Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың кезекті Жолдауында көрсетілген «Цифрлы технологиялар арқылы медициналық көмек көрсетудің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру қажеттілігі» мәселесінің өзектілігі күн санап артуда. Осы ретте сол үдеден көрінуді мақсат еткен Атырау қалалық №7 емханасы – өңір халқын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуші бірден-бір емдеу мекемесінің бірі.

    Медицина қызметкерлері күні қарсаңында тілшіміз аталмыш емхананың директоры Сағытжан АЙДАРАЛИЕВ мырзаға жолығып, ұжымның қол жеткен табыстары мен межелі жұмыстары жайында әңгіме өрбіткен болатын.

    – Сағытжан Жанқылышұлы, алдымен кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Күні бүгін медицина саласының қарыштап дамып жатқаны мәлім. Денсаулық сақтаудағы жаңашыл өзгерістердің бар екендігін сезініп жатырмыз. Әңгімемізді емханаңыздың бүгінгі жай-күйінен бастасақ…

Заманауи тіркеу бөлімі

– Көп рахмет. Құрылғанымызға жеті жылдай уақыт өткенімен, халықтың медициналық қажеттілігін өтеудегі еңбегіміз оң нәтижесін беруде деп айтуға толық негіз бар. 2013 жылы оңтайлындыруға сәйкес, қалалық балалар емханасымен біріктік. «А» және «Б» корпусынан тұратын үш қабатты ғимарат 500 емделушіге арналған. Оның 350-і ересек адамдарды, 150-і балаларды құрайды. Теңгерімдегі 4 бөлімше мен 19 учаскеде 13 жалпы тәжірибелік дәрігер, үш педиатрия және үш терапия бөлімшесі бар. 25 шақырымға дейін созылатын қызмет көрсету аймағында тіркелушілерге мамандандырылған амбулаторлық-емханалық көмектің 30 түрі көрсетіледі. Атап айтқанда, ота жасау, жүрек-қан, жүйке, эндокринология, тіс, көз, урология, құлақ-мұрын, ауыз қуысы, ішек-құрылыс, аллергология, клиникалық лаборатория бағытында жұмыстар жүргізіледі. Айта кету керек, өткен жылы емханамызда жасөспірімдердің жүктілігінің алдын алу мақсатында «Демеу» жастар орталығы ашылып, психологиялық-консультативтік көмек беруде.

Қосалқы мердігерлік кәсіпорын негізінде Атырау қаласындағы «Сәлімжан және К» ЖШС, Дамбы амбулаториясы, Еркінқала, Геолог және №1, 2, 3, 4 емханаларына да медициналық қызмет ұсынылады. Өткен жылдың есебімен тіркелушілер саны 36,4 мыңнан биылғы үш айда 38,2 мыңға жетті. Бұл, әрине, халық тарапынан біздің қызмет көрсетуіміздің сапасына сенімнің артқандығын аңғартады.

Емханада жұмыс істейтін 70 дәрігердің 40-қа жуығының жоғары, 23-інің бірінші және екінші санаттары бар. Ал, орта буын медицина қызметкерлерінің 72 проценті жоғары және 20,4 проценті бірінші, екінші санаттыларға жатады. Зейнеткерлікке шыққан он алты ардагеріміз адам денсаулығы күзетіндегі қызметтерін әрі қарай жалғастыруда. Олардың қатарында медицина ғылымдарының докторы, профессор О.Балтаев, дәрігер-офтальмолог Ғ.Есқали, дәрігер-оториноларинголог  М.Жамалова, дәрігер-невропатолог К.Мұхамбетова, бөлім меңгерушісі С.Ахметқалиева, орта буын медицина қызметкерлері: рентгенлаборант Р.Оразова, медбике А.Аушимова сынды сала ардагерлерін айтуға тиіспіз.

    – Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар? Материалдық-техникалық базаны жақсарту жөнінде не айтар едіңіз?

