«Республика бойынша 6,5 млн астам бала мемлекет есебінен сақтандырылған және МӘМС жүйесінде барлық қажетті медициналық көмектерді тегін ала алады. Елімізде 18 жасқа дейінгі барлық балалар халықтың жеңілдік берілген санатына кіреді, сондықтан мемлекет есебінен сақтандырылады. Әрбір бала үшін мемлекет ай сайын 2 989 теңге мөлшерінде жарна төлейді» – деп тоқталды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру бөлімі.
Қазіргі уақытта МӘМС жүйесінде 6 млн 549 мың бала сақтандырылған. Осының арқасында кішкентай азаматтар МӘМС пакетінде медициналық көмектің кеңейтілген тізіміне қол жеткізе алады. Жалпы, 2021 жылы МӘМС жүйесінде туғаннан бастап 5 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруді жүргізуге 12 млрд теңге бөлінген. Қаңтар-сәуір айларында балаларға 3,6 млрд теңгеге скринингтік зерттеу жүргізілген.
МӘМС жүйесі 18 жасқа дейінгі балаларға тістерін шұғыл түрде де, жоспарлы түрде де емдеуге мүмкіндік береді. Бұл жағдайда олар стоматологиялық көмектің келесі түрлерін ала алады:
– тісті жансыздандыру және жұлу;
– пломба салу;
– абсцесстерді ашу;
– пульпит, периодонтитті емдеу;
– гипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомиялық пішінін толық функционалдық қалпына келтіру;
– еріндер мен тілдердің пластикасы;
– ренгенография;
– ортодонтиялық қызметтер: жақ-бет аймағының туа біткен патологиялары және таңдайдың бөлінуі (жырық таңдай) болған кезде. Егер сіздің балаңызға тіс дәрігерінің көмегі қажет болса, онда сіз өзіңіздің емханаңызға да, қордың әлеуетті жеткізушісі болып табылатын жеке стоматологияға да жүгіне аласыз. Олардың тізімін сайттан көруге болады fms.kz «медициналық қызметтерді сатып алу» бөлімінде – «КДУ қызметін жеткізушілер».
2021 жылы балаларға туа біткен патологиялар кезінде ортодонтиялық көмек көрсетуге еліміз бойынша 3,5 млрд теңгеден астам қаражат көзделген. Стоматология қызметтерін жоспарлы түрде қаржыландыруға (балалар мен жүкті әйелдер үшін) 14,2 млрд теңгеден астам қаражат жоспарланған.
Медициналық сақтандыруды енгізумен бірге мектеп медицинасы да жаңа қарқынмен дами бастады. Ол мектеп және мектеп жасына дейінгі балаларға медициналық көмек көрсетуіне бағытталған. Оған тікелей мектепке дейінгі және орта оқу орындарында профилактикалық медициналық тексерулер жүргізу, аурулардың алдын алу, вакцинация және балалар денсаулығын қорғауға және нығайтуға бағытталған басқа да іс-шаралар кіреді. Қаңтар-сәуір айларында мектеп медицинасының қызметі 6,3 млрд теңгеге көрсетілді. Жалпы, 2021 жылы мектеп медицинасына 22,5 млрд теңге қарастырылған.
МӘМС жүйесі балаларды амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді көздейді. 65 нозология бойынша, оның ішінде орфандық аурулар, жүйке жүйесі, қан айналымы жүйесі, тірек-қимыл аппараты аурулары, дамудың кідірістері бойынша 244 дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, 18 жасқа дейінгі балалар УДЗ, рентген, КТ және МРТ, ЭКГ тегін өтеді, қажетті талдауларды тапсырады және қажет болған жағдайда басқа консультациялық-диагностикалық қызметтерді алады. 2021 жылдың 4 айында МӘМС жүйесіндегі балаларға 18,5 млрд теңге сомасына аталған қызметтер көрсетілді. Консультациялық-диагностикалық қызметтерді алу үшін өзіңіздің емханаңыздағы учаскелік дәрігерге хабарласыңыз.
Егер қандай да бір себептермен сіздің балаңыз сақтандырылмаған болса немесе сізге балаға қажетті медициналық көмек көрсетуден бас тартылса, әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына келесі байланыс арналары арқылы хабарласуыңызды сұраймыз: Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, 1406 бірыңғай байланыс орталығы, Telegram-дағы SaqtandyrýBot, сайт fms.kz.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ
Атырау облысы бойынша филиалы
Телефондар: 87122/556084, 8/7122/ 55 60 92.
Байланыс орталығы – 1406