Кім болса да өзінің кіндік қаны тамған жері, туған өлкесі, оның табиғат таңғажайыптары,  өзен-көлдері мен орман-тоғайларымен мақтанатыны жасырын емес. Ол – жазылмаған заңдылық. Өйткені, жер бетіндегі ең сұлу, ең әдемі жер – кез келген адам үшін туған жері сол жердің табиғат байлығы. Табиғаттың сыйға тартқан байлығын ұрпағымызға бүлінбеген қалпында аманаттауымыз басты парызымыз болуы керек. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында біздің тілшіміз Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы АРЫСТАН Қадыржан Бақтығалиұлына жолығып, аймақта атқарған жұмыстардың жай-жапсарын сұрап білген еді. 

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өз құзыреті шеңберінде қоршаған орта қорғау бағытындағы шараларды жүргізумен қатар, облыс аумағындағы табиғи ресурстарды реттеп пайдалануды жүзеге асырады. Басқарма жұмысының басты бағыттарының бірі – мемлекеттік орман қорын күзету және молықтыру, яғни орман шаруашылықтарын ұстау. Облыста бұған дейін жұмыс істеп келген Атырау, Махамбет, Индер және Құрманғазы орман шаруашылықтарының жалпы орман қоры 52,5 мың га, ал оның алқапты орманы 15,1 мың га құрайды.

Атырау қаласының жасыл белдеуін құруға және тұқымбақ салып, қаланы жергілікті жерге бейімделген ағаш-бұта өсімдіктері көшеттерімен қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылдың қарашасынан бастап Атырау қаласы аумағында Атырау орман шаруашылығы дербес құрылды.

Атырау, Махамбет, Индер және Құрманғазы орман шаруашылықтарының тұқымбақтарында 2017 жылы 224 мың түп терек, ал 2018 жылы 323,2 мың түп тал, шаған, үйеңкі, жиде және сексеуіл көшеттері күтіліп бапталды. Жыл сайын «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу» және «Бір күндік ағаш отырғызу» акциялары ұйымдастырылады. Акциялар кезінде аудандардағы орман мекемелері тұқымбақтарынан 7-10 мың түп ағаш көшеттері әкелініп, қала тұрғындарына, мекемелерге жеңіл бағамен сату ұйымдастырып отыр.

2016-2018 жылдары 4 орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуына 81,2 млн.теңге бөлініп, арнайы техникалар, жабдықтармен нормативтерге сәйкес қамтамасыз етілуде. Ал, биыл 89,4 млн теңгеге ағаш көшеттерін тамырымен қазып алып, көшіріп отырғызатын арнаулы техника сатылып алынбақшы.

Облыс әкімдігімен дәстүрлі орман саласы қызметкерлерінің мәртебесін арттыру бағытында көптеген жұмыстар атқаруда. Соңғы екі жылда облыс аудандарындағы 398 млн.теңгеге Махамбет, Индер және Құрманғазы орман мекемелерінің кеңсе, өрт сөндіру стансасы және автотрактор паркі кешендері жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Қазір 29 млн.теңгеге Индер және Махамбет орман шаруашылықтары аумағында өрт-бақылау мұнарасының құрылысы жүргізілуде.

Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы АРЫСТАН Қадыржан Бақтығалиұлы

Басқармадағы тағы бір негізгі бағдарламаның бірітабиғат қорғау іс-шаралар. Соңғы жылдары облыстың жекеленген аудандарында елді мекендерді құм басу қаупінің артуын байқауға болады. Құм көшкінінің басуы негізінен Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға және Жылыой аудандарының елді мекендерінде басымырақ орын алуда.

2012-2017 жылдары Исатай, Жылыой аудандарында 16,8 га жерге құм көшкінен тоқтату жұмыстары жүргізілді. Бұған облыстық бюджеттен 97,1 млн.теңге бөлінді. Былтыр Исатай, Қызылқоға және Жылыой аудандарында 26,1 га аумаққа, оның ішінде, Кобяково-Забурын каналын құм басудан қорғау жұмыстарын жүргізу үшін 4 участкеге жобалау-сметалық құжаттамалар (құны 22,7 млн.теңге) жасақталып, сараптама қорытындылары алынды. Бұл жұмыстарды жүргізу 304 млн.теңге қаржыны талап етеді, оның 43 млн. теңгесі биылғы жылдың бюджетінде қаралып отыр. Бұл жұмыстар, алдағы уақытта да, кезең-кезеңмен өз жалғасын табатын болады.

