайлы өлкенің өзекті мәселесіне айналды.

Ең қиыны сол, мал-жанға қажетті қос су көзінің бастауы Жылыой жерінен шықпайды. Біріншісі, сонау Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінен мыңдаған шақырымға созылған құбырдың бойымен тасымалданса, екіншісі Ақтөбе облысының  Мұғалжар тауларынан бастау алады. «Кісідегінің  кілті аспанда» дегендей, ауыз су болмай қалса, «ҚазТрансОйлға» қарап телміреміз. Ал, көктемде Жем тасырда Жаратқанға жалбарынамыз. Өйткені, ол – Табиғат-ананың тартуы. Өзіміздің пейілімізден бе, соңғы жылдары Мұғалжар да мұң-мұқтажымызға мойын бұрмай, тас сілемдері түксие қарайтынды шығарды.

Қос проблема да жаз басталысымен бой көтереді. Бұрынғы заманда ата-бабамыз «Өзен жағалағанның өзегі талмас» дейтін. Бүгінде өзен жағалай қоныстанған ауылдағы ағайынға аптапты ыстықта аңқасы кепкен Жем арнасынан аңызақтан басқа күтер ештеңе жоқ. Диқаншылар егінін суара алмайды, ал, шаруалар малына суат таппайды. Баяғы заман болса, үдере көшіп кетер еді. Амал қанша?

Өзеннің өзегі неге тарылып барады?

Әрине, бұл сауалға толыққанды жауап беру әсте қиын. Сәл-пәл өткенге көз жүгіртсек, Жем жағалауының айналасы түгін тартсаң май шыққан құтты мекен. Сонау көне дәуірде жердің жүзін желмаясымен желдіртіп жүріп, Жерұйық іздеген Асан қайғы бабамыздың еріксіз назарын аударған базарлы өлке еді бұл. Сонда даланың данагөйі көзмоншақтай сүзіліп, сылқым сұлудай сызылып жатқан, телегей теңіздей тегеурінді ағысы бар асау да өр өзенді көріп, еріксіз табан тіреген. «Бұл өзі малға да, жанға да жайлы жер екен, жер емес-ау, тіршіліктің төрі екен, олай болса, «Бұл өзеннің аты Жем болсын, етек-жеңі кең болсын, еркектері ер болсын, қыз-қырқыны тең болсын» деп ақ батасын беріпті. Сылдырлап аққан сылқым судың айнадай айдынына көз жүгіртіп, өзінің бейнесін көрген баба: «Мен аралаған жердің ішіндегі інжуі екен, тұп-тұнық болып түзіліп, қыз көшіндей тізіліп тұрған өзенді өмірімде бірінші рет көруім» деп көңілі толыпты. «Өзеннің суы малға да – жем, жанға да – жем, суын ішкен семіздіктен жүре алмай жатып қалады, асаулық пен асқақтықтан тасып та алады» деген екен.

Қырында киік  жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай егіннің
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің, – деп Асан қайғының өзі жоқтап, қимай қоштасқан Жем еді бұрындары.

Енді, міне, үшінші мыңжылдықта аңқасы кепкен арнасының ішіндегі әр ойпаңда үзіліп-үзіліп қалған шағын «көлшік» суларына қарап, кешегі сылдырлап аққан сылқым сұлу да ару Жемнің үзіліп бара жатқан үкілі үмітін көргендей боласың.

Егер әрқилы баспасөз беттерінде жарияланып жүрген деректерге көз салсақ, онда өр өзен өткен ғасырдың 30-жылдарының аяғында да ағысынан жаңылып, арнасы біраз тарылыңқырап кеткенге ұқсайды. Жылыой ауданы құрылған алғашқы жылдары өңір экономикасының күретамыры балық шаруашылығының дамығаны белгілі. Кейін сол колхоздардың ыдырап, жылыойлықтардың балықшылықтан малбегілікке ауысуына осы Жем суының тартылуы себепші болған. Өзенмен бірге теңіз де тарылып, шаруашылықтардың шаңырағы шайқалған. Дәлірек айтқанда, «1937 жылы Жем жағадан бірнеше шақырым қашықтап, балық қоры күрт кеміген соң ғана кәсіпшілік жабылған» деген дерек бар.

1993 жылдың көктемінде Жем өзені арнасынан ақтарылып, бүкіл ауданды аяғынан тік тұрғызған алапат тасқын орын алған жоқ па?! Ал, бүгін ше? Ұжымдық шаруашылықтар ыдырап, әркім «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» заманда Жем суына өзінше қожалық ететін қожалықтар көбейіп кетті. Бұл арнасы тарылып, әрі құмығып жатқан өзенмен келетін бар суды шашау шығармай пайдалануға мүмкіндік бермеуде.

