Үшкіл зерттеу деген мәселе менің ой-санама мықты орналасып алған басты түсінік болды. Оған себеп болған бірінші жағынан әл-Фараби ілімі болса, екінші жағынан менің жер өлшеу, кен өлшеу, тас өлшеу мамандығым болды. Зерттеулер кезінде үшкілдің табандық, жазықтық от ошақтық мағынасы адам ой өрісінің барлық саласында кездесетініне көзім жете бастады. Алдымен үштен бастау Құран сүрелерінде, аяттарда бар. Екіншіден пайғамбар хадистарында бар. Үшіншіден халқымыздың тілінде, түсінігінде бар: үш арыс, үш жүз.

Солардың үстіне ертедегі ғылымның негізін салған Ыдырыс пайғамбардың бір аты Мұсалас – үшкіл екен. Осымен байланысты Науаидің Ескендіріне оралайық. Ескендірдің пір тұтқан данышпан ғалымдарының бірі Гермес, яғни ол айтылған Ыдырыс пайғамбардың тағы бір аты бұл. Бұл арада мәселе тамаша терең мағынаға бұрылады. Гермес жұлдыз аты, ол екінші аспан әулиесі, ол арабша Ғұтарад, грекше Гермес, латынша Меркурий, Мысырша – Шумерше Тот, қазақша Айқыз. Осылармен байланысты Ескендірге ақыл берген Аристотель ғана емес, бәлки осы «Үшкіл шал» – Ыдырыс болар деген ой келеді. Абайдың көз сүйегі дегені сол үшкіл шалдың ғажайып үшкілі болар? Өйткені Ыдырыс елінің атымен байланысты: Мысыр үшкілі бар екенін білеміз. Тек бұл емес сол көз сүйек Абайдың өз үшкілі болар деген ой келеді.

Абайдың үшкілі деп отырғанымыз үш саладан бас қосқан нәрсе: Қайрат, Ақыл, Жүрек. Абай өзінің 17-қара сөзінде осы үшеуінің өнерін салыстыра келіп, ғылымға билік айтқызады. Ғылым былай деп шешеді. Үшеуің де бірдей керексіңдер. Біріңсіз бірің жеке тұра алмайсыңдар. Үшеуің бас қосыңдар. Мен сендердің айяңда боламын. Жүрекке басшылық беру керек. Мен сол жүректі қолдаймын дегенге келеді.

Ескендір әрекетін алып қарағанда онда қайрат бар. Ол: «Талпын, талаптанған ер». Оның қасында ақыл бар. Ол ғұлама ғалымдар. Оған жетпей жатқаны жүрек сезімі, аяушылық, кішіпейілдік, өзінің ішкі дүниесіне ой жіберу, қанағат ету, шүкірлік, сабырлық. Ескендірді ойға қалдырған, шынға бетін бұрған Абайдың осы үшкілі деп білеміз.

Суреттің сыртқы шеңбері 12 мүшел жыл реті. Оның ішіне сызылған шаршы (3, 6, 9, 12) Тұран қақпасы оның ішіне сызылған. Абай үшкілі (3, 7, А). Оған жапсарлас Мысыр үшкілі (7, 10, А). Шеңбердің ортасында Темірқазық таңбасы (Орхон таңба бойынша). Тұран шаршы ішінде тоғыз орынды тор шаңырақ торы.

Айтылған екі үшкілдің жасалу әдісі сурет астында көрсетілген. Абай үшкілі даналық үшкіл. Оның екінші бетінде:

«Біріңді қазақ бірің дос,

Көрмесең істің бәрі бос» — деген.

Абай үшкілі адам мен табиғат арасының көпірі сынды бір тамаша үлгі. Оны терең түсіну үшін суретін көңілге мықтап орналастыру қажет. Демек оған қоятын орын керек. Абайдың мынау сөзіне көз жіберелік: «Ғылымды, ақылды сақтайтын мінез деген сауыты бар. Білім-ғылымды дәулет деп білсең, әрбір естігенді, көргенді көңілің жақсы ұғып, оның өз суретімен ішке жайластырып алады».

Абай сөзінің арғы жағында адамның адамдық табиғаты жатыр. Сабырлы, ұстамды адал мінез ғылымының, ақылдың, адамдықтың, иманның сауыты, рухани қазынаны сақтайтын орыны. Ондай орын болмаса айтылған рухани дәулет пайдасыз желге ұшып, суға ағып немесе отқа өртеніп кетер еді.