Басқарма алдындағы күрделі міндеттердің бірі – қоршаған орта ауа тазалығын қамтамасыз ету. Облыста ауа райын тұрақты түрде бақылайтын 45 станса бар, оның 28-і Атырау қаласында орналасқан: «НКОК» компаниясының – 20, «АМӨЗ» кәсіпорнының – 4 және «Казгидромет» РМК Атырау филиалының 4 стансасы, қалған 17-сі облыс аудандарында орналасқан.

Ауа сапасы жөнінде мәліметтер онлайн режимде «Казгидромет» мекемесі филиалындағы орталық серверге беріліп, сараланып отырады. Алайда, мәліметтер серверге белгілі бір уақыттан кейін (2 сағаттан 1 тәулікке дейін) кеш түсетін болғандықтан, олар өз өзектілігін жоғалтып отыр, яғни, газ шығырындылары шекті мөлшерден асып кеткен жағдайларды дер кезінде шара алыну мүмкін емес.

Дегенмен, басқарма осы бір күрделі мәселені шешуді өз алдына басты мақсаттардың бірі етіп қойып, әртүрлі озық технологияларды іздестіруде. Қазір облыс әкімдігі тарапынан атмосфералық ауа сапасына онлайн мониторинг жүйесін құру мақсатында, саланы цифрландыру жобалары қолға алынуда.

Қоршаған орта сапасын бірте-бірте жақсарту, оны мөлшерлеу  параметрлерінің шекті деңгейін белгілі бір кезең бойынша белгілеп, мониторинг жасап, бағалап отыру мақсатында, Экологиялық кодекстің 20-бабына сәйкес, 2017-2018 жылдарға жергілікті бюджеттен 32 млн.теңге қаражат бөлініп, «Экосервис-С» ЖШС-імен қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері жасақталды. Жоба шеңберінде Атырау облысының өзекті экологиялық проблемалық мәселелер тізбесі жасалып, қоғамдық кеңес, ҮЕҰ өкілдері, бизнестің, «Nur Otan» партиясы өкілдерінің қатысуымен қоғамдық талқылауға шығарылып, облыстық маслихат шешімімен бекітілді.

Өзекті мәселелердің бірі – облыс аумағында апатты мұнай және өзағар гидрологиялық ұңғымаларының ағу фактілерінің орын алуы. Облыс аумағында 90 апатты жағдайдағы ұңғымалар тіркелген, оның 88-і жер қойнауын пайдаланушылардың келісім шарттық аумағында орналасқан, 2 ұңғыма мемлекеттік қорда. Жоғарыдағы 88 ұңғыманың 13 тығындалған, қауіптілігі жоқ – 61 ұңғыма, ал, тығындалуы тиісті 14 ұңғыманың 5-уі жер қойнауын пайдаланушылардың теңгеріміне алынбаған.

Жылыой ауданы аумағында 180 өзағар гидрологиялық ұңғыма бар, олардың 57-і крандық режимде жұмыс істейді. Жайылым жерлерде орналасқан олардың көпшілігін мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар ішінара пайдаланып отыр.

Су басу аймағында және Каспий теңізі жағалауында орналасқан апатты мұнай ұңғымаларын және облыс аумағында орналасқан апатты мұнай ұңғымалар мен өздігінен ағатын гидрогеологиялық ұңғымаларды жою бойынша ұсыныстарымыз Үкімет пен тиісті министрліктерге жолданып, проблемалық мәселелер тізбесіне енгізілді.

