Әлемнің 60-тан астам мемлекетін шарпып, 70 миллионнан астам адамның өмірін қиып кеткен Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына  75 жыл толып отыр. Совет Одағы жүздеген ұлттан құралған жауынгер әскерінің арқасында жерін қорғап қалды. Жеңісті жақындатуға Қазақ КСР-ның зор үлесі барын атап өткен жөн. Соғыс жүрген 1418 күнде майдан алаңына Қазақстаннан 1,2 миллионнан астам сарбаз барған. Шайқасқа аттанған қазақстандықтардың жартысына жуығы туған  жеріне оралған жоқ.

…1941 жылы 15 қарашада Германия әскерлері 51 дивизиямен Мәскеуге екінші «негізгі шешуші шабуылды» бастағаны тарихтан белгілі. Батыс майдан жауынгерлері ауыр ұрыстар жүргізді. Осы майданға кіретін 16-армияның құрамында Алматыда жасақталған генерал-майор И.В. Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы (кейіннен 8-гвардиялық-панфиловшылар дивизиясы) Мәскеу түбіндегі Волоколам тас жолын қорғады. 16-қарашада жау Волоколам бағытында ұрысқа шығып, Дубосеково разъезіндегі 1075-атқыштар полкі 4-ротасының 2-взводы тұрған бекініс шебіне шабуыл жасады. Ротаның саяси жетекшісі В.Г.Клочков басқарған взвод жауынгерлері – барлығы 28 адам мылтықпен, жанармай құйылған шөлмектермен, гранаталармен қаруланып, жаудың 20 танкісімен төрт сағатқа созылған ұрыс жүргізді. Жаудың он төрт танкісі қиратылып, панфиловшылар арасынан да бірнеше адам қаза тапты. Жау ұрысқа тағы 30 танк шығарды. Қазақстандық жауынгерлер соғыс тарихында сирек кездесетін ерлік жасап, жаудың болат құрсанған машиналарына төтеп берді. Панфиловшылардың жиырма үші қазаға ұшырады, бірақ жау танкілері олардың шебінен өте алмады.

 

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1942 жылғы 21 шілдедегі Жарлығымен бұл жауынгерлердің барлығына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Панфиловшылардың есімдерін білу және олардың ерлік дастанын дәріптеу  – ұрпақ парызы.

Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесіне орай біз наурыз айында Кеңес Одағы заманында «Отанымыздың жүрегі» ретінде таныған Мәскеуді 1941 жылдың неміс-фашист басқыншыларынан қорғауда қасық қандары қалғанша асқан ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсеткен жиырма сегіз панфиловшылардың Волоколам тас жолы мен Дубосеково түбінде болған шайқастар ізімен жүріп қайтудың сәті түскен еді. Бізбен сапарлас болған Ербол Жарешев пен Қожахмет Пірмашев Ауған соғысына қатысып, жат жерде өздерінің интернационалдық борыштарын адал атқарған жандар. Бүгінгі ауған соғысы ардагерлері сұрапыл соғыстың адам баласына әкелер қайғы-қасіретін жақсы біледі. Жастығы сол соғыстың отына шарпылған, дұшмандармен шайқаста батылдық үлгісін көрсеткен Ербол мен Қожахмет «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.

Иә, атақты дивизия жауынгерлерінің өшпес ерлігі. Сол кездің өзінде дастанға айналып, тарихта қалды. Бізге жеткен дерек бойынша, 1942 жылдың 22 қаңтарында «Красная Звезда» газетінде әдебиет бөлімінің меңгерушісі Александр Кривицкийдің «28 батыр туралы» очеркі жарық көреді. Онда 1941 жылдың күзінде Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясының 28 панфиловшы-батырларының соғыстағы ерлігі жазылады.

«…Соғыс төрт сағаттан астамға созылды. Бұл кезде жаудың 14 танкі майдан даласында қимылсыз қалған еді. Қызыл әскер Шемякин де қаза тапты… Конкин, Шадрин, Тимофеев және Трофимовтар да жан тапсырды… Көзі қызарып кеткен Клочков жолдастарына қарап: «Достар, отыз танкі екен, бізге осы жерде өлуге тура келетін шығар. Ресей кең байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ,  артымызда  – Москва…» — деді.

