Жақында қасиетті мекен, киелі жұрт – Маңғыстауда жүректерге нұр себелеген кеш болды. Тума талант, шашасына шаң жұқпас саңлақ, жеті қайқының әнін түпнұсқада орындаушы сазгер Әсет Ақниязовтың шығармашылық концерті өтті. Өнер жанашыры Бердіхан Әлменнің авторлық бағдарламасы «Сөз бен саздың» аясында ұйымдастырылған кешке Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстаннан меймандар қатысты. Тамара Асар «Аққу арман» әнін, Аманжол Самықов жиырма жылдан астам уақыт бір буынға рухани нәр берген «Қаракөз қыз» хит әнін орындады. Әсеттің ізін басқан жеті жігіт жеті қайқының шығармаларын орындады. Айгүл Қосанова жаңа бейнебаянның тұсауын кесті. Кештің әсерлі болғаны сонша, жеті жүз адам сынадай сығылысып, сілтідей тынып тыңдады, орындалған дәстүрлі әндерге жандары сүйсініп, құлақ құрышы қанды. Кешке ақын Светқали Нұржан, Қаршыға Ахмедияровтың жұбайы қатысып, ыстық ықыластарын жеткізді. Жиналғандар «мұндай кешті көптен бері көріп тұрғанымыз» деп жадырай тарқасты.

 

 

Маңғыстаудың жәннаты, шаңырағы алтын, уығы күміс Шайырда туып, «Шахтада» білім алған Әсет Ақниязов шаңды қияннан шыққан жеті қайқы, бес жүйріктің жауһар жырларын жеріне жеткізе орындап, өзі де сұлу саздар мен жезқанат әндер жазатын салуалы сазгер. Көкірек қазанынан қайнап шыққан «Аққу арман», «Қаракөз қыз», «Сезім серпіні», «Тырналар. Атыраудың аруы» шығармалары қаймана қазақтың жүрегінен ойып орын алды. Әсет күн сәулесі тұлымында ойнаған шақтарында-ақ әнге әуес болыпты. Оның әкесі Түзелбай ақсақал көзі ашық, төбесі тесік, талағының биті бар, аузының желі бар адам екен. Ылғи батырлар жырын айтып, балаларының санасына ерліктің рухын сіңіріп отырған. Одан дүреген он бір баланың қай-қайсысы да өнер десе өзегін жұлып беретін естілерден екен. Бірақ «бір ағашта қанша бұтақ, біреуі қамшыға сап», талант құсы Әсетке ғана қоныпты. Ол жастайынан әдебиетке жақын болған. Жыр десе жаны арайланып шыға келетін Әсет кейін маңғыстаулық жыршы Ізбасар Шыртановтан тәлім алады. Жеті қайқы шығармаларымен қоса, жыраулар поэзиясына ышығы артады. Әсеттің дастандар дариясы Мұрыннан, жыр дариясы Қашағаннан, сөз дариясы Мәтжаннан, күй дариясы Абылдан алғаны көп. Өзі шығарған үркердей шығармаларының өн бойында жақсылардың қасиеті мен өсиеті өрнектеліпті.

«Кейінгі әншілердің көбінде әртүрлі әсерлердің шалығы көп. Әсет Ақниязов – бабадан калған баяғы сарнау сарын, салқам сазды қалпын бұзбай, тәркін шығармай жеткізуімен ерекшеленеді. Сондықтан да оның кез-келген алқада басы биіктеп, бәсі артып жүре береді», — дейді ол туралы белгілі ақын Светқали Нұржан.

Әсетке алғаш қалам ұстатқан ұстазы Оразғали Өтеулиев: «Әсетке жаратушы кең дауыс берген. Оның дауысы ұнамсыз емес, әуезді, мәнді, сәнді, адамның жүрегіне жететін дауыс. Әсет Найманбаев, Әсет Бейсеуовтердің атын арқалаған адамның талантты болмауға хақысы жоқ»,- дейді.

