Шуақты күнде, Көрісу мен Наурыз арасында Теректі кешін сөз патшасы – өлең биледі.
Қос ақын – Әділет және Ақтілек Орынбасаровтардың шығармашылық кешіне құлағы түрік, өлеңсүйер қауым әрісі Маңғыстау мен Атыраудан, берісі Жәнібек, Бөрлі, Жаңғаладан ат сабылтып келді. Батыстың жақсылары мен жайсаңдары, сөз ұстаған ақындар да осы жерден табылды.
Көпшіліктің басын қосқан шараның сапталуы ерекше болды. «Өмір бізге өлең жазып үйреткен» кешінің шымылдығын Әділет Әлібекұлы:
Демеу болды талай адам, талай үн,
Талай адам шашты бізге арайын.
Қош келдіңіз өлеңсүйер оқырман,
Қос ақынды қолдап келген ағайын! – деп ашса, Ақтілек Әлібекұлы:
Ардақты елім қос бауырға сенем дер,
Күллі қазақ бізге қарап елеңдер.
Олай болса, төгілсінші тоқтамай
Өмір бізге сыйға тартқан өлеңдер! – деп ашып, жырларын төкпелетті.
Туған жерге құрметі мен сағынышын қос ақын «Біздің көше», «Ауылым», «Дендірім» арқылы жеткізіп, «Сенім», «Алғыс», «Мен бүгін әжемнің жылағанын көрдім» өлеңдерімен ата-әже, ата-анасына құрмет көрсетті.
Қазақта ақын – дара тұлға. Маңдайына ақын біткен әулет мақтаныш тұтып, әспеттейді. Бір әке, бір анадан екі ақын тарауы – сирек құбылыс. Және де, қазақтың сал-серісіне татырлық, өнерлі де жан-жақты екі ақынның бір шаңырақтан өрбуі – бірегей көрініс.
Бір тамырдан тарады дегенімен, екеуінің қолтаңбасы екі бөлек.
Әділет Әлібекұлы өзіндік көзқарасы қалыптасқан және жеткізіп айта білетін, «Отызында орда бұзар» ғана емес, «Ғазал» ақындар клубына мұрындық болып, орда салған азамат.
«Ағасы бардың жағасы бар» демей ме. «Алдыңғы арбаның» артынан Ақтілек Әлібекұлына аға салған жол жеңілдеу болған шығар. Десек те, қоғамға қатысты айтқан жыр жолдары түсінігі бар адамға ой салады.
«Алысқа барар көрем жерімді,
Жақұт жырымнан сауғалар дәрі.
Менің шынайы өлеңдерімді,
Шетел классиктері аударар әлі» деген Әділет Әлібекұлының өлеңін келтіре отырып, ағайынды ақындардың шығармашылығына бүгін де, болашақта да ақындар баға берер дейміз.
Ал біз болсақ, ұйып отырып, жырға сусындадық.
Арасында Әділет Әлібекұлының сөзіне жазылған әндерді тыңдадық.
Өңірдегі өлеңге ынтық жастардың басы біріккен «Сегіз сері» және «Сүмбіле», «Ғазал» мүшелері, аудандағы «Дат» театрының жас өнерпаздары сахна төрінен қос ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.
Маңғыстаудан арнайы келген Алтынбек Әлібаев, өңірге танымал ақын Дәурен Шамұратов өлең арнап, Ақжайықтың айтыскерлері Әділ Ахметов пен Орынбек Меңдіқұлов арнау жырмен шашу шашты.
«Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» демекші, жақсылармен өткізген кеш қас қағым сәттей зу етті.
Сахна төрінен жырымен тербеген қос ақын осы кеште оқырманға тәй-тәй басқан жаңа жинақтың тұсауын кесті.
Бұған дейін «Тау баласы» жинағын жарыққа шығарған Әділет Әлібекұлы үшін «Біз Дендірденбіз» – екінші кітап. Ақтілек Әлібекұлы үшін – тырнақалды.
Жаңа жинақтың тұсауын кесу құрметін ағайындылар ақын, Мемлекеттік сыйлықтың және «Отан» орденінің иегері, Ақ Жайықтың ақ шағаласы, өлеңдегі ұстазы Ақұштап Бақтыгереева мен өмірдегі ұстазы, әдебиетке деген құштарлықтарын оятқан Нұргүл Өтегеноваға берді.
