Мемлекеттік Гимннің авторы, ақын Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов туралы сөзге кіріспестен бұрын, жалпы «Поэзия» дегеніміз не нәрсе екеніне жауап берелік. Көне гректердің «поэзия» сөзінің мына бір екі мән-мағынасы тақырыпқа бастар жол болар. Біріншісі – «ештеңені заңнан жоғары қойма»; екіншісі – «жоқтан бар болудың небір себебі – шығармашылық».

Көне гректер біліп айтқандай, Жұмекен поэзиясының негізінде барша тіршілікке бірдей тән заңдылық пен құқықтық тәртіп жатыр. Өмірде де, өнерде де ешқашанда бұлжымас, бұзылмас бір ортақ заң бар, ол – көре білу. Әрине, көру үшін көре білер көз керек. Кемелдік пен келісім көзіне көрінуі үшін әр жанның ынталы жүрегі, шын көңілі болуы шарт. Поэзияға бас бұрған жұрт осы заңды ұстануға міндетті.

Жұмекенді түзу түсіну үшін біз ақынның өзі туралы айтып кеткен сөзін темірқазық ретінде қабыл етуіміз қажет-ақ. Өйткені, біз Абайдан үлгі алуға тиістіміз, қазақтың бас ақыны айтып кетті ғой: «Мен боламын демеңдер» деп, өйткені өзіндегі барын ортаға салған Абай – басқа шауып, төске өрлеген, қазақта қара сөзге дес бермеген заңғар заңгер, адам мінезін зерттеуші ғалым. Абай айнымас көңіл қорықпас жүрек, босанбас буыны бар ақын, өйткені, ол қазақтың Ұлы билерінің соңғысы. Сол сияқты, Жұмекен де, өзінің адами мінезінен хабар беріп кеткендігін оның өзінің сүйіктісі Нәсіпке Алматыдан Атырауға 1956 жылы 12 желтоқсанда жолдаған хатынан оқып көреміз. Ақын ағынан жарылып-ақ сөзін жазып тастапты: «Әй, жаным-ай, саған өмір бойы өзімнің айнымайтын, өлгенінше бір беттілікті жақтайтын характерімді ұғындыра алмай-ақ қойдым-ау».

Міне, Жұмекен мінезі – мінсіз махаббат. Жұмекеннің Нәсіпке арнаған бар хатын біз Махаббат гимні деп атадық. Мінсіз махаббат гимнінен кейін Мемлекеттік гимн туды. Жұмекен жыры – халқына мінсіз қызмет ету үлгісі. Жұмекен – халық тағдырының толқынында туған ақын. Сол себепті, Жұмекен – халық ақыны.

Жұмекен – қырағы, көреген ақын. Жұмекен – шахтёр ақын. Жұмекен поэзиясының Отаны, Алтын ордасы – Қарағандының қайсар шахтерлері, солардың ыстық, керемет жүректері. Президенттің мұрағат қорындағы ресми құжаттар Жұмекен жырының өмірлік растығын, деректілігін, дәлдігін, шынайылығын бекітеді. Жұмекен сүреті алапат, сұмдық, сұрапыл теңеулер ғой:

«Бұл өмірдің лапылдаған,

Бар жалыны – лаваларда.

Сол жалынға жер үстінде,

Жалғыз теңеу табылар ма?»

Шахтёр Жұмекеннің осынау өлеңінен Абайдың «дес бермедімін» естисің. Сенім мен серілік. Тұнып тұрған махаббат. Мадақ жыры. Еңбек гимні. «Жұмекен жыры – жаҺан жүрегі» дейтін сөздің реті. Себебі Жұмекеннің Қарағандысы мен шахтёрлері – жүрек оты мәңгі сөнбес қазақтың еңбек адамының өмірлік образы. Арпалыс ала құйын заманалар арбасып тұрып алса да адамшылық жеңді. «Мерейлі мекен» журналы редакциясының өтінішіне орай, мен де Жұмекен туралы жазуға бірден келісім бердім. Өйткені Жұмекен де мерейлі мекен, оның жырында бүкіл Қазақ Елі сөйлеп тұр. Мерейлі мекен – Жұмекен.

