Өмір жолы — өнеге

         Дүниедегі білім атаулының кілті де, құпия, сыры да ұстазға ғана анық. Өркениеттің ғалами талабы білімді ұстазды қанаттандырып, жаңашылдық пен ізденіс шыңына қондырады. Мен білетін ұстаз нақ осы өркениетке лайық ұстаз.

Қандай марапатқа да, қошеметке де лайық қарапайым ұстаздық еңбек жолын, жемісті жылдарын Алға орта мектебінде өткізген, өңірдің ғана емес, кең байтақ қазақ елінің білім саласындағы ортақ мақтанышы, «КСРО Халық мұғалімі», Атырау облысының «Құрметті азаматы»  Құсиын Айтқалиұлының ұстаздық өмір жолын ұлылыққа баладым. Біреулер үшін «ұлылық» сөзі дарақы да естілер. Алайда, М.Әуезовше айтқанда: «Ұстаз есімінің өзі — ұлы есім». 1954-2008 жылдар аралығында мектеп қабырғасында үзбестен еңбек еткен  ол табиғи болмысында тәлімгер, жаратылысынан әдебиетші.

Құсиын Айтқалиұлы – 1962 жылы Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, 1967 жылы Қазақ ССР-інің еңбегі сіңген мектеп мұғалімі, КСРО Жоғарғы Советі Президиумының 1980 жылғы 18 мамырдағы  Жарлығымен «КСРО Халық мұғалімі» құрметті атағына ие болды. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалімен марапатталуының өзі  дербес әңгіме етуге тұрарлық жай. Құсекең – Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері,  республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің атаулы мектебінің жетекшісі және 5-ші сыныпқа арналған қазақ әдебиеті оқулығының авторы. Еңбегін ел таныған, жұртшылық мойындаған ардақты азамат.

 

Халық мұғалімі саумал самалдың лебімен туған жерін шексіз сүйген, үлкенге ұлағатты, кішіге қамқор бола білген, кеудесі алтын сандық дерлік ақылдың иесі.

Жаны жайсаң жақсы адамдар халқын қастерлеп, қадірлейді. Сосын да олар елінің ері атанып, тұғыры биік тұлғаға айналады.

«Жақсыға жанас» дейтін халық нақылының мән-мағынасы аса құнды болып өмір тарихта қала бермек. Асылы, өнеге күші – өлшеусіз.

Өркениеттің ғарыштап дамуындағы ғажап идеялар, дархан істер, ғаламат жоспарлар – жаңа ғасырдың қолынан ғана келеді. Ал, осы ғасырдың тізгіні – ұрпақтарының қолында ғана, ендеше ұрпақтың бар бақыты озық ойлы ұстаздың еншісіне ғана берілмек.

Жан сарайыңды жібітетін тәрбиенің үлгісі де, ащы ақиқаттың күмбір күйі де өркениет ұстазының әр сабағында шежіре боп сөйлеп жатады. Бұл жалғандық болмай, педагогиканың барлық жүйесінде мазмұнды жүрсе, адамзаттың ой-өрісі дамып, сәулелене түспек.

Нағыз ұстаз қай ғасырда да ұстаз болып қала бермек. Ұстазға қойылатын талап пен тілек қашан да ортақ. Ол – білімділік, имандылық, парасаттылық барлық ғылым атауылының алғашқы әліппесі өркениет ұстазының тәлім сабағында күн сайын үйретіліп, үлкен «білім мұхитына» айналып, рухы мықтыларды сүйсінтпей қоймайды.

                                                Алтыншаш ТӘЖІҒАЛИЕВА ,

филология ғылымдарының кандидаты,

Атырау облыстық кадрлар біліктілігін

арттыратын және қайта даярлайтын

 институтының «Оқытудың мазмұны мен

                                                          әдістері» кафедрасының меңгерушісі.