Қашаған – Қазақстанның теңіз қайраңындағы ірі мұнай-газ кен орны. Ол Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде, Атырау қаласынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан. 2018 жылы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (НКОК) халықаралық бірлескен кәсіпорны игеріп жатқан Солтүстік Каспий жобасы Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай және газ қорларын барлау үшін «ҚазақстанКаспийШельф» халықаралық консорциумын құру туралы келісімге қол қойылуының 25 жылдығын атап өтті.

Солтүстік Каспий табиғатының бірегейлігі және оны зерттеу жұмыстары 

Солтүстік Каспий – өте сезімтал экологиялық аймақ және сан алуан флора мен фауна өкілдерінің мекендеу ортасы. Каспий мен оның жағалау аймақтары – биологиялық әртүрлілігінің арқасында әлемдегі анағұрлым құнды экожүйелердің бірі.

Каспий әлемге теңдессіз бекіре балықтарымен әйгілі, оларды тірі қазба байлықтары деуге болады. Бекіре тұқымдас балықтар 200 млн. жылдан астам уақыт бұрын болған, ол кезде бұл балықтар көптеген ежелгі теңіздерді мекен еткен. Кейін эволюция барысында бекіре балықтар негізінен Каспий теңізінде сақталып қалды. Каспий жағалауының бойындағы ұлан-ғайыр сулы-батпақты алқаптар балықтардың көбеюіне жағдайлар жасап, қамыс қопасы сүтқоректілер мен құстардың көптеген түрлері үшін мекен ортасына айналды. Каспий итбалығы – Каспий теңізіндегі жалғыз сүтқоректі, эндемик, ол осы ішкі суқойманың бүкіл акваториясын мекендейді, оның солтүстік және оңтүстік бөліктері арасында маусым бойынша қоныс аударады. Жағалаумен шектесіп жатқан шөлейт және шөл ландшафтылары – жәндіктер, өрмекші тәрізділер, кесірткелер, жыландар, кеміргіштер, жергілікті табиғат ерекшеліктеріне бейімделген құстар мен ірі сүтқоректілердің жекелеген түрлері мекендейтін орын.

Компания жылдың барлық маусымында теңіздегі қоршаған ортаға тұрақты мониторингілік зерттеулер жүргізеді, атмосфералық ауаның, судың және түптік шөгінділердің сапасына, планктонның, бентостың, балық популяцияларының, сонымен қатар құстар мен итбалықтардың күйіне бақылау жүргізеді.

Құрлықтағы мониторинг шеңберінде компанияның барлық нысандарындағы топыраққа, ыза суға, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Экологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау НКОК қызметінің басым бағыттары қатарына кіреді. Компания осы салада үздік көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында табиғат қорғау қызметін басқарудағы тәсілдемелерді үздіксіз жетілдіруде, қоршаған ортаны қорғауға жұмсалатын қаржыны арттыруда. Компанияның қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясаты теңіз қайраңында және құрлықта жүргізіліп жатқан өндірістік операцияларға байланысты қоршаған ортаға тиюі мүмкін кез келген әсердің алдын алуға және деңгейін төмендетуге бағытталған.

«НКОК» компаниясы үшін Каспий қайраңын игеру — тек көмірсутегілердің кен орындарын барлау мен игеру ғана емес, сонымен бірге ауқымды экологиялық зерттеулер жүргізу, жақсы жоспарланған және ойластырылған табиғат қорғау бағдарламасы.

Қоршаған ортаны қорғау саясаты

Солтүстік Каспий консорциумының мұнай және газ кен орындарын игеру кезіндегі экологиялық саясаты қоршаған ортаны қорғау мәселесінің басымдылығына негізделген. Консорциум 1993 жылдан бастап Солтүстік Каспийдің мұнай операциялары жүргізіліп жатқан аудандарында 200-ден астам кешенді экологиялық зерттеу ұйымдастырды. Алынған деректердің көрсетуінше, Қазақстан Республикасының экологиялық нормаларын қатаң сақтау және қоршаған ортаның күйіне тұрақты мониторинг жүргізу арқасында қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан мұнай операциялары ластау көзі болып табылмайды.