Қаншама бейкүнә боздақтардан ойылайша айырылдық. Әрине, қазақтармен қатар өзге ұлт өкілдері де шейіт болды. Даңқты Бауыржан Момышұлының естеліктерін бір қайталап оқып шығыңызшы… Немесе ол туралы жазылған Александр Бектің «Волоколам тасжолы», көзіңіз көп нәрсеге жетеді. Әрине, айтқанға жеңіл. Әскери журналистің очеркіне арқау болған Волокаламск қаласында бізді осы қаланың тумасы, Ауған соғысының ардагері, генерал-майор Вячаслав Николаевич Кабанов туыстарындай қарсы алып, жан-жақты қолдау көмегін көрсетті. Жасы жетпісті алқымдап қалған генерал бала күнінен сұм соғыстың зардабын көріп өскен. Әскери қызметін аяқтаған соң Волоколамск муниципалдық ауданы әкімшілігінің басшысы лауазымына үш рет – 2002, 2006 және 2010 жылдары сайланып, тұрғындардың ыстық ілтипатына бөленген Вячаслав Николаевичтің жерлестері арасында абырой-беделінің жоғары екендігін аңғару да қиынға соқпады. Біздің келген мақсатымызға орай осындағы әскери музейді араладық. 28-панфиловшылардың, 1941-дің күзі мен қысында Мәскеуді қорғауда ерлікпен шайқасқан дивизия жауынгерлерінің өшпес ерліктері туралы тың деректермен танысуға, тарихи орындарды көруге мұрындық болды. Қаланың қақ ортасындағы генерал Иван Панфиловқа, батальон командирі Бауыржан Момышұлына және қырғыз батыры Душамғұл Шопаковқа арналған кеуде мүсін ескерткіштері де осы Кабановтың бастамасымен бой көтерген-ді.

Мәскеу шайқасы – екінші дүниежүзілік соғыстағы ірі шайқастардың бірі. Неміс қолбасшылығының «Тайфун» атты арнайы шабуыл жоспары бойынша Мәскеуді басып алуды Германияның «Орталық» армиялар тобы жүзеге асырмақ болды. Бұл топ резервтегі әскерлер мен кеңес-герман майданының басқа шептерінен жіберілген бөлімдермен, әскери техникамен күшейтілді. Германия-Мәскеу бағытына 74 дивизия (1,8 млн. адам), 1700-дей танк, 1390 әскери ұшақ, 14000 зеңбірек пен миномет шоғырландырды. Ал, Мәскеу бағытын қорғап тұрған кеңестік Батыс резерв және Брянск майдандарының құрамында 1,3 млн жуық адам, 990 танк, 677 әскери ұшақ, 7600 зеңбірек пен миномет болды. Немістер үш екпінді топ құрды. Оның екі тобы солтүстіктен және оңтүстіктен шабуылдап, Мәскеуді КСРО тылынан бөліп тастамақ болса, негізгі топ Гжатск арқылы тікелей соққы бермекші болды. Қорғаныс шептерін салуға 450 мыңдай мәскеулік қатысты. Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің қаулысы бойынша Мәскеу мен оның айналасы 20 қазаннан бастап «қоршау жағдайында» деп жарияланды. Германия 15 қарашада Мәскеуге екінші рет күшті шабуыл бастады. Қантөгіс ұрыстардан соң немістер Мәскеу-Еділ каналына дейін жетуге мүмкіндік алғанымен, Кеңес әскерінің негізгі шептерін бұза алмады. 5 желтоқсанда барлық бағыттағы жау шабуылы тоқтатылды. Мәскеу шайқасында Қазақстанда құрылған әскери құрамалар ерекше көзге түсті.

1942 жылы қаңтарда қарсы шабуыл Қызыл Армияның жаппай шабуылына ұласты. Шайқастардың нәтижесінде қарсыластар батысқа қарай 400 шақырымға дейін қуылып, Мәскеу, Калинин және Тула облыстарының ондаған қалалары мен жүздеген селолары басқыншылардан азат етілді. Қызыл Армияның қарсы шабуылы нәтижесінде жаудың «Орталық» армиялар тобы орасан зор шығынға ұшырап, 500 мыңдай адамынан, 1300-дей танкісінен, 2500 зеңбірегінен, 15 мыңнан аса автокөлігінен айырылды. Мәскеу шайқасында фашистік армия алғаш рет ауыр жеңіліске ұшырап, оның жеңілмейтіні жөніндегі аңыз жоққа шығарылды. Мәскеу шайқасы Ұлы Отан соғысы кезінде түбегейлі бетбұрыстың бастамасы болып, Гитлерге қарсы одақтың қалыптасуын тездетті.

                                                                                              Айгүл ЕРМЕКОВА,

филология ғылымдарының

 кандидаты, доцент

Атырау-Мәскеу-Волоколамск-

Дубосеково-Мәскеу-Атырау