Жаңабек Жетіруовтың есімі киносүйер, көзіқарақты көрерменге «Телқара», «Қазақстан тарихына саяхат», «Атамекен», «Сырмен сырласу», «Махамбет», «Кенесары», «Желтоқсан алауы», «Жол тексерушісінің жазбалары», «Аққыз», «Шыңырау», «Дүние жарық» фильмдері арқылы жақсы таныс. 1990 жылдары Мәскеуде режиссерлықты меңгерген ол қазақ кино өнерінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді. Ол «Еуразия-2006», «Сенімді жүрек», «ФИПРЕССИ» халықаралық байқауларының бас жүлдегері, Ханты-Мансийск қаласындағы халықаралық байқаудың «Қола тайга» сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

«Махамбет» — деректі фильмнің, Әбіш Кекілбаевтің романы бойынша  түсірілген «Шыңырау» фильмінің режиссер-авторы. Жаңабек Жетіруов Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повестінің желісімен  жазылған сценарийі бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ толықметражды көркем фильмді аяқтады.

Жаңабек Жетіруовтың есімін әлемге танытқан «Дүниежарықты» автор 12 күннің ішінде түсіріпті. Басты рөлде ойнаған еліміздің атақты актері — Нұржұман Ықтымбаевты да Жаңабек тегіннен тегін таңдамапты. Ол кісінің рөлді алып шығатынын, майталмандығын, образға қажетті қырынан кіре алатынын білгендіктен қолқалаған. Режиссер осы фильмі арқылы әлемнің 20 шақты еліне шақырылып, 16 кинофестивальдің сегізінде әртүрлі жүлделерге ие болды. Ал, Ресейде өткен «Адал жүрек» атты кинофестивальде «Дүниежарық» бас жүлдені қанжығаға байлап, Ресейдегі кинопрокат жүйесі арқылы көрсетілу құқығына ие болыпты.

Жақында Жаңабектің «Желтоқсан алауы» атты 56 минутқа сиятын деректі фильмін тамашаладым. Фильм өте сәтті шыққан. Архив құжаттары, түсіру шеберлігі, тіпті, бұрынғы тергеуші, прокурорларға дейін натуралистік бағыттағы диалог арқылы өрбіп отырады. Арасында қанқұйлы көтеріліс көріністері азалы музыкамен толығып, бойды шымырлатып,ойға батырады.

Желтоқсан көтерілісіне қанша уақыт өтсе де, оның ақтаңдақтары әлі күнге шейін ашылған жоқ. Фильм осы көтеріліске қатысқан адамдардың көзқарасы арқылы тарихқа экскурс жасап, оқиғаның себебі мен салдарына тоқталады. Сол кездегі Кеңес өкіметінің қалыптасқан жағдайды шешуге дәрменсіздігі, қазақ жастарының ұстамды көзқарасы мен осы көтерілісті басуға келген арнаулы жасақшылардың қатігездігі фильмде айқын көрсетілген. Фильмде тоталитарлық жүйеге қарсы бағытталған Желтоқсан көтерілісіндегі қазақ жастарының қаһармандық образы жасалған.

«Дүниежарыққа» дейін 30-дай деректі фильм түсіріпсіз. Сіз осы фильміңіз арқылы көркем дүниеге біржола бет бұруды көздеп отырсыз ба? Қазақстандағы деректі фильмнің халі қалай?

– Рас, мен осы уақытқа дейін деректі фильм түсіріп келдім. Қай режиссер болса да, режиссерлік факультетті бітіріп, осы кәсіптің тізгінін қолға ұстаған соң көкейінде «көркем фильм түсірсем» деген арман жатады. Бірақ, маған бірден мүмкіндік тумады. Білген адамға деректі фильм түсіру көркем фильм түсіруден де қиын. Оқуымды аяқтап келгеннен кейін маған «Абай» атты деректі фильм түсіру керек болды. Бірақ, Абай дүниеде жоқ, әлдеқашан өмірден өтіп кетті. Не істеу керек, қалай түсіремін? «Абайдың ойшылдығын, философиясын қалай, қандай символдармен көрсетемін?» деген үлкен сұрақ тұрды алдымда. Көркем фильм түсіру керек болса, ол жеңіл – актер ойнайды, өзі сөйлейді, қажет жерінде аузына сөз салып бересің. Сенің айтқың келгенді актер айтады. Ал, деректі фильмде ондай мүмкіндік жоқ. Деректі фильм түсірудегі тағы бір ерекшелігім – мен ешқашан да біреуден синхрон алмаймын, біреуді сөйлету арқылы біреудің мінезін ашу дағдысы менде жоқ. Керісінше, оның рухын, болмысын, шығармашылығын көрсету үшін оны әлдебір деректермен салыстырамын, ол туралы деректерді молынан жинаймын, басқа бір символдар арқылы ашуға тырысамын.