Көпшілікке мәлім, облыста ауыз су тапшылығының орын алу қаупі бар. Сондықтан, ауыз су ретінде жер асты суымен Атырау қаласы мен Жылыой өңірі тұрғындарын қамтамасыз ету арқылы біз, біріншіден, жылдан жылға ағын су мөлшері азайып келе жатқан Жайық өзені мен Маңғышлақ өңіріне су жеткізіп отырған Астрахань-Маңғышлақ су құбырынан алынатын су көлемін азайтар едік, екіншіден, Атырау қаласы тұрғындарын таза жер асты ауыз суымен қамтамасыз етіп, стратегиялық резерв жасар едік.

Осы ретте, Ақтөбе облысының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, батыс аймақтағы ірі кен орындардың бірі «Көкжиде» жер асты су қорын Атырау өңірі халқының игілігіне пайдалану мәселесі өзекті мәселеге айналып отыр. Кен орны Құлсарыдан 300 шақырымдай жерде орналасқан, су қоры өте тұщы, оның минерализациясы дециметріне 0,1-0,3 граммнан аспайды, «Ауыз су» стандартына сәйкес келеді.

Былтыр жазда Елбасының төрағалығымен өткен кеңесте «Көкжиде» жер асты тұщы су қорларын қайта бағалай отырып, аталған су көзінен Атырау облысы тұрғындары үшін сумен жабдықтау жүйесін жобалап, салу тапсырылған болатын. Осыған орай, бұл жер асты су қорын қайта барлап-бағалауға қажетті 1 161,8 млн.теңге көлеміндегі қаржы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бюджеттік өтінімі бойынша 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетте қарастырылып, Ақтөбе облысына 2019 жылға мақсатты трансферт ретінде 300 млн.теңге бөлінді. Қазір Ақтөбе облысы әкімдігімен сәйкес жұмыстар атқарылуда. Кен орнын қайта барлап бағалау жұмыстары аяқталғаннан кейін, аталған су құбырын тартудың техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттары жасақталатын болады.

Басқарма жоғарыда көрсетілген бағыттар бойынша облыс аумағында шешімін табуға тиісті өзекті мәселелерді шешумен, сол сияқты, өз құзіреті шеңберінде мемлекеттік қызметтер көрсету мен табиғат қорғау саласындағы шараларды одан әрі жүзеге асыратын болады.

Биыл басқарма бойынша табиғат қорғау шараларына 195 млн. теңге жоспарланған. Бұл шаралар аясында алдыңғы жылы басталған Атырау облысының шекті рауанды шығырындылар (ШРШ) жиынтық томын жасақтау (12,5 млн.теңге), «Тайсойған» полигоны аумағында кешенді экологиялық зерттеулер жүргізу (21,0 млн.теңге), облыстағы трансшекаралық жерүсті су объектілерінің пайдалану жағдайын зерттеу (27,9 млн.теңге) жұмыстары жалғастырылатын болады.

Бұлардан басқа, жергілікті деңгейде шешімін табуға тиісті мәселелер де баршылық. Атырауда және ірі елді мекендерінде жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу және қаладағы ескі полигонды рекультивациялау, қаланың оң және сол жағалауындағы сарқынды сулар төгілетін буландыру алаңдар құрылысы жұмыстарын үнемі назарда ұстау, құзырлы органдармен бірлесе отырып, Атырауда қоршаған ауа сапасын онлайн режимде тұрақты бақылауды ұйымдастыру міндеті тұр.

   Сондай-ақ. орман шаруашылықтарындағы тұқымбақтарда аудандырылған ағаш көшеттерін «жабық» тамырлы түрде өсіріп, тұрғындар мен қала мекемелерінің көгалдандыру жұмыстарын сұранысқа орай жеткілікті дәрежеде қамтамасыз ету, Атырау қаласы аймағында жасыл белдеу құру жобасын жасақтау мақсатында облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Атырау қаласы аймағында жасыл белдеу құрудың 2019-2024 жылдарға арналған жобасы дайындалуда.

Жоба бойынша Соколок каналы тұсында Атырау-Қарабатан тас жолынан жаңадан салынып жатқан кәріздік су тазарту стансасына дейінгі аралықтағы қаланың оңтүстік-батыс жағындағы 1300-1400 га алқапта түгендеу жұмыстары басталды. Осы жұмыстар аяқталған соң оған «жасыл белдеу» отырғызудың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалатын болады.