«Менің Қазақстаным» әні – қазақтың айнымас көңілі, қорықпас жүрегі, босанбас буыны. «Менің Қазақстаным» әнінің дүниеге келуі туралы сан-алуан пікір, сөз бар. Барлық жария түрде жеткен ақпаратты заң елегінен өткізгенде шынға бір табан болса да жақын тұрған композитор Илья Жақановтың 2020 жылдың қарашасында Атырауда айтқан дерегі. Бұл әнге тапсырыс берген әнші Жамал Омарова.

Сойқан соғыстан жаңа шыққан қазақ халқына, рухына, өнеріне жаңа дән де, жаңа ән де ауадай қажет еді. Жамал әнші өзінің үйінде тұрып жатқан композитор Шәмшіге ән табуды тапсырды. Мұқым қазақ елі шырқайтын ән – үлкен ән, Ел әні. Әнге сөз керек. Жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдары Шәмші жақсы білетін, таныс ақын Жұмекен Нәжімеденов еді. Себебі екеуі бір мезгілде 1956 жылы Алматыдағы консерваторияға оқуға түскен. Жамал Омароваға ұнар өлеңді Шәмші кімнен іздейді? Әрине, Жұмекеннен.

«Жұлдыз» журналының 2004 жылғы алтыншы нөмірінде Мыңбай Рәштің «Мен айтпай, сірә, кім айтар» деген естелігі жария болды. «Қазіргі «Жас Алаш» бұрынғы «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісімін. «Мынау жас ақын Жұмекен Нәжімеденов болады, ал мен консерваторияның бірінші курс студенті Шәмші Қалдаяқовпын» – деді сарғыштау өңдісі көңілділеу сөйлеп. Жұмекен де Құрманғазы атындағы консерваторияда оқиды екен.

Біздің қолымызда Жұмекеннің 1956 жылдың 20 шілдесінде консерваторияға барлық емтихандарды тапсырып оқуға түскендігін растайтын құжат бар. Құрманғазы атындағы консерваторияның қазақ халық аспаптары кафедрасының 1956-1957 жылдары оқу жылындағы алғашқы мәжілісі 1956 жылдың 31 тамызында өткен және дәл осы күні Жұмекен ғашығы Нәсіпке Алматыдан алғашқы хатын жолдайды. Сонымен, атақты «Менің Қазақстаным» әнінің авторлары Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқов 1956 жылдың жазында Алматыда танысты. Шәмші – Ташкенттен, Жұмекен – Қарағандыдан.

Ақын ізі қалған Қошалақ құмында

Қарағандыдағы мемлекеттік мұрағаттағы Жұмекеннің шахтёр болып жұмыс істеген №33/34 шахтасының іс-құжаттарында тігілген жеке іс парақшасында оның 1956 жылдың 5 шілдесінде оқуға кеткені жазылған. Бұл Жұмекеннің білім жолында Алматыға екінші рет аттануы еді. Алғашқы рет Жұмекен Гурьевтен Алматыға 1955 жылдың 5 тамызында білім алмақ оймен келгенмен, сәті түспей, қыркүйек айында «Шахтаға мен де барамын» деп Қарағандыға көмір қазуға кетті. Жұмекенге жол нұсқаған Ғұбайдолла Ержанов деген азамат екен. Ол кісі естеліктерде «Жұмекенге бұрын таныс емес, көшеде кездейсоқ кезікті» деседі. Біз де, алғашқы кезде осы дерекке сеніп келгеніміз рас. Бірақ, қазір Жұмекенге қатысты барлық ресми құжаттарды зерделей отырып, төменгідей тұжырымға тоқтауды ұйғардық.