Сіз Қазақстан теміржолшыларының ішіндегі жалғыз режиссерсіз немесе режиссерлердің ішіндегі жалғыз «теміржолшысыз». Теміржолшының өмірін желі еткен фильмді түсіруге теміржолшылар отбасында дүниеге келгеніңіз себеп болды ма? Жалпы, осы идея қалай пісіп-жетілген?

– Рас, мен теміржолшылардың отбасында өстім. Таңертең теміржолдың тарсылымен, поездың ышқынған дауысымен оянып, кешке тағы да осы тарсылмен ұйықтайтынбыз.Көз ашқаннан көргеніміз де, дүниеге көзімізді ашқан да – теміржол. Теміржол – шағын разъезд тұрғындарының мынау жарық дүниедегі жалғыз ермегі. Сол арқылы дүниенің кең екенін, бізден басқа да дүниеде адамдар тұратынын, олардың бізге қарағанда өсіп-өркендегенін осы теміржол арқылы таныдық. Қазақтың басына күн туған кезде құтқарған да теміржол. Ұлан-ғайыр қазақ даласын жалғастырып, байланыстырып жатқан да теміржол. Теміржол – күретамыр, айналып жатқан қан. Шал күллі теміржолшылардың жиынтық образы ғана емес, ол қазақы мінездің, адамгершіліктің, мейірімділіктің, адалдықтың өзі. Себебі, біз өркениетпен бірге табиғи болмысымыздан алыстап бара жатырмыз. Ол тап-таза бұлақ сияқты, сол бұлақтан баласы келіп сусындайды, немересі келіп су ішеді, бүкіл ауыл нәр алатын сияқты. Содан кейін шығар, фильмдегі шалды көреді де, бәрі ғашық болады. Кеше, мысалы, фестивальде Ирина Алферова: «Мен сіздің кейіпкеріңізге ғашықпын» деді. Әзірбайжанда көрсетілген кезде де бір әйел жылап келді: «Менің әкем теміржолшы болып еді, сіздің кейіпкеріңізді әкем секілді жақсы көремін». «Дүниежарық» сезім мен ақылдың арбасуынан туған. Фильмнің идеясы да сол — сезімге бағыну керек пе, әлде ақылға жүгінген дұрыс па? Дүниені кім құтқарады — ақыл ма, сезім бе? Көрерменнің патша көңілі ажыратып алсын…

Ал, осындай адамзатқа қатер төндіретін сұмдықты жасап отырған – ақылдың жетістігі. Атомды ойлап тапқанда да ол жүрекпен емес, ақылмен жасалды. Басты рөлдегі шалдың салқын ақылынан гөрі сезімі, интуициясы, жүрегі жақсы жұмыс істейді.Егер сол компьютерлік жетістіктерді жасау кезінде ақылдың ісіне жүрек қосылған кезде, бәрі басқаша болар ма еді? Адамға қызмет етер ме еді, жерді уламас па еді, жарылмас па еді? Деректі фильмдер түсіру барысында сондай сұмдықтарды зерттегеннен кейін күйігі жанымда қалған шығар. Енді міне, сол күйік «Дүниежарықта» осындай образ арқылы шығып отыр. Мен «Дүниежарық» арқылы жиырмаға жуық мемлекетте болдым. Әр елге барған сайын өз фильмімнің бойынан айрықша қасиеттерін ашып келемін.

– Сонда сіз сезімді ақылдан жоғары қоясыз ба? Нәзік сезімнің құлысыз ба, әлде салқын ақылға бағынасыз ба?

– Иә, сезім әрқашан да ақылдан жоғары тұрады. Өйткені, алғаш адам сөйлеуден бұрын сезген, айтпас бұрын ойланған. Тіл деген – жау. Тіліміз шыққаннан бастап адамның жағасынан алып сөйлеуді үйрендік. Ал, тіл жүректің емес, ақылдағы нәрсені айтады. Сезімге көп бағынамын, содан кейін де фильмім сезім туралы болып отыр. Мысалы, Индонезияда жер сілкінген кезде бүкіл піл жарты сағат бұрын жайылып жүрген мекенін тастап, тауға қашып кеткен. Үстіндегі адамдарымен. Ал, құлақтарына қара телефонды жапсырып алып немесе құлағына музыка тығындап алғандардың бәрі қырылып қалған. Интуициясы мен сезімі ғана тіршілік қаруы болған мақұлық ақылға бағынып, сезімін өлтіріп алған адамнан да күшті болып шықты. Ең мықты адамды ақылды деп әспеттейміз ғой, жоқ, ең күшті адам – сезімтал адам.Сезім адамға ақылға дейін әлденені сездіріп тұрады. Сезімді сіз қалыптастыра алмайсыз, оны Алла береді, ал, ақылды оқу арқылы, білімді жетілдіру негізінде, қарым-қатынас нәтижесінде иеленуге болады.

