Мерей Қартов 1989 жылы 4-желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы, Үштөбе ауылында дүниеге келген. Семей мемлекеттік педагогикалық институтының  филология факультетінің түлегі. Қазақ инновациялық заң университетінің магистратурасын бітірген.

    Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында әдеби бөлімнің меңгерушісі қызметін атқарады.


Сүмбіле.

О, Сүмбіле сүттей-ақ,
ұзақ күнім қысқарды.
Қарашаны күтпей-ақ,
қыр асырдым құстарды.

Су сүйегін суыттың,
бүрістірдің бүргенді.
Сөз демімен жылыттым,
кеудемдегі гүлдерді.

Сүмбіл шашты бақтардың,
иіскедім қошынан…
Сүмбілелі ақ таңның,
арайына асығам.

Жүрегімде – жыр ағын,
оу, Сүмбіле біл мұны.
Аспан мен жер тұрағын,
алмасармыз бір күні!

 

Баспан тау.

Сенен құдірет сеземін, Баспаным нән,
Аю демі еседі қош қарыңнан.
Қызыл-жасыл жайнаған дүние-ай деп,
Құбылады шуаққа таста қынаң.

Қарағаның, ол да әсем теңселеді.
Қара қияң не деген еңселі еді?!..
Шекесінен шық кеппес – мен де – шөбің,
Баспаным-ау, маған да сенсең еді!..

Қабағыңда түксиген қалың мұнар,
Жауын шақыр Ұлыңа, жалынқұмар!
Екіндіңнен еңкейсем,
Маңдайымнан
жұпарымен өбеді тобылғылар.

Талды-Базар тасыған – жиегіңде.
Арқар жатыр үйездеп иегіңде.
Бауырыңа, Баспаным, мені де бас,
Сенімен бір – қаным да, сүйегім де.

Түнгі жол

Жар болшы, жалғыз Жасаған,
Мінгенім тарпаң-қашаған.
Қайрақ тастарға қамығып,
Қасаң тағасы босаған.

Ұлар ұшатын ұлы Шың,
Естілді демің, тынысың.
Санама үрей сілтейді,
Суырып бұлттар қылышын.

Қалқан жасадым қажырдан,
Əлсіреп кетпес əзір жан.
Жалғанның көзі жанып тұр,
Жапалақ ұшқан қожырдан.

Кемпіртас отыр жүреден,
Тау-тасты кезіп жүр өлең.
Меңіреу құздар мелшиіп,
Мүйізін Айға тіреген…

Адастырмашы, о Далам,
Жебеші Тəңір-тағалам!
Темірқазықтан түңіліп,
Жол сұрап келем Обадан.

Тізгінін тастап күреңнің,
Еркіне енді жібердім.
Тұманнан сүрлеу суырып,
Шатқалға тағы тірелдім.

Шыдамның шолақ шылбыры
ұстатпай, тағы сырғыды!..
Осындай азап –
Аспанға
ұшырар мені бір күні…

Табиғатым!

Мен жылап ем, көңілшек Тау жылаған.
Қайыңның да көз жасы тамшылаған.
Ай тұмсығын тығады қолтығыма,
Ал, қойнымда бұлттар бар маужыраған.

Қадірін жусан ұғар ала таңның,
қырға қарай өргізіп балапанын…
Мөлдіреп себелеген ақ жауынға,
Тал-шыбықтар жаяды алақанын.

Көтерілсе жиектен Күн қылаңдап,
Құс əніне билейді гүл бұраңдап.
Адасып Ертіс деген енесінен,
Құлынбұлақ жөнелді құлдыраңдап.

Тұман басып тобылғы Тау-шатқалын,
Жоғалуда жондағы жолсоқпағым.
Бүр атқан бүлдіргенге бұрылып ем,
Күнге созды əлжуаз саусақтарын.

Ғажаптарың көңілді алаңдатқан,
Саған тиер қайғылар, маған батқан.
Түрім менің аумайды адамдардан,
Ал, мінезім Табиғат саған тартқан!

Дала төлі.

Қияққұлақ құлын-жондарға
бәйіт оқиды паң қарға.
Желіні жер сызған көп бұлттар
жата кетпекші жарларға…

Маңырақ Сауыр-Маңырақ,
балғын шилердің бəрі-лақ.
Қыдыр Атаның демінен,
қозыжусандар жамырап…

Желдінің ширап жыңғылы,
кесілген бүрген кіндігі.
Уыз емізіп бүрлерге,
уылжый түсер Күн нұры.

Төлдеген Дала төсінен,
өркендеп мен де өсіп ем.
Жұпар аңқыған Жұмақтан
Туған Жерімнің несі кем!