Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрына осыдан он жылдай бұрын алғаш келген жас буын өкілдері арыстандай арқырап өткен марқұм Қуанышев Төлегендей ағаларының көзін көріп, сөзін естіп, батасын алғандарына өздерін бақытты сезінетіндерін әлі күнге мақтанышпен айтады. Десе де, осыбір жылдар ішінде олар небір қиындықтар мен шыңдалу мектебінен өтті. Жастар бірін-бірі қамшылап тәрбиелей білді, жұдырықтай жұмылған жаңа бір толқын өкілдері жылдармен бірге қалыптасып жетілді. Бүгінде театр репертуарындағы қойылымдардың басым бөлігінде өнер көрсетіп, негізгі жүкті көтеріп жүргендердің дені осы жастар.
Жастардың арасында талантымен танылған, қарапайым мінезімен, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету арқылы өнегелі болып жүргенбір азамат бар. Ол – Бекет. Ордабұзар жастағы актерБекет Зинуллин СерікбайұлыИндер ауданының Өрлік ауылында дүниеге келді. Х.Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетін тәмамдаған соң еңбек жолын осы өнер ордасында бастады.Сахна төрінде ірілі-ұсақты жиырмадан астам рөлді сомдап, көрермендерін өнерімен тәнті етті.
Бекеттің сомдаған кейіпкерлер де сан-қырлы, батыр да, хан да бар,жас пен шалда бар. Оның сахнадағы рольдерінде шынайылық басым, көрермендерді де сонысымен еріксіз баурап алады. Ол қажетті сахналық киімдері мен реквизиттерін көбіне өзі таңдап, өзі іріктеп, керек болса өзі бояп, өзі тігіп ала береді. Өйткені ол өзіне не керек екенін жақсы түсінеді.
Б. Зинуллин М.Томановтың «Маde in Махаббат» жастар комедиясында ақыл-есі кем көршіні ойнайтын ролі бар.Ол сол қойылымда көрермен алдына он бір рет кіріп шығады. Әрбір шыққан сайын киімі, қолына ұстайтын заттары ауысып отырады. Ойлап көріңіз, сол киімдердің, заттардың бәрін костюмерлер мен реквизитшілер, суретшілермен бірлесе жүріп, өзіне үйлестіріп іріктеп алды. Оның қолына түскен кез-келген нәрсеге жан бітіп, сахна тілінде сөйлей жөнеледі. Бұл актердің шеберлігі, дарындылығы.
Т.МАЖИТҰЛЫ.