Ол – қазыналы өңірдегі тұңғыш кәсіби мүсінші. Сан мәрте облыстық және республикалық көрме-конкурстардың жеңімпазы, «Ақ ерке Ақ Жайық» фестивалінің Гран-при иегері. 2005 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан мүсінші облыс көлемінде орнатылған 30-ға жуық монументальді-декоративті мүсіндердің авторы ретінде кеңінен танымал. Қазақстан Республикасы Суретшілер және Дизайнерлер Одақтарының мүшесі.

Жуырда Испанияда өткен «Усы Дали» атты халықаралық суретшілер конкурсында ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталған мүсінші Серік Мәтениязов есімі биыл «Лучшие люди» халықаралық энциклопедиясына енгізілді.

Қиындығы мен мехнаты көп, үнемі тынымсыз еңбек пен жанкештілікті, ізденіс пен рухтылықты, асқан шеберлік пен кәсібіңе деген құрметті, талант пен талапты тоғыстыратын осынау мүсіншік кәсіпке ол бірден келе салған жоқ. Әкесі Қамидолла темірден түйін түйген нағыз шебер адам еді. Анасы да қолөнерден қара жаяу емес – киіз басып, өрмек тоқыған, сақина соғудың да қыр-сырын тәуір меңгерген қолөнерші, ісмер-тұғын. Әкеның қанымен, ананың сүтімен берілетін осынау өнердің ұшқынын Серік те бала кезден бойына сіңіріп өсті. Бордан аңдар мен жануарлардың мүсінін қашап жасауға әуестенді…

Аққыстау ауылындағы Исатай батыр ескерткіші

Орта мектепті бітірген соң Ресейдің Ракета әскерлері құрамында болып, Отан алдындағы азаматтық борышын да ойдағыдай өткерді. Шынығып, ширығып келген Серік арман қуып, Алматы асты. Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесінің мүсін бөліміне оқуға түсіп, арнаулы дипломын алған ол осынау өнердің қыр-сырын тереңірек меңгерсем деген оймен 1990 жылы Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтында оқуын жалғасытырды. Теориялық білімін жан-жақты жетілдірді. Итальяндық әйгілі мүсінші Микеланджелоның өмірі мен өнеріне қатысты шығармалармен сусындады. Монументальді-декоративті мүсін бөлімінде мүсін өнерінің хас шебері, ғалым ұстазы Хакімжан Наурызбаевтан дәріс алып, қылқаламшы Төлеген Досмағамбетовтің мүсіндік өнеріне өзінің еліктеушілігін арттырған Серік институт қабырғасында оқып жүріп, студенттер  көрмесіне, сондай-ақ, жастардың шығармашылық «Жігер» фестивалі аясында өткізілген XV республикалық «Қазақстанның жас суретшілері», «ВЛКСМ-ға 70 жыл» көрмелеріне қатысып, бағын сынады. Оның Белоруссияның Колядичи қаласындағы қоладан мүсін құю цехында тәжірибеден өтуі болашаққа айқын бағыт-бағдар сілтеген батыл қадам еді.

«Жас Құрманғазының образы». С. Мәтенияозвтың институтты бітірерде үздік қорғаған дипломдық жұмысы осылай аталды. Туған жеріне оралған талантты жігіттің алғашқы көрмесі «Мүсінші әлемі» тақырыбында өтіп, түйінді ой түйген топтасқан туындыларының тұсауы кесілді. Оның «Абайдың бейнесі», «Қайғылы ана», «Ұйқыда», «Күрес», «Бүркітші» атты туындылары көрме көрермендерін тамсандырып, сыр мен мұңға тұнып, философиялық ой-шешімге жетелейтіндей ерекше әсер сыйлады. Араға бірер жыл салып, мүсіншінің шығармашылық зертханасынан халық батыры Исатай Таймановтың, күй атасы Құрманғазының, ұлы ақын Абайдың, Кеңес Одағының Батырлары Қайырғали Смағұлов пен Мұса Баймұхановтың, қазақтың көрнекті ақындары Хамит Ерғалиевтың, Жұмекен Нәжімеденов пен Меңдекеш Сатыбалдиевтің мүсін-бейнелері өмірге келді. Әр жылдардың жемісіне айналған бұл мүсіндердің бірі мәрмәр тастан, енді біреулері темір бетоннан салынды. Олардың қай-қайсысында да Серіктің төл туындысына деген таңдай тері мен тынымсыз еңбегін, ізденісін айқын аңғарар едіңіз. Мүсін жасау аса ептілікті, төзімділікті, дәлдікті қажет ететін өнер. Әрбір затты ықыласпен, ынтамен істемесе ойдағыдай шықпайды.