– 2017-2019 жылдарға жасалған жоспарға сәйкес, мекемеге келген жас мамандарды біржолғы көтерме төлем ақымен, баспана жалдаған жағдайда 50 пайызға дейін қаржылай көмек көресту қарастырылған. Емханада амбулаториялық хирургия орталығы, жедел жәрдем қызметі, бастапқы психикалық денсаулық орталығы жұмыс жасайды.

Өткен жылы тұрғындардың ыңғайлылығы үшін электронды кезек жүйесі орнатылған. Дәрігер құзырындағы кейбір қызметтерді жеңілдету мақсатында мейірбикелердің қабылдау бөлмесі ұйымдастырылды.

Цифрлық технологияны енгізудегі материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша заманауи техникалық құрылғылармен жабдықталдық. Әйел адамдардың омырау ісігін ерте анықтауға мүмкіндік беретін Германияның «Гала» маммографиялық қондырғысы, жүрек қан тамырлары ауруының жұмысын анықтайтын «Тредмил» аппараты бұған дәлел. Облыс бюджетінен 103 млн. теңге қаражат бөлініп, 70 дана компьютер сатып алынды. Барлық медициналық құжаттар пилоттық жоба аясында электронды форматқа ауыстырылды.

Биыл «Филипс» рентген қондырғысы, ультрадыбыстық зерттеу және видеоэндоскоп аппаратын сатып алу көзделуде. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағытында халыққа үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, ақпараттандырумен қамтамасыз етуде.

Қорыта келе, мейрам қарсаңында медицина мамандарын атаулы күнмен шын жүректен құттықтай отырып, адам жанының арашашысы ретіндегі абзал істеріне береке дарып, жанұяларына жылулық жуысын демекпін.

Сұхбатыңызға көп рахмет. Жұмыстарыңыз жандана берсін!

Атырау қалалық №7 емханасының директоры – Сағытжан Айдаралиев Жанқылышұлы

МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗБЕН, ҚҰРМЕТТІ АРДАГЕРЛЕР!

    БАЛТАЕВ Орынғали – 1937 жылы Плотовин (қазіргі Еркінқала) ауылында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын 1964 жылы педиатрия мамандығы бойынша үздік бітірген. Облыстың шалғай  ауданы – Қызылқоғада дәрігерлік қызметін бастаған. Гурьев медицина училищесінде директор, Ақтөбе  медицина институтында 32 жыл кафедра меңгерушісі қызметін атқарған.

О.Балтаев балалардағы бүйрек ауруын емдеу бойынша докторлық диссертациясын қорғады, 1992 жылдан профессор. Жүзден астам ғылыми еңбектің авторы, «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі». 2002 жылдан Атырау облысы балалар ауруханасында, теміржол ауруханасында бас дәрігердің орынбасары, қалалық №7 емханада кеңесші-педиатр қызметін атқарып келді. Сексеннің сеңгіріне шыққан ардагердің ұл-қыздары да әке жолын қуған денсаулық сақшылары.

     ЕСҚАЛИ Ғазиз Қаламұлы –     еңбек өтілі 37 жыл. Индер ауданының денсаулық сақтау саласында 20 жыл аудандық аурухананыңбас дәрігер орынбасары қызметін абыроймен атқарды.

2001 жылдан бастап Атырау қалалық емханасының бас дәрігері болды. Ғазиз Қаламұлы «Жоғары санаттағы денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

    ЖАМАЛОВА Масура Нәбидоллақызы  1949 жылы туған. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу бөлімін 1977 жылы бітірген.

Исатай аудандық орталық ауруханасында дәрігерлік жұмыстан бастаған ол кейін бас дәрігердің орынбасары, бас дәрігер қызметтерін зейнеткерлікке шыққанға дейін атқарған. 2011 жылдан №7  қалалық емханада отоларинголог бөлім меңгерушісі қызметінде болды.

Масура Нәбидоллақызы «Қазақстан Республикасының үздік медицина қызметкері» төсбелгісімен, Елбасының Алғыс хатымен, бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