Күйші-сазгер, Қазақстанның Халық қаһарманы, дирижер Нұрғиса Тілендиев есімін иеленген Атырау облысындағы Кіші өнер академиясының құрылғанына биыл 20 жыл толды. Атаулы мерейтойға байланысты Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып, «Қазақстанда тиімді көркемдік білім беру жүйесін дамыту: дәстүрлер, жаңашылдық, жетістіктер» атты халықаралық конференция өтті. Осы тұрғыда қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының мүшесі, Кіші өнер академиясының директоры Долорес ТАСКАРИНАМЕН сұхбаттасқан едік.

— Долорес Сүндетқызы, алдымен министрлік ұйымдастырған Халықаралық конференцияға толығырақ тоқтала кетсеңіз.

— Аталмыш конференцияның алғашқы күні өнер сүйер қауымның жүрегінен орын алған ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіші ашылды. Ескерткішті ашу құрметі Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендиеваға, сондай-ақ Кіші өнер академиясының алғашқы директоры, білім және ғылым қызметкерлері облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қилымғали Қайненовке және ардагер ұстаз, қоғам қайраткері Жайлы Өмірбековаға тапсырылды.

Мүсіннің авторы – біздің академияның «Сурет және майлы бояу» бөлімінің ұстазы Мейірбек Жағыпашев. Ол – өзіміздің түлегіміз. Оқуын тәмамдаған соң осында ұстаздық қызмет атқарып келеді. Мүсін биылғы оқу жылынан бастап оқу орнымыздың музей қорында тұрады. Сонымен қатар, күйшінің пайдаланған бұйымдары, сахналық киімдері, домбырасы, дирижерлік таяқшасы да осы музейде сақталған.

Конференцияның пленарлық және секциялық отырыстары барысында облыстық білім басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрзила Сәрсенова, Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Талпақова, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж директорының орынбасары Ақмарал Ізғалиқызы, Астрахань облысы мәдениет және өнер бағытындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру және көркемдік білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Марина Анисимова шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстар мен міндеттері туралы дәріс оқыды.

 

Сондай-ақ, «Сурет өнері және дизайн» бөліміндегі мұғалімдеріміз шағын шеберлік сабақтарын өткізді. Салтанатты шара Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында жалғасты.

— Нәзік жанды бола тұра, бүгінде қаншама дарынды шәкірттің талантын ашып, қанатын қатайтып отырған ұстанымы мықты ұйымның ұйытқысы болып, басшылық қызмет атқарып келесіз. Осы орайда өзіңіз басқаратын мекеменің жиырма жылдық жолы мен бүгінгі жай-күйі қандай?

— «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме дана халқымыз. Білім мен өнерді бірге ту етіп ұстап жүрген  Кіші өнер академиясы – дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар мамандандырылған республикадағы жалғыз киелі шаңырақ. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Осындай болашағымыздың қалыптасуына септігін тигізіп отырған өнер мектебі 1996 жылы Елбасының  «Мемлекеттік қолдау және дарынды балаларға арналған мектептердің дамуы туралы» Жарлығы және Атырау облысы әкімінің шешімі негізінде ашылды. 2000 жылы «Халық қаһарманы», әйгілі домбырашы-дирижер, композитор Нұрғиса Тілендиевтің аты берілді.

Мектебіміз өнер жолына ден қойған талантты балаларға жалпы білім беретін пәндер және 17 мамандық бойынша дәріс береді. Атап айтар болсақ, «баян», «үрмелі аспаптар», «фортепиано», «қобыз», «домбыра», «халық әні», «вокалды хор», «би», «өндірістік графика және дизайн», «киім пішу және модельдеу», «сурет және майлы бояу», «қолөнер», «актерлік шеберлік», «ақын-айтыс», «журналистика» мамандықтары бойынша оқушылар өз өнерлерін шыңдап жүр.

Облыс аудандарынан келген оқушылар іріктеу негізінде қабылданады. Олардың интернаттық жүйеде тұрып, білім алуына, өз мамандықтары бойынша қабілеттерін шыңдауына толық жағдай жасалған. Материалдық-техникалық база толықтай жеткілікті деңгейде қамтылған: 75 орындық жатақхана, 31 сынып бөлмесі, бірнеше хореография және киім тігу, модельдеу кабинеті, қолөнер шеберханасы, сурет және майлы бояу, компьютерлік графика және дизайн кабинеттері, «Зерде» телестудиясы, мектеп театры оқушылар игілігіне берілген. 210 орындық амфитеатр, журналисттік телестудия жұмыс жасайды. Білім беру жүйесі заманауи электронды бағытта жүзеге асады.

Кіші өнер академиясы 1999 жылы облыстық «Жыл интернаты» бас жүлдесі, 2009 жылы Білім және ғылым министрлігінің жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі ерекше жетістігі үшін «Ең үздік жаңашыл мектеп» атақтарына ие болды. «Ең үздік білім беру ұйымы» номинициясын 2016 жылы жеңіп алып, 14 млн теңгенің сертификатына ие болды.

