«…Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлайтындай мен емес бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса ұқпасын, жабықпаймын,

Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін…»

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

 

Өмір атты ұғымнан мән іздеуге құмармыз ғой. Бір сәт өз өміріме көз жүгірттім, ой жүргіздім. Ширек ғасырлық ғұмырымда ұлт қызметі жолында әлі түк те бітірмегеніме анық көзім жетті. Не істесем де өз игілігім үшін ғана жасап жүр екем. Ал, олар ше? Оларды осынша алапат арпалысқа құлшындырған не нәрсе? Ол – қарапайым ғана қоғамының сол сәттегі ахуалы мен елдің ертеңі, ұлтының мүддесі, ар-абыройы емес пе еді?! Арада жүз жылдық өтсе де, біз неге осы мақсатта біріге алмай жүрміз? Алаштың арманы неге орындалмай келеді? Біз осы тәуелсіздікті сақтап қалу жолында титтей де шаруа тындыра алдық па? «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясын бір емес, екі рет қайталап көргеннен кейінгі ойлар осындай ауқымды болды.   

Әлқисса, аталмыш көркем туындыдан алатын әсердің ауқымды болмауы мүмкін емес жәйт дер едім. Көңілінің түкпірінде өз ұлтына деген іңкәр сезімі мен мөлтек махаббаты бар кез келген адам Ахаңдай алып тұлғаның өмір өткелдерінен тағылым алатыны хақ. Бойындағы бүкіл ынта-жігерін, талап-тілегін туған халқының тағдыры жолында арнаған ұлт ұстазы жөнінде тұңғыш телехикаяның, әлбетте оның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында түсіріліп, халыққа ұсынылуы да жазылмаған заңдылық.

Тележобаның хронологиясы бас-аяғы отыз шақты жылды қамтиды. Яғни, патша үкіметінің мұрнымен жер сүзіп құлап, бірінен соң төңкерістер орын алып, кеңес үкіметі орнаған ХХ ғасырдың бірінші ширегі. Оқиға Ахаңның Архангельскіден оралғанына 3 жыл уақыт өткен мезгілден, Алматы қаласы, 1937 жылдан бастау алады. Морозов деген дәрігердің медпунктінде қағаз толтырып, тілмәштық жасап, тіпті тазалықшы міндетін де атқарып жүрген кезі. «Кейінгі жазған-сызғандарыңыз қаперсіз қалмасын» деп Ғазымбек шәкірті келеді бұған. Ғазымбек Бірімжанов – Ахметтің 1909 жылдары Қарқаралыдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебінде оқытқан 60 шәкіртінің бірі еді. Тағы бір үміт күткен шәкірті – Қаппас Тоқпаев. Бірақ, оның жайы мүлде басқа.

Сонымен, Семей әскери губернаторы, генерал Тройницкийге А.Байтұрсынұлының үстінен патшаға қарсы үгіт-насихат жүргізді деген айыптаулардың нәтижесінде 1909 жылы Ахмет Семей түрмесіне тоғытылады. Өкінішке орай, сол күні әйелінің ішіндегі баласы түсік тастайды. Кейінгі жылдары әйелі екеуі ағасы мен Мәшен інісінің балаларын Орынборға алдырып, асырап алып, оқытып, тоқытып, өз аттарына жаздырған еді. Бұл бір Ахаң өміріндегі ең жарқын сәттер болатын. Бір мезетте үш бірдей перзентті болды. Он жылдан соң әлгі екі ұлды «Халық жауының» балалары деп ату жазасына кесті. Сұмпайы саясаттың салқынына ұшыраған бейкүнә балалар-ай!

«Менің алдымда оқыған әрбір қазақ баласы – менің балаларым» дейтұғын ұлт ұстазынан ұрпақ өрбімегені қандай қасірет десеңші! «Мысалы, қазақ – малшы ұйықтап жатқан, Пәлені жылан дедік аңдып-баққан. Пәленің түрін көрген мен – сарымаса, Халықты оянсын деп сөзбен шаққан». Бұл да Семей түрмесінде дүниеге келген өлең еді.

