Атам қазақ осы сөзді неге айтты екен? Қай мағынаға бұрсаңыз да, мазмұны терең, мәні мол сөз. Әкеміз өмір бойы өкіметтің жылқысын бақты. Соған сай біздің де көз ашқалы көргеніміз жылқы. Біздің үйде қой-ешкі, түйе дегендер мен он-он бір жасқа келгенше болған жоқ. Оған дейінгі ұстап-тұтып, ішіп-жегеніміз жылқы мен сиырдың сүті, еті. Мінгеніміз Қамбар ата тұқымы. Ендеше, олар жайлы әжептәуір әңгіме сабақтап, жалғастыруымызға әбден болады. Мысалы, қазіргі айтпағым – жылқы, оның жершілдігі, туып-өскен жеріне, иесіне деген адалдығы жайлы.

Тегінде мал атаулының қай-қайсысы да тіпті ит-мысыққа дейін өзі өскен қонысын, құдығы мен қорасын, үйін тәуліктің қай шағында да жаңылыспай табады. Әкемнің айтуынша, біздің өңірде 1949 жылдың қысы қары қалың, аязды, боранды болыпты. Малшы болғасын күні бойы үйір-үйір жылқыны өрістері бойынша түгендеп, тебіндеп жайылар шөбі бар ықтынды жерге жинақтап, өзі іңірлетіп үйге қайтады. Бірақ, кейде аяқ астынан ауа райы күрт бұзылып, қар бұрқайды, боран соғады. Онда көз көрсетпес ақтүтек үдеп, үй қайда, өзің қайда екеніңді де білмей қалатын кез болады. Амалсыздан астыңдағы атыңа сенсең, тізгінді бос жіберіп, соған ерік бересің. Ондайда қорадан шөп, қолдан жем жеген, қолда ұстап-тұтқан мініс атың қандай боранда да дес бермей тастай түннің өзінде маңдайын туған үйге, өз қорасына тірейтін көрінеді. Міне, жершілдік.

Алпысыншы жылдардың ортасында әкемнің жылқы табынында он жастан озыңқырап кеткен қара торы бие болды. Біз оны торы бие атайтынбыз. Оның көтеріңкіреп, пысықтау алатын аяң жорға жүрісі жұрттың бәріне ұнайды. Өзі сұлу, сырт келбеті де әдемі-ақты. Соған сай колхоз, ферма басшылары облыстан, ауданнан әлдебір әкім-қара, уәкілдер келе қалса болды, әлгі биеге күн туады. Өйткені ол кезде автокөлік дегеннің көзі аз, оның өзі төрағадан ауыспайды. Сол себепті жылқы ең қолайлы көлік болып есептеледі. Торы бие удай қашаған, оны үйірден ұстауға жарты күн керек. Ал, ұстасаң болды, қойдан жуас, басын бос қойсаң да тырп етпейді. Бір өкініштісі, ол осы жасқа келгенше қанша жуас болса да бір рет те құлындап көрген емес. Бәріне кінәлі әлгі басшылар. Астарына түссе болды, оны буаз бие екен деп мүсіркемейді, ақ тер, көк тер қып сапарласымен жарысады, аяғын қарайды. Уақытында суытып, тынықтырмайды. Осыдан келеді де, аналық бие іш тастайды.

Торы биенің бір ерекшелігі – оның қандай бейтаныс жерде де жол таба білетін жершілдігі. Бұл қасиетін білетін әкеміз оған тақым артқан еркектің қандайына да «Шырағым, бұл биені өзің мініп болған соң біреуге жүктеп қалдырып кетіп жүрме. Одан тағы біреу мініп, уақытында қолға тимей азып кетер, не жоғалар. Ең қолайлысы – үстіндегі ерін алып басындағы жүгенін сыпыр да, бетін біздің ауылға бағытта. Әр жағы Аллаға аманат, қалғанын өзі табады» дейтұғын.

Расында да солай, бұдан әрі ол бір күн жүре ме, әлде екі күн, аузын жерге салмастан сары желіспен туған үйіне жетіп, үй сыртындағы ат қазығына – мама ағашқа әбден сүйкеніп, қасынып алатын да құдықтағы астау толы судан шөлін қандыратын. Әрі қарай өрістегі үйірін табады. Бұл оның ұдайғы үрдісі, бейне үй иелеріне алыс жолдан аман жеткендігін хабардар ету әдеті.