Әдемі рәсімнен соң құттықтаулар легі ағытылды.
Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы Сайран Дүйсенов облыс әкімі Нариман Төрағалиевтің алғыс хатын табыс етті. Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушевтің құттықтауынан соң қос ақынның елінен арнайы келген Индер аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева туған жердің ыстық сәлемін жеткізді.
Ағайынды Орынбасаровтардың тек өнер жолы емес, еңбек жолы да ортақ. Өңірдегі үлкен ақпарат орталығы – «Жайық Пресс» медиахолдингісіне қарасты «Теректі жаңалығы» газетіне Әділет Әлібекұлы басшылық жасайды. Ақтілек Әлібекұлы – Жәнібек ауданындағы «Шұғыла» газетінде тілші.
«Жайық Пресс» бас директоры Табылғали Сапаровтың құттықтау хатын табыс еткен бір топ аудандық газет редакторлары өнерлінің жолын қолдап, ұлт құндықтыларын дәріптеп жүрген аудан басшылығына алғыс білдірді.
Жәнібек ауданынан әріптесі Ақтілек Әлібекұлын қолдай келген «Шұғыла» газетінің редакторы Гүлзара Төреғалиева аудан әкімі Азамат Сафималиевтің атынан құттықтау мен сый-сияпат табыстады.
Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Бауыржан Халиолла және Халық шығармашылығы орталығының арнау хаттарын өңірге танымал ақын Талғат Мықи ақын жігіттер атына жылы лебізін білдіре тұрып, табыс етті.
Сахнаға көтерілген оқырмандар да ықыластарын гүл шоқтарымен төкті.
«Біз Дендерде туып, Жайықта жыр оқыдық. Қырлардағы шаңға аунап, Жайықтың жыр өзеніне шомылдық. Сөйтіп жүріп дос таптық, орта таптық. «Барлық ақын – баласы бір ананың» деген Мұқағалидың сөзін жете түсініп, өңірдегі жазба, айтыс ақындарын бауыр тұттық» деген қос ақынның кеші осылай аяқталды.
Әрі жас, әрі талантты Орынбасаровтардың әлі де талай жыр кешіне куә боларымыз сөзсіз. «Бізге өмір өлең жазып үйреткен» деген олар әлі талай өлең жазады. Кітаптары да қатталып, сөреде қапталып жатпай, іздеп жүріп оқитын шығармаларға айналады…
Камелия ҚАРАКЕСОВА,
Батыс Қазақстан облысы,
Теректі ауданы
ӘДІЛЕТ ӘЛІБЕКҰЛЫ
КӨҢІЛ КҮЙ
Қараласын!
Мейлі бәрі табаласын,
Мінез осы!
Қадалам да, қан аласың.
Қайран менің, аңғал-саңғал жүрегім-ай,
Қайран менің, жұрт түкірген адал асым!
Қайтейін,
Баладай ғой көңіл менде,
Таяқ жеймін сол үшін өмірден де.
Бірге туған бауырдай еміреніп,
Сыр сақтамай тұрамын көрінгенге.
Адам біткен күн кешкен бұрын қайтіп,
Өлген жырды,
Одан соң ғұмырды айтып.
Дос түгілі, тіс қайраған дұшпанға да,
Шынымды айтып қоямын,
Шынымды айтып!
Өлең-ол мен!
Орайы жоқ дастан дескен.
Бақытым да баянсыз бастан кешкен.
Түрлі адаммен тілдессем де түрім мынау,
Өзім қалам.
Жан-дүние астаң-кестең.
Сырлас таппай…
(Негізі осы жаман)
Жырымды оқып қалады шошып анам.
Өз ақылы өзіне жетпей жатып,
Ақыл айтып қояды сосын ағам.
Сабырым да биіктен құлап өлді,
Кетермін-ау оңаша,
Жырақ енді.
Мені ұқпастан мырс етер сайқал қоғам,
… Мен түсінбей өтермін мына Өмірді!
***
Мен-қызықпын,
Есерсоқпын, білгенге,
Жүрісім сол,
Сыбыс іздеп Түннен де.
