«Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан болсын?» демекші, елдігіміздің ертеңі де, өркені де – жастар. Тәуелсіздігімізді алғалы тәуекел-тілегі таудай жастардың теңіздің толқынындай лек-лек болып келіп, дүниеге кірпіш боп қаланып жатқаны – ел үшін үлкен мерей. Соның ішінде ата-ана мейіріміне мұқтаж жетімдердің басынан сипап, жанары мұңға, жүрегі шерге толы қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созып, қайырымдылық жасап жүрген жастардың аяқ алысы көңілге қуаныш ұялатқандай. Осы орайда жүздеген жастардың басын қосып, «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорын басқарып жүрген замандасымыз Әйгерім Жәрдемқызымен сұхбаттасқан едік.

– Құрылғанына үш жыл толса да, көптің көзайымына айналып үлгерген «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры қалай құрылды? Осы туралы айтып өтсеңіз…

– Басында еріктілер ретінде қайырымдылықпен айналысып, кейін қорға айналған ұжымның жұмыс жасай бастағанына үш жылдан астам уақыт болды. Дәлірегі, мың шақырымдық жолдың бір қадамнан басталатынын ескерсек, бұл Серікбай, Мақсот, Әйгерім, Таңшолпан атты атыраулық төрт студенттің кеңесі негізінде жүзеге асқан бастама болатын.

Осыдан үш жыл бұрын қазіргі «Тамаша» сауда-ойын кешенінде сатушы болып қызмет жасаған едік. Бірде сол ғимаратта жұмыс жасайтын Серікбай, Мақсат атты достарымызбен «Шаңырақ» отбасылық балалар үйіне барып, олардың жағдайымен таныстық. Жетім балалардың басынан сипап, көмектескіміз келді. Бірақ, қалай көмектесудің жолын таппай, ұзақ ойландық. Ақылдаса келе, өзіміз жұмыс жасайтын кешен басшысымен келісіп, Атырау өңіріне танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырдық. Сонымен қатар, «Шаңырақ» жетімдер үйі балаларының қолөнер бұйымдарын сатылымға шығарып, нәтижесінде екі жүз мың теңгеге жуық ақша жинадық. Қаражатты балаларға қажетті заттарға жұмсап, оларды қуантып қайттық. Жүздеріне күлкі үйіріліп, шын жүректерінен алғыс айтып жатқан балаларды көріп, «осы ісімізді жалғастыра түссек…» деген құлшыныс пайда болды. Бұл біздің алғашқы жеңісіміз еді.

Бастапқыдағы балалар мен қарттар үйіне көмек көрсетсек деген ойымызды кейін көмек қолын созатын жандарға мұқтаж адамдардың көп екендігіне көз жеткізгеннен кейін бастапқы жоспарымыздың өрісін кеңейттік.

cqychsnnjbo

 – Сол бастамаларыңыз туралы айта отырсаңыз…

 – «Сәбиге өмір сыйла» атты шара қорымыздың ең алғашқы акциясы болатын. Акция аясында туа бітті ауруға шалдыққан сәбилерге көмек көрсете бастадық. Мәселенің анық-қанығына толық көзіміз жеткен соң қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға кірісеміз. Нәтиже де жаман болған жоқ. Үш жылдың ішінде осы акция аясында он миллиондай қаражат жинаппыз. Осының барлығы күн-түн демей, қайырымдылық жасаудан жалықпай, қиындықты бірге көтерісіп келе жатқан еріктілердің арқасы.

Еріктілердің қатары күн санап көбейгеннен кейін қор ашу туралы шешімге келдік. Бұл жауапты жұмысқа бір жағынан сенімсіздік болса, екінші жағынан қорықтық. Бірақ, бар күш-жігерімізді жинап, тәуекел етуге бел байладық.

Қарттар үйіндегі қариялардың көңілін көтеретін концерттер қойып, жәрдем беру, жиі-жиі жетімдер үйіндегі балаларды тосын сыйлықпен қуанту, қаржылай қолдау білдіру біздің негізгі міндеттерімізге айналды.

