Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның экономикалық дамуына өзіндік үлесі бар саланың бірі – балық өнеркәсібі.  Балық шаруашылығы мұнайлы өңір тұрғындарының тіршілік көзі, әрі атакәсібі. Аталған шаруашылықтың ілгері жылжуы Жайық-Каспий аймағында «су маржанын» сүзіп өндірумен және өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың жұмыстарына байланысты екендігі даусыз. Осы орайда халықты сапалы балық өнімдерімен қамтамасыз етуді жолға қойған «Амангелді атындағы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – сондай ірі компаниялардың санатында.

Атырау өңіріндегі балық шаруашылығының қарқынды даму кезеңі сонау 50-ші жылдардың орта шенінен басталды. Жайық өзенінің бойына Новобогат ауданынан балықшы колхоздары көшіп келді. Бұл ұжымшарлардың құрамында «Социалистік жол», «Амангелді», «Қызыл балық», «Жаңаталап», «Жамбыл» атындағы колхоздар бар еді. Олар көктемгі және күзгі тартым маусымы кезінде балық аулауға белгіленген лимитке сай жұмыстарды ұйымдастырды.

Ал, 1997 жылы «Амангелді атындағы» өндірістік кооператив болып қайта құрылған кәсіпорын күні бүгін жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде өз өнімдерін тек Қазақстанға ғана емес, көптеген шет елдерге экспортқа шығарып отыр. Бүгінде серіктестіктің балық аулау және балық өнімдерін өндірудегі халықаралық стандарттарға сай тауарларын Ресей, Грузия, Украина, Белорусь, Әзірбайжан, Өзбекстанмен қатар Франция, Болгария, Германия, Литва, Латвия сынды Еуропа елдерінен де тұтынушылар саны артуда. Бұл амангелділік балықшылардың өздерінде енгізілген жаңа «кластер» жүйесінің, яғни шикізаттан дайын өнім шығару мүмкіндігі балық аулау, өндіру және тасымалдау бойынша кәспорынды алдыңғы қатарға жылжыта түскендігін дәлелдейді. Сондай-ақ, тек жоғары сапалы ғана емес, экологиялық таза өнім дайындап, тұтыну нарығына жөнелту де – ұжым назарында.

Серіктестік 2011 жылы KZE 01/G2-0151/E «еврономеріне» ие болып, әлем елдері алдында Қазақстан тауарларын таныту мүмкіндігінің аясы кеңи түсті. Қазір өндірістің цехтарында 51 түрлі балық өнімдері дайындалады. Тәулігіне 80 тоннадай мұздатылған, 4 тонна ысталған, 4 тонна филе және айына 600 тонна кептірілген балық өнімдері өңделеді. Айта кету керек, кәсіпорын ұжымының тағы бір жетістігі – өткен жылы ең ауқымды азиялық және тынық-мұхитаралық нарық алпауыты саналатын Қытай еліне тауар тасымалдау мүмкіндігіне ие болды.

Ішкі нарықтағы сұраныстың орындалуы бойынша Атырау қаласы және аудан тұрғындарына 20 сауда нүктесі арқылы шетелдік компанияларға, мейрамхана, қонақүй, супермаркеттер мен азық-түлік дүкендерінде, теміржол бекетінде табиғи: салқындай ысталған сазан, жайын, шортан, шұжық, кептірілген балық таяқшалары, килька, пельмень, тағы басқа балық өнімдері қолжетімді бағамен таралады. Өткен жылы халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне аманкелділік балықшылар 500 тонна балық өнімін жеткізіп, астаналықтар мен қала қонақтарына сатуды табысты ұйымдастырды.