Өнер ордасының алғашқы директоры, ҚР білім беру ісінің үздігі Қилымғали Қайненов, қазақ өнерінің дарабозы Рысбай Ғабдиев, театр суретшіісі Гүлмаржан Махамбетова, елімізге танымал ғалым-педагог, жазушы Советхан Ғаббасов, білім беру ісінің үздігі, білім беру ісінің Құрметті қызметкері Мақыш Гайсина, Мәдениет саласының үздігі Мунира Ижанова, Ы.Алтынсарин төсбелгінің иегерлері Сұлухан Қожантаева, Сәуле Жаскеленова, Ольга Краснова, Омар Махамбетов, Айжан Артығалиева, білім беру ісінің Құрметті қызметкерлері Пахаман Құттымұратов, Ерболат Камалиденов, Мәдениет қайраткері Темірбек Қайдаров, ҚР суретшілер және дизайнерлер одағының мүшесі Әділқайыр Жантасов секілді өз ісінің мамандары алғашқы талапкерлерді қабылдап, оқу бағдарламасын жасауға үлесін қосты.

Ұстаздар – аяулы жандар. Бізде жоғары санатты, республикалық байқаулардың жеңімпаздары, мәдениет қайраткерлері қызмет жасайды.

— Шәкірті шыңға шықса – ұстазға абырой. Оқушыларыңыздың дені бүгінде елімізге белгілі өнер жұлдыздарына айналып үлгерді. Қандай шәкірттеріңізбен мақтана аласыз?

— Әлемдік өркениетке бет алған егемен еліміздің болашағы білім мен тәрбиенің тізгінін нық ұстап, жарқын мақсаттарға көз тіккен ұстаздар қауымының қолында. «Ұлағат – ұстаздан», «баланы әуелі мейір-шапағатқа, онан соң ақыл-парасатқа, ақырында еңбек пен ғылымға баулы» дейді дана халқымыз. Сондай ұстаздан білім алған оқушылар, әрине биіктен көрінері хақ. Түлектерімізді еліміздің, әлемдік өнер сахнасының төрінен көруіміз біз үшін асқан абырой.

Бүгінде «Әзіл әлемі» отауының бір мүшесі Қайрат Әділгерей «Әртіс шеберлігі» мамандығының түлегі. Оның жұбайы Бақыт Тұрманова академияны аяқтағаннан соң Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының вокал бөлімін аяқтап, қазір колледжде дәріс береді. Қазақ музыкасының сахнасында өнер көрсетіп жүрген «Заман» тобының мүшесі Әсет Қарабалин, «Асыл» тобының мүшесі Ақерке Бүркітбай – академия мақтаныштары. Ауыз толтырып айтар шәкірттеріміз хореография мамандығының түлегі Нұргүл Омарова, сурет және майлы бояу мамандықтарының түлектері Лаура Тілекбай, Мейірбек Жағыпашев, Асылбек Бақтияр, Мирас Жанғожиев еліміздің іргелі оқу орындарынан жоғары кәсіби білім алып, кейін түлек болып ұшқан шаңырақтарына қайта оралды. Олар бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүр.

— Білім ордасында еліміздің таланттарын шетелдіктерге насихаттау бойынша зор істер атқарылып келеді. Ол бүгінгі жетістіктеріңізден айқын аңғарылары сөзсіз. Бұл турасында анығырақ өз аузыңыздан естісек.

— Біздің өнерлі өрендеріміз тек облыс, республика көлемінде ғана емес, халықаралық сайыстардың да жүлдегері атанды. Ресей, Греция, Италия, Франция, Испания, Эстония, Беларуссия, Болгария, Украина, Венгрия, Словакия, Австрия, Түркия, Чехия, Германия сынды мемлекеттерде өткен фестиваль-конкурстарына қатысып, бірнеше рет бас жүлдені иеленіп қайтты. Италия мемлекетіндегі Флоренция қаласының Микеланджело институы ұстаздарынан академияның жас суретшілері шеберлік сабақтарын алып, Италияның сурет құдіретімен танысып, Флоренциядағы тарихи ғимараттардың,  Римдегі Колизейдің жанында плэнер өткізілді.

Күні бүгінге дейінгі Қазақстанның жарқын болашағы жолында биік белестерге жетелейтін жас ұрпақты тәрбиелеп жүрген азын-аулақ еңбегімізді ескере келе, 2013 жылы ЮНЕСКО клубы біздің өнер академиясына өздері ұсыныс жасап, құрамына мүше етіп қабылдады. Болашақта оқушыларға тәлім-тәрбие беруші ұстаздар да осы клубтың мүшелігіне өтпек.

Ақтоты ТЕМІРҒАЛИЕВА,

Атырау қаласы