Елімізге бард жанрын қалыптастырған индерлік композитор, ақын Табылды Досымов болатын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген Қазақстан Жазушылар Одағы мен Журналистер Одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Табылды Аяшұлының «Жанарымның жарқылы», «Ұнатамын мен сені» жинақтары халық арасында кеңінен танымал. Табылды 45 жасқа қараған шағында жүрек талмасынан көз жұмды. Бүгінде оның көптеген әндері Қазақстанның түкпір-түкпірінде ғана емес, Қытайда, Моңғолияда, Түркияда танымалдылыққа ие. Ақынның өзі өлгенімен артында қалған мол мұрасы ел есінде қалды.

Өнерді терең түсініп, ерекше құрметтеген ақынның туған күніне орай Атырауда тұңғыш рет «Қыр баласы қол созады аспанға…» атты Аяш Абыл Табылдыұлының ән кеші өтті. Қарт Каспийдің асау толқындары куә болған ән-жырдың сырын бірге ұғынуға асыққан жұрт Құрманғазы атындағы мәдениет сарайына жиналды. Көзі тірісінде тыңдарманымен тілдесіп, әуезді әсем әндерін үлкен сахна төрінде шырқап, шығармашылық есебімді берсем деген Табылдының ой-арманын бүгінде артында қалған тұяғы – Абылы жалғап келеді.  Бұл фәниден өзі аққан жұлдыздай ғайып болғанымен, оның рухы мен әндері өлместей болып өнерсүйер қауымның жадында жатталуда. Рас, Табылды ортамызда жүргенде  қолдау мен қолпаштауға зәру болды, морадық соққы да көрді. Десек те, ол өмірден өткеннен кейін ән-жырлары жаңғырып, тыңдаушылар аудиториясын кеңейтті. Қолына гитара алып, Табылдыша ән шырқайтындар, оған еліктейтіндер көбейді.

Поэзия сүйер қауымға тұңғыш рет1984 жылы ән жинағымен таныла бастаған  Табылдының қаламынан шырайлы шаттық пен тәтті мұң қатар ұялаған жүректен елді елеңдеткен 40-қа жуық лирикалық, патриоттық әндер гитарасынан төгілді. Абыл Табылдыұлының өзі жүргізген ән кешінде солардың біразы сахнада шырқалды. Әсіресе, сонау 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында туған «Желтоқсан жыры», ҚазМУ-да бірге оқыған жан досы, ақын Бауыржан Үсеновтың қазасына орай жазылған «Бауыржан досқа», «Күнекей қыз», Фариза апамыздың «Қыз махаббаты», күйзелістен туған «Жалғыздық», «Өмірзая» әндері Абылдың орындауында шырқалып, көрермен жүрегіне рухани ләззат сепкендей еді. Темірбек Жүргенов атындағы өнер институтын бітірген Абыл қазір Астанадағы «Қазақконцерт» бірлестігінде әнші болып қызмет жасайды. Оның айтуынша, әкесінің шығармашылығын насихаттау мақсатындағы 20 ән кешін өткізу жобасымен Қазақстанның барлық өңірін аралап, концерттік бағдарламасын ұсынбақшы екен.

«Тау ұлдары тауда нағыз сырбаздай,

Жүздерінде шабыт оты жүр маздай.

Біздің қырда қыдырса егер бір жаздай,

Талай ақын кетер ме екен жыр жазбай…

Алты Алаштың алыптары берсе дем,

Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем.

Биіктікті, айналайын, туған ел,

Қыранының қанатымен өлшеген…» деп жырлаған «Табылдының әні» атты бір компакт-дискі әндер жинағы 2007 жылы ерлі-зайыпты Айтбаевтардың «Димаш-Али» студиясынан жарыққа шықты. Ал, бірге оқыған курстастары ақынның сыр-сұхбаттар жинағын топтастырып, «Із тастап аққан бір жұлдыз» атты кітабын оқырман қауымға ұсынған-ды.

Табылды өзінің көзі тірісінде берген бір сұхбатында «Лирикалық, эстрадалық бағыттағы әндерімді Асанәлі Көшеров, Есенбай Құлиев, Жаскелең Айсағалиев, Аслан Мұхтарұлы сынды әншілер орындап жүр. Біздің кезіміздегі гитарашылардың барлығы Қорабай Есеновке еліктеп өстік қой. Бірақ, Нұрлан Өнербаев та, Ержан Белғозиев те, мен де басқа жолмен кеттік. Сол сияқты еліктеу арқылы әркім өз бағытын табуына болады» деген еді.

Табылдыға еліктеп, мойнына гитарасын асынып, халық алдында ақын ағасының әндерін сол ырғақпен, әсем әуенмен жеткізуге талпынып жүрген Асхат, Айдар есімді талантты жастар бұл кеште Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Табылды Аяшұлының «Ұнатамын», Светқали Нұржановтың «Сайгүлігім» әндерін нақышына келтіре шырқады.

Ән кешіне жиналған өнерсүйер қауым бард ақынның әндері жазылған аудиотаспаның тұсаукесер рәсіміне куә болды. Таспаға халық арасында кеңінен тараған әндерден бөлек, сиректеу орындалатын шығармалары да енген.