Үнінен қазақтың иісі аңқып тұрады. Дауысы алты қырдан асып, жеті қырға жететін орындаушылық қабілетіне Қаршыға Ахмедияров, Сәуле Жанпейісовалар тәнті болған. Күні бүгінге дейін халық әндерін түпнұсқада тыңдағысы келгендер Әсетке барып тәлім алады. Себебі ол Ізбасар Шыртанов, Жеткізген Сейітов, Амандық Көмеков, Күріш Тасболатовтардан жырдың құрығын алған. Өзі де қазіргі жылдам әуен, әулекі әндерді жаны сүймейді: «Қазір жетілген заман, жетілдіре түсу керек деген қағидамен әнді жылдамдатып жібереді. Әннің мақамы бұзылады. Заман талабы солай шығар. Дегенмен көненің үнін бұзбай, бүлдірмей жеткізу – мақсатым. Ұстаздарымыздан көргенімізді балаларымызға үйретеміз», — деп табандылық танытады Әсет.

Оның өзекүзді әндері бітелген көкіректі ашып, басылған көңілді көтереді. Саздары апшымайды, құлқын сәрідегі таң сәулесіндей, тыңдаған жанды құлантаза айықтырады. Дауысында Арқадан Алтайға, Алтайдан Қытайға дейінгі қазаққа ортақ тазалық бар. Ол ән айтқанда судың ағуын, желдің ызғуын сәл де болса тоқтатқандай. Жеті нотаның басын құрап қана қоймай, әр әнге жан берген сазгер бүгінде шығармашылықтан сәл шеттеп қалды. Бірақ кесек болмыс пен мәрт мінездің иесі өнерден бұратала қол үзіп кеткен жоқ. Кішіпейілділік  пен қарапайымдылық өн бойынан есіп түрған әнші әлі де ән жазатынын мойындады. Тек оны әлемге әшкерелемейді екен: «Болашақты өмір көрсетеді, піспеген жемістің дәмін тату – уланумен бірдей. «Орал вальсі» деген ән жазылу үстінде, әуені 90 пайыз дайын тұр. Жалпы өзім шығармашылықтан мүлдем шет қалған жоқпын. Шаруада жүргенде келіп-кетіп жатқан ән көп. Ноталық сауат жоқ, қолда үнемі диктофон бола бермейді. Сондықтан шетінеген туынды аз емес», — деп ағынан жарылады Әсет. 

Әсеттің тым қарапайымдылығынан бөлек, ақжарқындығы мен сөзшеңдігі, одан өрбитін әңгімешілдігі мен шежірешілдігі, жадшылдығы мен ақылының жүйріктігі бар. Оны бүгінгінің серісі деуге әбден болатындай. Ұстарадай қиып түсер әзілдері мен тотияйындай уытты сөздері – ел аузында. Ақынмын деп алқынбаса да, сазына сөзін өзі жазады. Ең қызығы – Әсет ән сататын сазгерлердің сойынан емес. Кез-келген әнші «ана әніңді ұнаттым» деген  бұйымтаймен саздарын иемденіп кете береді екен. Әндері қазақтың ұлан-ғайыр топырығының қай бұрышында да орындалып жүр. Алматы, Астана, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстаудың әншілері Әсеттің туындыларын репертуарына қосқан. Атаққұмарлықтан ауылы алыс Әсет Ақниязов әндеріне клип түсіртіп, концерт қоюға құштар емес. Дүниеқұмарлық оның қанында жоқ. Тіпті, хит әндерін орындаушылардың кейбірі оның өмірде бар екенінен де бейхабар.

Ол атадан жалғасқан алтын шынжырды үзген жоқ. Құдай берген дауысын сатпады да. Бірақ бес баласы да өнер жолында емес. Олардың алды ең озық білім ордасында оқып жүр. Бүгінде Әсет Ақниязов отбасымен бірге Қарақия ауданының Құрық кентінде қоңырүзік үйде қарапайым тірлік кешуде. Санаткерлік сарыннан іскерлік бағытқа ауысқан. Өзі атасының құрығын алып, мал шаруашылығымен айналысады. Самиян ауасы бар сары даланы қимады ма қайдам, қалада тұрудан ат-тонын ала қашады.

Әсет Ақниязов – «ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген аксиоманы жоққа шығарғандардың бірі. Ол «құлазыған қиян өлкеде жүріп те шығармашылықтың шыңына жетуге болады» дегендей қасқаяды.

Айсара АЙТМАН,

Маңғыстау облысы.