Ағымдағы жылдың қазанының 19-шы жұлдызында жазушы-драматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет және халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтардың иегері Рахымжан ОТАРБАЕВ 60 жасқа толды.
Киелі Құрманғазы топырағында Қасымғали мен Шәмсиядай ардақты ата-ананың шаңырағында дүниеге келген әдеби әлемнің өрен жүйрігіне туған топырақтың тамылжыған табиғаты төңіректе тұнық ауаның лебімен аузына сөз салып, қолына қалам алдырды. Орал қаласындағы оқу орнына аттанып, өз жүрегінің қалауы болған мамандықтың иесі атанады. Ол қызуы бет шарпыған қып-қызыл шағылдың бойында жарық дүние есігін ашып, жұмбақ жырдың жампозы Жұмекенді өзінің ұстазы тұтты. 1981 жылы пойызға өрмелеп мініп, Алматыға асыққан бозбала бүгін елдің айтулы қаламгеріне айналып отыр.
Күні бүгін жазушы ағамыздың мерейтойымен тұспа-тұс Мәскеуден тағы бір қуанышты хабар келіп түсті. Халықаралық «Форум» журналының бас редакторы, Владимир Муссалитин қазақстандық әріптесіне Бейбітшілік қорлары Халықаралық қауымдастығының президенті, әйгілі шахматшы, әлем чемпионы Анатолий Карповтың шешімімен Рахымжан Қасымғалиұлының осы қордың «Бітімгершілік жемісті қызметі үшін» Алтын медалімен марапатталғандығын жеткізді.
Атап өту керек, осыған дейін 1992 жылы құрылған ұйымның марапатын – Алтын медальды иеленгендердің қатарында қоғам қайраткерлері – Түрік поэзиясының негізін қалаған драмматург Назым Хикмет, Чили мемлекетінің ақыны Пабло Неруда, сондай-ақ Үндінің саяси және мемлекеттік қайраткері Джавахарлал Неру секілді тұлғалар болды. Қазағымыздан тұңғыш Рахымжан ағамыз осы тізімге орнығып отыр.
«Әңгіме жазу – жапырақ тергенмен бірдей», – деген Рахымжан Отарбаевқа шындық шыңының шырақшысы болып арамызда жүре беруіңе тілектестік білдіреміз.
Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университетінің 4-курс студенті.