Ой түбінде жатқан сөз

ШАБЫТ

Бар дүниеге белшеңнен батып, жүрегің жарылардай толқып, сезімге рахаттана шомылып, тұла бойың оттай қызып, әсерге шын беріліп, бабыңа келіп балқып, шаттыққа толып, арқаң қозып кететін сәт – міне, шабыт деген осы. Ол тек өнер адамдарында ғана тән құбылыс емес. Мықты өнерді, жоғары деңгейдегі орындаушылықты, хас шеберлікті көргенде, көрсеткенде, мойындатқанда көрермендердің де делебесін қоздырып, бір орында отырғызбайтын буырқанған ішкі тебіреніске толы керемет әсерлі сәт – осы шабыттың құдіреті.

Бұл пәлсәпа тілінде қандайда бір қалыпқа түсуді білдіреді. Нағыз дарынды адам шабытымен көрермендерін де, оқырмандарын да баурап, елітіп, ертіп алады. Оларды да осы шабыт кемесіне, қанатты пегасқа мінгестіріп, өңгеріп ала жөнелердей күй кештіреді.

Біреулер бұндай сәтті «қияли» деп ойлауы мүмкін. Оның да екі мағынасы бар. Қияли – ол есі ауыс, болмайтын нәрселерді болады деп армандайтындар немесе кәдімгі сондай қалыпқа (кайф) түрлі нәрселерді пайдаланып, қолдан түсетіндер. Бұл екеуін мүлде шатастыруға болмайды. Екеуінің шылбырын жіберіп «атойлатып» айтақтатып жіберсеңіз екеуінің жетер мәресі екі жақта. Біріншісі адамға қанат бітіріп триумфты көкке өрлетсе, екіншісі құлдырап көрге қарай кетеді.

Ал, жәй қиялға беріліп, ой-жетегіне еріп те жоспарлы бір нәрселерді туындата беруге болуы мүмкін, мейлі ол ән, картина, қойылым болсын бәрібір. Бірақ, ол дүние, ол туынды қаншама керемет жоғары деңгейде орындала берсін, егер оның өн-бойында қандай да бір шынайы шабыттың ізі, қуат көзі болмаса – ол мүлгіген жансыз, өлара жаттанды бір әсерсіз нәрсе болып шығады. Шабыт – ол адамның өн бойындағы ұшқынның жануы, лапылдауы.

Басында бір нәрсеге қызығып, кейін ол түсінігің кеңейіп идеяға ұласып, оған бар бітім-болмысыңмен, тұла-бойың, ой мен сана, сезімге толы жан-дүниең түгелімен біте-қайнаса араласып, жұмылдырылғанда ғана шығатын қалып – шын шабыт, шын сөз, шын сурет сол. Суреттегі заттың салынуы, ондағы әрбір детальдың, композициялық орын-орындарына дәл қойылуы, бояудың жағылуы, жұғылуы үлкен шынайы сезім табиғилықты білдіруі тиіс. Картинадағы әрбір штрихтың қимылы, тынысы көрерменнің тынысымен, қимыл-қозғалысымен астасып жатуы керек. Музыкадағы дыбыстар немесе әншінің көмекейінен шыққан әуен іспетті. Ол көрерменнің жүрек дүрсілімен астасса, бір толқында тербелсе ғана оның рахат сезімін баурай алады. Рухтандырады. Шабыттың биік шыңы сол.

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының бас суретшісі Темірбек Мұхтаров

