«Табиғатпен тамырластығымыз, жаратылыспен жан достығымызды жазатайым үзіп алмай, мынау урбанизация және жаһандау заманының заһарлы зардабынан сақтана біліп, ежелгі ұлттық ізгі дәстүрлерімізді дәріптей жалғастыра беруімізді өз өркениетіне өзекті тенденция етіп ұстануы – Ұлықбекті оның құрбы-құрдас, үзеңгілес қаламгерлердің көбінен ерекшелендіріп, озық көрсететінін көлегейлемей ашып айтқан абзал…».

Мұзафар ӘЛІМБАЕВ

 

Ұлықбек Оразбайұлы ЕСДӘУЛЕТ – ақын-журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

1954 жылы ШҚО, Зайсан ауданы, Үлкен Қаратал ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін және М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстардың поэзия бөлімін бітірді.

Еңбек жолын 1971 жылы Шығыс Қазақстан облыстық газетінің корректорлығынан бастап, кейін «Қазақстан пионері» газетінің бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасының, Қазақстан телевизиясы жастар редакциясының редакторы болды. «Қазақ әдебиетінің» сын бөлімі тілшісі (1986), Жазушылар Одағы басқарма хатшысы (1988), «Жас Қазақтың» бас редакторы міндеттерін атқарды.

1993-2002 жылдары – ҚР Сыртқы істер, сондай-ақ, Қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет министрліктерінің меңгерушісі. «Қазақ әдебиеті» (2002), «Жұлдыз» басылымдарының (2008) бас редакторы.

ҚАЗАҚИЯ

Қазақиям – азат ұям,

Қоңыр жұртым, ұлы елім.

Қаңқылдаған қаз атынан

Сөз саптаған сүлейім.

— Қанға қан! — деп,

— Жанға жан! — деп,

Атам қазақ үйреткен.

Өтті ғасыр сандаған көп

Ақ сойылын сүйреткен.

Шыңбысың сен – Хан-тәңірім,

Әлде Бетпақ – шөлмісің,

Қаңсыса да қан тамырың

Қыңқ етпейтін көнбісім.

Тасыдың да жуасыдың,

Түпсіз арнаң толсашы,

Дүниенің күнәсінің

Жуылатын моншасы.

Аялаған азаттығым

Бұлбұл ұшса басымнан,

Кімге керек қазақтығым

Мақтан еткен жасымнан?

Төбеңдегі Айды мына

Тұмарыңдай көремін.

Қапалы да, қайғылы да,

Қоңыр елім, өр елім.

Топырақтың табын сездім,

Жүгірдім де жығылдым.

Отан деген назым сөздің,

Мәнін сенен ұғындым.

Аспандай кең атамекен,

Иі қанбас көн дала,

Сені сүю – қате ме екен,

Сүйіп өтем сонда да!

 

УАҚЫТТЫ КIМ ЖАРАТТЫ

Уақытты кiм жаратты екен

жылдам ғып?..

бала кезде бұлықсыдық, бұлдандық,

жiгiт шақта қызық қуып, қыз қуып,

шатақ қуып, шалқып-тасып, жындандық,

тайталаста түсiп талай итжығыс,

уақыт – бiздi,

бiз – уақытты құлдандық,

қолдағының бәрi сусып уыстан,

ақырында айдалада құр қалдық.

Уақытты кiм жаратты екен өтпес қып?..

сағыныштың сарыөзенiн көп кештiк,

күтуменен өттi бiздiң бар өмiр,

шыдамның да шегiменен беттестiк,

тұлпарлардың тұяқтарын талдырып,

ғашықтарды бiр-бiрiне жетпес қып…

бiз – уақытты,

уақыт бiздi аямай,

бiр-бiрiмiз етiмiзден ет кестiк.

Уақытты кiм жаратты екен

мұндай ғып?..

ешкiмге де еншi болмас бұл байлық,

уақыт деген кiмге – бақыт, кiмге – сор,

кiмге – ғарыш, кiмге – намыс, кiмге – айлық,

уақыт менi төске салып илесе,

мен уақытты тартып жүрмiн сырнай ғып,

одан өтер екi жүздi көрмедiм

қалыбынан кете берер күнде айнып…

 

САҒАТТЫҢ ТІЛІНЕ ҚАРСЫ

Медеуге күнiге баршы,

Айдынға үңiле қалшы:

Жұрт түгел сырғанайды онда,

Сағаттың тiлiне қарсы.

Байқашы жан сырын ұғып,

Көзiнде таң шығы күлiп,

Осы жұрт жынданған жоқ па

Уақытқа қарсы жүгiрiп?

Парызды ойланар күн кеп,

Бұл да бір қолға алар міндет:

Сағаттың тіліне қарсы

Кағбаны айналар үмбет.

Жұмбақ-ау,

Тегi, бұл жалған,

Бәрiнiң өңi нұрланған.

Тапты екен қандай қанағат,

Уақытты керi бұрғаннан?

Ағарған самайымды

Елге

Көрсетпей жабайын демде…

Сағаттың тiлiне қарсы

Жүгiрiп бағайын мен де!..