 

 

Балық аулау Жайық пен Қиғаш өзендерінде және Каспий теңізінің солтүстік-батыс бөлігінде жүзеге асырылады. Аталмыш атыраптағы тартымдардан ауланатын балық аулау лимиті 2500 тоннаға жуықтап, жоспардың орындалуы толық іске асырылды. Балық аулауда еңбек өнімділігінің артуына  Каспий теңізінің рұқсат етілген аумағында балық қабылдау мүмкіндігі қарастырылған. Ауға түскен «су маржанының» сақталуын техникалық жағынан ретке келтіретін ұзындығы – 50, ені 9 метрлік «Саланг-177» атты жүзбелі екі қабатты цехы пайдаланылуда. Жүзбелі цех тәулігіне 20 тоннаға дейін шикізатты қабылдап, оны -35˚С температуралық екі мұздату орнында терең қатыруға жеткізе алады. Осылайша шикізаттың толық өңделуіне жағдай туғызады.

Жойылып кету қаупі жоғары бекіре тұқымдас балықты қолдан өсіру бағытында «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытымен» бірлескен жұмыс та өз жемісін беруде. Мысалға, өткен жылдың қорытындысымен балықшылар аулаған 118 түрлі бекіре тұқымдас балық зауытқа тапсырылды.

Кәсіпорын төмендегідей өндірістік қуатқа ие:

— Сыйымдылығы 964 т балық сақтау бөлмесі;

— 70 тонналық жылдам қатыру бөлмесі;

— Филе цехы – тәулігіне 5 т дайын өнім;

— Тұздау цехы – бір айналымға 360 т;

— Ыстау цехы – 6 т;

— Кептірілген балық цехы – 350 т;

— Мұздатылған балық цехы – 3 т дейін.

   Күні бүгін балық өңдеу цехтарында 200-ге тарта жұмысшы еңбек етіп, отбасы үшін нәпақасын табады. Ал, көктемгі және күзгі балық аулау маусымы кезінде жұмысшылар саны 700-ге дейін жетеді. Олардың тұрмыстық қажеттілігіне қарай қолайлы жатахқана, асхана, тағы басқа керек-жарақтарымен қамтылған.

Серіктестікте жұмысшы-қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларын шешу де басшылық назарынан тыс қалған емес. Мекеме басшысы Мұраты Әмірғалиев Атырау қалалық мәслихатының депутаты ретінде аз қамтылған жанұяларға қаржылай және жылу жүйесін жүргізумен, киім-кешек, балалардың оқу-құралдарына және азық-түлікпен қамтамасыз етуге баса көңіл бөледі. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында серіктестік жастар арасындағы түрлі спорт сайыстарына демеушілік көмек беруді де әдетке айналдырған.

Еңбектің еш кетпегендігі – еленгендігінде. «Амангелді атындағы» ЖШС алдыңғы жылы «Қазақстанның үздік тауары» аталымы бойынша II дәрежелі дипломмен марапатталса, 2017 жылдың қорытындысымен Елбасы марапаты – «Алтын сапа» иегері атанды.  Бұл – шетел нарығына дейін қол созған отандық компанияның тұтынушылар алдында беделінің артуы.

ӨМІРДЕРЕК:

ӘМІРҒАЛИЕВ Мұрат Есенгелдіұлы – 2007 жылдан бері «Амангелді атындағы» ЖШС-нің құрылтайшысы, меценат. Атырау қалалық мәслихатының депутаты.

1968 жылы туған. Мамандығы – заңгер. Отбасында үш баланың әкесі.

1987-89 жылдары Кеңес одағы әскерінің шектеулі контингенті құрамында Ауғанстанда әскери борышын өтеген. Кейін құрылыс бригадирі, кеме матросы сияқты әр түрлі жұмыстарды жасап, 1999-2007 жылдары «Ауған соғысы ардагерлері одағының» Атырау облыстық ұйымы төрағасының орынбасары ретінде қызмет етті.

 «Войну-интернационалисту от благодарного Афганского народа», Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр Шапағаты», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 20 жыл» медальдарымен марапатталды. Жайық-Каспий бассейніндегі балық қорын сақтауға қосқан зор үлесі үшін Алғыс хатпен, т.б. мадақтауларға ие болған.

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,

Атырау қаласы.