Зерттеу жұмыстарын жүргізген жылдар ішінде мол экологиялық материал жинақталды және Солтүстік теңіздің экожүйесінің қазіргі күйінің бағалауы ұсынылды. «НКОК» компаниясы халыққа Солтүстік-шығыс Каспийдің қоршаған ортасының күйі бойынша тұрақты ақпарат беру арқылы өзінің ашықтығын көрсетуде. Көпжылдық экологиялық зерттеулердің нәтижелері ғылыми басылымдарда және баяндамаларда жарияланады, қоғамдық кездесулер мен жиналыстарда ұсынылады.

2014 жылы «Мұнай кен орындарын игеру кезінде Солтүстік-шығыс Каспийдің қоршаған ортасына жүргізілген мониторинг.1993-2006 жж.» атты монография жарық көріп, ол 1993-2006 жылдары аралығындағы кезеңде жүргізілген экологиялық зерттеулер нәтижелерінің алғашқы ірі жиынтығы болды.

Өткен 2018 жылы Солтүстік Каспий жобасының 25-жылдығы қарсаңында компания ғылыми-публицистикалық еңбек – «2003-2016 жылдары аралығындағы кезеңде «НКОК» компаниясының мұнай кен орындарын игеру кезіндегі Солтүстік-шығыс Каспийдің қоршаған ортасын экологиялық мониторингілік зерттеулердің нәтижелері» атты монография шығарды. Зерттеулердің нәтижелері қоршаған ортадағы табиғи өзгерістерді және адамның теңіз ортасына әсер етуінің барлық түрлерін ескере отырып түсіндірілген, бұл Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігінде экологиялық мониторинг жүргізуге қатысқан ғалымдардың авторлық ұжымының негізгі қорытындыларының, бағалауларының және ұсынымдарының шынайылығын арттырады.

Ихтиофаунаның ерекшеліктері және оны сақтау жөніндегі іс-шаралар

Каспий теңізінің Қазақстан экономикасы үшін маңыздылығын, оның ихтиофаунасының бірегейлігін ескере отырып, теңіздегі мұнай кен орындарын игерудің әр кезеңінде тұрақты ихтиологиялық зерттеулер жүргізіледі, олардың ақтық мақсаты — өндірістік қызметтің балықтарға әсерін анықтау және жағымсыз әсерді азайту жөніндегі іс-шараларды әзірлеу.

Каспий теңізінің қазіргі заманғы ихтиофаунасының түр әралуандығы ашық теңіздегімен салыстырғанда мол емес және негізінен аборигендік түрлерден тұрады. Онда балықтар мен балық тәрізділердің 139 түрі мен түршесі бар, олардың ішінде бес түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. Олардың ең құндылары: бекіре тұқымдастардың барлық түрлері, тұқы тұқымдастар ішінде – қаракөз, табан, сазан; алабұға тұқымдастар ішінде – көксерке; майшабақ тұқымдастар ішінде – қаршалар мен майшабақтар.

Каспий теңізінің бекіре тұқымдас балықтары – анағұрлым бағалы балық түрлері. Олардың 5 түрі бар: қортпа, шоқыр, пілмай, орыс және парсы бекірелері, олар өрістегіш балықтарға жатады, негізінен теңізде мекендейді, ал көбею үшін өздерінің уылдырық шашу орындары бар өзендерге кіреді. Алайда, Еділ, Кура және Терек өзендерінің ағынын гидроэлектр стансаларының мол бөгеттерімен реттеу өрістегіш балықтардың көптеген түрлерінің, соның ішінде, бекіре тұқымдастардың табиғи көбеюінің экологиялық жағдайларының өзгеруіне соқтырды. Көбеюдің қолайсыз жағдайлары Каспий теңізіндегі бекіре тұқымдас балықтар санының азаюына себеп болды. Жайық өзені – Каспий теңізі бассейніндегі ағыны реттелмеген, бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашу үшін өрістеуіне кедергі келтіретін гидротораптар жоқ жалғыз өзен. Сондықтан, Жайық өзені келешекте бекіре тұқымдас балықтар қорын сақтау үшін өте маңызды.

Қазірде Каспий теңізін мекендейтін бекіре тұқымдас балық түрлерінің барлығын Табиғат пен табиғи ресурстарды қорғау жөніндегі халықаралық одақ «жойылу қаупі төнген түр» санатына жатқызды. Бұл балықтар қорының қазіргі күйі өте нашар деп бағаланып отыр, уылдырық шашатын ересек балықтар санының күрт азаюы осының айғағы.