«Дүниежарықтағы» шал да солай ғой – поезд келе жатқанда компьютер тоқтап қалады, поезд бірнеше шақырымға кетіп қалды, ал, шал сол жерден кемістік табады. Бастықтары балаға: «сен мистикамен айналысып жүрсің» деп ұрсады. Шын мәнінде, сол жерге келіп қараса, жолдың жігі ажырап кеткен. Шал бірнеше шақырым алыста жатқан кінәратты сезім арқылы тауып отыр. Біз балаларымызды ақылды жасаймыз деп, оларды көп нәрседен ажыратып алдық. Компьютер анықтай алмайтын нәрсені интуиция, сезім анықтайтын болса, ендеше адамға ғана емес, ғылымға да бұл қасиет керек.

Киноға бір мезгілде келіп, авторлық дүниелер жасауға талпынған әріптестеріңізден сіздің басты айырмашылығыңыз неде?

– Бұлардан менің айырмашылығым да, ерекшелігім де — осы уақытқа дейін деректі дүниемен айналысқаным. Ал, әріптестерім болса, алғашқы қадамдарын қысқа метражды фильм түсіруден бастап, көркем дүниені ерте бастан қаузады. Байқасаңыздар, «Дүниежарықта» да деректі фильмнің ізі, стилі бар. Содан кейінгі ерекшелігім, менің алғашқы оқуым – ҚазҰУ-дің қазақ филологиясы. Дүниені де, танымды да қазақ тілінде, қазақы түйсік-түсінікпен игердім. Сондықтан да қазаққа басқаша көзқараспен қарайтын шығармын. Ана тілімді жоғары қоямын. Көркем туындыда халқыңның болмысын тек тіл білу арқылы ғана бере аласың. Камераңды көтеріп, қу далаға кино түсіруге барып тұрып, тілді білмесең, кейіпкеріңді халқыңның танымымен толғандырмақ түгілі, табиғатты, өзен мен көлді, тау мен тасты да өз пайдаңа сөйлете білмейсің. Тіл дүниетанымды қалыптастырады.

Маған Ресейден, басқа жақтан орысша сериалдар түсіруге тапсырыстар, ұсыныстар түсті. Кәсіби жағынан, сөз жоқ, түсіруге болады. Бірақ, мен тек өз тілімде түсіремін. Өз еліміздің актерлерімен жұмыс істегім келеді. Тек сонда ғана көрерменге жақындаймыз, көрермен де біздің не айтқымыздың келгенін түсінген болар еді.

Киноның ұлттық бояуы, ұлттық нақыш, жалпы, ұлттық кино дегенге қалай қарайсыз?

– Менің кейіпкерім, яғни шал – ұлттық болмыс иесі. Жалпы, ұлттық нәрсе адамзаттық болып есептеледі. Алла Тағала әр ұлттың иесі етіп жаратқанда, оның бойына ерекше қасиетті, айрықша мінезді берді.  Ал, ол басқа ұлттың  бойында жоқ, басқа ұлт сол бейтаныс қасиетті көрген кезде, байи түседі. Әйтпесе, неге менің кейіпкерімді сонау Ресейдегі Ирина Алферова жылап отырып сезінеді? Оның жанына нақ сол нәрсе жетіспей тұр еді, көрді де, жан дүниесі байыды. Қазір кез келген елдің киносы фильмдерімен-ақ ұлттық брендін қалыптастырғысы келеді.

Кезінде Американы депрессиядан құтқарған кинолары еді ғой. Олар өз фильмдерін рахаттана көріп отырып, көтерілді емес пе? Біз де фильмдерімізбен халықтың рухын көтеруіміз керек. Басқаны айна-қатесіз көшіріп алып емес, өз дүниемізбен. Оқыса, солар сияқты арнайы білім алса, Құрманғазының Бетховен мен Шопеннен несі кем? Тіпті артық болуы мүмкін еді. Олардың скрипкасы мен күйсандығында бәріміз ойнаймыз да, олар біздің күйімізді біліп, үйренгісі келген ниет білдіріп жатыр ма? Олар түгілі өзіміз қораш сезініп, мұрын шүйіріп қарамаймыз ба бұл өнерге? Осындай түсінік тұрғанда, қазақ өнерінің қанат керіп көтерілуі де қиындау.

– Мынау бізді қоршаған бүгінгі әлемге жанр жағынан қандай мінездеме беруге болады? Сіздің, режиссердің көзқарасымен қарағанда, ол киноның қай жанрына көбірек ұқсайды — «фильм-ужас» па, «боевик» пе, психологиялық мелодрама ма?

– Әлемді, қоршаған ортаны жекелеген адамдардың әрекеті жасайды ғой. Әрине, әлемнің сыртқы бейнесінде психологиялық мелодраманың ізі сайрап жатыр..

Ерсайын ЖАПАҚ.