Алпысыншы жылдардың аяғында сол торы бие әбден қартайды. Соңғы рет айғырдан шығып, тағы да буаз болды. Сол жылы әкей оған екшімді мінгізбей, тілек білдіргендерге «Ол да ана емес пе? Өмірде бір рет қанасын сөгіп, бауырына ерген құлынының құлдыраңдағанын көрсін-дағы. Соған саналы жан ертінде мен қамқоршы болсам деймін» деп жануардың үстіне шыбын қондырмады.

Қарияның тілегі қабыл болып, торы бие дүниеге өзінен аумай қалған торы еркек құлын әкелді. Бірақ, енесі бұдан әрі айғырға тұрмады, қысыр қалды. Тұрқы арса-арса, еті қашты, өйткені сақайды. Жарықтық әкеміздің, дұрысы анамыздың жақсы көретін жануары еді. Сондықтан оны бұдан әрі біреулердің пышағына қимай, күзде Гурьевтің ет комбинатына жылқы айдағанда ішіне өздерінің сүйікті торы биелерін де қосып жіберді. Жалған-ай, десеңізші. Шындығында ол кезінде көп адамның көз құрты болған жануар атаулының сұлуы еді. Күндердің күнінде бағып-қаққан иелерінің еркімен ел көрмейтін жерге кетті. Кімнің қазанына дәм болып түскенін де ешкім білмейді. Сонда сұлулықтың соңы да осылай аянышты ма едің…

Жылқы, оның жершілдігі жайлы тағы бір әңгіме. Әкем жасы жетпіске иек сүйеген шағында өзінің өмір бойғы кәсібінен қол үзіп, одақтық дәрежедегі зейнеткер атанды. Малын өзге жылқышыға тапсырды. Өзі бізден 60-70 шақырым аулақта тұрып жатқан жиенін сағалап (ол да жылқышы болатын) жаңа жерге қоныс аударды. Осы кезде шаурашылық басшылары әкеміздің өмір бойы айналысқан кәсбіінің құрметіне астындағы төл атын міне беруіне ырық берді. Бірақ, жасы жеткен қарияға сол аттың да әлегі жетіп артылды.

Қалай дейсіз ғой? Оның да түсі торы болатын. Сол торы күз түсіп, күн суытқан шақта, болмаса ерте көктемде аяғынан тұсамысы алынып, басынан жүгені сыпырылса болды, бетін көне жұртқа бұрып, сол сәтте жоқ болады. Ал, әкей болса, алғашында ауыл маңын түгел кезіп, ақыры күдер үзген тұста ауладағы сары атанға тақым артып, бұрынғы қонысына тартатын. Осылайша кем дегенде 3-4 күн жүріп, шаңырағына шаршап оралатын. Араға 5-6 ай түскенде төлаттың әлгі қылығы тағы да қайталанады. Мұны әкеміз «Жылқы мен түйе басқа малға қарағанда анағұрлым жершіл, туған топырағына адал болады. Күн салқындап, таң ұзарса болды, күні бойғы жайылыстан соң түйең күйсеп, атың жусайды. Жусайды деген сөз жылқы тұрып ұйықтайды. Сол кезде түсіне туған топырағы, өскен жері, су ішкен құдығы енеді де, сағынышы сарғайып, аңсары ауады. Бұдан әрі оларды бір мезетте ұстап тұра алмайсың. Ескі жұлт есіп алып тартып кетеді» дейтін.

Расында да, туған жер тек адамда емес, кеудесінде жаны бар аң, құс, жануардың көбінде бар сағыныш. Ол әруақыт тыным таптырмайды, жүрегің де сыздап, мәңгілік қозғайды да тұрады.

Айтпақшы, әкемнің сол торы аты иесі дүниеден өткенше өзінің су ішкен құдығы, жайылған өрісіне қашты да тұрды. Ақыры оның да соңғы демі ет комбинатынан үзілді. Бұл арада менің айтпағым ол емес, мал екеш малда да жүрек бар. Олар да өзінің көз ашқанда алғаш көрген көгілдір аспанын, аяғын тіреп, алшаң басқан жусанды даласын сағынады, оларға деген мәңгілік махаббаты бар. Бізде сол махаббат бар ма, бар болса, дәйім де сол сағыныш үзілмесе екен деңіз.

 

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЙҰЛЫ,

жазушы-өлкетанушы,

Қазақстанның Құрметті журналисі