Каспийдегі бекіре тұқымдас балықтар қорының азаюының негізгі себептеріне мыналарды жатқызуға болады: теңізде заңсыз балық аулау, соның ішінде, жыныстық жетіліп болмаған балықтарды аулау; табиғи көбею ауқымының азаюы және мекендеу орталарының ластануы. Қазіргі кезде бекіре тұқымдас балықтар жойылып бара жатқан балықтар санатында болғандықтан, осы бағалы гидробионттардың табиғи популяциясын сақтау және қалпына келтіру үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет. Қазіргі жағдайларда бекіре тұқымдас балықтардың табиғи қорларын сақтау мен қалпына келтірудің жалғыз нақты жолы — жасанды жолмен көбейту.

Бекіре балықтардың табиғи көбею көлемдерінің қысқаруына байланысты 1998 жылы Жайық өзенінің атырабында екі бекіре балық өсіру зауыты салынды, олардың біреуі Қашаған жобасының қолдауымен пайдалануға берілген.

Каспийдің солтүстік бөлігінде балық ресурстарын сақтау – «НКОК» компаниясының табиғат қорғау саласындағы басым міндеттерінің бірі. Компания Каспийдің биоәртүрлілігін сақтау жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыруда. Атап айтқанда, Компания Жайық-Каспий бассейнінің балық ресурстарына келтірілген зардаптың орнын толтыру шаралары ретінде және бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын сақтау мақсатында бекіре балықтарының жасанды жолмен өсірілген шабақтарын шығару жобасына бастамашы болды. 2016 – 2018 жылдары аралығындағы кезеңде бекіре тұқымдас балықтардың жасанды жолмен өсірілген 700 мыңнан астам шабағын Каспий теңізіне жіберу Компанияның өз міндеттемелері шеңберіндегі үлесі болып табылады. Компания есебінен балықтардың табиғи популяцияларын толықтыру үшін олардың табиғи мекендеу ортасына бекіре тұқымдас балықтардың өміршең шабақтарын жіберу биылғы жылы да, сондай-ақ кейінгі жылдары да жалғасатын болады.

Компания Атырау облысында орналасқан бекіре балықтарын өсіретін зауыттарды жаңарту жобаларына белсенді қатысуда. Өткен жылы НКОК Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытын жаңартуға қаржылай қолдау көрсетті, атап айтқанда, өндірістік балық өсіру алаңдарын үздіксіз сумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін физикалық және моральдық тұрғыда ескірген магистральды су беру жүйесінің болаттан жасалған 1400 метрлік құбырлары толығымен ұзақ мерзімге есептелген полиэтилен құбырларына ауыстырылды;

— бекіре тұқымдас балықтардың аналықтарын ұстауға арналған өндірістік цехта арнайы шыныпластик хауыздар және тұйық сумен жабдықтау қондырғылары (ТСҚ) орнатылды.

Жоғарыда аталған балық өсіру кәсіпорнында тұйық сумен жабдықтау қондырғылары бар жаңа хауыздардың болуы арқасында 2018 жылы желтоқсанда Жайық өзенінде балықтар жаппай қырылған кезде кәсіпорындағы бекіре тұқымдас ересек балықтардың аналығының жартысы дерлік тірі қалғанын атап өткен жөн.

Жақын келешекте «НКОК» компаниясы бекіре тұқымдастың тұқымдық балықтарына (ересектеріне) генетикалық мониторинг жүргізу және жасанды жолмен көбейту мақсатында бекіре тұқымдас балықтардың шәуетін криоконсервациялау (мұздатып сақтау) әдісін енгізу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

«НКОК» компаниясының балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында қолдау көрсету мақсатында Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жанында Гидробионттар генетикасының зертханасын құру жұмысын қаржыландырғанын атап өткен маңызды. Осы зертхана қызметінің негізгі бағыттарының бірі – Каспий теңізіндегі бекіре тұқымдас балықтардың табиғи популяциясын көбейту мақсатында пайдаланылатын балық өндірушілердің генетикалық әртүрлілігін сақтау.

Жалпы алғанда, «НКОК» компаниясы Солтүстік Каспий жобасын дамыта отырып, Солтүстік Каспийдің қоршаған ортасын үнемі сақтау және мұнай операцияларының ең жоғары экологиялық стандарттарына сәйкес болу бағытында жұмыс істеуде.

 

    Сағиден ЕРБӨЛЕКОВ,

биология ғылымдарының кандидаты,

«НКОК Н.В.» компаниясының экологиялық зерттеулер

                                                          және биоалуантүрлілікті

зерттеу бөлімінің жетекшісі.