Стоматологиялық көмек отандық денсаулық сақтаудың сұранысқа ие бағыты және де медициналық көмектің ең қымбат қызметтерінің бірі болып саналады. Өкінішке орай, мамандар ұсынғандай, алдын-алу мақсатында тіс дәрігеріне баруды барлық адамның жағдайы көтере бермейтіндіктен, әрдайым қолжетімді емес.

МӘМС жүйесіндегі немесе ТМККК шеңберіндегі стоматологиялық қызметтер барлығына емес, халықтың жекелеген әлеуметтік осал санаттарына ғана қолжетімді. Мысалы, жоспарлы стоматологиялық көмекті тек балалар мен жүкті әйелдер ала алады.

Шұғыл ауырсыну байқалған кезде азаматтардың 10 санаты, оның ішінде балалар мен жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар және оларға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, мүгедектігі бар яки бірінші топтағы мүгедектігі бар балалар, әлеуметтік маңызы бар және жұқпалы аурулары бар пациенттер, көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек, әлеуметтік көмек алушылар және басқалар болуы мүмкін.

«Атырау облыстық балалар стоматологиялық емханасы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны  2022 жылдың 12 айында 18 жасқа толмаған 87370 науқасқа қабылдау жасап, стоматологиялық көмектер көрсетілген. Емханада балаларға хирургиялық, терапевтік, ортодонтиялық, тістехникалық, рентгендиагностикалық  қызмет түрлері көрсетіледі. Көрсетілген қызметтің барлық түрлері 2022 жылы толықтай МӘМС тарапынан қаржыландырылған. 2022 жылдың 12 айы ішінде көрсетілген барлық қызмет саны – 135 693. Емхана  жасалған шарт бойынша жоспарлы түрде алдын-ала қараумен қамтиды, яғни скрининг жасындағы балаларды стоматологиялық  аурулардың алдын-алу тексеруінен өткізеді. Ағымдағы жыл ішіне емхана скрининг жасындағы балаларды стоматологиялық  аурулардың алдын-алу үшін барлығы 7785 баланы тексеруден өткізді.» – деп тоқталды «Атырау облыстық балалар стоматологиялық емханасы» КМҚК директоры Нұргүл Сатқанқызы Намазғалиева.

«МӘМС аясында жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға амбулаториялық деңгейде ортодонтиялық пластина орнатылады. Егер пациенттердің стационарлық жағдайда стоматологиялық көмек алуға көрсеткіштері болса, онда ол ауруларды диагностикалау және емдеу хаттамаларына және Қазақстан Республикасында стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес көрсетілетін болады. Ағымдағы жыл ішінде Атырау облыстық балалар стоматологиялық емханасында жоспарлы түрде жасалған оталар саны – 2586 отаны құрады. Іштей туа біткен ерін, қызыл иек, қатты және жұмсақ таңдай жарығымен 18 жасқа толмаған барлығы – 360 науқас «Д» есепке тіркеліп, 185 балаға  МСЭК-ке анықтама берілген. 12 айлық есеп бойынша жақ-бет аймағы ауытқуларымен туылған балаларға салынған пластинка саны – 265 » – деп атап өтті  Нұргүл Сатқанқызы.

Егер сіздің балаңызға тіс дәрігерінің көмегі қажет болса, сіз өз емханаңызға немесе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының әлеуетті жеткізушісі болып табылатын жеке стоматологиялық клиникаға бірден жүгіне аласыз.

Сонымен, қандай жағдайда сізге өз қалтаңыздан төлеудің қажеті жоқ?

  • рентген-сурет үшін;
  • тісті жансыздандыру және жұлу, сондай-ақ пломба салу үшін;
  • абсцесстерді ашқаны, пульпит пен периодонтитті емдегені үшін;
  • гипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомиялық пішінін толық функционалды қалпына келтіргені үшін;
  • еріндер мен тіл жүгеншегінің пластикасына;
  • жақ-бет аймағының туа біткен патологиялары және таңдайдың бөлінуі (қасқырдың аузы) болған кезде ортодонтиялық қызметтер үшін.

Қосымша ақпарат алу үшін Сіз әрдайым қолжетімді ресми байланыс арналары арқылы хабарласа аласыз: 1406 байланыс орталығы, “Qoldau 24/7” мобильді қосымшасы, www.fms.kz Қордың сайты, Telegram-дағы Saqtandyry-bot.

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ

Атырау облысы бойынша филиалы

Телефондар: 87122/556084, 8/7122/ 55 60 92.

Байланыс орталығы – 1406