 

ТУҒАН ТIЛIМЕ

Етектегi тасыңды

өрге апарсам деп едiм,

есiктегi басыңды

төрге апарсам деп едiм,

өз елiнде өгейлi,

кiсi үйiне кегейлi,

кенезелi күйiңе

көл қотарсам деп едiм.

Бұлт басқан көгiңдi

нұр жайнатсам деп едiм,

тереңдегi кенiңдi

күнге ойнатсам деп едiм,

кеуiп қалған көнiңдi

қымыз құйып жiбiтiп,

құлақ құрышын қандырып,

сырнайлатсам деп едiм.

Көгендегi қозыңды

жамыратсам деп едiм,

ошақтағы қозыңды

тағы жақсам деп едiм,

қорамсаққа қол салып,

қозыжауырын жебеңдi

темiренiн тебiрентiп,

жауыңа атсам деп едiм,

терезеңдi теңелтiп,

керегеңдi кеңейтiп,

қабағыңды қайтадан

жадыратсам деп едiм,

қайран, Ана тiлiм!

КӨЗДЕРІҢЕ ҒАШЫҚПЫН

Жұмып кейде жанарымды нұр сіңген,
Сырласқанда арман атты тылсыммен.
Ту сыртымнан үп еткенде самал жел,
Елеңдеймін, сен шығар деп күрсінген.

Ғашық жанның басындағы хал бөлек,
Ғашық жанды әлдилейтін ән керек.
Жаңбыр жауса, тырсылынан оянам,
Іздеп келіп, есік қаққан сен бе деп?!

Қашан болсын қайғы көрмей жүр аман,
Мен тағдырдан басқа тілек сұраман.
Күн астында күмбірлесе күміс су,
Сенің күлкің естілгендей қуанам.

Өмір деген өте шығар өткінші,
Аз ғұмырда көп қуанып, көп күлші.
Маған ұқсап аспандағы Ай мен Күн,
Көздеріңе ғашық болып өтсінші.

АСЫҒЫСТЫҚ 

Асықпайтын уақытта асығамыз,
Ақиқатты несіне жасырамыз.
Жолға шықсақ – жетуге асығамыз,
Жете салып, кетуге асығамыз.
Таңда – бала-бақшаға асығамыз,
Түсте – алар ақшаға асығамыз,
Мүлт кеткенді тергеуге асығамыз,
Біреу өлсе – жерлеуге асығамыз.
Таныса сап, дайынбыз достасуға,
Амандассақ, қаяумыз қоштасуға.
Үйлене сап, жатамыз ажырасып,
Асығамыз болуға тағы ғашық.
Жағаласып, сандалып, сабылысып,
Жүгіреміз қашанда алып ұшып.
Төзім құрып қалған ба, тағат тозып,
Әлде жүрегіміз кеткен бе сағатша озып.
Уақыт жоқ, уақыт жоқ деп, уақытқа бас ұрамыз,
Осы біздер қай жаққа асығамыз?

Әйелдерге мадақ
(әзіл-шыны аралас)

Әйел деген – сүгірет тамып түскен ғарыштан,
Әйел деген – құдірет жаратылған намыстан.
Әйел барса жұмаққа айналады Сібірің,
Әйел барда сынаққа айналады ғұмырың.
Әйел деген тұғырың, онсыз өнбес түбірің,
Байланысты әйелге сүтпен сіңер білімің.

Әйел деген – данышпан, әйел деген – ән-ұран,
Әйел деген – арыстан, әйел деген – қабылан.
Әйел деген – алдаспан, ұстау қиын сабынан,
Мықты ұстасаң сабынан, түгенделер қазынаң.
Әйел деген – арғымақ, сипатпайтын жалынан,
Бір ұстатса жалынан ер бақытты, бағылан.
Әйел кейде – арадай, шаққанына қарамай,
Тата қалсаң балынан, татқың келер тағы дәм…

Бұлбұл безбес бағынан,
Құлан қашпас қағынан,
Алыстаса сағынам, жақындаса шабылам,
Әйелге бас иемін, әйелдерге жағынам.
Әйелдерді сүйемін, сүйемін де табынам;
Әйел деген жылылық, мәні терең ән ұғам,
Әйел деген сұлулық, нұр тараған шамынан.
Әйелдердің бәрін де, барлығын да сүйемін,
Кейбір кезде жаңылам, сүйгендердің санынан…

Әйел – жұмбақ,
Жұмбағын шешемін деп жанығам,
Әйел – ертек,
Ертекке сенген көңіл шадыман.
Әйел – жұлдыз,
Жұлдызға жетемін деп сабылам,
Әйел – жазмыш, пешене, тағдырымды танығам;

Әйел деген кітапты түсіне алмай қамығам,
Әйел біткен бұтақты игім келіп қағынам,
Алам ба деп сындырып, сыйластыққа бағынам,
Көбелектей көлбеңдеп, кете алмаймын жанынан;

Әйел кірер есіктің тұтқасы боп қағылам,
Ол тербеген бесіктің шырағы боп жағылам.
Махаббат пен шапағат, Әйел – мазмұн, мағынам,
Мағынасыз тірлікті сүріп тіпті нағылам?!
Әйел деген патшаның табылайық маңынан,
Аңдаусызда құлатып алмайықшы тағынан…