Құлсары қаласындағы «Алтын адам»

Мәтениязов мүсіндері – Кең Жылыойдың кеңдігі мен елдігін, ата дәстүрі мен аймаққа аты мәшһүр адамдардың бейнелерін айнытпай, ажарлы айшықтай алуымен, ұлттық сипатпен берілуімен құндырақ. Кең Жылыой топырағына табан тірер тұсқа қойылған Серіктің «Қонақжайлық» монументалды-декаративті мүсіні –зерең аяққа ақ дәмін құйып, бар зейінімен ақжарма көңілін аңғартқан ақ кимешекті «Ана», алыстан ат арытып келген алты жасар балаға алдыңнан шығып сәлем бергендей күй кештіретін «Ата мен Әже» бейнелері жолаушыны ерекше әсерде қалдырады. Атырау, Құлсары қалалары мен ауылдарда Серіктің қолтаңбасы қалған отызға жуық монументальді-декоративті мүсіндері өткен тарихымыз бен белгілі адамдарының өмірінен сыр ақтарып тұрғандай.

Мүсінші жігіттің тағы бір қыры – халқымыздың өмірі мен тұрмыс салтында бүгінде дамуы кенжелеу қалып келе жатқан қолөнер саласына да өзіндік өрнек салуы десек артық айтқандық болмас. Оның ісмер де шебер қолынан шыққан өрмелі қамшы, жанторсық, ожау, домбыра, сазсырнай сынды бұйымдар да жетерлік. Шетелдіктерге халқымыздың қонақжай дәстүрімен ұсынылып жүрген ұлттық қолөнер бұйымдары сегіз қырлы, бір сырлы Серіктің біртурар дүниелері екендігін көпшілік біле бермейді-ау! Құлсарының орталық көшесіндегі айналма жолда алаштың Төремұрат, Өтен, Нарынбай сынды батырларының үштаған үлгісіндегі кешенді тұлға-бітімін шеберлікпен жеткізді.

Махамбет Өтемісұлы ескерткіші

Әйгілі ақиық ақын, ақберен батыркүйші-сазгер Махамбет Өтемісұлының Махамбет ауылында, ал, Исатай аудан орталығы – Аққыстауда 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерісінің басшысы, батыр Исатай Тайманұлына арналған шоқтығы биік алып ескерткіштер бой көтерді. Қоладан құйылған бұл ескерткіштерде мүсінші небір тар жол, тайғақ кешулерде, қым-қуыт сәттерде серік болған бірінің құйқылжыған құла жирен – Кесікқұлағының, ал, екіншісінің сұлу аты –Ақтабанының үстіндегі қос баһадүрдің бейнелерін асқан шеберлікпен сомдай білді.

«Бүгінгілердің міндеті – ұлы тұлғаларымызды ұлықтау. Осы арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеу керектігін де ескеру қажет. Мен осынау бейнет мен зейнеті, мехнаты мен машахаты мол кәсіпті мұрат тұтқаныма еш өкінбеймін. Менің жолымды таңдаған кіші қызым Айгүл – жоғары білімді дизайнер. Інім Дулат қамшы, торсық, ожау қасық жасаудың сырын меңгерген, есімі аудан энциклопедиясына енді. Үлкен тапсырыс болмаған кезде қолөнер бұйымдарын жасаймын, керамикамен айналысамын. «Өлі жебемей, тірі байымайды» демекші, қазақтың Алашқа әйгілі арыстарының рухын тірілтіп, салт-дәстүрімізге, тарихымызға қатысты деректерді мүсін тілімен сөйлету – менің басты мақсатым» дейді Серік бізбен әңгімесінде.

Мүсінші мен суретші

Серіктің келіншегі Ләззат та өнер адамы. Шымкент педагогикалық институтының көркемсурет бөлімін бітірген, облыстық, республикалық және халықаралық көрмелерге қатысып жүр. Болашақта отбасылық көрме ұйымдастырудың да ойда бар екендігін жеткізді кейіпкеріміз.

Кең Жылыойдың киелі топырағы Аралтөбе қорғанынан 1999 жылы табылған ел тарихындағы екінші «Алтын адам» – қазақ археологиясы ғылымының жаһандық мәні бар елеулі жетістіктерінің бірі-тұғын. Белгілі археолог-ғалым Зейнолла Самашев тапқан бұл алтынмен апталған сарматтар көсеміне Құлсарының төрінен биіктігі бес метрлік ескерткіш орнатылды. «Алтын адам» құрметіне қойылған бұл өнер туындысының авторы да Серік Мәтениязов.

Иә, өшкен тарихты қайта тұтатып, өлген тұлғаларды тірілту арқылы көптің назарын осындай игілікті істерге жұмсауда, талай ұмыт бола жаздаған бабалар мен исі қазаққа танымал қайраткерлерді ортамызға оралуда мүсінші Мәтениязовтың айрықша үлесі мен қажырлы еңбегін атап өткен ләзім. 

                                                                      

Бақытжан ЖҰМАТ,

                                                                       Атырау облысы,

                                                                       Құлсары қаласы

Сафи Өтебаев мүсіні
Құлсарыдағы Төремұрат, Өтен, Нарынбай батырлар ескерткіші