Балалар ауруханаларын аралап, төсекке таңылған жәудір көздерге күлкі сыйлап, көңілін аулайтын «Күлкі терапиясы» акциясының балалар мен ата-аналары және дәрігерлер үшін де пайдасы ұшан-теңіз еді. Алла тағала «Мені науқастың көңілін сұрай барған жанның жанынан ізде» дейді екен. Соның құдіреті ме, біз осындай акциялардан кейін бір марқайып қалатынбыз.

«Жан жылуы» – осындай игі істердің үстінде дүниеге келген акция. Оның көпшілік үшін пайдасы зор болды. Біреудің киілмеген, киюсіз қалған киімі мұқтажды бір қуантса, қайырымқол жандарды ысыраптан сақтап жатады. Осы тұрғыдан қарасақ, аталған акция сауаптың қайнар көзіндей.

vaxqix1o6vq

Жыл сайын мектеп балаларын қуантатын «Мектепке жол» акциясының қуанышы бір төбе. Қыркүйек қарсаңында жағдайы төмен отбасылардың жағдайын біліп, балаларына киім әперіп, кітап, қалам сыйлау – «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры үшін айтулы дәстүр. Соңғы үш жылдан бері қасиетті Рамазан айында ауызашар ұйымдастыру қоғамдық қордың сүйікті ісіне айналды.

– Демек, сіздер қайырымдылыққа жұмсалатын қаржыны өз еңбектеріңізбен тауып отырдыңыздар…

– Әрине, нарық заманында әр істің қаржы мәселесіне келіп тірелетіні түсінікті. Дегенмен, біз қандай да болмасын қиындықтан жол тауып, мақсатымызды жүзеге асырып келеміз.

Қалтаң қалың болмағаннан кейін қаржы жинау оңайға түспейді. Біреудің алдына барып бірдеңе сұраудың өзі де оңай шаруа емес. Қайырымдылықты біреуі түсінсе, біреуі түсінбейді. Екіншіден, жастарды біріктіріп, қайырымдылық шаралар ұйымдастырудың өзі көп күшті қажет етеді. Бірақ, мұқтаж жандардың біз арқылы көмек алып, қуаныштан шаттанып жатқанын көргенде оның бәрі ұмытылып кетеді екен.

Көпшілік көбірек жиналатын жерлерде гитарамен ән айтып, демалыс күндерінде жастарымыз әуе шарларын сатты. Сондай-ақ, жетім балалардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын жәрмеңкеге шығарып, өнерпаздардың қатысуымен концерт ұйымдастырып, түрлі бағыттағы спорттық сайыстарды өткізіп тұрдық. Біз сөйтіп, қаншама сәбидің ауыр науқасынан жазылуына себепші болмадық?! Соның ішінде ең үлкен жетістігіміз – сал ауруына шалдыққан сәби Амангүлдің саулығы. Амангүлдің Қырғызстаннан бес рет ем алуына жағдай жасадық. Бұрын ол сұлқ жататын. Кейін қолдарына жан бітті. Бейкүнә сәбидің өмірге деген құштарлығы нұрлы жүзінен көрініп тұратын.

Мұндай қайырымдылық шараларына өнер иелері де сүбелі үлес қосып келеді. Бұл ретте біз үш мақсатта жұмыс істейміз. Алдымен, жас ұрпақты, замандастарымызды қоғамдық істерге тарту, екіншіден, ізгілік пен мейірімділікті насихаттау, үшіншіден, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау арқылы рухани құндылықтардың маңыздылығын ашып көрсету. Қазіргі уақытта Республиканың әр түкпірінен филиалдарымыз ашылып, еріктілер қатарының күн санап артып келе жатқандығына шүкіршілік етеміз.

Жыл сайын қайырымдылық концерттермен қатар қорытынды концерт ұйымдастыратынбыз. Биыл үш жылдық концертпен қоса «Рақым нұры» атты қайырымдылық концертін өткіздік. Кештің нәтижесінде кішкентайынан сүйек аномалиясы сырқатына шалдыққан Жетесқызы Айназдың отасына 500 мыңнан астам қаржы жиналып, Ресейде ота жасатып жатқан сәбидің ата-анасына көмек ретінде ұсындық.

