Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі өнер сапарымен Ресей Федерациясының Омбы қаласында болды.

    ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігін қалыптастыру, өңіраралық ынтымақтастықты нығайту мақсатындағы тапсырмасына орай «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында Жайық жағасынан бастау алған өнер керуені қазақ тарихында айрықша орын алатын Омбы шаһарына сапар шекті.

Атырау облысының әкімдігі, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының  қолдауымен «Мөлдір» қазақ мәдени сібір орталығы» қоғамдық ұйымының шақыртуымен барған өнер ұжымы Омбыдағы алғашқы күнін қаланың тарихи жерлерімен танысудан бастады. Омбы филармониясының концерттік залында өткен «Шуақты өлкенің шаттығы» атты оркестрдің кешіне көрермен көп жиналды.

– Атырау – батырлар мен ақындардың елі, құдіретті күйдің Отаны. Ежелден өнер дарып, құт қонған қасиетті өлкенің мәдени мұрасы бүгін де бәсін төмендеткен жоқ. Академиялық оркестр ұжымын омбылық ағайындар  кең пейілмен қарсы алады. Концерттік бағдарламаны тамашалаған көрерменнің шынайы қошеметін сезініп, шабыттанып қайттық. «Мөлдір» қазақ мәдени сібір орталығының» осындай шараларға ұйытқы болып, екі ел арасындағы достық пен татулықтың нығаюына үлес қосып жүргендері қуантады, — дейді оркестр басшысы Сағынтай Көпжасаров.

Күй атасы Құрманғазының «Серперімен» басталған өнер кешінде оркестрдің орындауында қазақ және шетел композиторларының шығармалары сахнаның сәнін келтірді. Жеке орындаушылар Қайрат Кәкімов, Сардарбек Әбілов, Азамат Жұмағалиев, Болат Долдашев, Айбек Сапанов, Индира Түсіпқалиева, Бақытбек Сәрсенов, Берік Амантаев, Аманжан Басығараев, қобызшы Ақнар Шәріпбаевалардың өнері көрерменді тәнті етті.

Осынау 60 жылдан астам тарихы бар өнер ұжымы әлемнің бірнеше мемлекеттерінде өнер сапарымен болып, қазақтың дәстүрлі әні мен күйін насихаттап жүр.

– Домбыра – қазақтың жаны. Дәстүрлі ән мен күй – халықтың бекзат болмысы. Өнер ұжымы осы ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында еңбек етуді қасиетті парызы санайды,- дейді оркестр жетекшісі.

Өнер сапарының барысында  атыраулық академиялық халық аспаптар оркестрі Солтүстік Қазақстан облысының орталығына да барып, қызылжарлық ағайынды қуантты.

Аталмыш шараның өтуіне ұйытқы болған «Мөлдір» қазақ мәдени сібір орталығының жетекшісі Алтынай Жүнісованың айтуынша, бүгінде Омбыда 100 мыңнан астам қазақ тұрады. Ресейдегі отандастардың ата- салтын ардақтап, ұлттық құндылықтарды ұлықтауы бағытында «Мөлдір» қоғамдық ұйымы 30 жылға жуық уақыт еңбектеніп келеді. Енді ше, осы жылдар ішінде атқарып жатқан игілікті істері жөнінде Алтынай ханыммен сұхбаты назарларыңызға ұсынамыз…

– Өзіңіз жетекшілік ететін орталықтың тарихына тоқталсаңыз?

1989 жылдың 12 ақпанында жастар клубы болып құрылған. Бастапқы кезде тек студенттер ғана жиналып, көңілді кештерді бірге  өткізіп жүргеміз.  Біздің  мәдени орталығымызды билік органдары тек Кеңес одағы тараған соң  1992 жылы ғана ресми түрде тіркеуге алды. Жалпы «Мөлдір» қазақ мәдени орталығы ең бірінші боп құрылып, кейін ең бірінші боп тіркелген Омбы облысындағы тұңғыш ұлттық мәдени орталық ретінде тарихқа кіріп отыр.

«Мөлдір» орталығы бұл күнде омбылық қандастарымыздың басын қосуға ұйтқы болатын үлкен шаңыраққа айналған. Бүгінгі күні орталықта ән, домбыра, би, көркемсөз оқу үйірмелері жұмыс істейді. Сонымен қатар фольклорлық-этнографиялық «Мөлдір» атты ансамбліміз бар. Онда жүзден астам өнерпаз өнер көрсетеді. Орталығымыз басқа елдермен де жан-жақты мәдени байланыстар орнатып келеді.

– Омбы қазақтарының армандарын айта отырсаңыз?

– Қазақстан Мәңгілік Елге айналса, оларда одан басқа қандай арман болмақ. Біз қазірдің өзінде артымызда Қазақстан деген еліміз бар екенін жақсы білеміз және оны әрдайым арқа тұтып, зор үміт артамыз. Қазақстан барда тіліміз, әдебиетіміз, мәдениет пен өнеріміз, музыкамыз, спортымыз өлмейтінін білеміз.  Менің Қазақстаным бар деген деген мақтаныш сезімі біздің бойымызға әрдайым үлкен күш-қуат кіргізіп, ойымызға еркіндік береді.

– Орталықтың алдағы уақыттағы мақсаттарыңыз қандай?

– Біздің мақсатымыз тарихи дүниелерімізді көздің қарашығындай сақтау, қазақтың дәстүрін қайта жаңғыртып, өсіп келе жатқан жас ұрпақты ұлттық мәдениеттің қайнар бұлағымен сусындату және әлем халықтарымен мәдени қарым-қатынас орнатып, Омбы облысының барлық тұрғындарымен бейбіт, ынтымақта өмір сүру. 30 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған орталығымыз ұлтымыз үшін ұлағатты жұмыстар жасауға тырысуда.

– Сұхбатыңызға рахмет, шығармашылық табыстар тілеймін!

 Алтынай СӘЛІМГЕРЕЙҚЫЗЫ