Өзін өзі ұстай білу барлық жақсылықтың басы. Мына бір шумақ өлеңді еске алайық :

«Толықсып төңкерілген жұрт бір сағым,

Шынға шыдап қоса алмас ынтымағын.

Күзетсең көптің аузын күн көрмейсің,

Өзіңді өзің түзет, кел шырағым».

Жас кезімізде үлкендерден естіген бір сөзді есіме алдым. Тобықты елімен көршілес Төлеңгіт руынан шыққан Меңайақ би қайтыс болғанда Абай аза тұтып дұға оқиды. Артынан жиналған елге: «Меңайақ өзінің атының басын өзі алып жүретін адам еді» — дейді. Азалы елдің бір үлкен адамы:

– Абай-ау, ол не дегенің. Меңайақ өз атының ғана басы емес, рулы елді билеген адам емес пе?! – дейді. Оған Абай:

– Елді билеуден адамның өзін-өзі билеуі қиын. Жағдайы келген бақ көтеріп, таққа отыру бола береді. Бірақ соның буымен өзін-өзі ұстай алмай, абыройын ашатындар көп. Меңайақ сонан аулақ жан еді. Оның зор адамдығының өзі сонда еді, — депті. Екіншіден бұл Абайдың: «Мықты болсаң Ескендір нәпсіңді жең» — дегені де сол мағыналас қой.

Исламның ғылыми мәселесіне Абайдың ой өрісі қалай келіп қабысқанына ой жіберіңізші. Мәселенің жалғасы музыкада:

«Құлақтан кіріп бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй».

Қайда қозғалыс болса, сонда жарық бар, қайда жарық болса сонда сәуле бар, қайда сәуле болса сонда дыбыс бар. Осы жалпы қағида барлық ғаламнан бастап атом бөлшектеріне дейін қолданылады деуге болады.

Екінші жағынан ол қозғалыс өте тамаша шеберлікпен, көрікті үйлестікпен, қатаң тәртіпті заңға бағаланған. Сансыз көп жұлдыздар мүшелдік топтар, жеті хат көктер, олардағы заттар бәрі біріне бірі қақтығыспай, өз жолымен жүреді. Соған сәйкес олардан шыққан дыбыстар да бірімен-бірі әуендесіп, көрікті үндестік хош әуезбен адамға әсер етеді. Адам да өз тарапынан сол ғалами әуезге еліктеп, ілесіп, үндесіп ән мен күй шығарады. Музыка дегеніміз сол. Демек музыка – табиғи-ғылыми тегі бар ғылым. Екінші жағынан ол адамға әсер ететін өнер. Адамның дыбысты қабылдау қабілеті бірдей емес. Кейбір нәзік сезімтал жандар ғаламдағы нәзік дыбыстарды естиді. Өзі де соған еріп ән-күй шығарады. Сондай әдемі ән-күй тыңдағанда ол бойыңды алып, көңілге тамаша ойлар салады. Ол кезде адам «дүниені де, өзін де ұмытатын» кездері болады. Ән-күйдің әсерінен көз алдыңда бүтін болмыс өзгеріп түрленіп ерекше үнге айнала бастайды. Абайдың «Әнді сүйсең, менше сүй» дегені осыдан. Дәл сол кезде адамның терең ойлары оянып, дүниені басқаша сезіп, ғажап сырлар ашады. Ән-күй шығарады, көркем бейнелер жасайды, ғылыми жаңалықтар ашады. Темірдің екі басы ыстық дегендей, мұндай жағдайда өз өлшеуін білу керек. Тек ән-күйдің әуеніне еріп, басқа дүниені ұмытып кетер болса, онда тек диуаналыққа соқтырар еді…

Әр заманның ұлы ойшылдары Әл-Фараби мен Абайлар ән-күйдің тамаша құдіретін сезген, өмірдің ерекше өрнегін аңғарып, мирас қалдырған. Сонымен қатар, ол кісілердің аруақты даналығы сол ән-күй әуеніне даналықтың шын жолын іздеген, ақыл мен қайратты жүрекке тірек етіп ғылым жасаған, хакімдік ғадалет жолын көрсеткен.

Әл-Фараби мен Абай сынды данышпан ұлдары бар ел жарық сәуле жолынан адаспас. Әл-Фараби мен Абай жолы – тура жол. Тура өлшеуіш осында.

Ақжан МАШАНОВ

(1906-1997)

геология-минералогия

 ғылымдарының докторы,

профессор