– Асфальтта өскен қала қызының жастарға үлгі көрсетіп, қайырымдылық жолына бел буып кірісуі сүйсіндірмей қоймайды. Мұның бәрі сіздің үйден алған тәрбиеңіздің жемісі шығар?!

– Дұрыс айтасыз. Мен жастайымнан өлең-сөзге, әдеби шығармаларға жақын болдым. Кітап кейіпкерлері сияқты жақсы адам болуды армандайтынмын. Әлі есімде, 2-сыныпта оқып жүргенімде Әдеп сабағынан Айгүл деген апай берді. Өзі сондай әдемі, көркі мінезіне сай еді. Сол кісіге еліктеп, өзімді ұқыптылыққа тәрбиеледім, әдемі жазуға дағдыландым.

smuyp120jsq

– Осы ретте, отбасыңыз туралы айта отырсаңыз…

– Менің жақсылыққа ұмтылып, үлгілі болуға тырысуымда ата-анамның үлесі мол. Өйткені, менің бойымдағы ізгі қасиеттердің негізі сол кісілердің тәрбиесі арқылы қалыптасқан болатын. Әкем – Досқалиев Жәрдем кісіге болсын дейтін айналасына сыйлы адам. Анам – Досқалиева Айнагүл ақжарқын әрі мейірімді жан. Олар алғашында менің ел қатарлы жасап жатқан жұмысымды тастап, қайырымдылыққа біржола бет бұруыма қарсы болғанымен, кейін оның жақсы нәрсе екенін түсіне бастады. Қазір тек сенім білдіріп отырады. Біздер үш ағайындымыз. Өзімнен кейінгі інім отау құрып, ата-анама екі немере сыйлап отыр. Сіңілім де бір әулеттің түтінін түтетіп отырған отанасы. Үйдің үлкені ретінде кейінгілерге қамқор болуға тырысамын.

– Сіздерді тек ата-аналарыңыз емес, ел қолдап отыр ғой. Осының өзі сіздер үшін үлкен жетістік емес пе?

– Аллаға шүкір, үш жылдың ішінде бастаған ісіміз елден қолдау тауып, баспасөз беттерінде де жарияланып келеді. Марапаттан да кенде емеспіз. Елбасының «Алғыс хатымен» марапатталып, Ауған соғысы ардагерлерінің «Қайырымдылық үшін сауап» деген медалін иемдендім, өткен жылы Атырау облыстық патриоттар форумында «Қоғам жанашыры» атағына ие болдым.

Үш жылдың ішінде ел ағаларынан қолдауды көп көрдік. Бұл ретте әр жұма сайын мешіт ауласында қайырымдылық жәрмеңкесін өткізуге қолдау білдіріп жүрген «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы ағамызға дән ризамыз.

2013 жылы алғаш ерікті болып бастамамызды көтергенде үлкен бір ұйым болып жұмыс жасау үш ұйықтасақ та түсімізге кірмепті. Телефон шалып, мекен-жайымызды сұраған халықпен әр түрлі жазғы саябақ пен арзанқол асханаларда кездесуші едік. Қатарымыз көбейген сайын бас қосатын жер таба алмай қиналатынбыз.

Сондай күндердің бірінде қазіргі қалалық мəслихаттың депутаты Нұрлан Азамат есімді азаматпен таныстық. Ол кісі бізге кеңсесінің кілтін тастап кететін. Бүгінгі күні облыстық мəслихат депутаты Сұлтанов Диас Бауыржанұлы басқаратын Кәсіподақтар үйінің даңғарадай екі бөлмесін пайдаланып отырмыз. Ісімізге түсіністікпен қарап, қолдау көрсеткен ағаларымызға барша ұйым атынан шексіз ризашылығымды білдіргім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет. Осынау сауапты істегі қажыр-қайраттарыңыз мұқалмасын!

 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.