Атырау ардақтылары

Сондай жандар болады. Үлкенге де, кішіге де бірдей қарап, тең дәрежеде сұқбаттасады. Көкірегін кермейді, шалқаймайды. Олар елдің алдында атқарған қызметінің түгелін де өздеріне міндет санайды. Былайша айтқанда, дүние дидарын ашқаннан кейінгі өмірлік миссиясын толық танып-білген, түйсінген адамдар ғана жасаған жұмысын, жиған абыройын бәлденбей, қандай қажеттілік туса да ешкімнің ала жібін аттамастан, қаз-қалпында бет алған бағытына қарай жылжи береді. Сондай сипаттарға ие тұлғалардың бірі – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Амангелді ШАМҒОНОВ ағамыз сексеннің сеңгіріне шықты.

Аға деймін-ау. Амангелді ағаймен арамызды елу бес жыл қамтиды. Бірақ, қазақтың «Аға мен іні» деген тіркесі қандай жарасымды десеңші?! Тіпті, оған жылдар да, жылдар түгілі жарым ғасыр да кедергі емес. Сыйласу үшін сый емес, сыпайылық қажет. Осыны ұқтым.

Амангелді Шамғонұлы – Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Дыңғызыл ауылдық округінің тумасы. Ол оқыған орта мектепте Жұмекен Нәжімеденов пионер вожатый болған. Бүгінде бұл оқу орнына жыр жампозының есімі берілген. Кейіпкеріміз еңбек жолын сол кездегі саясаттың желеуімен ауыл шаруашылығы саласында, Калинин колхозы тракторшысының көмекшісі болып бастайды. Айдалада жатып шабылған пішендерді түктеу, көктем мен күзде қой қырқу, сол сияқты басқа да ауыр жұмыс түрлері.

Қара жұмыстың қамытынан құтылып, жоғары білім алмаққа өткен ғасырдың 60-ыншы жылы ағамыз ақ адал арманын арқалап, жолдамамен Алматыға аттанады. Әйтсе де, үлкендерден естуімізше, ол кез екінің бірі қалаған қаласына барып, қалаған оқу ордасына түсе беретұғын заман емес еді. Идеология мен тәртіп мықты болды. Білімге көп көңіл бөлінді. Таңдаулылар ғана бір немесе бірнеше мүмкіндіктен кейін жоғары білім алуға қол жеткізетін. Амангелді ағаның да алғашқы талап-тілегі ә дегеннен орындала қоймады. Дәлірек, оқу конкурсынан өту бұйырмады. Бірақ, жасөспірім жігіт елге кері қайтуға «арланып», Алматы станциясындағы жүк тиеу және түсіру бөлімінде тер төгіп, нәпақа табамын деп шешті. Бір жақсысы – мұндағы қызметте арнайы жатақханасы болатын.

Сөйтіп, бір жылдан соң ол қазіргі Әл-фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түсті. Одан кейінгі жылдары кеңес әскері құрамында азаматтық борышын өтеп келіп, 1966 жылы оқуын жалғастырды. Студентітк жылдары мақта теру, мектеп салу, егін жинау сынды міндеттерге араласты. Университеттің Қазақстан тарихы кафедрасы меңгерушісі Қажым Хабиевтің ұсынысымен бұндағы тарих үйірмесіне жетекшілік етті. Бұл – А.Шамғоновты ғылымға жетелеген алғашқы баспалдақ болатын.

Жұбайы Нұржамал Құралқызы және ұлы Мейрамбекпен

Алпыс сегізінші жылы Амангелді ағай туған жерге – сол кездегі Гурьев педагогикалық институтына (қазір Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті) «КСРО» тарихы кафедрасының оқытушысы болып орналасады. Аталмыш оқу орнында А.Шамғонұлы күні бүгінге дейін елу төрт жылдың көлемінде үздіксіз еңбек етіп келеді. Әр жылдары аға оқытушы, доцент, академиялық және қауымдастырылған профессор қызметтерін абыроймен атқарды. Қазір Х.Табылдиев атындағы ғылыми-зерттеу институтының «Мәңгілік ел» ғылыми орталығында ғылыми қызметкер ретінде кейінгі орта және жас буын ғалымдарға мол тәжірибесін, үлгі-өнегесін үйретуде.

