Қыршын ғұмыр

Нарын құмы… Қазағымның талай өр рухты ақындары мен өткір тілді жазушылары дүниеге келген киелі мекен. Дәл осындай қойнауында төрт түлігі жайылған, жері құнарлы, салқын самалды, кең байтақ даламнан ерекше жан туып-өскен.

Бұл есімді бүкіл қазақ жатқа білу керек десем, артық болмас! Ол – жасынан жалындаған, өмірі мен өнері аққан жұлдыздай өте шыққан, дарынды ақын Абат Бектенұлы еді. Абат Бектенұлы 1949 жылдың маусымында Гурьев облысы, Новобогат ауданы, Нарын құмының Айбас ауылында Жайық Беріш руынан тараған Бектен мен Марфуғаның шаңырағында дүниеге келген. Отбасында он ағайынды болған. Бала кезінен зерек, білімге құштар ол 1955 жылы алты жасында өз ауылындағы Абай атындағы орта мектеп есігін ашады. Кейіннен отбасы жағдайына байланысты Чапаев елді мекеніндегі Максим Горький атындағы орта мектепке ауысып, білім ордасын 1966 жылы үздік тәмамдайды.

Абат Бектенұлы (1949-1969)

Осылайша қатарына үлгілі Абат ағаның студенттік шағы басталған еді. Арман қуған бозбала білім алу үшін Алматыға сапар шегеді. Алайда, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің іріктеу сынағынан өте алмай ауылға қайтады. Содан бір жыл бойы Атырау геологиялық барлау-бұрғылау мекемесінде бұрғышының көмекшісі болып қызмет етеді. Жоғары білім алу қажеттігін түсінген ақын, 1967 жылы Ресейдің Тюмень қаласындағы индустриялық институттың тау-кен инженері мамандығына оқуға қабылданады.

 

Алайда, Абат ағаның жүрек қалауы журналист, жазушы болу еді. Талай мәрте өз мақалалары мен өлеңдерін облыстық, республикалық «Лениншіл жас», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақ әдебиеті» секілді газет-журналдарға жариялап отырған. Тюменьде оқып жүріп, қазақ әдебиетіндегі көрнекті жазушы Сәбит Мұқановқа хат жолдайды. Хатында өзінің әдебиет жолында білім алу үшін Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне ауыстыруға ықпал етуін сұрап, өз туындыларын қосып жіберген. Нәтижесінде, жазушы Сәбит Мұқановтан хатына жауап келеді. Хатта: «Інім Абат, жазушы тек қана КазГУ бітіргендер ғана емес, басқа мамандықты игергендер де бола алады. Мысалы, Зеин Шашкин дәрігер болса, Олжас Сүлейменов тау-кен инженері, Александр Фадеев геолог деген секілді. Ал, сенің мамандығың бойынша болашақта сол салада жазатын журналистер қажет. Оқуыңды жақсы бітір, өмірдің өзі қандай мамандық игеретініңді алда көрсетеді», — деп ағалық ақылын айтқан.

Абат Бектеновтың Сәбит Мұқановқа жазған хаты

Дос-жаранға қадірлі, парасаты мен ұстанымы биік, Абат ағаның әдебиетке деген ықылас-ниеті мүлдем бөлек еді. Әттең… Жалындаған жас ақын небәрі жиырма жасында, яғни 1969 жылдың 4 сәуірінде кездейсоқ оқиға салдарынан бұл фәниден мәңгіге аттанды.

Қазіргі таңда Абат ағаның асыл арманын ағасы Мұрат, інісі Самат Бектеновтер жалғастырып жүр. Нақтырақ айтсам, Самат Бектенұлы Ибраим ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, көптеген кітаптар мен мақалалардың авторы, белгілі редактор.

Абат Бектенұлының шығармашылығымен алғаш танысқан кезімде, тұла бойымды өзгеше бір сезім биледі. Шығармашылығындағы өзіндік қайталанбас үні, сөз саптауы, еш бояусыз терең мағыналы ойлары, бәрі де адам жанын өзге әлемге еріксіз елітіп әкетеді. Шығармалары өз заманында лайық бағасын ала алмаса да, қазіргі кезде бағаланып келе жатыр. Иә, адам баласына бір-ақ рет берілген өмірде, халқына өшпестей ізгі мұра қалдырған Абат аға, тірі болса қазақ әдебиетін өзге арнаға, биік белеске жаңа бағытта шығарар ма еді?! Кім білсін?

Шығармашылық тұлғалардың рухы ешқашан өлмейді. Неге десеңіздер, ақын – табиғат пен Жер ананың ерекше жаратылысы. Олардың қарымды қаламынан туған туындылары, күйбең тіршіліктен бөгде әлемдері, рухани дүниеңді тыныштандыратын тылсым қасиеттері, барлығы ерекшеліктері мен ұлылықтарын көрсетіп тұр емес пе?!

Қойындәптеріндегі қолжазба

Абат Бектенұлы – халқының аса ардақты перзенті. Әлем әдебиетшілерінің бірі де бірегейі болуға әбден лайық жан. Тірі болса бүгінде 72 жасқа толар еді…

Қорытындылай келе айтарым, біз сан ғасырлардан бері ақын-жазушыларымызды аса құрметтейтін, шығармаларын ұмытпай шын бағалайтын, әдебиетке жаны құмар халықпыз. Елі мен жері үшін қалам тербеген, келер ұрпаққа өнегелі сөзі мен тағылымдарын қалдырған дара тұлғаларымызды ұмыт қалдыру – үлкен сын десем қате болмас, сірә! Әдебиет халықпен бірге туған. Халық барда, тыңдаушы құлақ барда зиялыларымызды әрдайым ұмытпай, әрқайсысына лайықты түрде құрмет көрсетіп жүрейік!

                                                                       Мәдина ЕСЕНИЯЗҚЫЗЫ,

                                                                                                                         Алматы қаласы