Өмір-өзеннің әрқилы кезеңінде жанкештілік танытып, еңбегімен елінің есінде мәңгіге қалған тарихи тұлғалар қазақ жылнамасында аз емес. Солардың бірі де бірегейі һәм поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова болса, көкте қырандай қалықтап, жаумен шайқаста әуеге 300 мәрте көтерілген штурман-ұшқыш ХЫЙУАЗ ДОСПАНОВА еді. Екеуін қатар қою себебіміз – бірі он тоғызында неміс басқыншыларын жоюда қаһармандық танытса, бірі қаламымен қайраткерлігін көрсете алған сөз иесі тұғын. Бір дәуірде ғұмыр кешсе де, тағдырлары мүлде басқа. Бірақ, қос алып Әлия мен Мәншүктермен қатар қазақ қыздарының портретін қалыптастырды. Ақынның 80 жылдығы тойланған тұста, батырдың бейнесі Атырау халықаралық әуежайына ескерткіш болып оралуы да тегін емес-ті.

Сонымен, ендігі әрі әуе көгінде Атырау аспанынан ұшып-қонған ұшақ жолаушылары қазақтың тұңғыш ұшқыш қызына арналған еңселі ескерткішті әуежай алаңынан көре алады. Композицияны ұшақ терезесінен де кедергісіз байқауға болады. Қоспасыз қола мен граниттен жасалған ескерткіш биіктігі – 2 м 30 см, тұғырымен есептегенде 5 жарым метр.

Туындының авторы, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің професоры Бақытбек Мұхамеджановтың сөзінше, ол батыр бабамыздың көзін көрмеген. Дегенмен, елдің айтуынша, мүсінші Хыйуаздың ішкі жан дүниесін дәл тапқан деседі. Мұнда «қанатты қыздың» соғыстан соң елге жеңіспен оралып, ұшақтан түсіп келе жатқан жарқын бейнесі суреттеледі. Мүсіннің екі жағында мәрмәрдан соғылған тастар орнатылған. Ол жоғарыдан ұшақтың қос қанатын анық аңғартады. Бұны жасауға бір жыл уақыт кеткен көрінеді. Ал, мүсіннің желке тұсында штурман-ұшқыштың ПО-2 маркалы ұшағы орналасқан.

Салтанатты рәсімге Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен еліміздің әр өңірінен келген зиялы қауым өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты. Сөз алған аймақ басшысы былай деді:

«Мәншүк, Әлия, Хыйуаз. Ешкім оларды міндеттемеді. Қажет кезінде ерлермен бір сапқа тұрып, жауға қарсы шықты. Қарсы шығып қана қойған жоқ, майдан шебінде жүріп қаршадайында немістердің «түнгі мыстан» деген лақап атын иемденді. Бүгінгі ұрпақ осы ерлікке тағзым етуі тиіс. Елбасының да негізгі тапсырмаларының бірі – әйел қауымының қоғамда маңызды тетіктерге айналуын қамтамасыз ету. Сондықтан, бүгінгі шара барша нәзік жандыларға, олардың қабілетіне, соның ішінде біртуары – Хыйуаз Қайырқызына деген зор құрметіміз.

Сонымен, ескерткішті салтанатты жағдайда ашу құрметі Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, Қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов, батыр қыздың інісі Ертарғын Доспанов пен бастамашыл топ жетекшісі Тұрсын Қалимоваға бұйырды.

Рәсім барысында ескерткіш композициясының авторы Бақытбек Мұхамеджанов, «Парасат» орденінің иегері Ханбибі Есенқарақызы, жазушы Сара Латиева, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының продюсері Жаңылхан Асылбекова, ф.ғ.к., доцент Айгүл Ермекова, бастамашыл топтың белсенді мүшесі Әлия Бекқожиеваларға Хыйуаз Доспанова атындағы медаль тапсырылды.

Айта кетейік, Хыйуаз Доспанова Қызыл Жұлдыз, І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы, Қызыл Ту ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін комсомол және партия органдарында жұмыс істейді, бірақ майданда алған жарақаттары мен контузиясы сыр беріп, 1959 жылы зейнеткерлікке шығуға мәжбүр болады. 2008 жылы 20 мамырда 86 жасында өмірден озды.

Атырау халықаралық әуежайына қаһарман қыздың есімін беру жөнінде бастамашыл топтың жетекшісі Тұрсын Қалимованың айтуынша, бұл ұсынысым 2012 жылы ұшқыш, «Құрмет» орденінің иегері Тоты Әміровамен сұхбаттан бастау алған. Алайда, сол уақыттағы заңдарға сәйкес нысандарға адам атын беруге мораторий жарияланды. Содан бермен қарай құзырлы орындарға ресми хаттар жолданып келген. Нәтижесінде, 2016 жылы Атырау облысының әкімі Н.Ноғаевқа жазған хатының негізінде бұл мәселе оң шешімін тапты. Енді бұнымен тоқтап қалмай, Атырау халықаралық әуежайына ұшқыш қыздың атын беру және Х.Доспанова жөнінде деректерді мектеп бағдарламасына енгізу жоспарлануда.

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,

суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ,

Атырау қаласы

 

ҚАҺАРМАН – ҚАРЛЫҒАШ

(Халық қаһарманы Хыйуаз Доспанованың рухына)

Не күттің екен жалғаннан жастық кезіңде,
Өр мінез, қайсар, от ойнап ойлы көзіңде.
Қырандай самғап арманның биік шыңына,
Үмітіңді арттың ба бітпес төзімге?!

Жиырмадан асқан қызғалдақ кезің жайнаған,
Жайқалып тұрды жасампаз ғұмыр айналаң.
Елім деп соққан жүрегің сенің шоқ үрлеп,
Қан майдан отқа түсіп кеттің бе қайнаған.

Ертеңге сенген сенімің ешбір мұқалмай,
Отан деп соқты жанарың отты жұтардай.
Қарақат көзді қазақтың қарлығашы едің,
Жайқала өскен жауқазын сынды жұпардай.

Мұратың болып бақытты ұрпақ, бейбіт күн,
Қасқая қарап дауылға қанша шүйліктің?!
Араша түстің аспаннан қорғап жұртыңды,
Үлгісі болып бабалар күткен ерліктің.

Қаһарман қыз ең, қыраннан асқан айбынды,
Ұға алар ма екен ұрпағың сенің қайғыңды.
Ерлікке толы жұлдызды аспан – бір дастан,
Таусылмас ән ғой сағынған сәтің Жайығыңды.

Сен күткен ұрпақ басқаша қазір толғаған,
Сен сүйген Одақ бүгіндер үшін болмаған.
Саудаға салып шаңдатып жатыр бұл күнде,
Қазақтың жерін шыбын жаныңмен қорғаған.

Жетпейсің апа, рухыңмен бізді жебей жүр,
Әлсіреп қалсақ, шашырап қалсақ демей жүр.
Жайғастың келіп жағалай жатқан жұртыңа,
Еліңді апа елей жүр көктен, елей жүр!

Ғасырлар жалғап халқыма қонған ғажап күн,
Ғұмырлы болсын, баянды болсын азат күн!
Оқ жауған түнді қос қанатымен қақ жарған,
Естесің мәңгі, ерлігің аңыз
ер жүрек қызы қазақтың!                         

 Жаңылхан АСЫЛБЕКОВА,

«Qazaqstan» ұлттық телеарнасының продюсері