Ғалым Амангелді Шамғоновты былайғы жұрт ең әуелі өлкетанушы, қала берді исатайтанушы есебінде біледі. Ол Атырау университеті қабырғасында жүріп өлкетанушы студенттердің ғылыми мектебін қалыптастырды. Отыз жыл бойына нәтижелі қызмет еткен, 14 ғылым докторы мен 35 ғылым кандидатын дайындап шығарған «Атамекен» ғылыми-өлкетану бірлестігіне жетекшілік етті. Олардың ішінен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның мүше корреспонденті, «Құрмет» орденінің иегері Ғ.Кенжебаев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Ұлттық Білім Академиясының академигі А.Иманғалиев, педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Н.Н.Хан, тарих ғылымдарының докторлары Ә.Мұхтар, С.Сапанов, А.Ахмет, Ұ.Ахметова, Л.Бердіғожин, Б.Найманбаев сынды бірлестік құрамында шыңдалған ғалымдарды атап өтуге болады.

Ал, исатайтанушы ретіндегі қызметі – А.Шамғонұлының ізденімпаздық, тиянақтылық қасииеттерін анық аңғартатын ерен еңбек болып есептеледі. Республика деңгейінде Исатай Тайманұлын бұл кісідей тереңіне бойлап, астарына үңіліп зерттеген ғалым кемде-кем. Мәселен, ол Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліске «халық-азаттық» мәртебесін беруге көп күш жұмсады. Кейін бұл көтерілісті үш емес, екі кезеңге бөліп қарастыруды енгізіп, көтерілістің картасын жасап, оны 2016 жылғы «Қазақстан тарихы» оқулығына ендірді. «Исатай Тайманұлының ұрпақтары» және «Ұлы дала батыры – Тайманның ұлы Исатай» атты кітаптар шығарды. Исатай-Махамбет көтерілісіндегі басты тұлғалардың бірі – Қабыланбай Қалдыбаевқа, Исатай батырдың немересі, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы Өтепқали Исатаевқа Атырау қаласынан көше беруге ықпал етті. Ақтөбе облысы, Қобда ауданындағы Шейітсай Қорымында Исатай батырға кесене тұрғызуға да А.Шамғонұлының қосқан үлесі орасан зор. Баһадүр батыр, ұлы ақын Махамбет Өтемісұлының туған жылы мектеп оқулықтарындағыдай 1804 емес, 1803 жыл екендігін де дәлелдеген – біздің кейіпкеріміз.

Одан бөлек, күйші-композитор Дәулеткерей Шығайұлының туған жері Батыс Қазақстан облысы, Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, бұрынғы Конево елді мекені екендігін тарихи фактілермен келтіржі. Күй атасы Құрманғазының да өмірдеректеріне қатысты мәліметтерде Амангелді ағамыздың ғылыми қолтаңбасы бар. Анығында, Құрманғазының 1823 жылы дүниеге келгенін анықтап, Құрманғазы ауданының орталығы – Ганюшкин ауылының атын Құрманғазы деп өзгертуге тікелей септігін тигізді.

Осынау білім-ғылым жолындағы ғұмыр бойғы тынымсыз төккен тер өтеусіз болған жоқ. «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Ыбырай Алтынсарин», «ҚР ғылымын дамытуға сіірген еңбегі үшін» төсбелгілерін өңіріне тақты. «Қазақстанның үздік өлкентанушысы», Атырау облысы, Исатай ауданының Құрметті азаматы, Х.Досмұхамедов, Махамбет атындағы сыйлықтардың иегері атанды.

Жіпке тізгендей шұбырта берсе Амангелді Шамғонұлында марапат жеткілікті. Күні кеше 80 жылдық мерейтойында «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкер» атағына лайық деп танылды. Сөзімізді қорытындылар болсақ, құрметті дейтін атақты Амангелді ағамыз өзінің кіршіксіз көңілімен, кең пейіл кісілігімен, мол мейірімен әлдеқашан иеленіп қойған-ды.

…«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді». Өміршең қағида. Лайым солай болғай.

 

Өмірбек САЛАУАТҰЛЫ,

Атырау облысы