Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді. Расында – ақиқат. Шәмшідей игі жақсының, Абайдай ұлы ғалымның әр ұрпақ өкілі жадында есімі ұмытылмасы да ақиқат. Осы ретте Атырау қаласы маңындағы Құрманғазы елді мекенінің мәдениет үйінде һәкімнің 175, композитордың 90 жылдық мерейтойлары аясында «Сағындырған кездер-ай» атты ретро әндер кеші өтті.

Бұл кештің форматы ерекше. Ауылдың кәсіби көркемөнерпаздарымен бірге өткен ғасырдың 85-95 жылдары өнер көрсеткен «Жас дәурен» вокалды инструменталды ансамблі сахнаға қайта оралып, елдің ықыласын иеленді. Оралып қана қоймай, жанды дауыста ән шырқап, көптің көңілін көтерді. Бір дүние анық сезілді – жергілікті халық осындай «тірі» өнерді әбден сағынған, шынайы шығармаларға шөліркеген.

Ауыл көркемөнерпаздарының шығармашылығын шыңдауы үшін арнайы алаң құруды, тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдалануын мақсат тұтқан шараның нәтижесі тым жақсы-ақ. Көрермен дән риза. Ән-жырға деген құмарларын қандырып, Абай мен Шәмшідей қос алып қалдырған «Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Сыған серенадасы», «Қайықта», «Қайдасың», «Арыс жағасында», «Ана туралы жыр», «Ақерке – Ақжайық» секілді ізгі туындылардың тереңіне бойлауға тағы бір мәрте мүмкіндік алды. Бұдан бөлек, Ақан серінің «Қараторғайы», «Жан досым», «Қоштасудың қиыны-ай», «Сағындым сені», «Алтынай», «Қызыл құмда ауылым», «Ән аға» сынды көптеген елдің есіндегі есті шығармалар орындалды. Бұның барлығы – құрамында клавишті аспаптарда Аманжан Хамитов, Руслан Амантаев, бас гитарада Қайыржан Қадесов, гитарада Жұмабиден Исмағамбетов және дауылпазда Асқар Қадесов ойнаған «Жас дәурен» ансамблі мен мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Нұрасыл Өтеген, әншілер Мырзабек Охасов, Төремұрат Ермеков, Оралбай мен Рахметолла Нұрғалиевтердің, Анар мен Мейрамбек Ақбаевтардың еңбегінің еш кетпей, тиісті бағасын алғандығының көрінісі.

Осынау мәдени-демалыс қызметін ұйымдастырушы – Құрманғазы ауылдық мәдениет үйінің ұжымы. Соның ішінде, кештің тізгінін ұстаған – Гүлнәр Сабирова мен Темірбек Мұстафаев.

Шара соңында ұйымдастырушылар ретро-кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының директоры Ғабит Қайрекешов, Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиев, №2 қалалық кітапхана меңгерушісі Жанат Жайлауоваға, сондай-ақ, демеушілік жасаған ауыл азаматтары Қайрат Қинашұлы, Арман Идеятұлы, Ербол Әміржанұлы, Қуандық Мәдениетұлына асқан ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, көркемөнерпаздар алғыс хаттармен марапатталды.

Олай болса, Абай асқақтап, Шәмші шарықтай түскен келісті кештің кейіпкерлеріне біз де басымызды иіп, тағзым етеміз. Бұл бағыттағы іс-шаралардың көбеюіне сенім білдіреміз.

 Өмірбек САЛАУАТҰЛЫ,

Атырау қаласы