Жұмекен әкесі Сабыр соғысқа аттанған соң атасы Нәжімеденнің қарауында, тәрбиесінде болғаны белгілі. Біздің пайдауымызша, Нәжімеден ақсақал алды- артын қатар ойлатын әулие адам, ол немересі Жұмекенге қажетті құжат, қаражат пен бірге қолдайтын, қорғайтын  қамқоршысын да алдын ала сайлап кеткен сыңайлы. Біздің ойымыздың қисынға келетіндігіне тағы да бір дерек бар. Ол – 1955 жылды 16 қыркүйегінде «Лениншіл жас» газетінде басылған Жұмекеннің «Шахтаға мен де барамын» деген өлеңі. Комсомол газетінің жексенбі, 11 қыркүйек күнгі санында Алматыда бейсенбі, 8 қыркүйекте Абай атындағы опера және балет театрында кешкі сағат 20-да өткен жастар жиынында Қарағанды көмір бассейнінің бастығы П.Иноземцев пен Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші секретары Л.И. Брежневтің жастарды кеншілер астанасына шахтерлік жұмысқа шақырғаны баян етілген. Жексенбілік нөмір жұрттың қолына дүйсенбі күні тиген соң жастар бастамасы Жұмекеннің жанашарының көзіне түседі. Ол дереу Жұмекенді комсомолдың қалалық комитетіне жұмсап, Қарағандыға шахтерлік жолдама алдырдады, Сосын оған бір ауыз өлең жаздырып, «Лениншіл жастың» 16 қыркүйектегі санына жария еткізеді.

Жаңағы істің бәрі Жұмекеннің керегіне қызмет еткен сауатты, саналы адамның қимыл-әрекеті. Жас Жұмекен жалғыз қалмаған, халқы оған дер кезінде уақытылы дос қолын ұсынып көмек берген. Біздің азамат Ғұбайдолла Ержановты халық деп бағалауда Абайдың сөзіне арқа сүйеп отырмыз. Абай: «Мекен берген, халық қылған ол – Лә мәкан, Түп иесін көксемей бола ма екен?» деп айтып еді ғой. Мекеніміз – Жер, халық – адам баласы.

Есмұхан Жанизинмен

Ақын Жұмекен – үлкен өнерге үлкен өндіріс мектебінің тәрбиесінен өтіп келген қайратты жас. Иноземцев пен Брежневтің Алматы жастарын шұғыл түрде шахтаға шақыруы еріккенің ермегі емес-тін. Қарағанды көмір бассейні – екінші дүниежүзілік соғыс бойы Кеңес одағының қорғаныс өндірісін кокспен қамтамасыз етіп жатқан алып өндіріс ошағы. Сұрапыл соғыстан, аштық пен жоқтықтан, қуғын-сүргінен әбден қалжыраған шахтерлік өмір үкіметке көмірді қажетті көлемде толық, дер кезінде қазып беруге дәрменсіз болып қалды, өндіріске жаңа күш құймаса болмайтын-ды. Бір ыстық, бір керемет жүректердің күші қажет еді.

Қарашаның басында мен Алматыдағы ҚР Президентінің мұрағатында Жұмекеннің Қарағандыға комсомолдық жолдамамен келуіне қатысты құжаттарды іздегем. Таба алмадым, бірақ, бір жоқ бір жоқты тауып берді. Мен комосомолдың емес, стенографиялық түрде хатталған партияның құжаттарына жолықтым. Оқуға өте ауыр, ащы шындық. Уатылған көмір – уланған өмір. Жер асты – зындан, жер үсті – түрме… Бар жайды өзгеден анығырақ сезген шахтёр Жұмекен өмір ақиқатын жүрек жадына жазып ала берген, ала берген.

«Қайла. Күрек. Көмір қара, көз қара,

Мөлтілдер тек аппақ тамшы сүт-шамдар.

Алақанын алдырыпты бозбала,

Алқынды шал… ащы ауаны жұтпаңдар!»

Алақанын алдырған бозбала, ащы ауаны жұтып алқынған шал – 1942 жылы көмір қазуға, уатуға үкіметтің арнайы қаулысымен қазақтың барлық түкпірінен мобилизациямен алдырылған жандары, жаралы қазақ баласы. Қарағанды көміріне қатысты мұрағаттағы 1931 жылдан 1956 жылдар аралығындағы құжаттарды оқысаңыз Жұмекен жырын, өмірін дұрыс ұғасыз.

