Қым қуыт тіршіліктің қамымен жүріп, өмірлік маңызы бар дүниелерге бас ауыртпай кететініміз, өкінішті. Журналист мамандығының қиындығы мен қызығы қатар өрілсе де, тек жылтырға әуес болып тұратынымыз тағы бар. Заманауи журналистердің әлжелідегі жазбаларын оқып, маңызды оқиғаларға арналған комментарийлерін көріп «журналист болу осы екен – ау» деп жүрміз. Қателесеміз. Ал журналистиканың не екенін ұғындырып кеткен «абыздардың» жазбаларына көз жүгіртпей, кешегінің жұрнағы ретінде қарасақ, мүлде қателескеніміз. Бұл ой Теңдік Жауыровтың «Каспий – құдаң емес» кітабын оқығаннан кейін туындаған еді.

Томарлының топырағынан нәр алып, жазуға бала кезінен қабілетті болған Теңдік Жауыров тек Атырау өңірінің ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді қылыштан өткір тілімен жаза білген қарымды қаламгер.

Жауырұлы Теңдік – Атырау баспасөзінің «абызы», Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, танымал журналист, академиялық доцент, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінің ұстазы. Қаншама атақтың егесі болса да, ең бастысы адами қалыптан таймаған, адамгершіліктің ақ туын ұстап, қарапайымдылықтың биігінен құламаған жан. Ардагер журналист Сейілхан Қайыржанов естелігінде: «Теңдік Жауыров Атырау журналистикасында адами болмысты сомдап кетті ғой» деген еді. Атырау облысының баспасөз саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, өз мамандығының қыр сырын әбден зерттеп, жұмысына жан тәнімен берілген журналист артына өшпестей із қалдырды. Теңдік Жауыров туралы жылы естеліктерді тыңдасаң, көз алдыңа үнемі шапқылап жүретін редактор, студенттердің қамын ойлап, жолына ақша беріп, диплом жазар уақытта өзі қорғайтындай күйгелектенетін қамқор ұстаз, аузын ашса көмейі көрінетін аңқылдаған адал жан елестейді.

Теңдік Жауыровтың есімі қазақ журналистикасында ойып тұрып орын алса, шығармашылығы аса маңызға ие.

«Каспий құдаң емес» атты кітапта Теңдік Жауырұлының көсемсөз мақалалары, жолсапар очерктері топтастырылған. Журналистің жазу шеберлігі тақырып қоюмен ерекшеленеді десек, автордың тақырып қою шеберлігіне шүбә келтірмейтініміз хақ. «Каспий – құдаң емес» дейді журналист. Каспий теңізінің қаһарына мініп, түйдек түйдек толқындарына жолындағыларды жайпап, дүйім жұртты қапылысқа түсіргелі тұрғанын осындай тақырыппен атағанды жөн көреді. «Дабыл хабаршысы теңіз желі», «Жайық жоғары, үйлер төмен тұр…», «Теңіз титықтатып барады – дейді жағалықтар», «Қария қауіп айтады», «Шегінетін жер қалған жоқ», «Бөгеттің де бөгеті бар», «Апатпен бетпе – бет» атты тақырыпшаларында журналистік зерттеудің жан жақты жүргізілгенін байқауға болады. 1994 жылы жазылған жазбасында журналист Каспийге қатысты ұланғайыр мәселелердің әлі де шешім таппай отырғанын, сарғая күткен ел Каспий қаһарынан қалай қорғанатындарын білмей дал болғанын жазады: «Несін айтасыз, ғалымдар осылайша пікір сайыстарын сейілтер емес. «Қазақстан – Каспий» тұжырымдамасының мәлім етіліп, ұсынылғанына да көп кешікпей жыл толғалы тұр. Дания мен Голландия елдерінің мамандары да теңіз жағалауын әрлі – берлі барлап – байқап, өз жөндеріне кетті. Жоғары жақтағылар болса, аңдысын аңдып, әліптің артын бағумен келеді». Журналистің барлық материалында сын бар. Орынсыз сын емес. Дәлел – дәйектері келтіріліп, обьективті түрде жазылған.

Қаламгер Атырау өңірінің сынақ полигондарының зардабына шалдығуын «Жер… жарасы жазылар ма?» деп зар қағып жазса, «Явада не гәп бар?» тақырыпшасында «Яваға» қатысты қосымша әрі тың деректер келтіреді.

«…Таңатар Сариев ақсақал да қалмай келген екен. Залдан ұшып тұрып:

– Тілден кейінгі екінші мұқтажымыз – мешіт. Мешітімізді қайтарып берсін, ол қазір продуктовый магазин, – деп қалмасы бар ма?