Ойып беруге:   Суреттерімен

Мұрат ӨТЕШОВ, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы:

  – Табылды бауырымыздың артында қалдырған ісі, өнері мен өр тұлғасы, әсем сазды әндері халықтың жүрегінде. Оның қай өлеңін алып қарасаңыз да адамның рухын көтеріп, жігерін жанитындай. Әндері бәрімізді отаншылыққа, патриотизмге үндеп тұрғанын аңғарамыз. Мәселен,

Бір құдірет тұла бойда тасқанда,

Құлаш ұрмай тауға, шыңға, асқарға,

Қыр баласы тауға қарап өспейді,

Қыр баласы қол созады аспанға…деген ән жолдарында қаншама терең филосифиялық ой, мағына жатыр десеңізші. Қыр баласының өзі таудан да биік заңғар көкті арманына айналдырады. Осы кешті өткізуге ұйытқы болған облыстық әкімдікке, мәдениет басқармасына, Табылдының өнеріне бас иетін қауымға ризамыз. Ақын о дүниелік болғаннан кейін онымен бірге оқыған қазақтың қайсар да өжет ақын қыздарының бірі Елена Әбдіхалықова өлеңдерін жинап, халыққа ұсынды, насихаттауға үлкен үлсе қосты.Табыл ініміздің өнерін ұрпақ санасына жеткізуге үлес қосып жүрген Табылдыұлы Абылға өмірде де, өнерде де сәттілік серік болсын дейміз.

Әлібек ҚАЙЫРОВ, «Қазақстанның Құрметті журналисі»:

—           Табылды –Шалкиіз, Қазтуған, Махамбет сынды дарабоздардан сусындап, ана уызын қанып ішкен, бойына өнерді дарыта білген, ақын, сазгер әрі орындаушы ретінде қазақ өнеріндегі ерекше құбылыс. Қазақтың ұлы суреткер- жазушысы, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев  Атырауға келген сайын Индерде жүрген Табылдыны алдыртып, «Биіктік» әнін айқызады. Бұл Әбіштің әнге әуестігінен емес, қайта сол бір әннің артында, астарында терең мән-мағына жатқандықтан, айтар ойы бар әнге деген құмарлықтан болса керек-ті. Табылды елден алғанын еліне берді.

Ұнатады шыңға көңіл шырқауды,

Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды.

Толағай боп туылмадым, әттең-ай,

Атырауға әкетер ме ем бір тауды…

Толағай боп туылмаған Табылды артында қалған өлең-жырларымен Атыраудың бір тауы болып қалды.

Сергей Алпатанов, қоғам қайраткері, еңбек ардагері:

—           Табылдының әкесі Аяш атамыз қарапайым еңбек адамы еді. Жоғары білім алып, Индердің геологиялық-барлау экспедициясында ауысым инженері болып жұмыс жасаған кезімде ол кісінің жұмысқа жауапкершілікпен қарайтындығын сезіндім. Кейін Табылды бауырымыздың өнеріне тәнті болдым. Оның жастарды туған жерді сүюге, патриоттық рухын көтеруге арналған әндерін жастардың оындауында жиі естиміз. Демек Табылды өлген жоқ. Оның екінші ғұмыры жалғасып жатыр. Әкесінің әндерін көрерменге ұсынып жүрген Абыл Табылдының болашағы жарқын болсын деп тілейік. 

Таудай талант иесі Табылды Досымов қазақтың әнін гитараға қосып шырқап, талайдың жүрегінен орын алды. Ол жыраулардың отты жырларын, халқымыздың сырлы мұңдарын қайта жаңғыртты. Оның көптеген әндері сағынышқа, сырға, мұңға толы еді. Табылдың орындауындағы «Жалған дүние», «Ұнатамын мен сені», «Мен қазақпын» әндеріне тыңдарман қауым талай тәнті болды.

Ақтөбеде тұратын белгілі кәсіпкер, меценат, Табылды Досымов атындағы қордың директоры Бижан Қалмағамбетовтің пікірінше, Табылды тек қана өнерпаз емес, туған елінің әрбір «әттеген-айына» таусыла өкінетін, халқының шырылдаған қызғыш құсы болғандай азамат еді. Бардтық өнер – табиғатта сирек кездесетін құбылыс. Табылды осы саланың алғашқы қарлығашы-тұғын. Аяулы дарынның қаныңды қыздыратын патриоттық өлеңдері, жібек желдей нәзік лирикалық әндері Қазақстаннан тыс бірқатар шетелдерде тұратын қандастарымызға кеңінен мәшhүр.

Бұған дейін Абыл Аяштың бард жанрын насихаттау бағытындағы «Тұңғыш рет» атты ән кеші Алматының М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында, Астана мен Қарағандыда ұйымдастырылған болатын.

Бұл кеште бард ақынның әндерін гитарада ойнап, халыққа насихаттап жүрген орындаушылардың өнеріне халық ризашылықпен қошемет білдірді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан ықылас гүлі ұсынылды.

Туған жеріндегі туған күнімен тұстас келген осынау ән кешіне жиналған жас пен кәрінің жүзінен де, ықылас-пейлінен де біз талантты ақынға деген сағынышты аңғарғандай болдық.

                   Бақытжан ЖҰМАТ

Суреттерді түсірген Аманкелді МУТИГУЛЛИН.