Киелі Маңғыстауда Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған торқалы тоймен қатар елдегі соңғы саяси-әлеуметтік маңызы бар мәселелер де талқыланды. Осы тұрғыда «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Республикалық көшпелі семинар кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында көрсетілген межелі міндеттерді шешу жолдары талқыланды. Өңірлерден келген ардагерлер бүгінде қоғам мен билік арасында байланыс бар ма, жоқ па, халықтың тұрмыстық жағдайын қайткенде жақсартуға болады деген сұрақтарға жауап іздеуге тырысты.

Жолдауға қолдау мақсатында ұйымдастырылған көшпелі жиын Ақтау қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында болды. Бұған әр аймақтан келген ардагерлер ұйымдарының басшылары мен өкілдерінен басқа Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Өтелгенұлы, сондай-ақ, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатынасты. Жиын үстінде әр облыстан келген өкілдер бір-біріне әрі қарайғы ел тыныштығын сақтау жөніндегі өз жұмыстарын насихаттау мақсатында кітаптар сыйға тартып, марапаттар табыстады.

Төменде семинар кеңеске қатысушылардың кейбір пікірін назарларыңызға ұсынамыз.

Барлығы бес тараудан тұратын Жолдауды жан-жақты қарау барысында алғашқы болып сөзді Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов алды:

«Бүгінге дейін тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалау жолында ел ардагерлері Елбасына ақылшы, кеңесші, көмекші бола білді. Жолдаудағы басты мәлімдеме – билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану болды. Қоғам өкілдерін қамтитын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Кеңес ротациялық тәртіппен жұмыс істейтін болады.

Жолдауда азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндеті қойылды. Сонымен қатар, қоғамды толғандырып отырған мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтардың диалог аясында шешімін табу қажеттігі айтылды.

Митингілерді ұйымдастыру тәртібін жаңарту хақында «Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс», – деді.

Қоғамдағы жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайтуды тапсырды.

Бағаның өсуіне байланысты елімізде азық-түлік пен киім-кешектен бастап, түрлі қызметтерге дейін бағаның өте жоғары екеніне, сонымен қатар, сұранысы жоғары бағдарлар бойынша негізгі әуе тасымалдаушы белгілейтін билеттердің құны Еуропаға қарағанда 30 пайызға қымбат екендігіне тоқталды.

Ендеше, осы жұмыстарды әр маман иелері өз мойнына алса, мемлекеттік мақсатымызға жетеміз деген ойдамын.

Ал, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ұйым жұмысының нәтижелеріне тоқталуға тырысты:

Ардагерлер ұйымы көптеген жұмыстарға бастамашы болуда. Еліміздің барлық өңірлерінде ардагерлердің араласуымен атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік.

Республика ардагерлерінің Орталық кеңесі жастар жылын қолдап, Үндеу қабылдаған болатын. Қазіргі уақытта өңірлерде «Жастар біздің болашағымыз» атты іс-шаралар өтіп жатыр. Негізгі бағыт – жастарды жат ағымдарға еріп кетуден сақтандыру, басқа да түрлі қоғамға жат зиянды әрекеттердің алдын алу. Біз, осы жылдың соңында жастармен белсенді жұмыс жасаған облыстарды анықтап, олардың іс-тәжірибелерін өзге өңірлерге тарататын боламыз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ардагерлер ұйымында бекітілген жұмыс жоспарына сай Атырау облысында «Батамен ел көгерер» атты батагөй ақсақалдар арасында республикалық байқауы өтті. Бұл – еліміздің барлық облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының батагөй ақсақалдары қатысқан тағылымы терең шара.

Алдымызда Жеңістің 75 жылдық мерейтойын лайықты өткізу мәселесі тұр. Nur Otan» партиясының қолдауымен «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы бойынша биыл «Ұмытылған қаhармандар», «Забытые Герои» жинақ кітабы басылып  шықты. Кітапқа ерлігі үшін Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылған, бірақ әртүрлі себептермен осы құрметті марапатқа ие болмаған екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы қазақстандықтар туралы материалдар  енген.