Айкен Жұмекенқызы, Ілия Жақанов және Гүлбаршын Байқоныстегі

1983 жылдың қарашасында ақын жүрегі жарылды. Оның нақты себебі біреу-ақ. Ол – 1942 жылдың қарашасындағы қазақ қайғысы, азабы, зары. 1955 жылдың қарашасындағы 20 жасынан ешкімге жақ айтпай, іште сақтап жүрген сырдан 48 жастағы ақынның жүрегі 28 жылдан соң жарылмағанда қайтеді. Империя құлады, партия тарады, тәуелсіздік келді, мұрағаттар қоры сырын біртін-біртін аша бастады. Егерде, мұрағатта «аса құпия» деген таңбасы бар папкаларға қол жетімділік тумаса, бізде Жұмекен жырындағы «көмір – өмір бірнеше от бір кеудеге тұрақтаған» трагедияны білмей де өтер едік.

Ақын Жұмекен шахтёр кезін еске алғанда:

«Қарағанды бір қараған секілді,

Күйе басқан кірпіктерін сәл ашып.

Содан кейін менің қоңыр бетімді.

Сүйді желі күн нұрымен таласып.

Әр тасынан бір-бір ұшқын жүр ыршып,

Қарашы, анау пародоға үйілген:

Қара таулар қайғыдан да тымырсық,

Әлсін-әлсін түтін құсап ыңырсып».

Ол Қарағандыға арналаған өлеңдерінің біреуінде де 1956 жылы ақпанның 8-27 күндерінде кеншілер қаласының ән-би ансамблімен Мәскеуге барып, Кремль төрінде өз өнерін паш еткенін ешқашан еске алмайды. Оның орнына Жұмекен Қарағандының қаралы қара тауларын суреттейді. Ақынның көз алдынан арбасып тұрып алған арпалыс ала құйын заманаларда азап шеккен адам баласының бейнесі кетпеген.

Жұмекен өлеңіндегі «Қара таулар қайғыдан да тымырсық, әлсін-әлсін түтін құсап ыңырсып» жолдары терикондардың суреті. Террикон – шахтаның жер астынан сыртқа шығарылған түрлі улы үйінді, зарарын шашқан қаралы қара тау. Жұмекеннің «қара таулары» – террикондар, «қайғысы» – мобилизацияға ұшыраған жұмыс күші; қайғыдан да тымырсық түнек – террор. Өлеңнің ішкі ойы, зары, қайғысы, күйігі, күші, рухы «Бухенвальдский набад» әніндегі зарлы әуенмен астасып бір зор жоқтау іспеттес үн қатады. Естимісің, адамзат? Бухенвальдтағы қоңырау үні мен Қарағандыдағы террикон ыңырсуы адамзаттың басынан өткергені, көргені. Атом азабының астында амалсыз қамалған адамзат азасы. Террикон – трагедия! Террикон – тымырсық түнек. Террикон – тарих. Террикон – қаралы қара тау. Террикон – террор территориясы.

1931 жылдан бастап Қарағандының шахталарын салған, көмірін қопарған репрессияға, мобилизацияға түскен адамзат баласы – дүниежүзілік азамат соғысының құрбаны. Бірін бірі қас санап, дұшпан көріп, бауырына қол көтерудің бәріде – азаматтық соғыс. Сол себепті, соғыста қаза болған Сабыр солдаттың ұлы Жұмекеннің:

«Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген,

Оқ даусы мәңгілік жойылсын.

Бомбаның орнын тегістеген,

Күректер музейге қойылсын» дегені – заңдылық пен құқықтық тәртіпке шақырған шын ақынның түзу сөзі.

Жұмекен мен Шәмшінің «Бейбіт күн тілегі» деген әні 2005 жылдың 20 сәуірінде Қарағандыда өткен ақынның 70 жылдығына арналған кеште Тәттімбет оркестірінің сүйемелдеуінде шырқалды. Дирижерлік пультте ұстазы Шамғон Қажығалиев тұрса, залда жұбайы Нәсіп Мұстаққызы тыңдап отырды. Шахтёрлер астанасында өткен осынау еске алу кеші Жұмекенге тұрғызған Поэзия ескерткішіндей мәңгі есте қалары анық.

 

Марат АЗБАНБАЕВ,

заңгер, зерттеуші,

суреттерді түсірген Еркін БОЗЖІГІТОВ,

Қарағанды қаласы