ТЕНТЕК

Кәдімгі күнделікті өмірде, таза «суға сиген тентектер» болады. Оларға көп нәрсе, көп жағдайда үйлесе береді. Оның сыры – олардың әрбір арсыл-гүрсіл еткен, бұзып-жарған әрекеттері, қиқар қылығы, одыраңдаған мінездеріне дейін шын жүрегімен, бар бітім-болмысымен, табиғатымен жасалатындығында болса керек. Кейбіреулер тентек болғысы келіп небір қисынсыз, қылықсыз әрекеттерге барып жатады. Көбіне оған әке-шешесі итермелеп мәжбүр қылады, «жұрттың баласынан кемсің бе, пысық бол» дегендей пиғылмен, ишарамен. Бірақ ол бадырайып көрер көзге ерсі болып көрініп тұрады. Үйлеспейді. Ондай сәтте әлгілердің өздері де тез ұғынып жым бола қояды. Соған қарап, таза тентектіктің өзі де кіршіксіз таза жүрек қалауымен атқарылатыны рас екен деген ойға қаласың. Сондықтан да, олардың сағын сындырып үнемі «Қой кәне!» — деп ұрыса бермей, жас кезінен теріс жолға түсіп кетуіне жол бермей, таза дарынды тентектердің өзін дұрыс тәрбиелей білудің өзі — өнер! Педагогикалық өнер. Кезінде ел қорғаған батырлар сондай тентектерден, жүректілерден шыққан.

 

ҚАУІПТІ АДАМ

Сенің қасыңда бір қауіпті адам жүреді, үнемі. Сол бәрін бүлдіретін. Үнемі бірдеңелерді айтып сыбырлайды да жүреді, жолдан адастырып. Өзі бір көлеңкең сияқты көрінбейтін, қайда барсаң қасыңнан бір елі қалмайтын бәтшағар. Қойды білмейтін, айтқанға көнбейтін бәтуасыз пәле, қыңырдың нағыз өзі. Соны бағындыра алсаң, соның арандай ашылған ауызын жауып, нәпсі-құлқынына тыйым бере алсаң, тыңдата алсаң – сонда ғана өз өміріңе, бақытыңа төнген қауіптен құтыласың. Ол көпшілік ойлағандай сайтан да, шайтан да емес – ол адам кәдімгі сенің өзің.  Ия, ия ол СЕН. Ең қиын нәрсе өзіңді тыңдату. Өзіңді тану. Өзіңді жеңу. Оның да түрлі жолдары бар, бір қызығы оны да үйрететін, оқытатын  айналып келгенде жолға қоятын әкең де, ағаң да, мұғалімің де емес –  тек өзің ғанасың. Басқалар тек кеңес береді, бағыт-бағдар, жол көрсетеді. Сондықтан, уақыт оздырмай іске кіріс! Қауіпті адамды – яғни, өзіңді бір жақты қыл! Қысқасы – тәрбиеле! Шешім – өз қолыңда!

 

ТЕК СӨЗ ЕМЕС, ОЙДЫҢ ӨЗІ – ОҚ

Адамдар ауыздарынан шыққан сөздерге абай болмай, көп жағдайда не болса соны қоқытып, айқайлап айтып та, бақырып та, жылап та, мәймөңкелеп те, дандайсып та айтып, не болмаса жарысып жазып та жатады. Солардың көбі «құдайға керегі жоқ» қысыр, кәкүр-шүкір «б..» сөздер. Бүгінгі адамдардың көбі «айтылған сөз – атылған оқпен тең» деген қағиданы жақсы біледі. Сөйте тұра көзді жұмып соған ашықтан-ашық барып жатады. Адамдардың сыртынан қаншама сөздер қарша борап, оқша атылып, айтылып жатады. Тіпті кейде, пулеметше деуге де болады. Адамдардың ауызы бір жабылмайды-ау. «Басқа пәле – тілден» десе, сол тілге сөз салып беретін – ішкі ой. Сол ойды таза ұстау өте маңызды. Жанына «кір» жұқтырған адам жақынына емес, психолог маманға барып сырын ақтарғаны, жан жарасын сөйтіп емдегені жөн-ау. Болашақта, адам бойындағы, ойындағы ақпараттың ласын лас жаққа жіберіп, тазасын таза жаққа автоматты түрде бөліп-айырып залалсыздандырып, ми мен жүрек жұмыстарын реттеп отыратын қосымша модулятор керек-ау.