Маңғыстау облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов:

Жуырда облыс әкімі С.Трұмовпен бірге біраз елді мекендерге барып, ардагерлермен дөңгелек үстел өткізіліп, онда халықты толғандыратын біраз мәселелер талқыланды. Әсіресе, облысымыздың аудандардағы ауыларалық  тас жолдар, су шаруашылығы, дәрігерлік емханалар, мектеп , балабақшалар, жол қауіпсіздігі сияқты мәселелеріне ашық түсіндірмелер айтылып, жауапты мемлекеттік басқармалаға тапсырыс берілді. Мұнай компанияларының қамқорлығына сай ардагерлерді емдеу, сауықтыру үшін санаторийлерге жіберуді іске асырылуда, өткен жылы және ағымдағы жылда 170 адам жіберілді. Кеңестің ұсыныстарына сай Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жағдайлары үнемі бақылауда. Жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлеріне жүз есептік көрсеткіш мөлшерінде жергілікті бюджеттен бір жолғы көмек көрсетіледі. Тыл ардагерлеріне де осындай көмек берілуде.

Ардагерлер кеңестерін, ірі бастауыш ұйымдарының материалдық базасын нығайтуға байланысты шаралар алынуда. Маңғыстау ауданының ардагерлер кеңесінің ғимаратына қосымша құрылыс салынса, Мұнайлы ауданының Батыр ауылында әкімшілік ғимаратынан ардагерлер бөлмесін жасақтап, іске қосты. Ақтау қалалық ардагерлер Кеңесіне дербес ғимарат беріліп, бірқатар жабдықтармен қамтамтамасыз етілді. Биллиард бөлмесі, шахмат бөлмесі, газет-журнал оқитын, дойбы ойнап уақыттарын жақсы өткізуге қол жеткізді.   

 Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ:

Алдағы жылы Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абайдың 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз, Алтын Орданың 750 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы да айтарлықтай оқиға санатында. Сондай-ақ, ең маңызды мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы.

Қазіргі жүріп жатқан қарттар айлығының басты девизі – «Ешкім де назардан тыс қалмайды», сол себепті осы күндері өтетін қандай да шара болмасын жасы ұлғайған адамдар барынша қамтылады. Мысалы, былтыр облыстағы ардагерлер ұйымдары 1702 іс-шара, 217 «дөңгелек үстел» отырысын, 723 концерт өткізді, 32 мыңнан аса дастархан жайды, 18 мыңдай азық-түлік пакетін табыстады, 1383 зейнеткерге газет-журналдар жаздырды.

Сол сияқты соңғы екі жылда аудандық кеңестердің озық тәжірибесін насихаттау тұрғысында «Ветераны – беспокойные сердца», «Опираясь на органы власти», «Опыт приходит работающим» атты үш кітапша шығардық.

Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге тиіс деп есептеймін.

 Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов:

Жолдау жариялана салысымен Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің пленум мәжілісінде жан-жақты талқыланып, қолдау тапты. Арнайы іс-шаралар қабылданды. Бүгінге дейін 89 кездесу өткізілді. Менің пікірімше Жолдаудағы ұлттық қауіпсіздік мәселесінде өткір шешімдер қабылданды. Бұл бағытта Қазақстан кәсіби әскер жасақтап, армиямыз соңғы үлгідегі қару-жарақпен қамтамасыз етілді; Соңғы жылдары құрылған халықаралық ұйымдардың көмегімен жаһандық түрлі қауіп-қатерге тосқауыл қояр күш жасақталды. Сонымен бірге, еліміздегі ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы тыныштық бейбіт өмір сүру кепілін айғақтай түсті. Бұл халқымыздың келешекке, болашаққа сенімін нығайты.

 Жеңіс АРОНОВ,

Маңғыстау облысы