Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында да «Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуге тиіс» екендігі айтылды.

Мұндай қамқорлықтың барлығы мүгедек азаматтардың тұрмыс сапасының артуына септігін тигізетіні сөзсіз. Бүгінде олардың көпшілігі қоғамда өз орнын тауып, еңбек етіп, бейнетінің зейнетін көріп отыр. Солардың бірі — ақтөбелік Құралай Байменова.Ол ұзақ жылдан бері өзі тағдырластардың қордаланған күрделі мәселелерін шешу үшін бас тіреп келетін орталықты басқарады. Бүгінде ол басқарып отырған «Ақтөбе қаласы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының» ұйытқы болуымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар тек облыс деңгейінде ғана емес, мемлекеттік деңгейде өз бағасын алып жатыр. Өткен жылдың аяғында Тәуелсіздік мерекесінің тұсында аталған қоғамдық бірлестіктің төрайымы Құралай Байменоваға Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін тапсырды!


¬- Осыдан отыз жыл бұрын маған тағдыр ауыр сынақ берді. Қайғылы жағдай менің отбасыма, маған жанашыр адамдарға да сынақ болды. Бірақ, мен жылап-сықтап, қайғыға батып отыра алмайтынымды түсіндім. Менің отбасым үшін, жақындарым үшін, мен секілді қоларбаға таңылған мыңдаған адам үшін басымды көтеріп, еңсемді тіктеуім керек екенін түсіндім. Түсіндім де, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетуге, оларға қоғамның назарын аударуға бағытталған жұмыстарды қолға алдым. Иә, ештеңе оңай болмайды. Сонау тоқсаныншы тоқырау жылдары қоғамның назарын аудару оңай болған жоқ, себебі елдің жағдайы мәз емес еді. Осындай қиын кездері жолдасым маған қолдау көрсетті. Міне, бірнеше жылдан бері жасап келе жатқан еңбегімізді қоғам мойындады, Мемлекет басшысының ықыласы түсті. Сондықтан, бұл біз үшін үлкен Жеңіс! — дейді Құралай Байменова.


… Өткен ғасырдың сексенінші жылдары ерлі-зайыпты Құралай мен Қуандыр Байменовтер Ақтөбе облысының сол кездегі Октябрь аудынанда тұратын еді. Азаматы аудандық ішкі істер қызметінде жұмыс істеді, ал, Құралай аудандық мәдениет бөлімін басқарып жүрген болатын. Екеуі де қоғамда белсенді болды. Сол жылдары жұмыс бабымен жүргенде Құралай жол-көлік апатына түсіп, ауыр жарақат алды. Бұл отбасына ауыр соққы болды. Дегенмен, арқа сүйер азаматы оған тіреу бола білді. Құралай да рухы мықты, қайсар әйел екенін танытты. Бұл жағдай оның өмірін басқа арнаға бұрды. Тоқсаныншы жылдары қоғамдық формация алмасып, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен қиын кездері Байменовтер отбасы жеке басына түскен қиыншылықты ысырып қойып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың проблемаларын жұрттың алдына алғаш алып шығуға тырысты. Қоларбада отырып, жергілікті телеарнада да жұмыс істеді. Оған көпшіліккөремен тіксіне қарады. Себебі ол кезде мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарас мүлдем басқаша болатын. Құралай сол қатып қалған қасаң көзқарасты бұзды: түрлі шаралар ұйымдастырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да қоғамның басқа мүшелерімен тең құқықлы, олардан бір мысқал кем еместігін көрсетті.
Бүгінде кейіпкеріміз «Ақтөбе қаласы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігін басқарады. Аталған бірлестік мыңдаған мұқтаж азаматтарға қолдан келгенше көмек көрсетеді. Мұнда қазір отыздан астам адам еңбек етеді: әлеуметтік қызмет бөлімі, мүгедектерге арналған кабинет, ұйымдастыру бөлімі, «Д.А.Р» еріктілер клубы жұмыс істейді, мүгедектік арбаларды жөндеу, тігін цехы бар,«Инватакси» қызметі де жолға қойылған. Жасалған тынымсыз еңбектің нәтижесінің бірі — мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналып салынған көп қабатты үйлерде мүгедектерге бар жағдай жасалып отыр. Осы еңбектері үшін Құралай Байменова «Ақтөбе облысының Құрметті азаматы» атанды. «Құрмет» орденінің иегері, облыс әкімінің мүмкіндігі шектеулі азаматтар істері бойынша кеңесшісі.


Құралай отыз жылға жуық уақыт бойы еткен еңбегі нәтижесінде тек мүгедектердің мәселесін ғана шешіп, қоғамның көзқарасын өзгертіп қана қойған жоқ, өзі секілді рухы жоғары, жігері мықты азаматтардан сенімді команда жасақтады. Ол бүгінде жай ғана басшы емес, өзі тағдырлас талай азаматқа үлгі, өнеге болып отыр. Ерліктің, төзімділіктің, мықтылықтың символына айналды.
¬- Осы жылдар арасында балаларыма жақсы ана, жолдасыма нағыз дос, серік бола алдым деп ойлаймын. Бүгінде немерелерімнің әжесімін. Ең бастысы, менің балаларым ешқашан аналарының әлсіз екенін сезінген жоқ. Мен мықты болуға тиіспін! — дейді ол.

Құралайдың шарапаты тиген адамдардың бірі ¬– оның жас кезіндегіі құрбысы Гауһар Досмағамбетова.
* Құралай екеуміз жастайымыздан бірге жүрдік, бірге өстік. Қоғамдық шаралардың барлығының ортасында жүретін еді. Бірнеше жылдан кейін тағдыр бізді қайта қосты. Менің жолдасым жол апатынан қайтыс болды, ал, қызым мүгедек болып туды. Қазір қызым осы қоғамдық бірлестіктің мүшесі. Мен, рас, кейде әлсіздік танытып жылап аламын, ал, Құралай маған күш береді, жігер береді, оның қайсарлығы, айналасындағы адамдарға жанашырлығы, адамгершілігі үлкен әңгіме. Құралай шын мәнінде бүгінгі күннің батыры,¬- дейді Гауһар құрбысы жайлы.
— Иә, алдағы жылы зейнет демалысына шығып, демаламын ба деп ойлағанмын. Бірақ, Елбасы тапсырған жоғары мемлекеттік марапат маған ерекше күш берді. Мен қоғамға әлі де керек екенмін, ал керек кезде үйде жатып алғаным жарамас, әлі де жұмыс істеуім керек деген шешімге келдім, — дейді Құралай.
…Өткен жылдың Тәуелсіздік күні қарсаңында Астанаға қарапайым Құралай Байменова болып аттанған ол нағыз «Қазақстанның Еңбек Ері» — БҮГІНГІ КҮННІҢ БАТЫРЫ болып оралды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,
Ақтөбе облысы.