Одан әрі 1910 жылдан бастап ол Орынборға жер аударылды. Екі жыл мерзімін өтеді. Кейін сонда қалды. 1913 жылдан бастап «Қазақ» газетін шығара бастады. Ахмет, Міржақып және Әлихандар қолында малы бар елден жылу жинап, «Қазақ» газетінің іргетасын қалады. Халыққа газеттің қаншалықты қажет екендігін ұқтырды. Газет ісіне Ахаң мен Міржақыптың әйелдері де белсене араласып, қолғабыс етеді. Бұл тұста айта кететіні, басылым байлардың жылуымен ашылғанымен, кейін саудасы дөңгеленіп, жарнама да қабылдады, жазылу да жасады, «Азамат» деген серіктестік арқылы жарна да алды. Барлығы 3007 данамен шығып тұрды және Торғайдан – 694, Семейден – 612, Ақмоладан – 586 жазылушы болғаны дәлелденген. Одан бөлек, Самарқанд, Ферғана, Қазан қалаларынан, Түркия, Қытай, Мәскеу, Петербордан да оқырмандар болғаны жөнінде деректер бар.

«Қарқаралыда 60 бала оқытқан жақсы. Бірақ, 6 млн. халыққа арнап газет шығарып отырған бүгінгі ісіміз артығырақ болар. Оның ішкі мазмұнын айтпағанда, атының өзінің атқаратын қызметі бар. Ең болмаса, «Ай, айналайын жұртым-ау! Сенің атың қазақ!» – деп есіне салып тұрады» деген Ахаңның бір ауыз сөзінің өзі неге тұрады?!

Ал, шала-жансар сатқын Мұхамедияр Тұнғаншин бұлардың сеніміне кіріп, газет бойынша барлық ақпаратты жандармерия бастығы Бабичке жеткізіп отырды. Сөйтіп, газет үстінен де қолдан арыз-шағымдар ұйымдастырылып, ірі көлемде айыппұл (үш жылдық бюджетіндей) салынады. Осы тұста Ахаң айыппұлды 1914 жылы үш-төрт ай уақыт Орынбор түрмесінде жатып өтейді. Не деген жанкештілік! Бабич оны түрмеде у беріп өлтірмек болады. Бірақ, бәрі де сәтсіз! Бұл кезде Ахмет «Оқу құралын» аяқтап, «Тіл құралына» кіріседі. Ал, алда жиырма жыл ғұмырын арнаған «Мәдениет тарихы» кітабы күтіп тұрған-ды.

Сөйтіп жүргенде 1916 жылғы Торғай даласындағы патшаға қарсы көтеріліс басталып, халықтың тектен тек қырылуынан қорқып, майданға жігіттер жібергенімен, өз шарттарын қойды. Бала бергенде де алдарына түсіп жорғаламайтынын анық жеткізді. Осы тұста Байтұрсыновтардың Амангелдіге қарсы шықпағанын, керісінше, Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт зиялыларының бұл әрекеті алда патша өкіметі құлайтынын үлкен көрегендікпен болжай отырып жасаған саяси қадамы екендігін, аталмыш жасақтың құрылуы Алаштың атты әскерінің құрылысының алғышарты екендігін бұлардан өзге жұрт әлі біле қоймаған еді.

Осы уақытта Орынборда жандармерия жансызы М.Тұнғаншин Ахаңның әйелі орыс, христианка екенін жеткізіп берді. Бұлар некелерін 1896 жылы Троицк мешітінде қиған. Сол күннен Александра Журавлева дүниеден өткен татар қызының куәлігін рұқсатпен иеленіп, Бадрисафа Мұхамедсадыққызына айналады. Туыстары «Әкеңді Сібірге айдатқан орыстан қатын алыпсың» деп күңкілдесе де, Ахмет адамды ұлтқа, түріне, түсіне бола бағалайтын деңгейден әлдеқайда биік тұрған тұлға болатын.

«Алғаным Александра Ивановна,

Ризамын Құдайдың қиғанына.

Бір кәуәрді мұсылман ғып сауаптасақ,

Тұрмай ма он молданың иманына?!

Кімді алсаң да – адам баласы,

Ең бастысы – адамшылығы» деген өлең жолдары осының дәлелі.

Кейін ақпан төңкерісі болды. Патша үкіметі құлады. Қазан төңкерісінен соң Орынборда кеңес үкіметі орнады. Небір оқыған, сүттің бетіндегі қаймақтар – Алаш ардақтылары автономия құру жайын ойластырды. Тұңғыш Жалпықазақ сьезі өтті. Бұл идеяға дала комиссары Әліби Жангелдин (Николай Степнов) секілділер кедергі келтіріп бақты. «Қазақ» газетінің редакциясын тартып алмақ болған соң олар Семейге қашуға мәжбүр болады.