Әнебір жылдары Парламент Сенатының бұрынғы депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Жемнің бойын жағалап, жоғары өрлей бұлақ көздерін түгендеуге кірісті. Оның ұйымдастырған экспедициясынан кейін өзен суының сарқылып қалуының бірден бір себебі таудағы бұлақ көздерінің бітеліп қалуынан деп ой түйген едік. Өйткені сонда сенатордың келтірген дерегі бойынша бұрын Мұғалжардан толассыз ағып жатқан 250-ге тарта бұлақ болған екен. Бүгінде олардың саны саусақпен санарлықтай-ақ! Әрине, өр өзеннің арнасы мөлдір бұлақпен де толатын шығар. Бірақ аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевтың айтуынша, Жем суының 90-95 пайызы қар суынан құралады.     Демек, әрбір көктем қарсаңында аудан басшыларының Ақтөбемен хабарласып, таудағы қар көлемінің қаншалықты екендігін сұрап бас қатырып жататыны бекер емес.

Ақтөбе аймағында, әсіресе таулы жерлерде бұрынғыдай емес, қазір неге қар қалың түспей тұр? Жем суын қайтарамыз десек, онда бізге осы мәселенің түйінін тарқату үшін бас қатыруға тура келеді. Оны алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Барлық гәп экологиялық проблемада. Жасыратыны жоқ, қазір  Ақтөбе өңірі де ірі мұнай кеніштерінен кенде емес. Әсіресе үшінші мыңжылдықта саны артып, мұнаралар көптеп бой көтерді. Олардан ауаға үздіксіз жағылып жатқан ашық алаулардың қызуы атмосфераның жоғарғы қабатына едәуір әсер етіп, ауа  темпертаурасының өзгеруіне әкеп соқтыруда. Соның әсерінен, қаншама бұлттар көші Мұғалжар тауларына қонақтай алмай, қар жаумай келеді.

Соңғы жылдары қыста жауын-шашынның орын алуы – адамзаттың табиғатқа тигізіп жатқан осындай кереғар әсерінен болып жатқан құбылыс. Бұл мәселе Жылыой ауданының әкімі Халел Жамалов бастаған атқамінерлердің бұрынғы Аралтөбе су қоймасының орнын көруге барған сапары барысында да айтылмай қойған жоқ. Бірақ, мұнай экономикалық саясаттың күретамыры болғандықтан, бұл мәселеден айналып өтуге тура келеді.

Өр суының саябырсып, кей жылдары тартылуы әуелден Жемнің табиғатында бар құбылыс. Тек бұл процесс жоғарыдағы экологиялық зардаптың әсерімен ұлғайып, жиі-жиі орын алып, жыл сайын қайталанып отыр. Өйткені өзен суының азаюы бұлақтар көзі бітелмеген бұрынғы дәуірде де болған. Қар бірде қалың, бірде жұқа түскен. Ол – табиғи заңдылық. Ал, ашық аспан астындағы газ алауларының ауаға зияндығы өз алдына, жер бетіне қардың жеткілікті мөлшерде түсуін қолдан тежеп, Жылыой үшін ауадай қажет Жем суын негізгі «шикізатынан» айырып отыр. Ендеше, бұл мәселе жоғарғы республикалық деңгейде шешілуі тиіс.  Жем бойындағы су тапшылығын шешудің бір жолы – Ақтөбе жеріндегі мұнай кенішерінде ауаға жағып жатқан ашық алауларды сөндіру.

«Аралтөбе» су қоймасы

құрғақшылықтан құтқара ма?

Кеңес дәуірі кезінде қолға алынған Аралтөбе су қоймасының құрылысы, негізінен, өндірісті өлкедегі мұнайшыларды ет-сүт, көкөніс, бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған үлкен құрылыс. Бірақ неге екендігі білгісіз, сол кездегі алпауыт Мұнай министрлігі қаржы бөлуді тоқтатып, тым жақсы басталған іс аяқсыз қалған. Қазір аудан басшылары сол Аралтөбе су қоймасының құрылысын қайтсек жаңғыртамыз деген мәселеге бас қатырулы. Расында да бұл болашақта ауданның шаруашылықтарын су тапшылығы мен одан пайда болатын құрғақшылықтан құтқаратын жоба ма? Оның экономикалық тұрғыдан тиімділігі қандай болмақ? Малбегілер мен диқаншылардың бір ғана Жем өзенін «еміп» отырғанын ескерсек, онда бұл аудан үшін аса қажет жоба болады деп күтілуде.