Құдды, жан дауыстың шыңғырығындай дерсің, бұлардың бәрінде сірә бір көңілі соқыр адам болмаса бұл дауыстарды естімеу мүмкін емес». Бұл «Байғазының үлкені» жазбасынын алынған үзінділер. 1990 жылдары Астраханьда өткен құрылтайға қызметтік сапар шегіп, журналист өзі куә болған көптеген жайттарды тізбектеп жазады. Соның ішінде тіл мәселесін қатаң сынға алады. Әрбір детальді мүлт жібермей өрнектейтін журналистің шеберлігін аңғармау мүмкін емес.

Журналистің жол сапар очерктерінде де өзі куә болған жайттар жалаң баяндалмайды. Оқиғаларға кәсіби көзқарасын, журналистік пайымдауларын қосу арқылы оқырманға терең ой салуды мақсат тұтқан. Теңдік Жауырұлының өзіндік жазу стилі бар. Әр жазбасының соңын міндетті түрде тақырыппен түйіндейді немесе түйінін тақырыпқа айналдырады. «Жер кіндігі болса егер…» атты очеркінің әр тақырыпшасын қарастырайық. «Құпиялылық құрсауы қақырағанда» тақырыпшасының соңғы сөйлемі: «Орталық билік тізгінін осылайша амалсыз босатты. Құпиялылық құрсауы қақырады»; «Бағың байланбағай, Байқоңыр!» тақырыпшасының аяқтар сөйлемі мынадай: «Бағың жансын, Байқоңыр!». Ал аталмыш жазбаның өзі «Егер шынымен жер кіндігі болса бар ғой, ол, ол – осы біздің Байқоңыр…» деген сөйлеммен аяқталады. Әр жазбасын жіті бақылаған оқырман осындай ерекшелікті байқайтыны анық.

«Жер кіндігі болса егер…» очеркінде журналист нені баяндайды? 1992 жылдың тамызында Байқоңырға жол тартқан бір топ журналистердің сапарын суреттейді. «Журналистердің республикалық лездемесі мен Қазақстан Журналистер одағының кезекті пленумы» Байқоңырда өтетінін естіген журналист таңданысын жасырмайды. Әлі жүзін көріп, топырағына табан тимеген қасиетті жерінің нендей күйде екенін, «Жасырын болып келген шаһардың» Ленинскіден төл атауына ауысатыны анық екендігін жазады. Бұл жазбадан фактімен өрілген тарихты, Байқоңырдың тағдырына алаңдаған журналистің ащы шындығы мен жан айқайын көреміз. «Қош келдіңіздер» деген сөздегі төрт қате, лездемедегі өткір сұрақтар, баспасөз конференциясында қозғалса да, нақты мәліметі берілмеген экология мәселесі, әріптестерінің тақырыпқа қатысты әрбір маңызды ойлары, ғарыш кемесінің ұшырылу сәтінен көріністер – бәрі – бәрі журналистің назарынан тыс қалмаған.

«Шығармашылық қам – қарекет ауқымында деректі дүниелер де ілтипаттан сырт қалмақ емес. Рас, нақты өмір оқиғаларын боямасыз көрсету, әсте, көрген білгенді талғаусыз тізу, сырт әсерлер «қызығынан» шыға алмау болмауы тиіс. Алуан оқиғалар мен сан – сипат жағдаяттарды саралай ой елегінен өткізіп, сол арқылы да толғақы жайларды тап баса алсақ, құба – құп» – дейді Теңдік Жауырұлы өзінің мақсатын айқындап.

Теңдік Жауыровтың жазбалары – өз алдына құнды материал. Журналист қозғаған қай тақырып болмасын, фактімен, әрбір детальді нақты көрсетіп, мәселенің жетер жеріне жеткізіп жазылады. Мен мұндалап тұрған тақырып, жеделдік, қысқалық, фактімен пайымдалған ой, тақырыпқа айналған түйін – Теңдік Жауыровтың журналистік шеберлігінің бір қыры ғана.

Қазіргі таңда жер жиһанға әйгілі Байқоңыр, қарт Каспий, Аралдың экологиялық проблемаларын толғап жазар журналист жоқтың қасы. Ал осы түйткілді мәселелерді тереңдеген Теңдік Жауыровты оқи отырып, нағыз журналистің міндеті зерттеу жүргізу, шындықты бүкпесіз айту екендігін ұғынуға болады.

«Жер кіндігі болса егер…ол біздің Байқоңыр» деп жазады журналист.

«Журналист «абызы» болса егер…ол біздің Теңдік Жауыров».

 

Назым ЖОЛДАСОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

мемлекеттік университетінің

журналистика мамандығының

4 курс студенті