Еліміздегі жалғыз тұйық теңіз – Каспий. Аталған су айдынындағы құбылыстарды қалт жібермей саралайтын сарапшылардың пайымдауынша, теңіз деңгейі көпжылдық, жыларалық, маусымдық ауытқуға ұшырағаны байқалып отыр. Алайда, мұны сала мамандары табиғи үрдіске балайды. Өйткені, мұндай мерзімдік ауытқу сыртқы шекарада өзгермелі шарты бар жабық су қоймасы үшін қалыпты жағдай саналады екен.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мамандарының мәліметіне сүйенсек, өткен ғасырдың 30-жылдарынан бері Каспий деңгейінің төмендеуі байқалды. 1977 жылға қарай теңіз деңгейі 3 метрге төмендеп, –26-дан –29 метрге дейін жеткен. Кейін су деңгейі қайта көтеріле бастап, 1995 жылы 3 метрге жоғарылап, –26,62 метрді құраған. Осы аралықта су деңгейінің көтерілуі жылына шамамен 14 см, ал кей жылдары –36 см болған.

– Теңізде 2005 жылдан бері циклдік төмендеу кезеңі қайтадан басталды. Каспийде желдің әсерінен мезгілсіз ауытқу болып тұрады. Мәселен, Каспийдің солтүстік бөлігіндегі  «Жанбай» теңіз гидропосты ауданында осындай маусымдық көрініс анық байқалып отыр. Әсіресе, көктем мен күзде. Бұған солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыстан соғатын жел себеп. Ал, жазда жел екпіні қатты емес кезде мұндай жайт кездеспейді. Теңіз деңгейінің көтерілуі желдің жылдамдығы 10-15 м/с және ұзақтығы 10-12 сағаттан 1-2 күнге дейін жалғасса ғана байқалады. Ал, жел секундына 15-25 метрге жеткенде теңіз деңгейінің биіктігі 1,5-2 метр немесе одан да жоғары болады, – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Соңғы жылдары Каспий теңізі деңгейінің ауытқуына климаттың антропогендік өзгеруінің әсері бары анықталыпты. Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, 2006-2020 жылдар аралығында Каспий теңізінің акваториясына жауын-шашынның аз мөлшері түскен. Ал, булану процесі керісінше қарқынды болған. Сондай-ақ, Еділ (Волга) өзенінің бассейнінде су мөлшерінің аздығынан теңізге келетін ағын мөлшері көп болмаған.

Дегенмен, министрліктің ұсынып отырған басты себебі – климаттың жылынуы. «Каспий деңгейінің төмендеуі мен жоғарылауы бұрын да болған. Оның ұзақ мерзімді табиғи циклдік сипатқа ие екенін атап өтеміз. Соңғы жылдары Каспийдің жағдайына ғаламдық жылыну да ықпал ете бастады» деп мәлім етті министрліктің баспасөз қызметінен.

Су айдынының қазақстандық секторын игеріп жатқан NCOC компаниясы Каспий теңізіндегі тереңдету жобасын бастағалы отыр. Бұл жоба қалай іске асады? Оған бақылау жүргізіле ме? Жалпы, бұл жобаның теңіздің экожүйесіне әсері қандай болмақ? Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасовтың пікірінше, қоғамдық мониторингтік топ бақылауға алады. Оның құрамына жергілікті экологтар, ғалымдар мен экобелсенділер кірген.

– Гидрология, ихтиология саласындағы ғалымдар жобамен ашық түрде танысып жатыр. Қоғам өкілдеріне де көрсеттік. Тереңдету жұмыстары жаңа бағыттарда емес, қолданыстағы кеме жолдарында, 29 шаршы километр аумақта ғана жүргізілмек. Бұл теңіздің солтүстік-шығыс аймағының 0,03 пайызын құрайды. Сол себептен, балықтар миграциясына, құстар ареалына соншалықты әсері болмайды. Ал, аз көлемдегі залалды компанияға өтету әдістемелері қарастырылып отыр. Теңіз суының лайлануын азайту үшін жаңа технологиялар қолданылады. Біз бұл жобаны тұрақты бақылауда ұстаймыз, – дейді  Зұлфұхар Жолдасов.

Ал, NCOC компаниясы бас директорының орынбасары Ермек Марабаевтың айтуынша, тереңдету жұмысы ауқымды жоба емес. Бұл – әдетте атқарыла беретін шаруа.

– Тереңдету жұмыстары теңіздегі бес аралда жүргізіледі. Теңіз деңгейінің төмендеуі аралдар арасындағы кемелердің қозғалысына, тасымал, апаттық құтқару жұмыстарына кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан, теңіздегі тек кеме жолдарын ғана тереңдетеміз. Канал салу жоспары жоқ. Ал, тереңдету – Каспий теңізіндегі күнделікті жұмыс. Кеме жолдары әр жылдары тереңдетілді. Одан экологияға қауіп жоқ. Әйтсе де, экологиялық әсерді бақылау үшін тұрақты түрде өндірістік мониторинг жүргіземіз, – дейді Ермек Марабаев.

