Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың тұрғындармен кездесуі
Қазыналы Сарайшықтың «екінші тынысын» ашуға мүмкіндік беретін тарихи-мәдени орталық, Каспий теңізінің жағалауына салынатын курорттық аймақ, Жайық өзенін тереңдету жұмыстары, іске қосылатын жаңа инновациялық жобалар. Халық алдында есеп берген Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев осы және өзге де жаңалықтармен бөлісті.
Ашық аспан астындағы музей
Басты жаңалық сол, Қазақстанның киелі жерлер картасына енген қазыналы Сарайшық музейінде қазіргі заманғы сапар орталығы салынады. Құрылысы биыл басталатын нысанның басты ерекшелігі сол – орталықта туристер мен келушілер үшін барлық жағдай жасалатын болады. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, «Визит орталық» ең алдымен ішкі және сыртқы туризмді дамытуға тың серпін береді. «Орталық базасында әкімшілік ғимарат, қонақүй, шаруашылық-тұрмыстық үйі сынды бірнеше ғимарат салу жоспарланып отыр. Екі қабатты әкімшілік ғимарат ішінде экспозициялық-көрме залдары, қор қоймасы, 100-150 орындық мәжіліс-залы, зертханалық және қалпына келтіру үй-жайы, кітап қоймасы мен электронды мәліметтер базасы бар кітапхана орналасады. Кешен аумағында лекция оқитын алаңдар салынады. Ал, негізгі жаңалық сол, тарихи кешенде ашық аспан астындағы музей мен этноауыл болады» деп нақтылады облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Астын сызып айта кетерлігі, еліміздің тарихи мұрасын сақтау жолында осыдан екі жыл бұрын облыс бюджетінен жағалауды бекіту жұмыстарына 1,6 млрд. теңге бөлінген болатын. 2016 жылы басталған қорғаныс бөгетінің құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде.
Тутұғыр кешені бой көтереді
Атырауда мазмұндық жағынан ерекше сәулеттік композиция салынады. Мемлекеттік Туды 91 метр биіктікке көтеруге мүмкіндік беретін флагшток, яғни Тутұғыр нысаны туралы хабарлаған аймақ басшысының айтуынша, ерекше композицияға Атырау қаласының Жангелдин – Құлманов көшелерінің қиылысы таңдалып отыр. «Болашақ нысанның аумағы 57 шаршы метр болады деп күтілуде. Тутұғыр биіктігі 91 метр болады. Мұндай биіктіктегі Ту облыс орталығының кез келген нүктесінен анық көрінетін болады» деп атап өтті аймақ әкімі Нұрлан Ноғаев.
Тутұғыр нысанын екі субұрқақ көркемдей түседі деп күтілуде. Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, белгіленген аумаққа екі көлемді сәулет композициясы, үлкен және кіші субұрқақтар, бассейн, орындықтары бар перголалар орнатылады. Алаң көбікті субұрқақ қондырылған бассейні бар мәрмәр домбыра түріндегі сәулеттік композициямен ерекшеленеді. Тағы бір жаңалық, Атырау өлкесінің символына айналған әйгілі Исатай мен Махамбет атындағы алаңы қайта жаңғыртылады. Алаңды жаңаша кейіпке енгізетін құрылыс жұмыстары биыл басталады деп күтілуде.
Жайық жағалауы жаңаша кейіпке енеді
Ақ Жайық сенің орның алабөтен… Осынау керемет эпиграфты енді атыраулықтар шын мәнінде жаңа кейіпке енетін Жайыққа күнде арнайтын болады. Себебі, биыл Атырауды әлдилеген Жайық өзенінің жағалауын абаттандыру жұмысы басталады.
Аймақ басшысының айтуынша, жағалауды абаттандыру Бейбарыс көпірінен басталып, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті маңындағы «банан жағалауына» дейін жүргізіледі.
Жоспар бойынша, жағалау үш кезеңде салынады. «Жалпы аумақ 1861 метрді құрайды. Жағалаудың жаңа учаскесінде балалар және спорт алаңдары, орындықтар мен күркелер орналасады, пирс пен жағажай аумағы абаттандырылады. Жарықтандыру LED режимімен жүзеге асады» деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Каспий теңізінің жағалауы курорттық аймаққа айналады
Курорттық аймақ Атырау облысына қарасты Исатай ауданында тұрғызылады деп күтілуде. Каспий теңізінің жағалауында орналасатын 500 орындық оқу-сауықтыру лагері салауатты өмір салты үшін қызмет етеді. Аймақ басшысы атап өткеніндей, мұндай деңгейдегі нысан өлкемізде алғаш рет салынғалы отыр.
«Лагерь аумағы бірнеше аймаққа бөлінеді. Әкімшілік аймақта қызметкерлер жатақханасы, әкімшілік ғимарат, медициналық бөлімше жұмыс істесе, кішкене демалушылар үшін балалар орталығы, кинозал, жаттығу залы, кітапхана мен үйірмелер қызмет етеді. Мұның сыртында футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, теннис корты, үстел теннисі алаңы, скалодром алаңы, әр түрлі көше жаттығу құрылғылары, бадминтон, воркаут алаңдары болады. Қос жолақты велосипед жолы да қарастырылған» деп нақтылады облыс басшысы Нұрлан Ноғаев.
Жаңа нысан осылайша, Исатай ауданына ішкі және сыртқы туризмді дамыту мүмкіндіктерін беріп отыр. «Мәселен, лагерь салынғаннан кейін, аталған жерде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізіледі. Бұл жағдай шағын және орта бизнес субъектілеріне қонақүйлер, демалыс базасы, тамақтану орны сынды жаңа демалыс орындарын ашуға мүмкіндік береді» деп атап өтті аймақ басшысы.
Газбен қамту көрсеткіші 99,7%-ға жетеді
Атырау облысында инфрақұрылым саласы қашанда басты назарда келеді. Соның ішінде, шалғайдағы елдімекендерді газдандыру бойынша қазіргі таңда Құрманғазы ауданына қарасты Азғыр аймағындағы он елдімекенде ұзындығы 365 шақырым болатын газқұбыры құрылысы жүріп жатыр. Балқұдық, Азғыр, Қоңыртерек, Асан, Үштаған, Сүйіндік, Жалғызапан, Батырбек, Егінқұдық, Қошалақ ауылдарында жүргізіліп жатқан газ құбырының бүгінде 53 шақырымы салынды. Бұдан бөлек, тағы 13 шағын елдімекенді газбен қамтудың жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Осындай жұмыстар аяқталғаннан кейін, облыс халқын газбен қамту көрсеткіші келер жылы 99,7%-ға жетеді деген болжам бар.
Апатты үйлерге құрылыс компаниялары көмекке келеді
Апатты жағдайда тұрған тұрғын үйлер, жатақхана тақырыбы талай уақыттан бері қордаланған мәселе күйінде қалып келген еді. Есеп беру жиынында облыс басшысы Нұрлан Ноғаев апатты үйлерге енді мемлекеттік жекеменшік әріптестік жүйесінің көмекке келетінін айтты. Белгілі болғанындай, қазіргі таңда Атырау облысы әкімдігі алматылық екі бірдей құрылыс компаниясымен арада келісім-шартқа отырған.
«Ескі үйлер сүріледі. Оның орнына мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде алматылық екі құрылыс компаниясы Атырау қаласында жаңа тұрғын үй құрылысын жүргізеді» деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Айта кетелік, өткен жылы Атырау облысында 624,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.