Бұл соғыс жөнінде пікірлер ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де сан-саққа кетеді. Тұрақты позиция жоқ. Қоғам зиянкес зобалаңның сипатын әлі күнге дейін ашып айта алмай отыр. Ауғанстанның ішкі келіспеушіліктері салдарынан 1978 жылғы сәуір төңкерілісінен басталып, бассыздықтардың соңы 1979 жылы желтоқсанда он жылға созылған соғысқа ұласқандығы мәлім. Биыл Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Атыраудан 534 жауынгер сол кездегі социалистік идеяның ықпалымен қырғынға қатысты. Осы ретте Атырау облысының Исатай ауданында ауған ардагерлерінің азаматтық борышын өтеудегі адалдықтарын ұлығылау мақсатында «Ерлік даңқы өшпейді» атты кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуге аудандық ауған соғысы ардагерлері, бейбіт өмірде қайтыс болған ардагерлердің жұбайлары, шектеулі соғысқа қатынасушылар, музей, кітапхана, мектеп басшыларының өкілдері, мәдениет, оқу-ағарту, қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлері, еңбек ардагерлері және БАҚ өкілдері қатынасты.

Жалпы, Қазақстаннан аталмыш ұрысқа 22 мыңнан астам адам барып, оның 761-і шейіт болған. 21 адамның тағдыры белгісіз күйде қалған. Ал, жоғарыда аталған 534 атыраулықтың он төрті елге оралмаған, біреуі із-түссіз кеткен. Ал, Исатай ауданынан 15 азамат қатысып, қазір тоғызы ортада, екеуі бақилық болған және төртеуі өзге өңірге қоныс аударған.

Жиында модераторлық жасаған аудан әкімі Марат Мурзиев сөзін «Қазіргі әлемде орын алып жатқан соғыстарға сырттай талдау жасасақ, олар идеологиялық емес, барлығы ресурстарға арналған» деумен бастап, «осындай шектеулі соғыстар Таяу Шығыста, Кіші Азияда, Солтүстік Африка және Орталық, Батыс Африкада жүріп жатыр. Бұдан анық аңғаратынымыз – мемлекеттің геосаяси орналасуы, ресурстар қорының өлшемі көп дүниеге себепші болады. Күні-бүгін және келешекте тыныштығымыздың кепілі боларлық көпвекторлы ішкі және сыртқы саясатты сақтауымыз қажет» деген ой атты.

Сондай-ақ, сөзін сабақтап, «2017 жылы исатайлық ауған соғысы ардагерлеріне белгі немесе ескерткіш қою ұсынысы берілген болатын. Биыл осы бастама жүзеге асып, Аққыстау ауылында Исатай бабамызбен қатар ауғандық жауынгерлерге де ескерткіш монумент орнатылды» деді М.Бисенғалиұлы.

Өз кезегінде сөз алған ауған соғысының ардагері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жер қойнауының құрметті барлаушысы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Шырдабаев Мағауия Тәжіғараұлы майданға қалай тап болғандығы және ол жөнінде жазылған кітабын әңгімеледі: «Мұнайшы қалай ауған соғысының ардагері болуы мүмкін деген сұрақ туындауы заңдылық. Ауған елінің бұрғылау жұмысына, экономикасына көмектесеміз деп барып соғысқа тап болдық. 70 жылдардың ортасында Кеңес өкіметінің мұнай өндірісі өте жақсы дамып, дамушы социалистік мемлекеттерге көмекке мамандар жіберілді. Басым көпшілігі осы Ауғанстанға. 1978 жылы төңкеріліс болып, елде социалистік бағыт белең алды. 2000 шақырым шекаралас Өзбекстан, Тәжікстан, Түркмениядан үлкен қауіп төнді. 1979 жылы Гератта көтеріліс басталып, оған Ираннан 4 мың тыңшы өтіп кеткен еді.

1978 жылы шілдеде Ауғанстанға келдім. Ал, 1979 жылдың 25 желтоқсанында соғыс басталды. Кеңес өкіметі мұнда 142 нысана салдырды. Бастапқы мақсат – осы нысандарды күзету болды. Бірақ бір жылға толмай араласуға мәжбүр болдық.

Сонымен бірге, «Азаматтық парыз» атты кітапты жазу арқылы ауғандық ағайындардың және Атыраудан қатысқан жауынгер-интернационалистердің азаматтық борышын өтеудегі ұстанымдарына беріктігін дәріптегім келді. Жазу барысында куә болғаным – ауғаннан басқа 18 шектеулі соғыс жүрген.

Қорыта келе, Ауғанстан – XIX ғасырда ағылшындардың айдауына, XX ғасырда Кеңестік шылбырға және күні-бүгін АҚШ бастаған 27 мемлекеті бар НАТО-ға ерік бермей, өз тәуелсіздіктерін қорғау үстіндегі, үнемі күресе жүріп кемелденуге нық қадам басқан мемлекет».

Ал, ауған соғысының ардагері, медицина саласының аға прапорщигі Жазықбаева Майра Уахитқызы болса елдіктің еншісін еншілеп қалу үшін жастарды патриоттыққа баулудың маңыздылығын кесіп айтты: «1982 жылдан Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында дәрігер-фельдшер болдым. Мина алаңында әр түрлі жарақатты әскерилермен бірге тұрғындар да алып жатты, әсіресе, балалар. Осы тұста бейбіт заманның балаларына жеткізгім келетіні – қазақ қызы өзіміздің қара домалақтарға тұрмысқа шығуы тиіс, патриоттық тәрбиенің негізі осы» деп түйіндеді.

Сонымен қатар, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Жазушылар Одағының мүшесі Жеңіс Аронов Атыраудан шыққан 500-ден астам ауған соғысы ардагерлерінің өмірін түгел зерттеп, кітап шығарған филология ғылымдарыны кандидаты, доцент Айгүл Ермекованың еңбегін айрықша атап өтті.

Шара аяқталған соң, ауған соғысынан оралмағандарға арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, бүгінгі күннің батырларына тағзым етілді.

 

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,

Атырау облысы, Исатай ауданы