1918 жылдың күзінде алашордашылар Сталинге байланысқа шығады. Ұлттық негізде автономия құруға орай сұрайды. Фильмдегі үш күн, үш түн мәжілісте Әлихан Бөкейханұлының «Семинарияның өзін қарық қып түгеспеген етікшінің баласы қырып барады ғой. Джугашвилиің біресе Коба болды, біресе Солин болды. Енді міне, Сталин жолдас боп апты» деген сөзі де түсінген жанға олардың қандай оқыған-тоқыған қайраткерлер болғанын анық аңғартпай ма?

Колчак 18-інші жылы алашорда көсемдерін өлтіру туралы үкім шығарды. Ол кезде алаштықтарға орыс казактарының билігін мойындаңдар деп Могилев шабуыл жасайды. Дутовпен де қақтығыстар болады. Алаштықтар ақша мен қару алып, даланы ақтар мен қызылдардың бүлігінен қорғамақ болады. Осылардың барлығы Ғазымбек Бірімжановтың аузынан айтылып отырады. Ол тергеу барысында қанша азапталса да, Ахаң жөнінде бір ауыз жаман сөз айтпайды.

А.Байтұрсынұлы 1919 жылы Мәскеуге барып, Ленинмен кездеседі. Құрылатын автономияда территориялық тұтастық сақталуы керектігін, Қостанай уезін, Түркістан АССР құрамындағы Сырдария, Жетісу жерлерін Қазақ автономиясына кіргізу туралы талаптарын айтады. Тағы бір талабы – Алашорда құрамында болған қазақтарға толық кешірім беріліп, большевиктер тарапынан қудалау тоқтатылуын, олардың ағарту ісіне тартылуын сұрайды.

Көп ұзамай «Киргизское известие» газетінде Ахаңның еңбекші тап диктатурасы идеясы төңірегінде мәлімдемесі басылып, ұлт ұстазы халқының болашағы үшін Русия коммунистік большевиктер партиясы қатарына кіруге, ішінара ұлт мәселелеріне іспен көмектесуге бекінгендігі жөнінде жариялайды. Бұл оқиға 1920 жылдың 4 сәуірінде орын алған.  Ал, Әлімхан Ермеков, Әлихан Бөкейханұлы, Уәлитхан Танашевтарды алда жер мәселесі бойынша талай тартыс күтіп тұрған-ды. Және ол тартыстың қаншалықты нәтижелі болғанын сіз бен біз жақсы білеміз.

Осылайша, 1920 жылы Қазақ автономиялық республикасы өз еншісін алды. Үш жылдан соң А.Байтұрсынұлының бастамасымен ғылым кеңесі жасақталды. Кеңесте физика оқулығы Файзолла Ғалымжановқа, жаратылыс ғылымы Елдос Омаровқа, мектепке дейінгі тәрбие Нәзипа Құлжановаға, ұстаздық әліппесі Нұрилә Қарамановаға, геометрия Биахмет Сәрсеновке, география Әлихан Бөкейхановқа, табиғаттану Халел Досмұхамедовке, есептану Әлімхан Ермековке, орысқа қазақ тілін үйреткіш Тельжан Шонановқа, жалпы тарих Хайретдин Болғанбаевқа, психология Жүсіпбек Аймауытовқа, педагогика Мағжан Жұмабаевқа, арифметика Мәннан Тұрғанбаевқа, қазақ тарихы Қошке Кемеңгеровке, есеп кітабы Міржақып Дулатовқа тапсырылады. Осы тізімнен-ақ ұлтымыздың қандай білімді азаматтары болғанына көз жеткізуге болады емес пе?!

1923 жыл. Ахаңның 50 жылдығы тойланады. Сөз сөйлеуші Ғазымбек Бірімжанов,  Жүсіпбек Аймауытов, Дмитрий Олевков, Сәкен Сейфуллиндардың тарапынан «Қазақтың әдеби тіліне негіз салушы, қазақты ә деп бастап оқытып, надандықпен күрескен бірінші ұстаз. Оқу ісіне, жазуға жаңалық кіргізген дана реформатор. Патша үкіметінің зұлым саясатымен күрескен батыр, атақты ақын, қазақ халқының көсемі» деген әділ баға беріледі. «Буын», «ырғақ», «сөйлем», «бунақ», «ұйқас», «бастауыш», «баяндауыш», «одағай», «шылау», «етістік», «жұрнақ» сынды сөздерді де енгізген Ахмет екендігі айтылады. Бұдан бөлек, оның халық музыкасының білгірі екендігі, домбырада, фортепианода, скрипкада ойнау қабілеті сөз етіледі.

