Соңғы кездері еліміз халықты әлеуметтік жағынан максималды түрде қорғау шараларын қолға алудан көптеген мемлекеттерге үлгі болып келеді.

Мүмкіндік көп балалы және толық емес отбасылар үшін

  Бүгінде отандастарымыз арзан ипотекалық несие арқылы баспана алу мүмкіндігіне ие болып жатыр. Соның ішінде, «Бақытты отбасы» бағдарламасы көп балалы және толық емес жанұялар үшін ерекше мүмкіндік ұсынып отыр.

Пилоттық жобаны бірінші болып іске қосқан Алматы қаласындағы Тұрғын үй саясаты басқармасы таратқан мәліметке қарағанда, баспана жеңілдігін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ұсынады. Яғни, 15 миллион теңгеге дейін берілетін несиенің  жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2 пайыздан төмен. Бастапқы жарна ретінде, үй алушылардан сатып алынатын пәтер құнының 10 пайызы ғана талап етіледі. Және қарыз жиырма жылға дейін беріледі. Сарапшылардың айтуынша, 2019 жылдың өзінде 6 мың қазақстандық жанұя аталмыш бағдарлама арқылы баспаналы болуы тиіс. Қазірдің өзінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 436 отбасының несиелік өтінімін қабылдады.  «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, өтінімдердің көпшілігі бүгінде негізінен Нұр-Сұлтан және Алматы облыстарының тұрғындарынан түсіп жатыр.

Баспаналы болғыңыз келсе, www.baqytty-otbasy.kz сайтына кіріп, «Өтініштерді қабылдау» бөліміне арыз жазып қалдырыңыз!

«Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2 пайызбен бұған дейін пәтерді несиеге берген емеспіз. Бұл өте жақсы мүмкіндік», — дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегілер.

Пәтерді өзіңіз таңдайсыз!

  Тағы бір маңызды жаңалық, «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы өтініші қабылданған жанұя пәтерді өзі таңдайды. Және таңдау үшін арнайы бір ай уақыт беріледі. Атап өтер жайт, аталмыш бағдарлама бойынша пәтер алу —  тұрғын үй несиесі нарығындағы ең аз мөлшерімен де ерекшеленіп отыр. Айталық, егер белгілі бір отбасы құны 15 миллион теңге болатын пәтерді таңдайтын болса, онда несие төлеушінің ай сайынғы төлемі 79 мың теңге болады.  «Бұл әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін расымен де үлкен мүмкіндік болып отыр» дейді сарапшылар.

Анықтама телефоны:

Толығырақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банктің тегін желісі:

300, 8 8000 801 880 нөмірлеріне қоңырау шалып, жауап алыңыз.

Табысыңыз 25 мың теңгеден асса болғаны

  Жеңілдетілген несиемен үй алу үшін, әлбетте көпбалалы отбасының қаржылық жағдайы есепке алынады. Бірақ, оған көп алаңдаудың қажеті жоқ. Өйткені, бұл әлеуметтік топтың табысына қатысты аса бір қатаң талап қойылмайтын болып шықты.

«Бағдарламаға қатысушы ай сайын борышын өтеу үшін, әрі күнкөріске қажетті ең төменгі сомасы барын нақтылауы үшін белгілі бір мөлшерде табыс табатынын дәлелдеуі керек. Бұл бір ересек адамға 5 айлық есептік көрсеткіш немесе 12 625 теңге.  Мысалы, күйеуі мен әйелін алсақ, онда бұл 25250 теңге болады. Бұл арада қарызды өтеу қабілеттілігін есептеуде балалар есепке алынбайтынын баса айта кеткіміз келеді», — дейді спикер Ләззат Ибрагимова.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Қандай құжаттар керек?

  • «Бақытты отбасы» сайтына кіріп, өтінішті тіркету үшін азаматтардың электронды кілті болуы керек. Оны Халыққа қызмет көрсету орталығынан алуға болады.
  • Сонымен қатар, өтінішке қоса азаматтар мынандай құжаттардың сканерленген нұсқасын өткізуі керек:
  • Баланың туу туралы куәлігі;
  • Тіркелген неке туралы куәлігі (немесе некенің бұзылғандығын растайтын құжат), жолдасының/жұбайының қайтыс болғандығы туралы куәлік;
  • Некеде тұрмайтындығы туралы нотариалды бекітілген арыз.