Мені біреу таниды деп күтпеймін,
Өз-өзімді тани алмай жүргенде!
Жүректе-жыр, болмаса да мида түк,
Өз алдында тізерлетті Би-бақыт.
Мені ешкім түсінбейді әлбетте,
…Тіпті өзімді түсінбеймін кей уақыт!
Мәужіреген мендік мақсат көз ілді,
(Сіміріңдер сыры кеткен сөзімді!)
Мен жоғалдым.
Таба алмады мені ешкім,
Таба алмадым өзім де іздеп өзімді!
Сіздерге айтпай кімге айтамын наланы,
Мені тыңда!
Дархан дала лалалы!
…Жан баласы ұнатпайтын өзіме,
Емешегім езілгені шамалы!
Диуана еттің қыр соңымнан ілескен үн,
Сабылумен сырғып жатыр кештерім.
Мұңды етіп еліткен,
Ей, Ақындық?!
Жынды етіп қаңғырттың ба,
Нестедің!
ӘЙТПЕСЕ…
Таста бәрін!
Кетейін алып қашып,
Бақыттың “баурайына” анық басып.
Әйтпесе, қаламын мен отқа күйіп,
Әйтпесе, барамын мен арып, жасып.
Кетейік беймәлімдеу бір аралға,
Бұ қоғамда адам боп тұра алам ба?!
Жылы сөзді қимайды жылағанға,
“Сұмдық” дейді шындықты сұрағанға!
Тыныс алар ауам рас өлең бопты,
Тиын деген тынымсыз көрем топты.
Мына қоғам-тілектері өзімшіл ғой,
Мына қоғам-жүректері шемен бопты.
Отырсам басыңа әркез иық қойып,
Күледі жұрт.
Мысқылын үйіп-төгіп.
Сезімді сыйқыр демей,
Бір күй дейді,
Марапатты махаббаттан биік қойып!
Күнім менің!
Құтқарғын осылардан,
Бізді сезім тұрғанда тосып алдан.
Мен сені өмірім деп елестеткем,
Мен сені өлеңіме қосып алғам!
Таста бәрін!
Кетейін алып қашып,
Бақыттың “баурайына” анық басып.
Әйтпесе, қаламын мен отқа күйіп,
Әйтпесе, барамын мен арып, жасып…
МЕН-ТАУЛЫҚПЫН
Тау баласы!
Ныспым менен тегім де.
Селк еткенмен селкеу түспес сенімге.
Қырға қарай құйғытамын қымсынбай,
Ол бір жақта күтеді екен керім не?!
Тау ұлымын!
Тәңір жазған «атағым»,
Қала жақта болғанменен қатарым.
Дала!
Сенің кеңдігіңе көз тастап,
Есіміңді «Еркіндік» деп атадым.
Көз алдымда ақша бұлттар көшуде,
Жап-жарық Күн!
Асықпайды өшуге.
Дала, сенде жалаңаяқ жүгірсем,
Тауға шығып айғайласам….
Бөсу ме?!
Тау естіді іңгәлаған даусымды,
Сонда өткіздім мамыражай маусымды.
Тау сынды ешкім мені тыңдай алмаған,
Ешкім мені түсінбеген тау сынды.
Шыбық мініп.
«Тұлпарымды» торы атап,
Ойдым жолдар.
Сосын ойша «жол апат».
Қайран, менің күлкісі көп күндерім,
Тау ұлымын!
Менде бары сол атақ!
Маңғаз таулар жүрегіме үңілді,
Сүйеді екем аспан мен жел, гүліңді.
Алып Анам!
Құшағыңа құлаймын,
Тәрк етумен күйбеңімді бүгінгі!
————————————————————————————————————————————————————————————————————————————————————————————
АҚТІЛЕК ӘЛІБЕКҰЛЫ
КӨЗІМНЕН ЕСТІ ДАУСЫМДЫ
өндіріп тұрып жазғым келеді,
саған деген сезімімнің жолдарын,
тимейді оған сөздің көмегі,
көзімнен оқы жан-жарым!
қол ұшын созбас дәлелдемелер,
түсіндірмелі жұмыстар.
