Ботакөз Құрманаева 1980 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жоғары санатты педагог-зерттеуші. Аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға өлеңдері жарияланып келеді. 

ИМАН КЕРЕК, ӘУЕЛІ!

Асыл мінез күнгейінде пенделік,

Қойды бізді адамдықтан кенде ғып!..

Өмір мәнін ұға алмаған көбіміз

Абдырадық жолымыздан сенделіп.

 

Қызғаныш та жегідей жеп жүйкені,

Керілеміз күндестікке сүйкеніп.

Біреу озса, тұз жалатқан күйікпен,

Мысқылдаймыз көре алмаушы күйге еніп.

 

Менмендік те желдей үріп кеудені,

Байқамаймыз бойымыздан кейде мін.

Шен-шекпеннен дәмеленген шапқылау,

Өзгертуде надан қып әр бейнені.

 

Сайран салып санамызда күншілдік,

Ағайыннан дәулет көрсек, күрсіндік.

Сырттай сыбап, отқа салдық өштесіп,

Араздастық болмашыға…

О, сұмдық!

 

Бақталастық билеп алды сыналап,

Ерлік көрсек, «ездік» дедік кінәлап.

Шақша басты ауырлатты арамдық,

Жүректі де діңкелетті күнә, дақ…

 

Қу дүниеге құлқындарды құштар ғып,

Кергілеуде кеуделерді іштарлық.

Жылылықтан жүрегіміз жиреніп,

Албастының арбауына ұсталдық.

 

Пейіл тарлық дендеп алған кеселдей,

Асқынуда… төзбейтіндей еш емге.

Дархан дала кеңдігінен не пайда?!

Ашкөздікпен тұсаулансақ мешелдей!

 

Ей, адамдар!

Иман керек, әуелі!

Имандылық – дертіміздің бар емі!

Жия білсек, құрары анық салтанат,

Әр жүректе мейірбандық әлемі!

ЕРТЕГІ ТҮС

Жатарында балама арнап ертегі айту салтымда,
Бүгін түнде бəз-баяғы сол ертекші қалпымда,
Оқиғасын ойдан құрап, өргенімде өрнектеп,
Ұйқы əлемге еніп кетті балапаным сəл тыңдап.

Тағылымды тақырыпты туындыма сый қыла,
Ертегіме еліттім бе?..
Мен де кеттім ұйқыға.
Бір мезетте көзімді ашсам,
Өңім бе, əлде түсім бе?!.
Жəннат елде жүр екенмін көңіліме күй тына!

Бейбіт екен мен көрген ел!
Жоқтан екен жауластық!
Жемқорлық та байқамадым, көре алмадым дауластық.
Арамдықты тамырынан шауып құртқан мекенде,
Адам түгіл, бір-біріне төбешік пен тау да ыстық!

ҚАЗАҚИЯ  деп атаған жанға жайлы ел екен!
Қойнауында байлығы мол, бақыт тұнған жер екен!
Алдаудың да, арбаудың да аңдалмады айшығы,
Аңдағаным – татулық пен отбасылық береке!

Түсімдегі ел ырысы мол, кең пейілді үй сынды,
Қазақ тілі үстемдігін құрғанына сүйсіндім.
Ерден намыс, қыздан иба, қариядан ақыл сөз,
Көргенімде-ақ өр бойыма ұлттық рухты күй сіңді!

Ауызына «АЛЛА» сөзін жиі алатын ел көрдім,
Иманы мол, нұрлы елді Жұмақ жерге теңгердім.
«Апырым-ау! Неткен ғажап!
Басқаратын кім екен?» —
Деген оймен елағасын сұрастырдым белді елдің.

Халқы үшін жанын қияр ердің көрдім тұлғасын,
Көкбөріден қуат алған аймышталды сұлбасы.
Басшысы бар мұндай елдің аспанында ешқашан,
Салтанаты сатқындықтың, сездім, билік құрмасын!

…Көзімді ашсам,
Ертегі əлем кете барды жырақтап…
Түсім екен мұның бəрі!
Өкінбеймін бірақ та!
Өңге айналып жақсы түсім, орындалып армандар,
Қалса екен жерімізде Жəннат өмір тұрақтап!