Телехикаядағы тағы бір орталық кейіпкер – НКВД майоры Саңғытов. Бұның бір ерекшелігі – бұл оқиды. Дымын қалдырмай тіміскіленіп оқиды. Ғ.Бірімжановты, Қ.Тоқпаевты, А.Байтұрсынұлын да тергеу осыған жүктеледі. Ақыр аяғы эмоциясына болаттай берік Ахаңның «Балам, қайтсең де ұлт ісінің адамдарын кеңес өкіметінің жауы деп айтқыз деп сені де қинап отыр ма бұлар?!» деп мейірленген сөзінен соң өзін бұл істен алып тастауды өтінеді. Сол үшін өзі де түрмеге түседі.

«Бүгінгінің кейбір жазушылары түбі мақталатынын біле тұрып жазар. Ал, Сіз сотталатыныңызды біліп жаздыңыз ғой…» дейді Саңғытов. Ахаңның жауабы: «Сотталатын адам да, мақталатын адам да өмір сүреді. Бірақ, екеуіндегі мазмұн басқа…».

Алты жылға созылған Мәскеудің Бутырка түрмесі мен Архангельск азап-сүргінінен арып-ашып Алматыға оралады. Ал, аяулы Міржақып досы 35-тің көктемінде Соловец түрмесінде қайтыс болады. Екі жылдан кейін 65 жасында Ахмет Байтұрсынұлы 1921 жылы Валидовқа қосылып, кеңес үкіметіне қарсы астыртын ұйым құрған; «Ақтарға көмек» комиссиясының жұмысын аштыққа ұшыраған тұрғындарды астыртын ұйымға тарту үшін пайдаланған; Орта Азия басмашыларымен бірге әскери жасақ құруға ұмтылған;     Бірімжанов арқылы Германиядан құпия шифр алғызып, үйінде сақтап келген; Құпия шифрлы хат арқылы қашқын Валидов және Шоқаймен байланыс жасаған;           1926 ж. Бакудегі түркологтар сьезіне Валидовпен байланысу мақсатында барған; Қазақ өлкесі комитетінің хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтірмек болған деген айыптаулармен Халық жауы ретінде ату жазасына кесілді. Онымен бірге шыбын жанын сақтап қалу үшін жалған түсініктеме берген Тоқпаев пен қасық қаны қалғанша ұстазына адал болған Бірімжанов та атылды.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Qazaqstan» телеарнасының тапсырысымен түсірілген фильмнің көркемдік, кәсіби деңгейін былай қойғанда, арқалаған жүгінің өзі қандай! Режиссері – американың кино теориясынан білім алған білікті маман Мұрат Есжан. Басты рөлге Байғали Есенәлі ағамыз сәтті таңдалған деп есептейміз. Себебі, ол кісіде портреттік ұқсастық бар. Актердің жан дүниесі де ұлт ұстазына едәуір жақын. Олай дейтініміз, Б.Есенәлі – өзі де қалам ұстайтын, драматургияға, өлең өлкесіне түрен салған адам. Әншілігі тағы бар. Сондықтан, бұл – асылында, дұрыс таңдау.

Тарихи сериал болғаннан кейін қаралымы да аз болатыны түсінікті. Телехикаяның жарыққа шыққанына бір жылға жуық уақыт өтті. Соның өзінде қаралымы 100-200 мыңның ғана төңірегінде. Бұны түзету керек деп ойлаймыз. Мәселен, менің таяз түсінігім бұған дейін Ахметті оқу-ағартушылық, ғалымдық тұрғысынан ғана танитын. Ал, аталмыш телеөнімнен соң Ахаңдай ұлтының ұлы адамының сан қилы күрескерлік рухын өзіме жаңалық ретінде аштым. Сіздерді де ең құрығанда Ахметтің тұлғасын тануға жұмыстануға шақырамын.

 

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ Салауатұлы