Адамдар осы, өздерімен тартысып таласпай, жарысып сөз айтпай-ақ бәрін көріп-біліп үндемей жүргендердің соларға бағышталған ойларының өзі оқпен тең екенін біледі ме екен, сірә?… Білсе, бүйтпес еді ғой. Бүгінде жаны жаралы болып, жолы болмай жүргендердің көптігі де содан екені әбден ықтимал. Үндемей өлтіретін ондай оқтың аты – пиғыл, ниет болса керек. Адамның өзін де, өзгені де құртатын, ауру қылатын іштен тыну, іште «лас» ой сақтау. «Үндемегендерден қорқыңдар!» деген бар. Сондықтан, бір мезгіл ашылып, ақтарылып ойды тазартып, іште жиналып қалған қажетсіз ақпараттардан арылып отыруды да ұмытпаған жөн. Оның да өзіндік жолдары бар. Тек соны іздену, табу, оқу, пайдаға жарату әркімнің парызы.

 

СЫНШЫ

Өмірге, қоғамға, саясатқа, жанындағы адамдарға, тіпті өзінің жасап жүрген ісіне көңілі толмай, кері ағар пікірмен өмір сүріп жүрген жандар жетерлік. Үнемі айналасының бәрін сынап-мінеп жүретіндер де солар. Оларға ештеңе ұнамайды, ешбір адам жақпайды. Салған жерден көздері «былш» етіп жамандыққа түседі де, соның жетегінде кетеді. Соны көбейтіп, соны жарнамалап жүргені, сөзден сөз тудырып.

Қарап тұрсаң, бәрі сыншы болып кеткен бе дейсің?! Бірақ мынаны білу керек, сын айту үшін де ең алдымен адамға білім керек. М.Дулатов «Неге арналсаң, соны істе!» деген, «сыншылықтың» өзі арнайы мамандық, олай болса біреудің нанына ауыз салуға болмайды. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» – деген бар, оқу-біліммен суарылған кәсіби сын ғана өміршең, өтімді. Ол кез-келген келеңсіздіктерге тойтарыс бере алады. Әйтпесе дауасы мен дуасы жоқ жәй ауыздан шыққан cөз – сын емес, әркімнен естіген, дәлелі жоқ сөздер – тек жала жабу, аяқтан шалу, біреумен біреуді шатыстыру, біреуге ор қазу сияқты харам әрекеттерге оп-оңай ұласып кету қаупі көп. Сондықтан, сынды да оңды-солды шаша бермей, сынға өте сақ болу керек. Оның да өз орыны, реті бар, соны білу үшін де адамға сауаттылық керек.

 

ӘДЕТ-ҒҰРЫП

Әдет-ғұрыптың озығы бар, тозығы бар. Біздің ата-бабамыздың әдет-ғұрпы өте мықты. Әсіресе әлеумет, әулет мәселесіндегі тырп еткізбейтін тәрбие мен өнегеге толы тармақтары қандай?!! Шынтуайтында, оның өн бойында түзу жолдан тайдырмайтын қағидаттар бар. Дала заңы. Оның дені әлі күнге сақталып келеді және көбі өте дұрыс. Бірақ, ішінара соның кейбір тармақтарын өзіміз көзді бақырайтып қойып бұзып жүрміз. Өзіміз. Көбін жаттанды көреміз.

Еркіндік осы екен деп көп нәрсені бет-бетімен жіберіп қойған жағдайлар бар. Маған қандай да бір мүмкіндік берілсе, мен ең бірінші осы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың заманауи үлгісін, формасын жасаудан бастар едім. Тіпті «Наурыз», «Көрісу» сияқты ұлттық мерекелерді, «Тұсау кесу», «Сүндет той», «Үйлену тойы» сияқты отбасылық тойлардың өзін жеке шара түрінде емес, шартты ресми салт-дәстүр аясындағы жалпыұлттық мереке ретінде көтеру керек деп ойлаймын! Салт-дәстүрдің заманауи үлгісін қалыптастыра алсақ – тамырын тереңге жіберген, жапырағы жайқалған мәуелі бәйтерек іспетті мызғымас ұлттық тәрбиеміздің белгісі, мәңгі алынбас қамалымыз болмақ.

 

Темірбек МҰХТАРОВ,

Атырау қаласы