Оның айтуына сенсек, каналдарды төсеу идеясы 1995 жылдан бері Каспий теңізі деңгейінің, оның ішінде «Қашаған» кен орнында теңіз нысандары орналасқан аумақта төмендеуіне байланысты қажеттілікке айналып отыр. Жоба құрылысы екі кезеңге бөлінген. Біріншісі – «D» аралына батыстан кіретін канал. Екіншісі – «D» аралын пилотсыз аралдармен байланыстыратын кәсіпшілік канал. Оның ені 80-нен 115 метрге дейін жетеді. Жобада диаметрі 325-тен 380 метрді құрайтын 10 бұрылыс бассейнін құру көзделіпті. Теңіз түбінен 18,5 млн текше метрден астам топырақ шығарылады.

Биология ғылымдарының докторы Елена Крупа тереңдету кезінде судың лайлануы теңіздегі организмдерге уақытша ғана әсері болатынын алға тартып отыр. Бірақ, мұның теңіз деңгейіне зияны тимейді.

– Каспий теңізінің экожүйесі қайтадан қалпына келу қабілетіне ие. Теңіз организмдерінің қоректік базасы туралы айтсақ, фитопланктондар теңіз табанын тереңдету әсерінен болған лайлану кетіп, тұнғаннан кейін бірден қалпына келеді. Бір айдан соң зоофланктондар, одан соң макрозообентос бұрынғы қалпына түседі. Жобаны Каспий теңізі деңгейінің динамикасымен байланыстыруға болмайды. Себебі канал салынбайды ғой. Теңіз деңгейіне Жайық пен Еділ өзендерінің ағыс көлемі мен климаттық факторлар әсер етеді, – деген пікірін білдірді ғалым.

Биология ғылымдарының докторы, ихтиолог Асқарбай Камелов бұл жобаның балықтар миграциясына әсер етпейтініне сенеді. Өйткені, Каспийдегі бекіре тұқымдас балықтар екі жағдайда, яғни уылдырық шашу және азық іздеу үшін көшіп-қонады.

– Уылдырық шашу кезінде теңіздің барлық акваториясы бойынша емес, тек жағалау аймағында миграция жасайды. Яғни, бұл кезеңде олар тереңдету жобасы жүзеге асатын аймақтың әсеріне ұшырамайды. Ал, қорек іздегенде көбіне солтүстік аймақтағы таяз жерлерге барады. Сондықтан миграцияға аталған жобаның әсері болмайды, – дейді ол.

Қоршаған ортаға, әсіресе теңіз экологиясына Парламент Мәжілісінің депутаттары да алаңдаушылық білдіріп отыр. Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдаған Сәлімжан Нақпаевтың мәліметінше, 2010 жылы құрлықта 8 584, Каспий теңізінің су басар жағалауында 1 262 мұнай ұңғымасына зерттеу жүргізіліпті. Зерттеу қорытындысымен 82 мұнай ұңғымасын жоюға ұсыныс берілген. Сондай-ақ , 2013 жылы Атырау облысының әкімдігі 1 400 мұнай ағу қаупі бар ұңғыманың бар екенін, оның 128-ін Каспий теңізінің суы басып жатқанын анықтапты.

– Қоршаған ортаға кері әсерін тигізетін мұндай ұңғымалар бір өңірде ғана емес, Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарында да бар. Бұл – Шығыс Тасорпа, Құлтай, Жилянская, Петропавловская және басқа кен орындарындағы ұңғымалар. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне қарағанда, Каспий теңізі жағалауында бір ұңғыма, құрлықта 41 ұңғыма жойылған. Қазір жойылуы тиіс бес мұнай ұңғымасы қалған, – дейді Сәлімжан Нақпаев.

Депуттаттың айтуынша, жер қойнауын пайдаланушылар аумағында орналасқан ұңғыларды жою немесе консервациялауды сол компаниялардың есебінен жүзеге асыру міндеттелген. Алайда, кейбір жосықсыз жер қойнауын пайдаланушылар өз міндетін толық орындамай отыр. Сондай-ақ зерттелген және жойылған ұңғымалардың статистикалық мәліметі сәйкес келмейді. Құрлық пен Каспий теңізінің жағасында жойылуы тиіс нақты қанша апатты ұңғыма қалғаны белгісіз болып отыр. Кезінде есеп жүргізгенде иесіз қалған мұнай ұңғымаларының қатарына гидрогеологиялық ұңғымалар да енгізілген.

– Сол себептен, Үкімет тарапынан бірнеше нақты іс-шара атқарылуы тиіс. Біріншіден, еліміздің аумағында жойылуға және консервациялауға жататын ұңғымалардың нақты санын анықтау қажет. Екіншіден, апатты ұңғымалардың жойылуын немесе консервациялау жұмысын бекітілген мерзімде аяқтамаған жер қойнауын пайдаланушыларға шара қолдану керек. Үшіншіден, иесіз қалған апаттық мұнай ұңғымаларын жою, не консервациялау үшін бірнеше жылға арналған нақты тізбе жасақталып, бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінгені жөн, – деп есептейді С.Нақпаев.

Түйіндей айтқанда, қазақ қоғамы үшін де, жағалаудағы өзге елдер үшін де Каспий теңізі экологиясының бүлінбегені қажет. Бұл – баршаның талабы.    

 

Бек МҰСТАФА,

Атырау облысы