сөз түсінбейтін әлемде керең,
тұнық көздермен ұғысқан,
біз болсақ деп ем,
айтқымыз келген, жазғымыз келген,
тілектерменен лебізді,
көздермен айтар сөзді біз деген,
көздермен айтар ең ізгі.
жазып сызылған парақта жатыр,
қойын дәптерде сол сынды.
бәсеңдеу шықса, айып етпеші,
көзімнен есті дауысымды
***
Бұрынғыдай болмайды!
Енді ештеңе.
Сүлдерін көтеріп жүр өлмес неме.
Шыдамасқа шыдатып мына тағдыр,
Көндіреді екен ғой көнбеске де…
Жалғыз бәрі!
Сезім де екен жалғыз.
Ауық-ауық ойласақ кетер қар,мұз.
Біз бүгін басқа адамбыз,басқа адамбыз,
Біз ертең бөтен жанбыз,
Бөтен жанбыз.
Тұтанар деп махаббат оты қай күн,
Дәл соған уайым ішіп жатыр-ай кім?!
Қайтарыңды ойласам күз жақындап,
Айтарыңды көзіңнен оқымаймын.
Келгеніңді қаласа кеуде тұсым,
Ет-жүректен жаралдым мен де түсін!
Жаралы жауынгерміз,
Жеңіске жет,
Мен Өлеңмен дос болдым!
Сол жеңісім!
Көз жасы да бір күндері көкке сіңбек,
Содан жаңбыр жаусыншы көпке сыр боп.
Өлең бар деп жүргенде жұбаныш қып,
Шын ғашықтар қосыла алмайды деп,
Ол да мені жалғыз ғып кетпесін тек!
***
Табиғи сезімдерді қолдан жасап,
Қанша адам жоғалады жолдарда сан.
Бір адамға бақ болып қона алмасам,
Бір адамға хат болып жолданбасам…
Күңіреніп кетеді-ау дүние тым,
(Сезімге басты аясақ бір иетін)
Сәбилерге күлкі боп үйірілмесем,
Қарт таяғы болмасам сүйенетін.
Телімеңдер жырымды ізгілікке,
Бақыттан күдер үзіп бізді күткен.
Жігіт қызға оқитын жыр болмасам,
Айтатын сыр болмасам қыз жігітке.
Кешегі көрген тәтті түс алдаса,
Бүгінгі бастап қойған іс оңбаса.
Түндерде жұлдыз болып жарқырамай,
Гүлдерге күн нұры боп түсе алмасам.
Мен қалай ертеңімді күліп тосам,
Мен қалай қарай алам тұныққа сан.
Шөлде қалған хайуанға су болмасам,
Желде қалған бейбақты жылытпасам.
Шаттықтан болғанымен ғасыр масаң,
Қасиетті ұмытар асыл жасар.
Жылағанның сүлгісі бола алмасам,
Қуанғанға құшақ боп ашылмасам.
Кедергі тоса берсін неше өткелдер,
Безіне берсін мені дос еткендер.
Дүниеде ешқашан болмаған деп,
Келмеген деп өмірге есептеңдер.
ЖАНЫМДА ЖҮРШІ….
Сыр айтпағың сен мейлі ашылып та,
Жүр барлығын бүгіп те,жасырып та,
Сен қатты керек жансың бұл ғұмырға,
Жанымда жүрші менің,
Осыны ұқ та!
Көктем бұрын өмірдің бар ақпаны,
Жаратқанның сол еді жаратқаны.
Ақтық демім қалғанша жүр,онсызда-
Осы күйбең тірлікке қонақ бәрі.
Кері кеткен таныс пен достай жанға,
Не қылсаң оны қыл деп тастай қалма.
Бар ағымнан жарылып сүртем өзім,
Жанарыңнан кездейсоқ жас тайғанда.
Бірге қарап шындық пен жалғандарға,
Сапар шексек азабы мол жолдарға.
Аңдаусыз қателессек түк етпейді,
Армансыз өтсек бірге арман бар ма?!
Онсызда көп арамдар маңымда бұл,
Сен сіңіп кетпегейсің сағымға бір.
Жанында жүр жақсы адам әр пенденің,
Сен менің жанымда жүр,
Жанымда жүр!