Өкініштісі сол, қойма салу ісі Жем суы саябырси бастаған көптен бері көтеріліп келе жатса да, оны мықтап тұрып қолға алуға ешбір басшының батылы жетпей келеді. Жобасын кезінде Ресей ғалымдарының жасақтағанын ескерсек, онда бұл мәселе Одақ көлемінде көтеріліп, жүзеге асқанын аңғарамыз. Ал, қазір ше? Өз теңдігіміз өзімізге тиіп, өз қолымыз өзімізге жеткен дәуірде оны үлкен проблема ретінде республикалық деңгейге жеткізіп, түйінін тарқатуға асықпадық. Астанадан ат арытып келіп, ұзындығы 712 шақырымға созылып жатқан Жемнің жағалауын аяқтай жүріп аралап, мәселенің шешімін табуға тырысқан сенатор Сәрсенбай Еңсегеновке де кеңінен қолдау көрсете алмадық. Ол Жем арнасын тереңдетіп, бұлақ көздерін аршып, Аралтөбе су қоймасының құрылысын қайта жаңғыртуды, сол арқылы еліміздегі су қатынастарына қатысты заңнамалық актілерді жетілдіруді мақсат тұтты. Бірақ, «Жалғыздың үні шықпас,…» дегендей, Еңсегеновтің бәрін бірдей еңсеруіне мүмкіндік болмағаны анық.

Су қоймасын салу мәселесі жазда Жем құрғап қалған шіліңгір шілдеде бұрқ етіп бір көтеріледі де басылады. Әсіресе, 2018 жылы Қамыскөл жағалаудан 100 метрге дейін тартылып кеткенде керектігі сезілді. Бірақ білекті сыбанып жіберіп, мықтап тұрып қолға алған жанды көре алмадық. Алқалы жиындарда айтылады да қояды. Ал, өткен жылы ауданға әкім боп тағайындалған Халел Жамалов осы одақтық жоба құрылысын қайта жаңғыртуды өзінің басты міндетінің бірі санап отыр. Ұлан-ғайыр алқапты сырттай шолып қараған аудан басшылары қойма салынса, мұнда 50 млн. текше метр судың мол сыятындығына көз жеткізді.

Аралтөбенің ескі жұртында тұрып, мәселені қызу талқыға салған азаматтардың арасынан аудан басшысы Х.Жамаловты тағы бір мәселе қатты толғандырды. Ол бірнеше ондаған млрд.теңге мемлекет қаржысына тұрғызылған алып су қоймасы ертең өзін-өзі ақтай ала ма деген сауал туындады? Егер Жем суы жылма жыл осы деңгеймен төмендей беретін болса, онда тоғанды толтыра алмай қалу қаупі де жоқ емес. Бөлім басшысы Н.Қуатбаевтың айтуынша, Жем қатты тасыған жылдары арнасынан 300 млн.текше метрге дейін су өткен екен. Өзен тартыла бастаған 2013 жылдан бермен қарайғы соңғы төрт жыл қатарынан Жем суға жарымай келгенін ескерсек, онда бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы әбден мүмкін.

Қазақта «Қалауын тапса, қар жанар» деген мақал бар. Жем өзенінің негізгі қорегі таудағы қалың қар екенін жоғарыда айтып өттік. Ендеше, Ақтөбенің кен орындарындағы ашық ауада жанып тұрған алауларды өшірсек, аймақтың экологиялық проблемасы да, Жемдегі су тапшылығы да шешілер еді. Оның үстіне, С.Еңсегеновтың зерттеген бұлақ көздерін есепке алып, оның көздері мен өзен арнасы аршылса, Жемнің суы кешегі кеңшарлар кезіндегідей шабындық пен  жайылымдыққа, егістікке де мол жетеді. Тек мұның барлығы бұл жолы да құр қиял мен арман күйінде қалмаса болғаны.

Түйін

Әрине, барлығын уақыт көрсетеді. Ең бастысы сең қозғалды. Аудан басшысы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсенбаевқа арнайы хат жолдап, бұл мәселені Үкіметтік деңгейде көтеруге ұсыныс жасады.   Мүмкін, оң шешімі табылып жатса, көршілес Ақтөбе облысының аудандарында бар су қоймасын өндірісті өңірден де неге салмасқа? Бұл жерде құрылыс жұмыстары тек қана тоған салумен шектеліп қалмауы қажет. Тайызданып кеткен Жем арнасын тереңдету де қатар жүргізіліп, жағалауындағы жұрттың өз бетімен суды бұрып алған заңсыз каналдары бітеліп, бөгеттері бұзылуы керек. Кезінде С.Еңсегеновпен бірге Жемнің бойын тікұшақпен аралап шыққан басшылар   өзеннің төменгі бөліктерінің арнасы бітеліп, судың бірнеше тармақтарға бөлініп кеткенін өз көзімен көрді емес пе?! Мұнымен қоса қабат, жоғарыдағы экологиялық мәселенің түйіні де тарқатылуы тиіс. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде ғана Жемнің арнасы мол суға кенеліп, оны шашау шығармай көздеген мақсатқа пайдалануға мүмкіндік тумақ.

 

Ербол ҚОШАҚАНОВ,

арнаулы тілшіміз,

Атырау облысы,

Жылыой ауданы